Жөнделген жолдарда жол-көлік апаттары жиі болады

Елімізде 2019 жылы жаңадан салынған және қайта жаңғыртылған автокөлік жолдарының 641 шақырымы көліктерге арнап ашылды. Бірақ жол төселімінің сапасы жақсарған сайын барлық қатысушылар үшін жол қозғалысы жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс еді.

Жолдар тегістелген сайын жол-көлік апаттары, оның ішінде қайғылы аяқталатын жағдайлар көбейе түскен. Бұл ретте тек Тәуелсіздік жылдары ғана Қазақстанда 12,5 мың шақырымнан астам автожолдар жаңадан салынып, қайта жаңғыртылған екен. Оның ішінде 2,8 мың шақырым автомагистраль І-техникалық санат өлшеміне сәйкестендірілген. Бұл көліктер 3 мың шақырым жолда сағатына 140 шақырымдай жыл­дамдықпен жүре алады деген сөз.

Егер статистикаға сүйенер болсақ, 2019 жылы жолдағы апаттардың 33,6 пайызы – жыл­дамдықты арттырудан, 14,1 пайызы – жолдың қарсы бетіне шығып кетуден, 9,8 пайызы – жүргізушінің  көлікті басқара алмай қалуынан, 8 пайызы – арақашықтықты сақтамаудан болған. Сондай-ақ, шаршау және мас күйінде көлік айдау кезіндегі автомобильдің ақауы сияқты жағдайлар да көпшілік апаттарға себеп болған. Сөйтіп, 2019 жылы республикалық және халықаралық маңыздағы жолдарда барлығы 2547 жол-көлік апаттары болған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 18 пайызға көп екен. Осылайша жолдар сапасы артқан сайын елімізде жол-көлік апаттары да көбейе түскен. Осы орайда  былтыр еліміздегі республикалық маңыз­дағы автожолдардың 4,4 шақы­рымында қайта құрылымдау және салу жұмыстары жүргізіліп, рекордтық көрсеткішке жетіпті. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан– Павлодар, Щучинск – Зеренді, Бейнеу–Ақжігіт, Жетібай– Жаңа­өзен, Таскескен–Бақты, Теміртау–Қарағанды учаскелері толық аяқталған.

Бүгінгі таңда республикалық жолдардың 88 пайыздайы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда тұр екен. Оның үстіне, жыл өткен сайын отандық автожол саласында инфрақұрылымды дамыту және қауіпсіздік деңгейін арттыру шаралары күшейтіліп келеді. Мысалы, «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында 2025 жылға дейін 13,5 мың шақырымдай жол салы­нады және қайта жаңғырты­лады деп күтілуде. Оның ішінде 2 мың шақырым жол І-техникалық санаттағы жолға жатады. Әрі ақылы учаскелер саны да артатын болады.

Қазіргі уақытта елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол бар екен. Олар: Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан–Теміртау, Алматы–Қорғас және Алматы – Қапшағай. Орта есеппен елімізде жеңіл автокөліктер үшін І-санатты жолдармен жүру бағасы 1 шақы­рымға 1 теңге, үлкен жүк көліктері үшін 5-тен 25 теңгеге дейінгі аралықта. Салыстырмалы түрде алсақ, Францияда оның құны 40 есе жоғары, яғни жеңіл көліктер үшін 43 теңге, жүк көліктеріне 228 теңге. Бірақ Батыс Еуропада жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім Қазақстанға қарағанда 15 есе аз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша елімізде апаттардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың автокөлікке 71,8 оқиғадан келеді. Қазақстанда автокөлік құралдарының саны артып келе жатқанын айту керек. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, бүгінгі  таңда  еліміз  жолдарында 3 млн.-нан астам автокөлік жүр. Орта есеппен 100 қазақстандыққа 21 көліктен келеді, яғни әрбір бесінші отандасымыздың жеке көлігі бар. Адам өмірінің маңыз­дылығы мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Дегенмен, жолдардағы апаттарды азайту – мемлекеттік органдардың ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсына ортақ жауапкершілік. Көлік айдау мәде­ниетін арттыру – бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі. Барлық тараптың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана Қазақстанда апаттар санын азайтып, ең құнды қазына – адам өмірін сақтауға болады.

Әзірлеген –

Құттыбек АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *