ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖАТҚАН КӘСІПКЕРЛІК ӨКІЛДЕРІНДЕ БЕТПЕРДЕ МЕН ҚОЛҒАП БОЛУЫ ТАЛАП ЕТІЛЕДІ

         Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Алматы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының басшысы Нариман Әбілшайықов Төтенше жағдайға орай мемлекет тарапынан тағайындалған әлеуметтік төлемақыға электрондық үкімет порталы арқылы қалай өтініш беруге болатынын және жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпкерлік өкілдеріне қойылатын талаптар жайлы толық айтып берді. 

– Төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған тұлғаларға мемлекет тарапынан тағайындалған әлеуметтік төлемақы 42500 теңге. Осы жерде ескертетіні, бұл сомадан ешқандай әлеуметтік есеп алынбайды. Осы сома жұмысшыға толығымен төленеді. Оған өтініш беру үшін үйден шықпай-ақ almaty.atameken.kz сайтына кірсеңіз, электронды цифрлы қолтаңбаны қалай алу керектігі көрсетілген видеонұсқаулық бар. Қолыңызда жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. Содан кейін жұмысшылар не жұмыс берушілер толтыруы тиіс форма 1, 2 қалай дұрыс толтырылу керек дегенге де видеонұсқаулық бар. Онда қандай мәлімет енгізіп, не жазу керек екендігі біртіндеп түсіндіріледі. Өтініш иесінен бар талап етілетіні, құжаттарды дұрыс толтыру. Бүгінгі күні әлеуметтік төлемақы алуға 500-ден аса өтініш келіп түсті. Жобалап айтсақ ол әлеуметтік төлемге мұқтаж 3500 адам деген сөз, – деген Нариман Әбілшайықов өтініштердің жартысы дұрыс толтырылмағанын айтты.
– Олардың жартысы қайта кері жіберілді. Себебі, кейбіреуінде жеке куәліктің деректері дұрыс көрсетілмеген және карт-шот жоқ. Сондықтан біз ондай құжаттарды тиісті орынға жібере алмаймыз, – деді Нариман Әбілшайықов.
Егер әлеуметтік төлемақы алуға электронды үкімет порталы арқылы өтініш берер болсаңыз, сізге бар болғаны өтініш жазып, жұмысшылардың тізімін беріп, олардың әрқайсысының ЖСН жазып, карт-шотын көрсету керек.
Тағы бір ескертіп өтейік, брифинг кезінде спикер төтенше жағдай қаламызда 16 наурыздан басталғанын, нәтижесінде жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына шығып, экономикалық қиындыққа тап болған жұмысшылар мемлекет тарапынан төленетін осы әлеуметік төлемді ала алатындығын айтты.
Ал сөз соңында спикер төтенше жағдай кезінде де жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпкерлік саласының өкілдеріне қойылатын талаптарды да ескертіп өтті.
– Карантин режимінің күшейтілген жағдайында қалада кәсіпкерлік саласынан азық-түлік дүкені, дәріханалар мен тамақ кәсіпорындары жұмыс жасап жатқанын білеміз. Бірақ оларға қойылатын  белгілі талаптар бар. Оның бәрі Әкімшілік кодексте жазылған. 50-бап бойынша қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай кезінде біздің кәсіпкерлерді тиісті талаптарды ұстануға шақырады. Мен осы жерде тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы азық-түлік дүкендеріне баса назар аударғым келеді. Олардың бәрінде бетперде мен қолғаптың болуы талап етіледі. Егер талап орындалмаса шағын кәсіпкерлерлік субъектісіне 50 000 теңге айыппұл салынса, ірі кәсіпорындар үшін бұл сома өседі, – деді Нариман Әбілшайықов.
Әрине санитарлық-гигиеналық заттарды таппай қалатын жеке жағдайлар болады деген спикер мұндай мәселенің барын ашық айтты.

Сондықтан кәсіпкерлік саласы мен оған енгізілетін өзгерістерге қатысты сізді мазалаған сұрақтар болса 33-101-33 жедел желісіне хабарласа аласыз.

Әсел Дағжан

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *