ЖҰМЫСЫ БАР АДАМДАР ЕШҚАШАН ҚАРТАЙМАЙДЫ…

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Жасы ұлғайған жан төңірегіне байып­пен қарайды. Сан ойланып барып тоқтамға келеді. Өмірінің көбі кетіп, азы қалғанын, ерте ме, кеш пе, Алладан бір жарлық келерін ойлайтыны анық. Аздыкөпті ғұмырында сыйласқан жандар өзінен өрбіген ұрпағының келешегі туралы да толғанады. Өзінен бұрын ол дүниеге аттанып кеткен атаана, жақын туыс, досжаранның соңынан кетер күннің алыс емес екенін пайымдайды. Ажал туралы ойлау қаншалықты ауыр болғанмен, одан қашып құтыла алмасын іштей сезіп, опынады. Ауылда жүргенде бірбірімен қатты әзілдесетін қос қария­ның: «Аман болсам, сенің палауыңды жейтін шығармын» деген сөзі есімде қалыпты. Сол қариялардың қайсысының ерте кеткені есімде жоқ, бірақ екеуі де о дүниелік болған.

Қарттықтың өзіне тән тіршілік ауаны, жүретін соқпағы мен әдебі бар. Бұрынғыдай селтеңдемейді, сабыр мен шүкірді жанына серік етіп, көп нәрседен тыйылып қалады. Қоғамдық көлікте жастардың жапырылып орын беруі де қарттықтың тартқан сыйы деп біледі. Жиын-тойда ұстамдылық пен төзімді­лікті алдына салады. Бауырмал, төңіре­гіндегілер мен ұл-қыздарына, немереле­ріне асқан мейіріммен қарап, қолынан келген жақсылығын жасағысы келіп тұрады. Қартаю да Алланың адам бала­сына берген сыйы. Қаншама жан қарт­тық жасқа жетпестен өмірден ерте кетті десеңізші! Есті жан қарттығына намыс­танбайды, егделік жасын тағдырының берген бақыты деп ойлайды. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген нақылдың тегін айтылмағаны анық. Кез-келген жан өмірлік тәжірибесі мол қарттармен кеңесіп, ақылына арқа сүйейді. Бала кезімізде қарттардың қолына су құйып, талай батасын алғанбыз.

Өзінің қариялық жолымен жүрген ақылды қарттарды көргенде, ішіміз жылып қалады. Ұзақ жылдық журналис­тік қызметте ауыл-ауылдағы талай қарттармен сөйлесіп, айтқан әңгімелерін жалықпай тыңдаған едік. Өткен өмірден көңілге түйгенін ешбір қоспасыз тамыл­жытып айтып бергенде, көкірегі қаттал­ған кітап екеніне еріксіз көз жет­кізген­дей болатынбыз. Ақтөбе өңіріне барған сапарымызда жасы 87-дегі Қыдыр деген ағамыз ұшақтан түскеннен қарсы алып, екі-үш күн облыстың тарихи жерлерін аралатып, қайтарда шығарып салғанша қасымызда болғанда айтқан әңгімесі есімде сақталып қалыпты. Жастайынан жетімдік тауқыметін тартудай-ақ тартқан, буыны бекімей тұрып шешек пен сүзектен, одан кейінгі өмірінде жеті рет ажалдан аман қалған ағамыздың көрер жарығы мол екеніне көзіміз жетті. Кешегі кеңестік кезеңде шаруа­шы­лық басқарған, партия ұйымының хатшысы, мекеме басшысы болған ағаның өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық. «Зейнеткерлікке шық­қан соң Алланың бұл көрсеткеніне шүкір, енді бұйрық келсе кетуге дайын­мын деп алаңсыз демалып жатқанмен жуық арада хабар болмаған соң жата-жата жалығып, өзім басшылық еткен мекеме директоры кеңесшілік қызметке шақырғанда баруға тура келді. Ол меке­меде тағы да оншақты жыл қызмет еткен соң жасым жетпістің үстіне шығып, жұмыстан қол үзіп, үйде демалып жатып тағы да өзім істеген мекемеге күзетші болып орна­ластым. Осылайша сексеннің сеңгіріне шыққанда жұмыстан біржола босап, саяжайда алаңсыз жаттым. Тірі жан тір­шілігін жасайды, бау-бақшамды баптап, жеміс ағаштарын күтіп, қыстық азық-түлікті қамдап алып дегендей, тыным тап­пайтынмын. Демалыс күндері ұл-қыз­дарым немерелерімді ертіп келіп, бақша өнімдерін солардың алдына қойып, мәз-майрам болып қаламыз. Ағайындардың жиын-тойынан қалмай­мын, мені үлкен тұтып, атқаратын шаруа­­ларын ақылдасып отыратын болды. Оларға білген ақылым­ды, жөн-жо­сығын айтып отыратын болдым. Біздің саяжай кооперативі бастығының үстінен «ішіп қойды, жеп қойды» деген арыз түсіп, орнынан алып, «басшылық қызметте тәжірибеңіз бен беделіңіз бар, елмен тіл табыса аласыз» деп қарсы бол­ғаныма қарамастан көпшілік ел бір­ауыздан саяжай коопера­тивінің төр­ағасы етіп сайлады. Осылайша елдің қала­уымен жасым сексеннен асқанда жауапкершілігі бір басыма жетерлік қызметтің тізгінін ұстадым. Көп­шілік сенім артқан соң намысқа тырысып, қала басшыларының қабыл­дауына кіріп, саяжайға асфальт жол салу мен ауыз су, автобус қатынату мәселесін ойдағыдай шешуге қол жеткіздім. Қала іргесіндегі саяжай үлкен елді-мекенге айналып, тұрғын­дарының әлеуметтік жағдайы жақсара бастаған соң жасым­ның ұлғай­ғанына қарамастан ел мені босататын сыңайы байқалмайды. Жас ұлғайғанда өлім туралы ойланғанмен, елдің сенімі мен қолдауы күш-қуат береді екен. Енді қанша өміріміздің қалғанын бір Алла біледі» деген сөзі есімде қалып­ты. Иә, адамға абырой мен бедел ұзақ жылдық еңбекпен келеді. «Жас кезімде бейнет бар, қартайғанда зейнет бер» деген сөз бостан-босқа айтылмаса керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *