ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮРСІЗ БЕ?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы бәріміз бірдей әлі де жете түсінбей жатқан сияқтымыз.  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – бұл денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Осындай денсаулық сақтау жүйесі Германия, Нидерланды, Польша және басқа да батыс елдерде ұзақ жыл бойы сәтті жұмыс істеуде.

Бұл жүйе мемлекеттің, жұмыс беруші­нің және әр азаматтың ортақ жауапкер­шілігіне негізделген. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін жарналар жасайды. Жұмысшылар мен салық орган­да­рында тіркелген өзін-өзі жұмыспен қам­тыған азаматтар жарнаны өздері үшін төлейді.

Ал мемлекет экономикалық белсенді емес халық (балалар, мүгедектер, халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркел­ген жұмыссыздар және т.б.) үшін жарналар жасайды. Осылайша қаражат үлестірудің тиімді қағидасы әрекет етеді. Қажеттілігі аздан қажеттілігі көпке қарай ортақ жауап­кершілік негізіндегі «бүгін сен өзгелерге көмектессең – ертең бәрі саған көмекте­седі» қағидасы.

Табыспен шамалас аударымдарды медициналық сақтандыру қорына енгізе отырып, азамат кез-келген клиникада медициналық қызметтердің барлық түрін алу құқығына, яғни дәрігердің қабылдауы­нан бастап тереңдетілген  зерттеулер мен қымбат оталарға дейін ие болады.

Егер азамат аударымдар жасаудан бас тартқан жағдайда, ол МӘМС  қатысушысы болып табылмайды және медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медицина­лық көмек ала алмайды. Алайда, ол мемлекет пен кепілдендірілген медицина­лық көмек көлемін алуына болады, оның ішіне: жедел-жәрдем көмегі мен санитар­лық авиация; әлеуметтік-маңызды аурулар мен шұғыл жағдайлар кезінде медициналық көмек; алдын-алу екпелері; 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық көмек (оның ішіне амбулаторлық-дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де кіреді). Қалған медици­на­лық қызмет түрлері ақылы негізде көрсетіледі.

2017 жылдан бері Алматы қаласы бойынша бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру, оларды ел экономи­касына және МӘМС жүйесіне тарту мақ­сатында үй-үйді аралап жүріп, тұрғын­дардың әлеуметтік мәртебесін анықтау және мемлекеттік органдар мен мәртебе­лерін өзектендіру жұмыстары жүргізілуде.

Алматы қаласының әкімі Б.Байбек шаһар бойынша бейресми жұмыспен қам­тылған халықты заңдастыру және ел эко­номикасына және тиісінше міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарын, яғни «Жол картасын» бекітті.

Азаматтарды заңдастыру және оларды нәтижелі жұмыспен қамту үшін Алматы қаласының штабы құрылды. Құрамына қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшеле­рінің, аймақтық департаменттердің басшы­лары, аудандар әкімдері, Халықты жұмыс­пен қамту орталығының, Кәсіпкерлер палатасының, кәсіподақтар мен мемлекет­тік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

«Жол картасы» шеңберінде азаматтар­дың әлеуметтік мәртебелерін анықтау, өзектендіру, заңдастыру және нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша кең ауқымды іс-шаралар жүргізілуде.

Мемлекеттік кірістер департаменті «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» және «өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамты­ған­дар» деп айқындалған тұлғалар бойын­ша үй-үйді аралауды, кәсіпкерлік қызметті тір­кеусіз жүзеге асырып жатқан тұлғалар­ды анықтау бойынша іс-шаралар жүргі­зуде.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы жұмыс берушімен еңбек шартын жасау қажеттілігі туралы хабар­ламаларды міндетті зейнетақылық төлемдерсіз жұмыс істейтіндерге жол­дайды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының өкілдері нақты жүргізілген жұмыстар нәтижесінде тіркелмеген 16,8 мың жұмыссызды анық­тады. Оның ішінде 2 мың адам нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкер­лікті дамыту бағдарламасына тартылды (тұрақты жұмыспен 947 адам қамтылды, 710 адам уақытша жұмыстарға орналасты­рылды, қысқа мерзімді оқытуға 353 адам жіберілді); 6 мың адам Бағдарламаға қатысудан бас тартты; 8,8 мыңы қолда бар мекен-жайларда тұрмайтын болып шықты.

Жалпы, ағымдағы жыл басынан мәр­тебесі жоқ 249,3 мың тұлғаның  ішінен 64,7 мың адамның немесе 26% мәртебесі өзек­тендірілді (жалдамалы қызметкерлер – 27 мың, ЖК ретінде тіркелгені – 2 мың, жұмыс­сыздар – 2 мың, әлеуметтік төлем­дер алушы­лар – 5,7 мың, жүкті әйелдер – 2,6 мың,  студенттер – 2,5 мың, ҚР аумағы­нан шығып кеткендер – 595 адам, қайтыс болғандар – 446 адам, басқа санаттағылар – 22 мың).

Жол картасын ақпараттық сүйемелдеу бойынша медиа-жоспар бекітілді, оның шеңберінде: жол картасын іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары және басқа да оң аспекттерді түсіндіретін сұхбат, арнайы репортаждарды ұйымдастыру үшін мүдделі мемлекеттік органдардан спикер­лер­дің пулы құрылды; Жол картасының іске асырылу барысы және қол жеткізілген оң нәтижелер туралы репортаждардың түсірілімі ұйымдастырылды; халық көп жиналатын орындарда түсіндіру плакат­тары әзірленді (тұрғын үйлердің кіребе­рістері, ХҚКО, мектептер, емханалар және т.б.); «Almaty.tv», «МИР», «СТВ», «Gakku», «Muzzone» телеарналарындағы прайм-таймда бейнероликтердің көрсетілімі жүр­гізіледі және 5 радиостансада аудиоро­ликтер хабарланады.

Сонымен қатар, бейресми жұмыспен қамтылған халықты анықтау үшін қаладағы базарларда, қоғамдық тамақтану орында­рында, құрылыс алаңдарында жедел алдын-алу іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 3,2 мың жеке тұлға ЖК ретінде тіркелді, 1,4 мың жалдамалы қызметкер заңдасты­рылды.

Сонымен бірге, әлеуметтік мәртебесі жоқ тұлғаларды анықтау мақсатында Халық­қа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметті көрсетер алдында азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анық­тау жүйесі енгізілді.

Егер:

– азамат бейресми жұмыс істесе, оған жұмыс беруші мен екеуі арасында еңбек шарты жасалуы қажет;

– азамат табыс әкелетін кәсіпкерлік немесе басқа қызметпен айналысса, ол салық органдарында тіркелу керек;

– азамат жұмыссыз болса, оған Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орта­лығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет және оған жұмысқа орналасуға көмек көрсетілетінін еске салғымыз келеді.

Біз өздеріңізге бұл тақырыпта жан-жақты ақпарат беруге әрдайым дайынбыз. Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы, мекен-жайы: Назарбаев даңғылы, 50-үй, Жібек жолы даңғылының қиылысы, тел.: 341-04-60.

 

Сайран САЙПЕДЕНОВ,

Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасы басшысының орынбасары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *