Жұмыс берушілер мүгедек жандарды да ескеруі тиіс

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Мүгедек жандар да, егер мүмкіндігі келіп тұрса, жұмыс істеуге, еңбек етуге құқылы. Бірақ жұмыс берушілер көбіне қол-аяғы балғадай, дені-қарны сау адамды жұмысқа алғанды қолай көретіні жасырын емес. Ал сонда жұмыс істеуге ынталы, қоғамға да, өзіме де пайдалы іс істесем дейтін мүмкіндігі шектеулі жандар қайтпек? Үкімет бұл жағдайды да ескерген.

Алматы қаласы әкімдігінің кәсіпкерлер мен компания басшыларын мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға міндеттейтін, 2017 жылы қабылданған қаулысы бар. Мүгедектерге қолдау көрсетуді көздейтін осы құжатқа сәйкес, ұжымдағы адам саны 50-ден 100-ге дейін болатын алматылық компаниялар мүгедектер үшін – 2% мөлшерінде, қызметкерлер саны 101-ден 250-ге дейін болса – 3%, ал 250-ден астам қызметкер болса, 4% квота бөлуі керек.
– Басқа да ережелерді сақтау маңызды. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың еңбек күшін ауыр және денсаулыққа зиянды немесе қауіпті жұмыстарға пайдалануға болмайды. Бұдан басқа, квоталар заңнамаға сәйкес пробациялық бақылаудағы адамдарға; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жандарға және кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға бөлінуі қажет, – дейді қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Ауталиф.
Өкінішке орай, алматылық кәсіпкерлер арасында еңбек заңнамасын орындауға құлықсыздары да кездесетіні жасырын емес деп отыр мамандар.
«Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 28-бабында мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру қажеттілігі туралы айтылады, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте осы талаптарды сақтамағаны үшін жауапқа тартылатыны туралы ескертіледі.
ҚР ӘҚБтК-нің 98-бабына сәйкес, бұл ретте жұмыс беруші алдымен ескерту, содан кейін айыппұл түрінде жауапты болады.
Бұдан басқа, жұмыс берушілер Халықты жұмыспен қамту орталығына белгіленген мерзім аралығында бос немесе белгіленген квота шеңберінде ұсынылған жұмыс орындарына мүгедектерді орналастырғаны туралы мәліметтер ұсынуы тиіс.
Осы жылдың тоғыз айында жұмыссыз ретінде тіркелген 1536 мүгедек жанның 246-сы ғана тұрақты жұмыс тапқан. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың едәуір бөлігі қоғамдық жұмыстарға тартылған, сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына тұрғызылған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *