«Жұмекен мен Шәмшіге бірге ескерткіш қойылса» дейтін еді Нәсіп Мұстахқызы

Күздің салқын лебімен жеткен суыт хабардың селт еткізгені рас еді.

Қазақтың қара өлеңіне, жалпы руханиятына құбылыс болып енген ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің асыл жары Нәсіп апамыз өмірден озды. Күні кешеге дейін қазақ басылымдарының бірін қалдырмай оқып, өнердегі, әдебиеттегі болып жатқан жағдаяттарға өте сергек қарап, кей тұста өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, редакцияға телефон шалып отыратын апамыздың дауысын да енді ести алмаймыз.

Нәсіп апамыз Жұмекен Нәжімеденовтің артында қалған мол мұрасына иелік етіп, көзінің қарашығындай сақтап, оның оқырманына жетуін, насихатталуын өмір бойы қадағалап отырды. «Біреулер оны жұмбақ деу арқылы оның өлеңдерін арзандатқысы келеді» деп кейбір бөстекі сөйлейтіндерге тойтарыс берген кезі де бар. Ол аяулы ақынды бір жыл емес, бір ай емес, тіпті бір күн естен шығармай аяулы ғұмыр кешті. Сағынып өтті. Сол сағынышының белгісіндей өзінің қалам қабі­летін байқатып «Жұмекен – құдірет» атты кітап жазып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Әуелде бұл кітапты жазуға жүрексінген оны «Каспийдің әр толқынын көріп өскен қыздың қолынан неге жазу келмейді. Байқап жүрмін, сенің қолыңнан келеді» деп жігер берген Әбу аға Сәрсенбаев еді. Бұл ақын туралы емес, жалпы қазақ әдебиетінің бір кезеңінен сыр шертетін өнегелі өмірге толы кітап болды. Әсіресе, ақын-жазушылардың жұбайларының қиын да қызық тағдыры туралы да осы кітапта терең толғанып, кейбір беймәлім деректермен бөліседі. Ол тек Жұмекен шығармашылығына ғана емес, басқа да қаламгерлердің тағдырына әркез алаңдап отыратын. Редакцияға телефон шалып, елеусіз қалған есімдерді еске салып отыратын зор адамгершілік иесі еді.

Әрине, бүгінде басылымдардың оқырманы аз емес қой. Дейтұрғанмен де, Нәсіп ападай ойлы оқырман көп те емес еді.

Бұрнағы күні Нәсіп апаны қала жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды. Апаның туған жері Атырау облысынан, оның ішінде Құрманғазы ауданы, Қошалақ ауылынан арнайы делегация келді. Делегацияны бастап келген ұлтжанды, мемлекетшіл азамат, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шығарып салу сәтінде облыс халқының атынан көңіл айтып, елімізге танымал отбасының қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың көңіл айту хатын қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров оқып берді. Сонымен қатар, атақты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек, ақынның ұлы Мағжан өз сөзінде Нәсіп апаның аяулы, арда қасиеттері туралы төгіліп сөйледі.

«Жұмекеңнің дарыны маңдайына біткен бағы болса, Нәсіптей жармен, өлеңін түсінетін адаммен өмір кешуі – сол бағының қаншалықты биікте екеніне көз жеткізіп, Жұмекен бақытты екен деп отырмын» деп еді академик жазушы Зейнолла Қабдолов.

Иә, ол ұлы ақынның артында қалған бес перзентті бақытты етіп өсіріп, өзі де сол бақыт құшағына бөленді. Ұлы ақынның ескерткішін, атына көше берілгенін, мемлекеттік гимннің авторларының бірі болғанын көрді. Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жүрек тұсына қолын қойып, шырқайтын гимннің қос авторлары – Жұмекен мен Шәмшіге бірге ескерткіш қойылса деп те армандайтын. Әрине, ол арманның да орындалатын күні алыс болмас.

Жатқан жеріңіз жарық болсын, өмір бойына ақын арманын да, ел арманын да аялап өткен аяулы Нәсіп апа!

 

«Ақшамдықтар».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *