Жұмабек Тәшеновті қаралаған хаттар

60 жасқа толған күні ол қызметінен босаты­лып, зейнет­керлікке жібе­рілді

Еліміздің жаңа тарихи кезеңге «Мәң­гілік Ел» ұранымызбен тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашаққа нық сеніммен аяқ басуы үшін ең басты нәрсе – шартпен белгіленген жеріміз бен шекарамыздың  берік болуы. Әлем­дік тарих көрсеткендей, жерінен айырылған ұлттардың болашағы жоқ, басқа ұлттарға сіңіп, түптің түбінде жойылып бітеді.

Жалпы, адамдарды сақтап қала­тын алақандай жер үшін болған қырғын соғыстарды ұмытуға бола ма? Біріншіден, жер – ел экономи­касының материалдық көзі, екінші­ден, рухани байлық негізі. Алашор­дашылардың көсемдері болған  Әлихан Бөкейханов: «Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – негізгі өмір мә­се­лесінің ең зоры», – десе, Ахмет Байтұр­сынов: «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуы­ның мәселесі», – деп атап көрсеткен. Жер – ұрпақтан-ұрпаққа қалдырар мұра және тәуелсіздіктің түп­нұсқасы.

Кешегі «елім, жерім» деп жанын пида еткен халқымыздың арыстарын ардақтау – ұлтының ертеңін ойлай­тын, жарқын бақытты өмірдің негізін қалайтындардың парызы. Өйткені, тарихын біліп, содан өнеге, рухани қуат алған халық қана табыс­қа жете алады. Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің халқы­на суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп атап көрсеткені жергілікті жерлерде саналы түрде, шындықпен іске асырылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жаңа жыл алдында «Хабар» телеарна­сы­нан қуанышты жаңалық берілді. Ақтөбеде заманауи талап­тарға сәйкес келетін 300 оқушыға арналған мектеп іске қосылыпты. Мектепке мемлекет қайрат­кері, Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ликасы Министрлер кеңесінің төрағасы болған Ж.Тәшеновтің аты беріліпті. Оның Қазақстанның тың және тыңайған миллиондаған гектар жерін аяусыз жыртуға, еліміздің біраз жерлерін көршілес республикаларға беру туралы Мәскеудің шешіміне қарсы тұрып, еліміздің жер тұтасты­ғын қорғаған бірден-бір саяси қай­раткер тұлға болғаны үлкендер есін­де. Осы табандылығы үшін қызметі­нен босатылған соң, ол кісі біраз жыл Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төраға­сының орынбасары болды.  Мәскеу­дің қатаң бақы­лауында болып, 60 жасқа толған күні ол қызметінен босаты­лып, зейнет­керлікке жібе­рілді. Соңынан біраз уақыт «Қара­көл ғылыми-зерттеу институты» дирек­торының орынба­сары қыз­метін атқарғаны белгілі.

Соңғы қуанышты хабарды естіп, осынау абзал жанмен өзімді тағдыр­дың тоғыстырғаны туралы сыр бөліспекпін.

Ол кезде мен Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің өндіріс, көлік бөлімінің меңгерушісі қызме­тінде едім. Бірде кенеттен жұмыс бөлмеме асыл ағамыз Жұмекең кіріп келді. Орнымнан атып тұрып сәлем­десіп,  орындық ұсындым. Салмақты ағамыздың толқып отырғанын аңғардым.

– Қарағым, бұл мекемеде сенімен ғана тілдесем, – деді. Шынымды айт­сам, ол кісімен бұрын еш кездеспеген едім.

– Тыңдаймын сізді, айтыңыз, қандай мәселе? – дегенімде, ол сөзін  одан әрі жалғастырды:

– Мен Алматыдан келдім, онда Дінмұхаммед Ахметұлымен кездес­тім. Сіздерде облыстық ғылыми-техникалық хабар орталығының басшысы қызметі бос екен, Димекеңе сол туралы құлаққағыс жасадым.

– Ол рас, егер ондай ойыңыз болса, өзіңіз туралы қажетті жеке құжаттарды жеткізсеңіз, – дегенімде, «Әрине, әрине», – деп орнынан тұрды. Ағаны сыртқа шығарып салдым.

 

«Білем мұны кім жазғанын»  деп саңқ етті

 

Партияның кадрды дайындау, тағайын­дау туралы салиқалы жүйе­сі болатын. Әр  түрлі деңгейдегі партия комитетінің өздеріне сәйкес қызмет­тердің бекітілген номен­клатурасы  (белгілі бір мамандықта қолданы­латын атаулардың тізімі) болатын. Біз сөз етіп отырған қызмет біздің бөлімнің номенклату­расына жататын­дықтан, об­лыстық партия комитетінің бюро мәжі­лісіне ұсыныс пен қажетті құжаттарды дайындау біздің мінде­тіміз еді. Әрине, ондай қызметтерге алдын-ала әр түрлі сынақтардан өткізілген үміткерлер тізімі жас­ала­тын және олар белгілі еді.

Дегенмен, ағаға қажетті құжат­тарды дайындап, облыстың аталған қызметіне бұрын дайындалған үміткерлер болса да, Ж.Тәшеновтің кандидатурасын облыстық партия комитетінің өндіріс бойынша хатшы­сы В.С.Черненкоға ұсындым. Қыз­мет талабына сәйкес ол кісінің ғылым кандидаты екенін, бұрыннан облыс экономикасын терең білетінін, өмірлік бай тәжірибесі барлығын алға тартып, ұсыны­сымды барынша дәлелдеп бақтым. Мәскеудің қолдауымен тағайындалған хатшы өзара сый­ластықта болсақ та қарсылығын білдіріп, қатаң ескерту жасады. Келіспейтініне көзім жеткен соң, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы В.И.Николаевқа келдім. Ол мені теміржол жүйесін­дегі қызметте жүргенімде бір жыл бойы әр  түрлі тапсырмалар ар­қылы сы­нақтан өткізіп, обкомның нұс­қаушы­лығына өз ұсынысымен қабыл­дат­қан еді және Шымкент қорғасын зауы­тында партия коми­тетінің хатшы­сынан осы деңгейге дейін көтерілген Владимир Ивано­вичтің облыста абыройы да жоғары еді. Бірақ ол кісі де ұсыны­сыма қарсы шықты. Еш көнетін түрі жоқ. Ең соңғы үмітім – ол кісінің маған деген ерекше сенімін ескеріп, Ж.Тәше­новтің КОКП Саяси бюро мүшесі, Қазақстан Компар­тиясы Орта­лық комитетінің бірінші хат­шысы Д.А.Қонаевтың қабыл­дауында болғанынан хабардар еттім. Ол кісі сәл ойланғаннан кейін, «Ұсы­ны­сыңды бюро мәжілісіне сал», – деп келісімін берді. Әри­не, бюро мәжі­лісінде Ж.Тә­шенов ағамыз бір­ауыздан қол­дау тапты. Мәжіліс­тен кейін аға арнайы келіп, бұдан кейін де тек менімен байланыста болатынын жеткізді. Уақыт көрсет­кендей, ол тағайын­далған қызметін үлкен абыроймен атқарып жатты.

Тарихта «өтпелі кезең» деген атпен белгілі уақытта Мәскеудегі жоғары басшылықтан «ішімдікке қарсы» үлкен іс-шаралар қолға алына бастаған мезгілде КОКП Орталық комитетінен Ж.Тәшенов­тің үстінен арыз хат келді. Онда Ж.Тә­ше­нов 70 жасқа толғанын ресторанда атап өткені, оған 100-ге тарта қонақтар қатыс­қаны және ішімдікке жол берілгені туралы жазылған.

Ағаға қоңырау шалып, келіп кетуін өтіндім. Жылдам жүрісті, бойы тіп-тік, қуатты да ширақ кісі кіріп келді. Орын­дыққа жайғас­қаннан кейін қолына хатты ұстат­тым. Асық­пай оқып шықты да, өткір көзін жарқ еткізіп, «білем мұны кім жазғанын» деп саңқ етті.

Мұның қалай болғанын сұрадым. Сабырмен түсіндірді. Ол кісіні жақсы білетін, сыйлайтын адамдар мерейлі жасқа келгенін атап өтуге ұсыныс жасағанын, аға келісімін берген соң, ресторанда бас қосқа­нын, тіптен асқа кеткен қаржыны өздері төлегенін жеткізді. Олай болса, ең бастысы, берілген асқа төленген қаржы туралы ресми құжат алып келуін, ал қалған мәселелердің тексерілетіндігі туралы ескерттім.

 

Ж.Тәшенов ресторанда ішкілік ішті ме?

 

Мәселені тереңірек білу үшін ғылыми-техникалық орталықтың партия ұжымы­ның хатшысы Г.Астра­ханцеваны шақырт­тым. Ішкілікке қарсы күрес партия тарапынан қатал бақылауға алынуына байланысты арызда көрсетілген жәйттерді түсін­діруін өтіндім. Ол кісінің бұл хабарды естігенде қатты қобал­жығанын аңғардым. Мен тікелей: «Мерей жасты атап өту туралы ұсыныс кімнен шықты және Ж.Тәшенов ресторанда ішкілік ішті ме?», – деп сұрадым. Өзіне-өзі келген соң, ол партия ұжымы мүшел жасты өткізуді қолдағанын және ағаның ішкілікке жоқ екенін жеткізді. Мен бұл мәсе­лені қарау керектігін, тек жазықсыз жанның дәйексіз жазалан­бағаны дұрыс  екенін ескерттім.

Тәртіп бойынша келген арыз Шымкент қалалық партия коми­тетіне жіберілді. Дегенмен, орталық­тың мекемесі террито­риялық жағы­нан (сол кездегі) Дзержинск ауда­нына қарасты болғанына байланысты ауданның партия комитетінің бірінші хатшысына қоңырау шалдым. Орта­лық партия комитетіне Ж.Тәше­новтің үстінен арыз түскенін хабар­лап, алдын-ала мән-жәйді сұрап білгенімді, сондықтан «ол кісі тура­лы қоғамдық оң пікірді ескеріп қоры­тынды жасайсыздар деп сене­мін» дедім.

Көп ұзамай арыз бастауыш партия ұйымында, аудандық және қалалық партия комитеттерінде қаралғаны туралы ресми жауап алып, соның негізінде партияның Мәскеудегі Орталық комитетіне мән-жәйді баяндадық. Мәскеуден артынша екінші жазылған арызды тексеруге Орталық комитеттің нұсқаушысы арнайы келді. Ол кісінің менімен әнгімесінен түсінгенім, арызда мен туралы жазылған. Әңгіме барысында өз ойымды барынша ашық айттым. «Біріншіден, Ж.Тәше­нов біздің бө­лімнің номенкла­турасына жататын­дық­тан, оның өз қызметін талапқа сай абырой­мен орындауына біздің де жауап­кер­шілігіміз бар, оған көзіміз де жетті, сон­дықтан арызды жан-жақты қарастырдық. Әрине, біз үшін бас­тауыш партия ұйымының пікірі де маңызды, сондықтан ұжымның хат­шысымен де тілдестім. Екіншіден, хат қалалық партия комитетіне жолдан­ды. Партия комитетінің бірінші хатшысы В.Борисов облыс­тық партия комитетінің бюро мүшесі, сол кісінің берген жауабына мән беріңіз. Сіздерге жіберген анықта­мада ол кісінің дәлелін негізге алдық.

Ал егер бұл мәселе туралы қандай да күдігіңіз болса, қажет деген кісілермен сізбен бірге кездесуге дайынмын». Мәс­кеулік қонақпен түсініскендей қоштастық.

Аяулы аға өз қызметін әрі қарай жалғастырды. Иә, Жұмабек Тәше­нов өз ісімен көпшіліктің ойынан шығып, игілікті ұстанымымен ел мақтаны­шына айналған биік тұлға болатын. Сөз жоқ, елін сүйіп, оны қорғап, жан аямай қызмет ете білген оны өскелең ұрпақ ұмытпақ емес.

 

Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ,

     М.Тынышбаев атындағы

    Қазақ көлік және коммуникациялар

     академиясының профессоры.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close