«ЖҰМАҚҚА ДА БІР САЗГЕР КЕРЕК ШЫҒАР»

Қазақстанның Халық әртісі, атақты композитор Әсет Бейсеуовтің кім екенін, қандай әндерінің барын жұрт жақсы біледі. Қазақ ән өнерінің шоқтығы биік жұлдыздары Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтар Әсеттің эстрада жанрындағы ән өнеріне жоғары баға берген

Нұрғиса ағасы «Әсет Бейсеуов лири­калық әндерімен бірден ел аузына ілікті. Адам жанын әлдилеп, мұңай­ғанды жұба­тып, қуанғанды тасыта білді. Сиқырлы әндері сырға толы еді. Әсет ән әлеміне осындай жанға жайлы, көңілге қонымды жаңалығымен келді. Сонан бері Әсет әндерінсіз қазақ даласында бірде-бір той өтіп көрген емес», – деп, Әсетті аспандатса, Шәмші Қалдаяқов «Әсет Бейсеуов жеке-дара ұлттық эстрадамыздың көсегесін көгертіп жүр», – дейді.

Бұрын қазақ ән өнері мен әнші, композиторларының есімімен онша таныс емес шетелдік бизнесмендер Боб Адамс (Калифорния штатынан) пен Марк Холси (Филадельфия қаласынан) Әсеттің есептік концертіне келіп қаты­сып, былай деп тамсанғанын журналист Н.Байсақалова оқырмандарына жеткіз­ген еді: «…Біздің Қазақстанға үшінші рет келуіміз. Бүгінгі концертке қатыса отырып, жүрекке еш аударма, түсінік­темесіз жететін өнерге, музыка тіліне басымызды иеміз. Қазақ досымыздың саны бір адамға көбейді. Ол – бүгін бізге тамаша көңіл-күй сыйлаған композитор Әсет Бейсеуов мырза», – деп жазды ол.

Шетелдік әншілер де Әсет әнін өз тілдерінде шырқауда. Румынияның әйгілі жас әншісі Люция Дмитреску компози­тордың «Армандастар» әнін өз румын тілінде орындап, үлкен құрметке бөленіп жүр екен. Түрік елінде тұратын қандас қарындасымыз Гүлжиһардың өтінішімен оның «Туған жер» атты өлеңіне ән шығарып, қазір сол елде шырқалып жүр деседі білетін жұрт.

Әсет әні Мәскеуде де шырқалған. 1967 жылы патриоттық әндерге Бүкіл­одақтық конкурс жарияланады. Оған 700-ге жуық ән келіп түседі. Сонда оның «Қызыл сұңқарлары» (сөзі Оспанхан Әубәкіровтікі) Құрметті дипломмен марапатталады. Осы ән үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын иеленді. 2004 жылы Елбасымыз президенттік сайлауға түскен кезінде Павлодарға барған сапарында сол қаланың жаста­рымен бірігіп, Әсеттің «Армандастар» әнін шырқағаны әлі ел есінде. Бұл Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының Әсетке деген үлкен құрметінің бір белгісі деп есептейміз.

Кеше Алматыда «Қазақ­кон­церт» залында Әсеттің 80 жасқа толу құрме­тіне арналып өткізілген еске алу кешін сол құрметтің бірі деп ойлаймыз. Кешті ұйым­дастыруға бастамашы болған Мәдениет және спорт министрі Арыс­тан­бек Мұха­медиұлына алғысымыз шексіз.

Әсеттің шығармашылығы жайлы баспа­сөзімізде көп жазылды да, ақын-жазушы, композитор, әншілер тарапы­нан көп айтылды да. Солардың жазған­дарын, айтқандарын жинастырып, «Жүрегі ән деп соғатын» атты жинақ құрастырып, ол «Арна» баспасынан Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауы­мен биыл басылып шықты. Ол үшін қала әкімі Бауыржан Байбекке көп алғысымды білдіремін. Жұрт: «Бұл Әсеттің 80 жылдық мерейтойына арналған үлкен сый болды» деп қуануда.

Әсеттің туған жері Қарғалыда ағайын-туғандарының көмегімен екі жарым метрлік мүсіні ауылдың ең көрнекті, жұрт көп жиналатын орталық алаңға қойылды. Оның ашылуына Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев бастаған ел-жұрт, өнер, ғылым, баспасөз қызметкерлері қатысып, Әсетке деген жылы лебіздерін білдірді. Енді Әсет туған жерінде: «Рахмет сіздерге! Сіздер барда мен өлмеймін!» дегендей, алаңда асқақ қарап тұр. Бұл игі шараның жүзеге асыры­луына ауыл әкімі Досбол Тұрысбе­ковтің, ардагер ұстаз Төлегетай Ақбауовтың, мүсінші Тоқтар және де осы жолдар авторының игі істерін жұртшылық атап өтуде.

Әсеттің тамаша сазгерлігімен қоса, аңқылдаған ақкөңіл, өзім дегенге өзегін жұлып берер жомарт, ағайын-туысқа жұғымды, «қожанасырлық» әпенділігі де бар еді. Аңғал, өз жора-жолдас­тарының іс-әре­кетін, дауыс ырғағын, қимыл-қозға­лыс­тарын айнытпай сала­тын породист те болған. Қалам­ақысын алған күні оның достарына «звонда­майтын» күні болмай­тын. Күміс көмей әнші Нұрғали Нүсіпжа­новты, алп-алп басқан Сабырхан Асанов­ты, тақиясын баса киіп Нұрсұлтан Әлім­құловты, «гүжілдек» (Д.Қонаев қойған атау) Әнуар­бек Байжанбаевты, дударбас Серік Тұрғын­бековты, домаланған Бексұл­тан Сариевті, «жар-жарын» айтар Абдрах­ман Асыл­бековты, қыздай сызылған Еслам Зікібаевті, қаздаң басар Мыңжасар Маңғытаевты, атан түйеше жан-жағына маңғаздана қарайтын Тұманбай Молдаға­лиевті, береткасын қисайта киетін Мұзафар Әлімбаевты, жезкиік­тей кербез басқан Кәкімбек Салықовты, орақ тілді Оспанхан Әубә­кіровті, атан жілігін ұрып сындыратын Әнуарбек Дүйсенбиевті, т.б. көрмесе, Әсеттің ішкен асы батпайтын.

Адамға сенгіш ақкөңілділігі оны талай опындырды да, өкіндірді де.

Әсет оқыс оқиғаларға ренжи қоймай­тын. Ленин комсомолы сыйлы­ғын алған соң комсомолдың жолда­масымен Жам­был облысына елмен кездесуге атта­нады. Мойынқұм ауданы­ның бір шаруа­шылы­ғына барғанда совхоз директоры: «Өткен жолы біздің ауылға келгеніңізде мұндай емес едіңіз, түріңіз де, бойыңыз да өзгеріп кетіпті», – дейді амандасқаннан соң.

Әсет таңданып: «Сіздің ауылға бірінші рет келіп тұрмын», – дейді.

Совхоз басшысы таңданып: «Өткен­де бір жігіт келіп, мен Әсет Бейсеуов­пін» – деп, концерт беріп, ат мініп, шапан киіп кеткен», – дейді. Әсет аң-таң. Бұл жаққа келуі тұңғыш рет. Кейін білсе, өзі білетін жігіт екен.

«Сотқа бермейсіз бе?» дегендерге: «Кәрі шешесінің қолынан дәм татып едім, ұят қой…», – деп оның аты-жөнін айтпай, жылы жауып қоя салады. Бұл да Әсетке тән кісіліктің бір белгісі еді.

Бір күні «Алмашкасы» Әсетті үйге қамап, қос кілттің екеуін де қалтасына салып, жұмысына кетеді. Ондағы ойы – Әсетке арақ ішкізбеу. Әсең ұйқыдан оянып, бас жазбақ боп, мұздатқышты ашса, ештеңе жоқ. «Алмашка» шөлмек­терді көрші үйге тығып кетіпті. Сыртқа шығайын десе, есік құлыптаулы. Кілт жоқ. Ары оты­рып, бері отырып, Сабыр­ханға (Асановқа) телефондайды: «Әй, Божбан, маған тез жет! Мен қамалып қалдым. Бір жартылық ала кел! Әдіресім мынау…». Сабырхан әдрес бойынша Әсет «қамалған түрмені» іздеп таба алмай жүргенде, дәл жанындағы бес қабатты үйдің үшінші қабатының қылтимасынан (балконынан) Әсеттің дауысы естіледі. «Әй, Божбан, бол!.. Тез! Басым сынып барады…

– Мұны саған қалай беремін?

– Мә… мынаның ұшына жақсылап байла! – деп, Әсет бір-біріне байланған төсек жапқыштарды салбыратады. Сөйтіп, «Әсет тапқан жаңа әдіс» кейіннен Оспанханның да, Мұқағали­дың да, Шәм­ші­нің де, Әблахаттың да қажетіне жарай­ды. «Алмашкасы» үйге келіп, Әсекеңнің «буырқанып-бұрса­нып, мұздай темір құрсанып» күйсан­дықты құлаштап ұрып отырғанын көріп, аң-таң қалады.

Бір жолы Үңгіртаста біздің үйде (шілде айы болатын) Әсет бар, Қилан бар (тамаша күйші жігіт болатын), Бекмұхан бар (мектебімізде үрмелі аспап­тар оркестрінің жетекшісі болатын) «бұрқырап» отырғаны­мызда, «тентек» суымыз таусылып қалға­нын білмей қалыппыз. Бұл түнгі он екілер шамасы болатын. Әсет далаға шығып келейін деді де (түрсишең, мәйкішең отырған болатын) жарты сағаттай жоғалып кетті. Бір кезде елең-делең етіп кіріп келеді. Үсті-басы ағаштардың бұтағына сырылған, мәйке-трусиі жыртылған. Біреуді сыбап келеді. Не болғанын білмей аң-таңбыз. Сөйтсек… сағат түнгі 12-ге дейін істейтін бір дүкен бар еді. Соған бір «жартылық» алуға бармай ма. Күзетші: «Ол кісі үйіне жаңа ғана кетті. Үйінде де сатады. Терезе­сін қақсаңыз болды. Үйі – әнәу бір шам жанып тұрған жерде…», – дейді. Әсең қақпа­сын ұрып-ұрып, аша алмаған соң үйдің қоршауынан қарғып түсіп, терезесін қағады.

– Кімсің, ей?! – Еркек даусы естіледі.

– Маған Алтыке керек еді…

(Сатушы Алтын деген 60-ты алқым­дап қалған кемпір еді. Жұрт оны «Алтыке дүкенші, Алтыкенің дүкені» дейтін).

– Оны неғылайын деп ең?!

– Ұйықтап қалса, оятыңызшы, бір шаруам бар еді…

– Көрсетейін мен саған шаруаны, — деп, – есіктен атып шығып, қолындағы айырды Әсетке қарай сілтемей ме. Бұл бұталармен қоршалған қоршаудан қарғып өтіп, анау қақпадан шығам дегенше, біздің үйге жетіп те үлгеріпті. «Бір жартылық алайын деп сатушының үйіне барсам, байы бір жынды екен. Сөзімді тыңдамай, айырмен қуа жөнел­ді», – деп, ырс-ырс етеді. Біздің ішек-сілеміз қатып, күліп жатырмыз.

– Ей, сендер де бір жынды екенсің­дер ғой..,– дейді балаша бейкүнә қалыппен.

Әсеттің мұндай аңғал да, аңқау «балалық мінезін» бірге жүрген достары жақсы білетін.

Әсеттің тағы бір қыры – өте қалжыңбас еді. Біреуді пародиялағанда дауыс ырғағын, түр-келбетін, жүрісін дәл көрсететін. «Ну, погоди!» мульт­фильміндегі қасқырдың дауысын қазақ­ша дыбыстағаны да бар. Бір кездері Қазақ теледидары музыка редакциясы­ның бас редакторы болған белгілі компо­зитор Жолан Дәстенов былай деген еді: «Ә.Бейсеуов актер де. Егер композитор болмағанда, ол не әнші, не актер болар еді. Әзіл әңгімесі, іс-қимылы, бір сөзбен айтқанда, табиғаты соған келеді».

Талдықорған жақтағы бір отырыста досы Нұрғали Нүсіпжанов екеуі тырти­ған ақ көйлек киіп алып «Кішкентай аққулар» биін билеп, жұртты қыран-топан күлдіргені де бар.

Осындай сегіз қырлы, бір сырлы Әсет тірі болғанда, биыл 80 жасқа толу мерекесін біздің ортамызда отырып, әнін шырқап достарын пародиялап, Нұрғали екеуі «Кішкентай аққулар» биін билеп, қыран-топан күлкіге батырып жүрер еді. Ерте аттанып кетті о дүниеге. Ерекше жақсы көретін ақын досы Абдрахман Асылбеков үстіміздегі жылдың 13-қарашасында қатты ауырып жүрсе де, туған күн кешіне қатысып, Қарғалыдағы Әсеттің есімімен аталатын мектептегі кездесуде:

«Жандарың бар жанашыр, қазағың бар,

Таусылмайтын тамаша базарың бар.

Жұмаққа да бір сазгер керек шығар,

Пәнилік те, бақилық наз әні бар», –

деп, жүрекжарды сөзін айтып еді.

Әсет жұмақта да жұрттың жүрегін әсем сазымен тербеп жүрген шығар деп ойлаймыз.

 

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі,

жазушы, әсеттанушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *