Жұлдыздар жарығы

Қали Сәрсенбай

 

«Шабыт шақырушы» пижама

 

Алматыда аса көрнекті композитор, КСРО халық артисі Ғазиза Жұбанованың шығармашылығына арналған қоңыр кештер өтіп жатыр. Соның екеуі – Абай атындағы Опера және балет театры мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында өтті. Кеште белгілі өнер, мәдениет қайраткерлері, композитордың шәкірттері сөз сөйлеп, оның шығармашылығының қыр-сырына тоқталды.

– Ол өзінің шығармашылығын халық музыкасының қайталанбас сарынымен байытып, композиторлық мектепті биік деңгейге көтерді. Оның музыкасы өте терең, парасатты, үлкен өнер еді, – деді Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова.

Ғазиза Жұбанова кең ауқымда жұмыс істеген композитор. Оның шығармашылығы жанрлық тұрғыдан алғанда орасан бай болды. Айталық, оның үш опера, төрт балет, үш сим­фония, алты оратория, бес кантата жазды. 30-дан астам камералық музыкаға, хорға арнаған туын­дылары, спектакльдер мен кинофильм­дерге арнап жазған шығармалары қаншама. Бұл туындылардың өн бойындағы терең пәлсапа, нәзік лиризм жөніндегі әңгіме бөлек, әрине.

Атақты Дмитрий Шостакович бірде композитордың шығармаларын тыңдаған соң «Ол тіпті халықтық туындылардың өзін әрлендіруден қорықпай, оны сол халықтың аса сүйіп тыңдайтын туындысына айналды­рып жібереді» деді. Композитордың күйеуі, Алашқа аты мәлім аса көрнекті режиссер, КСРО халық артисі Ә.Мәмбетовтің Ш.Айтма­товтың «Ғасырдан да ұзақ күнін» Мәскеуде сахнала­ғанын білеміз. Сондағы басты рөлді сомдаған (Едіге) Михаил Ульянов: «оның шығармалары бір жарқын, терең спектакль тәрізді. Ол сонысымен де саған керемет қуаныш, қайрат, тартыс тарту етеді» деп тебіренді. Аса толқы­ғаны сонша, «Ғасыр­дан да ұзақ күн» спек­такліне (музыкасын жазған Ғ.Жұбанова) жазылған әуенді тыңдап отырып: «мынадай спектакльге осындай рухты әуенді жазған нәзікжанды әйел дегенге сенер емеспін», – дегені және бар.

Композиторға әу баста періштелер «әумин» деген тәрізді. Осы ретте Әліби Мәмбе­товтің мына бір сөзі еске түседі. «Ол музыкант болуды бала кезден армандады. Мына бір оқиғаны айтудан жалықпайтын. Жетінші сыныпта балалар «Кім болғың келеді?» деген тақырыпта шығарма жазады. Сонда Ғазиза «компо­зитор боламын» дейді. Сол балалардың ішінде арманына жеткен тек Ғазиза екен. Балалар оған сенімсіздікпен қарап, үзіліс кезінде «сен қалай композитор боласың, ол ер адамның кәсібі ғой» дейді. Ол «мен бәрібір композитор боламын» дейді. Бұл сөзінде негіз де бар еді. Ол мектепте жүргенде бұл өнермен табанды түрде айналысып, тіпті екі музыкалық пьеса да жазады. Әкесі үйде жоқ кезде (атақты Ахмет Жұбанов) оның пижамасын киіп алып, роялға отырып алып, ұзақ ойнаған.

«Мен әкемнің сол пижамасын ұзақ сақта­дым. Менің композиторлық тәжірибемде оның орны ерекше. Ол менің шабыт шақырушым болды» деп жазды кейіннен композитор өзінің «Музыка – менің өмірім» атты кітабында.

Екі КСРО халық артисі, екі КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, өнердің екі түрінің көшбасшысының басы бір қазанға қалай сыйды деген де сауал туындайды, әрі бұл ой оқырмандарды да қызықтыруы әбден мүмкін. Шынында екі түрлі мінездің адамы бір шаңырақ астында қалай тұрып жатыр. Оның үстіне Ғазизаның Әзекеңнен бес жас үлкендігі де бар. Осы орайда олардың үлкен ұлы Әліби Мәмбетовтің мына бір әңгімесі назар аудартпай қоймайды.

 

 

Екі түрлі мінез адамының өмірде мұндай жағдайға жетуі өте сирек кездесетін нәрсе

– Әкемнің апасының (Аққағаз Мәмбе­това – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы болды) күйеуі, белгілі суретші (Қазақстанның халық суретшісі) Әубәкір Ысмайыловтың әкем мен шешемнің қалай танысқаны туралы айтқаны есімде қалып қойыпты. Ол бірде академик Ахмет Жұбановпен бірге фольклорлық экспе­дицияның құрамында облыстарды аралайды. Бірде атам суретшіден «таныстар­дың ішінде Мәскеуге жолы түсіп тұрғандар бар ма?» деп сұрайды. Ол Мәскеу консерва­ториясының аспиранты, қызы Ғазизаға бір қорап алма мен ол кезде аса қат саналатын нота дәптерін беріп жібермекші болады. Осы сәт ол «Азик таяуда барады» дейді. Әйелінің кіші інісі сол кезде ГИТИС-тің студенті екен. Осы сәлемдеме арқылы әкем академиктің қызымен алғаш рет танысады. Бұл кездесуді де жоққа шығаруға болмайтын шығар. Бірақ әкемнің айтуынша, ол анаммен сол кезде Мәскеуде оқитын қазақ жастарының жаңа жылдық кешінде танысқан көрінеді.

Кейіннен Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі бұл кедесуді былайша еске алды.

«Кездесуге шақырылғандардың ішінде аққұба, көгілдір көзді, салмақты Ғазиза да болды. Сондай көңілді кеш өтті. Ән салдық, би биледік. Бұл кеш өмірі есімнен шықпайды. Себебі, мен өмірімде тұңғыш рет ғашықтық сезімін бастан кешкен едім. Мені оның бойындағы ғажайып мінез таңқалдырды. Әйелдік, нәзіктік, ішкі дүние байлығы, оның жылы жүзі, көзіндегі бір тереңдік жиналған­дардың бәрін ерекше сезімге бөлеген еді. Тіпті, ол сонша адамның ішінен маған ғана қарап тұрғандай әсер етті».

 

 

«Ғазиза Ахметқызы келе жатыр»

 

Адамдардың бәрі бірдей емес қой. Кейбір ниеті, ойы бұзықтар өзі жетім өскен балаға болашақ мансабы үшін керек болды «бұл есепке құрылған неке» деп те соқты. Әкем «бұның бәрі құр сан­ды­рақ» дейтін деп жалғастырады әңгі­месін Әліби Мәмбетов. – Ол екеуінің махаб­батының жемісі – біз, балалары. Мамам, ең алдымен, әйел адамның парызы табиғат алдын­да да, адамдар алдында да ана болу дейтін. Кейін олар кейбіреулердің бөстекі пікірін тас-талқанын шығарып, өмірде де, өнерде де адамдықтың жарқын үлгісін көр­сетті. Екі түрлі мінез адамының өмірде мұндай жағдайға жетуі өте сирек кездесетін нәрсе.

– Олар қайғыда да, қуанышта да бірге болды, – дейді Әліби. – Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін алайықшы. 16-сы күні әкем үйге келмеді, ауруханадан телефон шалды. Ол онда басы жарылып түсіпті. Анам жүргізушісін күтпестен қараңғы түнде көшеге атып шықты. Ол тіпті сол күні көшеде жүру өте қауіпті екенін де ойламады. Мен оның соңынан зорға қуып жеттім.

Осы бір қаһарлы күндер туралы кейіннен Әзағаңның өзі былай дегені бар еді.

«Біз Ғазиза екеуміз өмірімізде талай қиын күндерді бастан кештік. Әсіресе, 1986 жылғы оқиға кезінде мен оның қолдауын қатты сезіндім. Тіпті, мені алаңда жиналғандардың басты ұйымдастырушысы, бандының басшысы деген өсек те таратыпты. Достарым өзінің қарақан басын күйттеп кетті, Ғалия аурухана­дан шықпайды. Мен үшін сол күндері ең қорлығы Ғазизаны прокуратураға шақырып, жауап алғаны еді. Мен сол жағдайды қатты уайымдадым. Бірақ менің ер көңілді жарым бұл қорлыққа да шыдады. Осыдан соң мен оны декабристка деп атайтын болдым».

– Менің әкем өте талапшыл, қатаң болды. Әсіресе, біреулердің бөстекі сөзіне шыдай алмай­тын. Алайда, шешем екеуі тез тіл табысатын. Анам әр кезде оның операсы мен балетінің либретто авторы әкем деп айтатын. Әкемді ойлағанда мына бір жағдай да есіме түсе кетеді. Спектакльді тапсыру сәтінде қызу, шулы талқылау жүріп жатады. Сонда біреу «Ғазиза Ахметқызы келе жатыр» десе, бәрі тыныштала қалатын. Анам ақырын басып келіп келген соң барып, әкем «жалғастыра беріңдер» деп команда беретін. Содан у-шу, талқылау қайта қызып жүре береді. Содан бәрі қайтадан тына қалып, анамның пікірін тыңдайды. Біреулер бұл сөзіме сенбеуі мүмкін, бірақ бәрі шын мәнінде осылай болатын. Өте қатаң Әзірбайжан Мәмбетов әйеліне осылай өте нәзік түсінікпен қарады, – дейді Әліби.

 

 

«Елбасы Ғазизаны қатты қадірледі»

 

– Жаз айында біздің отбасымыз Ыстық­көлде демалатын, – деп жалғастырады әңгіме­сін Әліби, – ондағы алматылықтар бір-біріне қонаққа баратын. Алайда, мамам көбіне у-шуды аса ұнатпай, жалғыз болғанды ұнататын. Дейтұрсақ та әкем бәріне үлгеретін. Ол көбіне пьеса оқығанда ғана тынышталатын. Біз соңғы рет Ыстықкөлде 1992 жылы болдық. Сол күндері анама қатты суық тиді. Тіпті,  тынысы тарылып, оттегі жастық­шасын пайдаланды. Сол жолы Мәскеуден келген профессор оған тек оттегін реттейтін арнайы аппарат қана көмектесетінін айтты. Ал ол 2 миллион доллар тұрады екен. Сол жолы Алматыда Мәскеудің Кіші театрының гастролі жүріп жатқан. Соның спектакліне Н.Назар­баев та келеді.

Сол жолғы Елбасымен кездесуді Әзекең былай деп еске алады.

«Үзілісте ол менен Ғазиза Ахметқызының қатты науқас екенін біліп, әлгі керемет аппаратты алдырып беремін деп уәде етті. Екі күннен кейін Президенттің көмекшісі Иманғали Тасмағамбетов театрға телефон шалды. Ол Президент аппараты әкімшілігіне келіп, аппаратты алып кетіңіздер деп өтініш жасады. Алайда, аурудың асқынып кетуіне орай, аппараттың көмегі болмады. Десек те, осы жағдайды естіген Ғазизаның көзіндегі риза­шы­лықты көрсең ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы Ғазизаны қатты қадірледі. Әр кездескен сайын сіздің режиссер ретінде өнімді жұмыс істеуіңізде Ғазизаның еңбегі зор, оны бағалай біліңіз» дейтін.

Әлгінде айтқанымыздай, өнеріміздің екі көшбасшысының бір-бірін түсініп, терең жарасым табуы өте сирек кездесетін жағдай. Әрине, мұндай аса көрнекті тұлғалардың өмірі жаймашуақ болды деп кесіп айтуға да болмас. Талантты жаралған адамдар әу баста тағдырлы, сан қырлы келеді, онсыз ұлы өнер тумайды. Дейтұрғанмен, кейбір тұстағы қайшылықтардың да сол ұлы өнерге қызмет еткені сөзсіз.

 

 

Олег Ефремов: «Әуре болмаңдар, мен досым Азикке келдім»

 

– Бір күні үйге келсем, – дейді Әліби, – ас үйде шу шығып жатыр екен. Әкем анама бірдеңені түсіндірмек болады. «Ол оңбаған, нағыз оңбаған» дейді әкем. Мәселе былай болған. Бір актер әкемнің үстінен райкомға арызданыпты. Мәмбетов оған жекіп жіберген көрінеді. Ал әкем одан кешірім сұраудың орнына, «әй, ол шын мәнінде оңбаған болса мен оған не істей аламын?» деп қасарысады. Ал анам болса «Әзеке, олай болмайды ғой, басқа жұмсақтау сөз таппадың ба?», «рай­ком­мен ойнауға болмайды» деп оны көн­діргендей болды. Бірақ әкем өз пікірінде қалды.

Әлгінің бәрі бекер еді. Әкем сахнадан тыс өмірде өте қарапайым, мейірімді, актерлерге жанын беретін адам еді. Аса дарынды актер­лер – Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабе­ков, Фарида Шәріпова, т.б. оның тұсында жақырап көрінді.

Иә, Әзірбайжан Мәдиұлы еліміздің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Ол әкемтеатрдың бас режиссері ғана емес, республика Жоғарғы  Кеңесінің, кейіннен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі болды. Ол көптеген өнер саңлақ­тарына пәтер, атақтар алып берді, театр шет елдерде табысты өнер көрсетті. Оның аузынан түспейтін «идиоты» айналайындай көрінетін. Осы «идиотының» арқасында талайлар танымал тұлғаға айналды.

Шетжұртта да сыйлы достары көп еді. Мәселен, атақты Андрей Миронов, Михаил Ульянов, Олег Табаков (кеше ғана өмірден өтті), Софья Губайдул­лина, Радион Шедрин, Александра Пахмуто­ва олардың отбасының жиі қонағы болды. Олег Ефремов қатты науқастанып жүргенде Қазақстанға келмекші болады. Мұны естіген шенеуніктер шала бүлініп, оны жақсылап күтіп алмаққа қам жасайды. Ал ұшақтың трапында тұрған ұлы актер болса, күтіп алушыларға «әуре болмаңдар, мен досым Азикке келдім» депті.

Шынында оларды қай жерде болсын, әсіресе, сол кездегі менменшіл Мәскеудің небір марқасқалары құшақ жая қарсы алатын. Шын дарынды адамдар өзін қай кезде де, қандай ортада болсын, жалғыз сезінетін де сәттері болады. Олардың өзгеден артықшы­лығы да сонда ғой. Олардың өзгеден тағы бір атап айтар артықшылығы – бізден алыста­ған сайын биіктей береді. Себебі, олардың өмірдегі, өнердегі өнегесі ешқашан үзілмейді, ұмытылмайды. Өйткені, олар шын мәніндегі жұлдыздар. Ал мұндай жұлдыз­дардың жарығы ешқашан сөнбей жарқырап, сәуле шашып тұрады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *