Жұлдыз болған Жайнагүл апай қайда жүр екен?!

Таяуда ауылға (Түркістан облысы, Арыс ауданы, Қожатоғай ауылы) барып қайттым. Кластастарыммен қауыштым. Өзімнен бір-екі жыл бұрын  бітірген бірен-саран  түлектермен де бас қосып, әңгіме-дүкен құрдық. Сөзден сөз шығып кетіп «Жайнагүл апай естеріңде ме?» деп қалдым. Дастархан басында отырған шайға тола кесесін жерге қоя салып бізден бірер жас үлкендігі бар Кәрім Иманбердіұлы «Жайнагүл Нұрманованы айтасың ба? Айбектің үйінде пәтерде тұрды ғой. О-о-о-ой! Жылдам жүретін еді. Қасында еріп келе жатқан адам желе жортып жүгіріп отыратын» демесі бар ма.

Жайнагүл апай ауылға 1967 жылы мектепке неміс тілі пәнінің мұғалімі болып келді. Ауылда бір-ақ жыл ғана болды.  Содан бері 52 жыл өтіпті. Жарты ғасырдан асты! Ал Жайнагүл апай осы күнге дейін ауылдастарымның аузынан түспепті. Оның сыры мынау. Мектепке жас мұғалімдер келгенде мектептің күнделікті өмірі өзгеріп шыға келетін. Олар өздерімен бірге қаланың жаңалық­тарын алып келетін. Шалғайда жатқан ауылдағыларды кез- келген жаңалық айтарлықтай қызықтыратын. Мұғалім қыз болса оның жан-жағына оқушы қыздар, жігіт болса ұлдар шоғырланатын. Ал Жайнагүл апай болса қызға да, ұлға да жақын болды. Көңілі сондай кіршіксіз, қабағын кірбің шалмайтын табиғаты өте жайдары жан болатын. Бізге неміс тілінен сабақ берді. Сабақтары сондай көңілді өтетін. Мысалы, мен осы күнге дейін сол бір жылда үйренген немісшем, институтта бес жыл оқыған ағылшыншамнан әлдеқайда қомақты. Германияға бара қалсам, ешбір қиналмас едім, ал Англияда жағдайым аянышты болар еді…

Жайнагүл апайдың оқушылардың арасындағы беделімен  самайларын ақ шала бастаған ұстаздар да санасты. Күндердің күнінде бір мерекеге байланысты совхоздың клубында ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің концерті болды. Клуб аузы-мұрнына шығып лық толып отыр. Концерттің ортасына таман сахнаға күтпеген жерден Жайнагүл апай шыға келді. Көрермен­дердің барлығы аң-таң, ал біз оқушылар болсақ, тіпті өз көзімізге өзіміз сенбейміз. Баян аспабының сүйемелдеуі­мен Е.Хасанғалиевтің «Айнала күй, айнала би» деген сөздері бар әнін орындады. Өте жоғарғы деңгейде орын­далған әнге көрермендердің тәнті болғаны сонша, ән орындалып біткен соң 2-3 секундтай жиылған жұрт не істерін білмей қалып барып, бір адамдай шапалақ соғып, қиқулап қошемет көрсетіп жатты. Сахнадан жібермей тағы бір ән орындауын сұрап жатыр. Осы кезде Жайнагүл апай баянмен сүйемелдеп тұрған жігіттің құлағына сыбырлай бастады. О, ғажап! Біз сол сәтте «қуырдақтың көкесін» көре­тінімізді білсек қой! Сүйемелдеуші жігіт бізге бей­мәлім нақышпен баянын шірене созып тарта жөнелді. Жайнагүл апай әзербайжанша құйқылжыта шырқап тұр! Не деген дауыс, құдай-ау! Елдің бәрін баурап алып, елітіп тастады. Ән біте сала соғылған шапалақ толастар емес.

Сол жылдары біздің совхозда Иранның солтүстігінен жер аударылып келген 20-30 отбасы мекендейтін. Солардың концертті тамашалауға келген біразының барлығы дерлік сахнаға шығып кетіп, Жайнагүл апайдың арқасынан қағып, құшақтап жатыр. Көңілі бостаулары көз жастарына ерік беріп, жылап тұрып апайға бірнәрселерді айтып жатыр. Міне, нағыз талант! Жерден іздеп жүрген қазына аспаннан түскендей болды. Неміс тілінен сабақ беретін жап-жас қыз бүкіл ауылдың жарық жұлдызына  айналып шыға келді.  Ауылдың ақсақалдары мен апа-әжелері болса «Құдай тіл көзден сақтасын» деп шын жүрегімен тілеулес болып жатты. Бүгінде «жұлдызбын» дейтіндерге аяғың шалынады ғой. «Әу» дегенін жарты жыл өліп-талып өңдеп, содан кейін барып мылқау микрофонға бет-ауыздары бүлк етпей ернін жыбырлатып тұрады да, «шапалақ қайда, қошемет қайда» деп ұялмай-қызармай «жұлдыз» бола салады.

Концерттен кейінгі келесі күндері Жайнагүл апай көшеде емін-еркін жүруден қалды. Қасына жақындаған адам тоқтап тұрып, алғысын жаудырмай өтпейді. Әсіресе, ирандықтар. Міне, нағыз жұлдыз! Апайдың оқушылардың алдындағы беделі көктен бірақ шықты. Жайнагүл апай, біздің өкінішімізге қарай, ауылда бір-ақ жыл болды. Ауылдағылар қимай қоштасып шығарып салды. Жайнагүл апай Жамбыл облысының Сарысу ауданының тумасы болатын. Адресін алып қалып, мен біразға дейін хат алысып тұрдым. Ауылдың жаңалықтарын бала тілмен жеткізіп тұратын едім. Апайдың менің хатыма шынымен қуанғаны жазған жауабынан білінетін. Апайдың хаттарын кластастарыма оқып беріп, мен өз алдыма оны мақтан тұтатын едім. Біраздан кейін байланыс үзілді. Осы күндері Жайнагүл апайды өте жиі еске аламын. Тіпті, ауылдағы көзкөргендердің де есінен шықпапты. Ауылымызды жарты ғасыр бұрын жадыратқан Жайнагүл апай, барсыз ба жер бетінде? Бар болсаңыз, сізге баршамыздан дұғай сәлем!

P.S.  Жайнагүл апайдың тапқырлығын айтсаңызшы. Ол кісі сол концертке өте құпия түрде дайындалып, сахнаға бірден шықты-ау деймін. Олай етпесе, апайдың ән айтатыны ауылға бір ай бұрын жайылып кетіп, бәріне мәлім болары хақ еді. Себебі, сіз концертті ұйымдастырушының Жайнагүл апай ән орындап тұрған сәттегі түрін көрген жоқсыз ғой! Аузы аңқиып, қолын созған күйі тас мүсін болып қатты да қалды.

 

Әліхан ОМАРБЕКОВ,

отставкадағы полковник.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *