Жүйріктер жарысты кібіртіктеп бастады

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

 

Перу мен Марокконың сәтсіздігі

 

Алаң қожайындарының жарысты тамаша ірі жеңіспен бастағанын газетіміздің өткен санында баяндағанбыз. Ресей құрамасы осынша күшті ме, әлде отыз күн ораза ұста­ған арабтар соншалықты әлсіз бе – ол жағын келесі ойындар айқындауы тиіс. Орыстар бүгін, 19 маусымда Египет құрамасымен, ал Сауд Арабиясы ертең, 20 маусымда Уругвай­мен кездеседі.

Мысырлық шабуылшы Мұхаммед Салахтың УЕФА Чемпиондар лигасының финалында шығып кеткен иығы толық жазылып бітті деседі. Дегенмен, толыққанды жаттығуға кіріскеніне көп болмаған футбол­шыны бас бапкер Эктор Купер алғашқы ойынға қосқан жоқ. Салахсыз ойнаған Египет командасы жап-жақсы өнер көрсеткенімен, соңғы минуттарда өз қақпасына гол жіберіп, ұтылып қалды. Бүгінгі кездесуде Африка құрлығының үздік ойыншысы алаңға шығады деседі.

Әлемдік додаға 20 жылдық үзілістен соң оралған Марокко құрамасы салған жерден сүрінді. Қашанда алға ұмтылып тұратын бұл команданың қадамына әдеттегідей ұрымтал сәттерге жауапсыз қарайтыны тұсау болды. Ал қорғанысқа көп көңіл бөлген Иран футболшылары қолы босай бере жылдам қарымта шабуылға шыға қояды екен. Сөйтіп, екі қақпа алдында да бірнеше гол соғарлық мүмкіндік туындады. Бірақ тоқсан минут бойы қақпа құлпы ашылмады. Қарсыластар бірін-бірі жиі шалып жыға берген соң, екінші таймда ойын қайта-қайта үзіле берді. Ақыры түрік төрешісі Жүнейт Чакыр бес минут қосты. Сол бес минуттың соңғы сәтінде алаңға кейін шыққан марокколық шабуыл­шы Әзиз Бухаддузәуелеп келген допты баспен сыртқа қағып жіберемін деп, абайсызда өз қақпасына соғып алды! «Шабуылшы қақпаны шатастырып алды ма?» деп осындайда айтылатын болар…

Марокко секілді, Перу құрамасының да жолы болмады. Әлемдік доп додасына 36 жылдан соң келіп отырған елдің командасы Данияға қарсы өте жақсы ойын көрсетті. Бірақ гол соғатын ұрымтал тұстарды уыстан шығарып алумен болды. Тіпті, 11 метрлік айып соққысын да дәл тебе алмады: Кристиан Куэва допты аспанға тепті! Ал дат футболшылары қорғанудан қолы (әлде аяғы деген дұрыс па?) босай сала жылдам қарымта шабуыл ұйымдастырып отырып, ақыры сондай сәттің бірінде жеңіс добын соқты.

 

2400-голды Модрич соқты

 

Дода алдындағы статистикалық шолу­лары­мыздың бірінде біз: «Ресей жасыл алаңдарында соғылатын жиырма бірінші гол – 2400-гол болмақ. Бұған дейінгі додалардағы футбол­шылардың қарсы қақпа алдында танытқан «белсенділік мөлшерін» ескере келгенде, бұл мерейлі доп 16 маусым, сенбі күні торға түсуі  ғажап  емес. «Кімдер соғуы мүмкін?» деймісіз? Сол күні түнге қарай ойнайтын Перу–Дания («С»тобы) немесе Хорватия – Нигерия («D»тобы) кездесулерін кірпік қақпай тамашаласаңыз болады», – деп жазған едік («Голдың да түр-түрі бар, білсек егер…», «Алматы ақшамы», 3 мамыр, 2018 жыл). Сол айтқанымыз дәл келді: Хорватия – Нигерия матчының 71-минутында төреші белгілеген пеналь­тиді шебер орындаған хорват капитаны Лука Модрич финалдық турнирлер тарихындағы 2400-голды соқты.

Португалия–Испания матчы жанкүйер қауым күткен үдеден шықты. Еуропаның кейінгі екі чемпионының кездесуі тартысты да тартымды өтерін сезген жұртшылық бұл ойынды топтық кезеңдегі ең керемет жекпе-жек болады деп үміттенген-ді. Расында да, қос үздік жанкүйер жанын рақатқа бөлер ғажайып ойын көрсетті.

4-минутта-ақ мадридтік «Реал» сапында ойнайтын қорғаушы Начо айып алаңында өзінің клубтасы Криштиану Роналдуды шалып жықты. Төреші белгілеген 11 метр­лікті мүл­тіксіз орындаған даңқты португалдық төрт әлем чемпиона­тында гол соққан Пеле (Бразилия), Уве Зеелер (Гер­мания) және Миро­слав Клозенің (Гер­мания) қатарына қосылды. Алайда, испандықтарды бұл гол аса састыра қойған жоқ. Доп додасына бір күн қалғанда бапкерін ауыстырғанымен,екі жылдан бері қалып­тасқан ұжымдық қимылынан жаңылып, ұйымшыл ойынын ұмыта қоймағанын байқатты. Серхио Рамос командаластарын үнемі жігерлендіріп, алға ұмтылдырып, көшбасшылық қасиетін танытса, Иньеста, Сильва, Иско секілді жігіттер алаң ортасында ойнақ салды. Осыған дейін құрама сапында мергендік көрсете алмай жүрген шабуылшы Диего Коста болса, бұл жолы бапкер үмітін ақтап, қос доп соқты.

Бапкер демекші, Ресей жеріне келіп тұрып қуылып кеткен (себебін газетіміздің өткен санында айтқанбыз) Хулен Лопете­гидің орнын аяқ астынан басқан  Фернандо Йерро – шын мәнінде команданың ішкі ахуалын жақсы білетін маман екен. Ол кейінгі жылдары ұлттық құраманың спорт директоры қызметін атқарып келіпті. Яғни  футболшылардың бәрімен таныс, бұрынғы бапкердің стилі мен бағытынан барынша хабардар деген сөз. Португалиямен ойындағы аяқ алысына қарағанда, бапкердің ауысуы Испанияның ойыны мен мүмкіндік деңгейіне аса көп әсер ете қоймайтын секілді. Демек, «бітті, испандықтарды чемпиондыққа үміткерлердің тізімінен сызып тастаймыз» деушілердің асықпағаны жөн секілді.

Ал Португалия ше? Кей сәттерде ол да тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Алайда, әсіресе екінші таймда қарсыласына еш қауқар көрсете алмай қалған кездері де болды. Ко­мандалық қимыл ақсаңқырап жатты. Порту­галияның бағына қарай, оларда Криштиану Роналду бар. Оның таразы басын теңестірген, шебер орындалған айып добы – көрерменнің көз қуанышына айналды. Осыған дейінгі үш әлем чемпио­натында үш-ақ гол соққан португалдық капитан бұл турнирді хет-трикпен бастады.

 

Бразилиядан ұтылмайтын үшеу

 

Бұл екі құрамадан басқа үздіктер әлі өз мүмкіндігін көрсете алмай жатыр. Франция бірінші матчында Австралияны әрең ұтты. Аргентина әлемдік доп додасына тұңғыш келіп отырған Исландияны жеңе алмады. Жеңіске жетуі мүмкін еді, бірақ Лионель Месси тепкен пенальтиді исланд қақпашысы Хальдоурссон кері қайтарды. Жалпы, Атлант мұхитының қиыр солтүстігіндегі аралдан келген жігіттер «қарсы алдымызда қасқайып Месси бастаған Аргентина тұр-ау» деп қаймыққан жоқ, әйгілі қарсы­ласынан еш сескенбей, еркін қимылдады. Сол батылдығымен тең нәтижеге қол жеткізді.

Швейцария да Бразилияға қарсы осылай именбей ойнады. Сөйтіп, әлем чемпионат­тарында теңбіл доптың теңдессіз шеберлеріне қарсы екі рет ойнап, екеуінде де жеңілмеген үшінші команда атанды. Бұған дейін Венгрия (1954 жылы – 4:2, 1966 жылы – 3:1) және Португалия (1966 жылы – 3:1, 2010 жылы – 0:0) құрамалары Бразилиядан басым түсіп немесе тең ойнаған болатын.  Ал Швейцария футболшылары даңқты Пеленің отандастарымен екі рет кездесіп, екеуінде де (1950 жылы – 2:2, 2018 жылы – 1:1) тең түсті.

Аргентина мен Бразилия әйтеуір бір-бір ұпайдан алды ғой, ал әлем чемпионы – Германия құрамасы доданы тіпті ұтылып бастады. Оларды Мексика футболшылары ұтып кетті. Тарихта алғашқы ойынын ұтылып бастаған чемпиондар жетерлік.

 

1950 Италия          Швеция 2:3            топтан шыға алмады

1982  Аргентина    Бельгия 0:1            2-топтық кезең

1990  Аргентина    Камерун 0:1          финал

2002  Франция      Сенегал 0:1            топтан шыға алмады

2014  Испания       Голландия 1:5       топтан шыға алмады

2018  Германия     Мексика  0:1          ?

Бұл ойындағы ең ерекше сәт: 73-минутта 39 жастағы мексикалық қорғаушы Рафаэль Маркес жасыл алаңға шықты. Шықты да, қолының қарына капитандық белгіні тақты. Бұл – даңқты ардагердің бесінші (!) әлем чемпио­наты еді. Демек, ол өзінің отандасы Антонио Карба­халды және аты аңызға айналған неміс футболшысы Лотар Маттеусті қуып жетті. Бірақ Маркестің олардан бір артықшылығы бар: Рафаэль барлық бес чемпионатта да өз командасының капитаны болды!

 

«А» тобы

Ресей – Сауд Арабиясы – 5:0 (гол соққандар: Газинский, 12-минутта, Черышев, 43, 90+1, Дзюба, 71, Головин, 90+4)

Египет – Уругвай – 0:1 (Хименес, 89)

«В» тобы

Марокко – Иран 0:1 (Бухаддуз, 90+5, өз қақпасына)

Португалия – Испания – 3:3 (Роналду, 4, пенальтиден, 44, 88 – Коста, 24, 55, Начо, 58)

«С» тобы

Франция – Австралия – 2:1 (Гризманн, 58, пенальтиден, Погба, 81 – Единак, 62, пеналтьиден)

Перу – Дания – 0:1 (Ю.Поульсен, 59)

«D» тобы

Аргентина – Исландия – 1:1 (Агуэро, 19 – Финнбогасон, 23)

Хорватия – Нигерия – 2:0 (Этебо, 32, өз қақпасына, Модрич, 71, пенальтиден)

«Е» тобы

Коста-Рика – Сербия – 0:1 (Коларов, 56)

Бразилия – Швейцария – 1:1 (Коутиньо – Цубер, 50)

«Ғ» тобы

Германия – Мексика – 0:1 (Лосано, 35)

Оңтүстік Корея – Швеция – 0:1 (Гранквист, 65)

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *