ӨЗГЕГЕ ҰҚСАМАЙТЫН ӨМІР

Бірде біздер астанадағы «Ғалымдар үйіне» шақырылып, онда осында өтетін саяси партиялардың үйлестіру кеңесіне қатысқанымыз бар. Сол басқосуда әңгіме кешегі, бүгінгі ұлттық сана-сезім рухы төңірегіне ойысып, оның ояну үрдісі кезеңіне келіп тірелгенде қып-қызыл пікірталас туды да кетті. Дауды қоздырған «демократ» Дәметов еді. Ол қыза-қыза келіп жазушы Сәтімжан Санбаевқа: «Қазір бәріңіз білгішсіздер. Батырсыздар. Осындай сөзді 86-жылы айтпай қайда қалдыңыздар?» – деген дөкір сұрақты қойып кеп қалды.

Жанболат АУПБАЕВ

– Қарағым,– деді бұған Сәтімжан Хамзаұлы,– сен пионер болып барабан соғып, комсомолға өтемін деп устав жаттап жүргеніңде біз ел, халық үшін істейтінімізді сол кезде-ақ істеп, жасайтынымызды сол уақытта-ақ жасадық қой деп ойлаймын. Және солардың бәрін ешқандай айғай-шусыз, дабыра-дусыз жан баласына міндетсімей жүзеге асырған едік. Қазіргідей жариялылық жоқ ол кездегі қоғамға деген ішкі қарсылық – үнсіз оппозиция әрекетін қауіпті, қиын қимыл емес еді деп кім айта алады?

Иә, жазушы аға сол жолғы сөзі мен ойын көпшілікке дұрыс айтып, дұрыс жеткізе білді. Десек те, біз өткенді тез ұмы­татын халықпыз ғой. Сорымыз да сонда. Әйтпесе, «хрущевтік жылымықтан» соң ұстараның жүзіндегі үміт пен күдік қатар аунаған алпысыншы-жетпісінші жылдар творчестволық интелли­генция үшін нағыз психоло­гиялық арпалысқа толы үнсіз күрес кезеңі емес пе еді. Мәсе­лен, ғалым Мұхтар Мағауиннің еңбегін еске түсіріп көрелік. Ол үшін қазақ әдебиетінің тарихы XV ғасырдан басталады деген тың да жаңа концепцияны ұстанған «Қобыз сарыны» моно­графиясын жазу, өлеңдерінің әр жолынан өр де ер бабалары­мыздың асқақ рухы атой салып тұрған дала номадтарының мұрасы «Алдаспан» жинағын шығару, репрессияға ұшырап ақталмаған замана трагедия­сының құрбаны Шәкәрім Құдайбердіұлын Ленинградтағы «Қазақстан ақындары» антоло­гиясына нар тәуекелмен енгізіп, жарыққа шығару оңай болды дейсіз бе? Немесе Ілияс Есен­берлиннің «Қаһары» мен Олжас Сүлей­меновтің «АзиЯ» кітап­тарын алып қарайық. Олар сол кездегі ұрпақты ұлттық сана-сезімнің оянуына үндеу емей немене? Бұған башқұрт қаламгері Сәйфи Құдаштың республика үкіметі басшыларына жазған хатына байланысты қазақ зиялы­ларының ақын Мағжан Жұма­баевты ақтау жөніндегі КазГУ-де өткен жиынын қосыңыз. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Осының бәрі сол жылдардың өзінде-ақ біздегі творчестволық интелли­ген­цияның кеңестік қоғам мен оның идеологиясына деген ішкі қарсылығын көрсете­тін жәйттар еді. Ал жазушы, кино­актер және аудармашы Сәтімжан Санбаевқа келер болсақ…

– Ол өте ұзақ әңгіме,– деді кейіпкеріміз маған ойлана тіл қатып. – Шығармаларымды орыс тілінде жазатын менің және менің замандастарымның өмірін, көз­қарас эволюциясын танып-білу үшін бәрін де басынан бастап айту керек. Сонда ғана ол көпші­лікке түсінікті болатын сияқты. Егер шыдамың жетіп тыңдасаң… айтайын.

Мен бәріне де бейіл екенімді білдірдім.

…Ол сөйлеп отыр. Көз алдым­нан ақшағыл құмдар мен бор таулар өлкесі Маңғыстау мұнарта көшіп, аптап аңызақтан аңқасы кепкен Атырау даласы елес беруде. Әңгіме иесінің айтуынша, ол міне осы аймақтағы атақты Дербіс батырдың ұрпағы, ауыл мұғалімі Хамза Санбаевтың отбасында дүниеге келген. Хамза жас кезінде Бөкей ордасы деп аталған сол батыс өңіріндегі мынау деген мықты азаматтармен таныс-біліс, үзеңгі жолдас болған адам екен. Мәселен, оның 1915 жылы алғашқы қазақ дәрігері Халел Досмұхамедовпен тізе қоса отырып, елге обаға қарсы егу жұмыстарын жүргізгені, тұңғыш юрист, Дума депутаты Бақытжан Қаратаевпен бірге 1920 жылы Ойыл ревкомында қызмет істегені немесе басын кеңестік темір ноқтаға имей кеткен «дала көкжалы» Құныс­кереймен 1929 жылы артельдік шаруашылық ұйымдастырғаны көп жәйтті аңғартқандай.

Сәтімжан осындай отба­сында өмірге келген уақытта әкесінің арғы-бергіні бағамдай келіп, елдегі сауатсыздықты жою жұмысы – ұстаздыққа біржолата бет бұрған кезі еді. Көпті көрген қазақ зиялысы ол мұндай шешімге аяқ астынан келді деп ойлауға бола ма? Жоқ. Бұл кезде Хамзаның жоғарыда аты аталған ниеттес, пікірлес жора-жолдастарының бәрі әр кездегі елі мен жері үшін айтқан ашық пікірі, озық көзқарасы үшін жазықсыз жазалау – репрессия құрбаны боп кеткен болатын. Сондықтан да ол өзінің ендігі міндеті өрттен кейінгі өртеңге өркен өсіру, яғни нәубетке ұшырап, оталып кеткен оқығандарымыздың орнын басатын ойлы ұрпақ тәрбиелеу деп білді. Осы арада, құрметті оқушым, біз оқиға желісінен оза отырып, сіздерге мынадай жәйтті айта кетелік. Ол Мақат поселкесіндегі іргесін өзі қалап, өзі сабақ берген, кейін сонда 30 жыл директор болып құрметті еңбек демалысына шыққан Хамза Санбаевтың орта мектебінен есімі елімізге белгілі академик Зейнолла Қабдолов, ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, жазушы Берқайыр Аманшин сияқты ағаларымыздың түлеп ұшқандығы дер едік. Бұл ұстаз арманының орындалғаны емей немене?!

…Отызыншы жылдардағы Мақат, Ембі өңірі… Бұл ай­мақты тарихи оқулықтардан кеңестік дәуірдің алғашқы бесжылдықтарында өмірге келген ірі мұнай ошағы ретінде жақсы білеміз. Қуатты ұранмен қанаттанған сол кездегі елдің ерен қимылы-ай десеңші шіркін!.. Бақытты болашаққа ұмтылған адамдар жанын аямай темір жол салды. Күн-түн демей мұнай кәсіпшіліктерінің мұна­ра­ларын тұрғызды.

 

Уақытпен санаспай еңбек етіп, электр желілерін тартты. Бір сөзбен айтқанда, ол кездері мұнда қым-қуыт қимылға толы тіршілік қазаны бұрқ-сарқ қайнап, жаңа өмірге құлшынған жергілікті халықтың талабы тауды бұзып, тасты жаратын деңгейде еді. Бірақ… иә, бірақ осындай ұлы дүбір, ұлан-ғайыр істермен бірге Мақатта мүлдем құпия басқа бір өмір, басқа бір тіршілік қатар жүріп жатты. Ол өзіміз сөз етіп отырған аймаққа қасіретті «ГУЛАГ архипелагының» құра­мына кіретін саяси тұтқындар лагерінің де келіп ірге тепкендігі болатын.

– Қандай кереғар көрініс десеңші,– дейді Сәтімжан аға балалық шақтағы көз алдында қалып қойған сол бір өмір суреттерін еске алып.– Поселкені қақ жарып өтетін темір жолдың батыс жағында алаулап-жалаулаған ұраншыл тіршілік атой салып жататын. Ал шығыс тұстағы құладүз… тікенді сым темірмен қоршалған сұсты барактар еді. Әкемнің айтуынша, оның алғашқы тұрғындары 1934 жылдан бастап бой көрсете бастаса керек. Олар «эсер», «меньшевик» деп ат қойылып, айдар тағылған Ленинград, Мәскеу ғалымдары екен. Содан кейін бұларға 1940 жылы Балтық бойынан жер аударылған латыш, эстон графтарының үрім-бұтақтары қосылыпты. Бала болсам да жақсы білемін, ең соңғы этап мұнда 1944 жылы келді. Ол Сталинград майданында қолға түскен неміс тұтқындары мен депортацияға ұшыраған чешен-ингуш отбасылары болатын. Міне, бауырым, біз осындай ортада өсіп, ержет­тік. Бір жағымызда – еркін өмір! Ал екінші жағымызда… темір торлы тіршілік. Өзің ойлап қарашы… Мұны сол кездері қалай түсініп, түйсінуге болар еді?

Иә, бұл сұраққа деген жауапты ол балалық шағында таба алмағаны анық. Бірақ кейін, арада 40 жыл өткен соң Берлиндегі баспагерлердің халықаралық симпозиумында сөйлеген сөзінде Сәтімжан аға ол жөнінде: «Бала кезімде мен адамдар­дың екі түрлі өмірін көріп өстім. Бірінші­сінде – ресми, алдамшы, қолдан жасалған ұраншыл кезеңнің қысымымен қалыпқа салынған отырықшы тіршілік менмұндалап тұратын. Ол дәлірек айтсақ, нағыз өмір емес, коммунистік еріксіздік жағдайындағы күнкөрістің амал-айласы, әдіс-тәсілі еді. Екіншісі – көшпенділердің шынайы, ешбір қоспасы жоқ таза өмірі болатын. Бұл ата-бабаларымыздың бүкіл болмыс-бітімін көз алдыңа айна-қатесіз алып келіп, осы құдіретімен ол адамдардың ой-санасын әлмисақтан қалыптасқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жоғалтпай сақтап қалуға үндейтін. Сөйтіп, ол уақытта бір-біріне қарама-қайшы екі әлем – тоталитарлық кеңес мектебі мен қазақтың дәстүрлі қара шаңырағы болашақ ұрпақ біз үшін іштей текетіресе күресіп жатты»,– деп еске алады.

Мұны біз Сәтімжан ағаның жер ортасы жасқа келіп, ақыл тоқтатқандағы тұжырым-толғамы деп қабылда­ғанымыз жөн құрметті оқушым. Ал балалық, жастық шағында ше? Әрине, ол кездері кейіпкері­міздің сол уақыттағы өмір ағымын осылай болуға тиіс тіршілік шығар деп қабылдап, есейіп-ержеткені анық. Атап айтқанда, ол да басқа жасөспірімдер сияқты мойнына алқызыл галстук тағынып, кеңес мекте­бінде оқыды. Ауыл балалары арасындағы «соғыс» ойынында Чапай болып қол бастауға құлшынды. Романтика отаны – Тың жерге аттануды армандады. Айға ұшырылған тұңғыш жер серігіне таңданып, космонавт болуға талаптанған кездері де жоқ емес. Бұл – шындық.

– Ашығын айтыңызшы… Дегенмен, жас кезіңізде кім болуды армандаған едіңіз? Инженер… Жазушы… Кино-актер… Осылардың қайсысы? – деп сұрақ қойдым мен әңгіменің бір ұрымтал тұсында Сәтімжан ағаға.

– Бұлардың ешқайсысы да емес, – деді ол кісі менің жоғарыдағы сауалдарыма күлімсірей тіл қатып. – Шынымды айтсам, ол кездері атақты спортшы, оның ішінде еркін күрестен чемпион болуды армандаған едім. Неге дейсің ғой?.. Тоғызыншы класта оқып жүргенімде өзімнен бір саты жоғары оқитын балалардан оңбай таяқ жегенім бар. Олар менің сол кластағы бойжеткенге ғашық болып қырындағанымды кешіре алмады да, сілейтіп тұрып таяққа жықты. Міне, осы оқиғадан соң күшті болуға, күрестің көкесін көрсететін спорт шебері атануға іштей ант еткен болатынмын. Ақыры бұл мақсатыма жеттім де. Бірақ ол арманым кейінірек, орта мектепті бітіріп, РСФСР-дағы Орынбор ауыл шаруашы­лығы институтына оқуға түскенде орын­далған еді. Сол жерде мен техника ғылымының кандидаты, тамаша педагог, жаны жайсаң жаттықтырушы Ю.Трофи­мовпен таныстым да, ол мені кілем үстіндегі күрделі өнер – күрес әлеміне жетелей жөнелді.

Институт қабырғасында өткен студент­тік жылдар… Ойлап қарасақ, бұл кезең біздің кейіпкеріміз үшін табыссыз болмаған сияқты. Олай дейтініміз, орта мектепті алтын медальмен бітірген алғыр жас бөтен ел, бөгде жердегі жоғары оқу орнында өте жақсы оқиды. Бос уақытында күреске деген құштарлық – боз кілемдегі белдесуге үзбей қатысып, алдымен спорт шеберлігіне кандидат, содан кейін спорт шебері атанады. Ал 1961 жылы ғарышқа тұңғыш рет адам ұшып, дүние дүр сілкін­генде сарапшы мамандар оны Куйбышев авиация институтына ауысуға кеңес беріп, космонавтар отрядының қосалқы құрамына қосуға ниет білдіреді. Әрине, басқа біреу болса тағдырдың өзіне оң қабақ танытқан осы мүмкіндігін қалт жібермей қағып ала қояр еді. Бірақ таңғаларлығы сол… Сәтімжан аға неге екені белгісіз, аталмыш ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартады. Мұны түсіну де, түсіндіріп айту да қиын. Бәлкім, оған оның сол кездері кейін ғылыми еңбекке айналдырмақ ойы бар «Ауыл-селодағы мал фермаларын кешенді түрде механикаландыру» атты диплом жұмысына деген шексіз қызығушылық, өз салмақ дәрежесі бойынша классикалық күрестен РСФСР құрама команда­сы­на қабылданып, одақтық аренаға жол ашылған жұл­дызды сәт, қысқы-жазғы каникул кездерінде астана­мыз Алматыға келіп, әдебие­тіміз бен өнеріміздің «хру­щевтік жылымық» тұсында дүр етіп көтеріл­ген жаңа лек, жас перілері Олжас Сүлей­менов, Сали­хид­дин Айтбаев, Қалихан ЬІсқақов, Асқар Сүлей­меновпен творчест­волық байланыс орнатуы себеп болған шығар… Кім біледі?

Өстіп жүргенде…

…Қыс еді. Ымырт үйі­ріліп қалған кез болатын. Ала­шұбар қарлы жолмен аңырап келе жатқан «УАЗ» машинасы кішкене өзек­тегі қызыл су жайылған көктай­ғақ мұзға табан тірей алмады да, қатарынан төрт-бес рет аунап барып, доңғалақтары ауаға асыл­ған күйі тұрып қалды. Көзді ашып-жұмған­ша болған бұл оқиға Сәтім­жанның өндірістік тәжіри­беден өтіп келе жатқан совхозынан 50 шақырым жерде болған еді. Алда Орынборға ұшатын Гурьев аэропортына дейін әлі 20 шақырым жол бар-ды. Сондай-ақ, Мәскеудегі классикалық күрестен өтетін бүкілодақтық жа­рыс­тың басталуына да небәрі 28 сағат уақыт қалған болатын. Кенет… апат… Быт-шыты шыққан машина мен қимылсыз қалған жолаушы әйелді көрген жүргізуші жігітте ес қалмады. Ол үсті-басын қан жапқан Сәтімжан мен қазаға ұшыраған бейтаныс келіншектің қолынан ұшып кеткен сәбидің өлі-тірі екенін ұмытып, бетін басып айғайлаған күйі айдалаға безіп кетті. Не істеу керек? «Алға қарай қозға­лайын. Нәрестені аман сақтап қалуға қам жасайын. Әйтпесе, екеуміздің де үсіп өлуіміз мүмкін». Атыраудың қара суығы қақаған сол бір аязды түнінде Сәтімжан­ның басына келгені осы ой болды. Сөйтіп, ол өз жағдайының өте ауыр екеніне қарамастан, шырылдаған сәбиді қойнына тыққан күйі жанталаса алға ұмтылды. Қанша жүргені белгісіз, әлде түн ортасы, әлде таңға жуық мезгіл ме екен, жел өтіндегі шамы шайқалақтап тұрған разъезд үйшігіне жетті. Сол жерде мосқал тартқан бір кісінің сәбиді мұның қолынан алып, өзін әрекетпен жеңіп, сенім көкжиегін сол арқылы кеңейткені есінде жоқ.

– Байқап отырған шығарсың, жоғары­дағы жәйттар кәдімгі кинодағы оқиға сияқты емес пе, ә?– деді осы араға келгенде Сәтімжан аға.– Саған айтайын дегенім, менің басымда болған осы көрініс енді өмірде қайталанбаса екен, құдай ондай жағдайды ешкімнің басына бермесе екен деп тілеймін, бауырым. Себебі, сол апат кесірінен алға қойған қаншама арман-мақсатым аяқасты болып, айтпай келген аурудан қанша уақыт азап шегіп жаттым десеңші… Разъезден ауруханаға қалай тап болдым, білмеймін. Тағы да тура сол кинодағыдай оқиға… Апаттан кейінгі есімде қалғаны жол қараушының аядай тар күңгірт бөлмесі еді. Енді қарасам, биік те кең, жарық палатада жатырмын. Айналам, аппақ, ақ дүние… Содан бастап адам төзгісіз ұзақ, азапты күндер басталды дейсің.

Өтіп болмайды. Ауруханадан ауруха­наға ауысу… Палатадан палатаға жөткеу… Аппақ дүниеден аппақ дүниеге көшу… Өстіп отырып ел айта беретін Қырым жағалауынан бір-ақ шықтым. Мұнда да сол баяғы бірсарынды сұрқай тіршілік. Олай дейтінім, көздің жауын алып, көкке өрлеген сұлу кипаристерді тек терезеден ғана көремін. Жұпар шашқан гүл­шетен исін желдеткіш арқылы сезіп жатамын. Далаға шыға алмаймын. Төсекке таңылған күйі сарыжамбас болып жатамын да қоямын.

Сәтімжан ағаның жоғарыдағы әңгіме­сін тыңдап отырып мен оның «Тағы бір жаз» романындағы шағын эпизодты есіме түсірдім. Айтпақшы, бұл туындыны автордың өмірбаяны деп те айтуға болар еді. Міне, сол эпизодта ауыр операциядан кейін ұзақ уақыт төсек тартып жатып басын көтерген роман кейіпкері Кәрімнің дүниеге екінші рет келгендей болған көңіл-күйі суреттеледі. Оның сондағы жан-дүниесіне зер салсаңыз… Мұны түсініп-түйсіну үшін «жылдап төсек тартып жату» аз болар, сірә. Оқиғаның шарықтау шегінде Кәрім беті бері қарағаннан кейін бірінші рет палатада жатып тамақтанудан бас тартады да, асханаға өз аяғымен баруға әрекет жасайды. Дәрігердің рұхсатынсыз аулаға серуендеуге шығады. Он қадам… Жиырма… Тағы да он адым алға жүру… Иә, бұл Кәрім үшін өмір сүруге, тіршілікке қайта оралуға деген ішкі құлшыныс еді. Медицина тілімен айтқанда, ол сырқат анатомиясының мүмкіндік шегі дегеннен артық, аздап болса да артық әрекет болатын.

Міне, Сәтімжан аға өмірге тап осындай тірлікпен қайта орала бастады. Әр атқан таң­ды жоғарыдағы қайсар әрекетпен жеңіп, сенім көкжиегін сол арқылы кеңейтіп отырды.

– Жазуға, жазушылық өмірге қалай бет бұрдыңыз?

– Білмеймін, – дейді кейіпкеріміз бұл сауалға иығын көтеріп қойып.– Мүмкін оған… Иә… Қиналған кездерімде төсек жақтауынан қалай тірек табамын деп қармансам, қағаз-қаламнан да солай таяныш іздеген болармын.

Өйткені, кешегі тепсе темір үзетін жас жігіт мен енді шарасыздықпен бетпе-бет жалғыз қалдым ғой. Кезекті бір конси­лиумда дәрігерлер: «Осыдан оңалып кетсеңіз, совхозға бару дегенді ойыңыздан шығарыңыз. Себебі, сізге тұрақты түрде ұзақ емделуге тура келеді. Ал ауылда ондай жағдай жоқ. Сондықтан қажетті дәрі-дәрмек, тиісті мамандар бар қалалы жерге қоныс аударыңыз. Басқа жұмыс істеңіз»,– деген ақыл айтты. Содан бастап бір бөлегі алынып тасталған өкпеммен өмірге жармасудың оңай еместігін түсіндім. Суға кеткен тал қармайдының кебін киіп, төсекке таңылған мен енді ойымды орап, қолымды қозғар қандай да бір мүмкіндік болса, сонымен шұғылдануға бел байладым. Бұған осы бәріміздің бойымызда бар сақтану түйсігі де бой ұрғызған шығар, бәлкім.

Кейде адамдардың кинодағы кейіпкер­лердей өмір сүретіні бар ғой. Аяқ астынан келген қиындыққа тап болған жандарға зер салып қарасаңыз, сын сағатта олар өздерін әрқилы ұстап, әр түрлі мінез-құлық көрсе­тіп жатады. Біреулер ашынып, қаратастай қатыгезденеді. Екіншісі жанындағы жанның қиналғанын көріп, өз ауруын ұмытады. Торыққан шақта үшінші біреу өмірден баз кешіп, күдер үзсе, қалғандары қараңғыдан жарық іздеп, әр сәулеге жанкештілікпен жармасады. Жалпы, басқа түскен бәледен арылу қалауыңа байланыс­ты емес деген рас сөз. Ол, ең алдымен, адамның рухына байланысты дер едік. Сәтімжан аға қарманған тал – ана сүтімен қанға сіңген, әке шаңырағында бойға жиған рухани қор, атамекеннің ғажайып аңыздары, көненің көркем келбеті – Атырау, Маңғыстаудың кешегісі мен бүгінгі өмірі болатын. Иә, жоқтан бар пайда болмайды, негізсізден негізді тумайды деген сол, әнеки.

Алғашқы тырнақалды туындысы «Дала жұлдыздары» повесін Сәтімжан аға Қырымдағы аурухана төсегінде жатып жазып бітіріп, оны Мәскеуге, «Советский писатель» баспасына жіберді. Көп кешік­пей ол жақтан хат та алды. Онда: «Кіта­быңыз бізге ұнады. Енді сізбен ақылдаса отырып, қолжазбамен жұмыс істеуіміз керек. Сол үшін жеке әңгімелесуге бізге келіп кетіңіз. В.Карпов»,– деген жылы лебізге толы жолдар бар еді. Өкінішке қарай, Сәтімжан аға ол жолы Мәскеуге бара алмады. Қарға адым жер жүру мұң болып тұрғанда Мәскеу қайда, бұл қайда… Дегенмен, көңілге қуаныш ұялататын бір жәйт «Дала жұлдыздары» содан кейін көп кешікпей Алматыда жарық көрді. Сондай-ақ, аталмыш повесті бірінші болып оқыған «Советский писатель» баспасының редак­торы В.Карповпен танысудың сәті де осыдан соң болған еді.

Ал кейіпкеріміздің қолжазбасына тұңғыш пікір жазған Б.Рунин болса ол Сәтімжан Санбаев сынды қазақ жазушы­сының дүниеге келуіне өзінің себі тигенін күні бүгінге дейін білмейді. Мәскеулік әдебиетшілердің сол бір жылы қолдауы болмағанда Сәтімжан аға «Дала жұлдыз­дары» повесімен Алматыдағы «Жазушы» баспасына келмес те еді.

– Осыдан кейін мен өз жағалауымды айқындадым,– дейді біздің кейіпкеріміз. – Сөйтіп, енді ойда жүрген басқа шығар­маларымды жазуға батыл кірісе бастадым.

1969 жылы Мәскеуде жас ақын-жазушылардың бүкілодақтық кеңесі өтті. Ондағы проза секциясына арналған семинарды Шыңғыс Айтматов жүргізді. Сәтімжан аға атақты жазушы талқысына сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Ақ аруана» повесін ұсынды. Басқа қалам иелерінің шығармаларынан гөрі осы туындыға көп тоқталған Шыңғыс Төреқұлұлы: «Ақ аруана» авторынан нағыз жазушы шығады. Мен бұған сенімдімін»,– деген аталы сөзін айтты.

1972 жылы «Простор» журналының бірінші санында Сәтімжан Санбаевтың «Аңызды аңсағанда» атты повесі басылды. Бұл оның «Дала жұлдыздары», «Тағы бір жаз», «Ақ аруана», «Көп ажал» туынды­ларынан кейінгі тарихи тақырыпқа арналған кезекті шығармасы еді. Аталмыш повесть жарық көрісімен-ақ Сәтімжан аға «Вопросы литературы» журналы бас редакторының орынбасары Е.Осетровтан: «Қымбатты дос! «Аңызды аңсағанда» атты шығармаңызды бас алмай оқып шықтым. Мұны өз басым тарихқа деген терең сезімге толы талантты да тамаша поэтикалық туынды дер едім. Жақсы шығарманы дүниеге әкелуіңізбен шын жүректен құттықтаймын!» деген жеделхат алды. Иә, аурухана төсегінде жазылған алғашқы қолжазба және жоғарыдағы жеделхат… Байыппен бағдарлап қарасақ, бұл екеуінің арасын бар болғаны бес-ақ жыл бөліп жатқанын байқар едік. Оған сол уақыт аралығынан бері «қолжазба бізге ұнады», «нағыз жазушы шығады», «талантты» деген жылы сөз тіркестерінің айтылып үлгеріл­генін қосыңыз. Бұл нағыз творчестволық самғау емес пе? Міне, соғыс жылдары ұрпағының өкілі, терең ақыл-ой, биік парасат иесі Сәтімжан Санбаев жазушы­лыққа осылай келген болатын.

Жоғарыдағы біз баяндап өткен жәйттардан оқушы қауым кейіпкеріміздің негізгі де басты бір қырына толық көз жеткізді ғой деп ойлаймыз. Ол оның өзгелер үшін мүлдем күтпеген күрмеуі көп күрделі өнер – қаламгерлік кәсіпке қалай келгендігі дер едік. Енді тағдыры өзгеге көп ұқсай бермейтін талант иесінің азаматтық белсенді өмірлік бағыт-бағдарын айқын­дай­тын тағы бір екі-үш жағдайға тоқтал­ғанды жөн көріп отырмыз. Оның біріншісі Сәтімжан ағаның сол алпысыншы жылдардағы «хрущевтік жылымықпен» пайда болған ұлттық сана-сезімнің қайта ояну үрдісі кезінде Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов үшеуі бірігіп, ол уақыт үшін «басы даулы, сөзі жаулы» деп есептелген ақын Мағжан Жұмабаевтың шығарма­ларын жасырын түрде жинап бастыруды қолға алуы да, екінші Абай Абай болғалы ешкім ойластырмаған нәрсе – ұлы ақынның «Қара сөздерін» орыс тіліне тұңғыш рет аударып, жарыққа шығаруы еді. Ал үшіншісі… иә, үшіншісі Сәтімжан ағаның денсаулығының дімкәстігін өміршең оптимизге жеңдіріп, бойындағы тағы бір қабілетімен «Қазақфильмдегі» ұлттық кадр, колорит жетіспей жатқан киноактерлік салаға атсалысуы болатын.

– Алпысыншы жылдардың ортасы еді,– деп еске алады әңгіме иесі ол кезді.– Бір күні Олжас осы Алматыда Мағжан ақынның жары Зылиха апайдың тұраты­нын айтты. Мұрат Әуезов екеуміз әркімнен сұрастырып жүріп ол кісінің мекен-жайы Тимирязев көшесінің бойындағы Ботаника бағы маңында екенін анықтадық. Іздеп барсақ, Зылиха апай ескі бір бөлмелі пәтерде жүдеу тіршілікпен ғұмыр кешіп жатыр екен. Содан бастап Олжас, Мұрат, мен үшеуміз ол үйге жиі-жиі барып, ақынның мұрасын жинастыру, білетін адамдардың естелігін жазып алып қалу, Мағжанды ақтау туралы жоғары орындарға құжаттар дайындау секілді мәселелерді қолға ала бастадық. Мұнымен қоса өз жалақымыздың бір бөлігінен ақынның жесіріне сырттай «пенсия» тағайындап, оны ол кісіге ай сайын міндетті түрде поштамен салып жіберіп жүрдік. Біздің тарапы­мыздан жасалған бұл көмекті Зылиха апай білетін. Оны ол кісінің үшеумізді көрген сайын қатты қысылатынынан, сосын мереке күндері құттықтап барғанымызда қуыс үйден құры шықпаңдар дегенді сылтауратып біреумізге бет орамал, екіншімізге жейде, одан кейінгімізге галстук беріп шығарып салатын шағын сый-сияпатынан анық аңғаратынбыз. Жә, сонымен уақыт осылай өтіп жатты. Бұл мерзім ішінде біз Мағжанның 10 мың жолға жуық өз өлеңін және ол тәржімелеген В.Ивановтың «Сәби», Г.Гейненің «Күннің батуы», Е.Кольцовтың «Шалдың үміті» сияқты шығармаларын тауып, оларды №1 кезектегі әзірлікке ұстауға ұйғарым жасадық. Ол ақынның шығармаларын машинкаға бастыру және мүмкіндігінше орыс тіліне аударып қою деген сөз еді. Алғашқы міндетті Жазушылар одағында Ғабең, Ғабит Мүсірепов хатшы болған 50-жылдардан бастап табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі кеңсе қызметкері Роза Жанғожина апай өз жауапкершілігіне алды да, Мағжанның біз жинаған туындыларын машинкаға 4 дана етіп басып берді. Содан кейінгі жұмыс – тәржіме мәселесін жас ақын Қайрат Бақбергенов орындап шықты. Сөз ретіне қарай айта кетейін, осының бәрін біз академиядағы Әдебиет және өнер институтының ойына кіріп шықпаған кезде қолға алып, бұл жұмыстарды ешқандай дабыра-дусыз, жасырын түрде істеген едік. Мұны Олжас та, мен де, Мұрат та нақты фактілермен дәлелдей аламыз.

– Ал Абайдың «Қара сөздерін» сіздің орыс тіліне аударып, тәржіме жасауыңызға нендей жәйт себеп болды деп ойлайсыз?

– Бұған сол кезең ұрпақтарының бойындағы буырқана оянған ұлттық сана-сезім рухынан туған қажеттілік қозғау салды деп жауап берер едім. Иә, алпысын­шы жылдарда халқымыздың болмысын, тарихы мен мәдениетін жаңаша танып-білуге деген құлшыныс керемет болатын. Мұндай жағдайда Абайды оқымау, зерттемеу, оған жүгінбеу мүмкін емес нәрсе еді. Әсіресе, ол орыстанып, ана тілінен адасып қалған жас интеллигенция өкілдерінің ұлттық сезімін ояту үшін өте қажет болды. Абайдың «Қара сөздерін» тәржімелеуді мен, міне, осындай кезде қолға алдым және ол өз уақытында істелген дұрыс шаруа болды ғой деп ойлаймын.

Ескерте кетейін, ұлы ақынның 45 сөзден тұратын «Ғақлияларын» тәржіме­леу­ге кіріскенде 28 жаста едім. 1890 жылы басталып 1898 жылы біткен бұл шығарма біздің ғасырымыздың 70-жылдарына дейін орысшаға аударылмаған болатын. Ау­дарманы былай қойғанда, «Ғақлиялардың» кейбір сөздері мен сөйлемдерінің өзі ана тілімізде үнемі қысқарып, қырқылған күйде жарық көріп келген-ді. Мен сол қиянат­тардың бәрінің орнын толтыруды, «Қара сөздерді» толық күйінде аударып шығуды алдыма басты мақсат етіп қойдым. Және аталмыш шығарманы тәржімелеу үшін орысша сөйлейтін емес, орысша жазатын адам керек деген принцип ұстандым. Өйткені, Абайды сөзбе-сөз аудару Абай творчествосының құнын түсірумен бірдей еді. Сондықтан ұлы ақынның «Қара сөздерін» басқа тілге тәржімелегенде ондағы ой орамдарын көркем әдебиет заңдылықтарымен үйлестіре отырып түзіп шығуға тура келді. Солай істедім де.

«Ғақлияларды» 1968 жылдың аяғында аударып бітірдім. Көп кешікпей «Жазушы» баспасының көркемдік кеңесінде үлкен талқылау болып, сарапшылар қолжазбаға жақсы баға берді. Сонымен, оған арнаулы редактор болып Рая Арысланова бекітілді де, тиісті корректуралық, техникалық жөндеулерден соң баспаханаға терілуге жіберілді. Бірақ содан кейінгі бір жыл бойына дерлік қолжазбаны қайтып көре алмай-ақ қойдық. Аударма қайда? Ол кімдердің қолында жүр? Білмейміз. Ақыры 1970 жылы Абайдың 125 жылдық тойына 4 ай қалғанда қолжазба баспаға кітап боп бір-ақ келді. Тәртіп бойынша бұлай болмауы керек еді. Таңдана отырып салыстырсақ, аударманың біраз жері өзгертілген және қысқарған. Кейін білдік, оны істеген Партия тарихы институтының қызметкерлері болып шықты. Бірдеңе дейін десек, кітап өндірістен мүлде алынып қала ма деп жасқанамыз. Ақыры директор І.Есенберлин боп бәріміз «Неде болса шықсын. Елдің қолына тисін. Кем-кетігін кейін толтыра жатармыз» деген тоқтамға келдік. Міне, «Ғақлиялардың» орыс тілінде алғаш рет жарық көруінің қысқаша тарихы осылай, бауырым! Жоғарыдағы қолдан жасалған кедергілерді есептемегенде, «Қара сөздердің» басқа тілге аударылуы Абайдың 125 жылдық тойы кезіндегі үлкен оқиға болды.

Жазушы, аудармашы, киноактер Сәтімжан Санбаев! Иә, әдебиетке алпы­сын­шы жылдардың ортасында келіп, жетпісінші жылдардың басында творчест­волық бар күш-қуатын айқын танытқан бұл есім сол кездегі оқырман қауымға өте жақсы таныс еді. Ол уақытта біздің кейіпкеріміз өзінің жастығына қарамастан, қазақ қаламгерлерінің ішінде бірінші болып «Ақ аруана» повесі арқылы Бальзак, Золя, Мопассан, Киплинг, Антуан де Сент-Экзюпери, Хэмингуей сияқты сөз зергер­лерімен бірге «Әлем классиктерінің анто­логиясы» сериясына кіріп, шығармалары 16 тілге аударылып та үлгерген болатын. Бірақ тағы да күтпеген жағдай… Сәтсіздік… Қолдан жасалған ол қиянат бұл жолы өкіметтен, өкіметтің бишігеш идеологтарының нақ өзінен келген болатын. Қалай дейсіз ғой…

Партияның XXV съезі шақырылардан екі жыл бұрын сонау «хрущевтік жылы­мық» тұсында бүр жарып біраз дүрілдеген ой еркіндігінің қалған-құтқанына мықтап тұрып тұсау салу басталды. Мұны біздің Қазақстан мысалында ақын Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиха апайдың тиісті орындардан: «Ол және оның тобындағы адамдар ақталмайды»,– деген қатыгез жауапты естіген соң үмітін біржолата үзіп Алматыдан Петропавлға аттануынан, ғалым Мұрат Әуезовтің жетекшілік етуімен «Ғылым» баспасынан шығып жатқан «Көшпенділер мәдениеті» жинағының цензура пышағына ілігіп туралуынан, кинорежиссер В.Пұсырманов­тың «Құлагер» (сценарийін жазған Асқар Сүлейменов) фильмінің экранға жіберіл­мей, ақын Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ» кітабының дүкен сөрелерінен жиналып алуынан анық аңғаруға болатын. Сондай кеп жазушы Сәтімжан Санбаевтың басына да келді. Бұл уақытта оның сценарийімен және өзінің қатысуымен «Ақ таулар арасында» атты көркем фильм түсіріліп бітіп, экранға енді жолдама алайын деп тұр еді. «Кино үйіндегі» Орталық Комитет қызметкерлері қатысқан жабық талқылау кезінде олардың тарапынан: «Фильм авторы көзтамыры қиылған түйенің суқараңғы боп қалуы арқылы ештеңені сезіп-білмес көрсоқыр елге айналып барады деп өз ұлтының болашағын мегзеп отырған жоқ па? Аруананың басқа жұртты жерсінбей, өз еліне қарай қайта-қайта қаша беруінің астарында қандай сыр жатыр? Қауіпті идея осы лейтмотивтен бастау алмай ма?» деген әңгіме өрбіді де, ақыры ол Мәскеуге барған жерінде кәмпескеге ұшырап тәргіленді. Осыдан бастап біздің кейіпкеріміздің журналға, баспаға ұсынған кітаптарына «сын көзбен қарау», «ақыл айту», әңгіме, повестердегі сюжеттерді орынсыз қысқартып, жарияламауға тырысу көбейді. Сәтімжан аға мұндай қысымға шыдай алмады. Өндіріс тақырыбын зерттеп, жұмысшы өмірін жазамын деген желеумен уақытша Павлодар трактор зауытына инженер боп кетуге мәжбүр болды. Содан соң Мәскеудің М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға бару… Одан Алматыға қайтып келу… Бұдан кейін тағы да Балқаш кен-металлургия комбинатына инженер боп кету… Осы жерлерде жүріп ол кейіпкерлер тағдыры мен оқиғалар желісі бір-бірімен сабақтас 4 роман («Площадка», «Площадь», «Карьер», «Карьера») жазды. Бірақ бірде-біреуі жарияланбады. Әсіресе, солардың ішіндегі «Алаң» романының тағдыры аянышты-ақ. Бұл қолжазба баспаға қабылданып, жарыққа шығуға жақын қалған кезде цензураның пәрме­німен өндірістен алынып тасталынды. Бар гәп ондағы басты кейіпкерден Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың прототипі көрініп тұрғандығында еді. Егер ол кез 1986 жыл­дың желтоқсаны екенін еске алатын болсақ, мәселе түсінікті ғой деп ойлаймыз. Бұл уақытта билік басынан кетіп, сынға ұшырап жатқан бұрынғы бірінші басшыны кітап бетінде жағымды кейіпкер ретінде насихаттауға жол беріп қою сол кездегі идеология идолдары үшін сөз жоқ «кешірілмес, кешіруге жатпайтын күнә» болып есептелетін. Осыны жақсы білген Димаш Ахметұлы 1987 жылы жазушыға оның өз көңіліне қарамауын, сөйтіп, романдағы басты кейіпкерді өзгертіп, кітабын шығара беруін айтқаны бар. Бірақ автор оған көнбеді. Ол өзінің әу бастағы позициясын өзгертпейтінін, қажет болса өмір бойы сол пікірінде қалатынын мәлімдеді.

– Қазір енді сол туындыларыңызды жарыққа шығарудың реті келген жоқ па?

– Иә, келді, – деді Сәтімжан аға. – Осыдан жарты жыл бұрын үйге «Жалын» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов телефон шалды. Кейінгі кездегі жан қиналысымды жақсы білетін ол ұзақ жылдардан бергі жарық көрмеген романдарым мен әңгімелерімді өзінің «Өлке» баспасынан 5 том көлемінде шығарып беруге шешім қабылдағанын айтты. «Рахмет! Көп жаса!» – дедім ішімнен. Қазір бұл бағыттағы жұмыс жақсы жүріп жатыр. Қолжазбаларым – баспаханада. Терімде!

…Әңгіме аяқталды. Мен үй иесімен қоштасып сыртқа беттедім. Кетіп бара жатып артыма тағы бір бұрылып қарағым келді. Бұл жолы көз алдымда жазу үсте­ліндегі қаламгер Санбаев емес, В.Карпов­тың «Ұшы-қиырсыз жол» фильміндегі комиссар Әліби Жанкелдинді, А.Әшімов­тың «Шоқан Уәлиханов» телесериа­лындағы Тезек төрені, С.Тәукеловтің «Батыр Баян» картинасындағы Абылай ханды ойнаған келбетті де келісті киноак­тер, рухы мықты текті қазақ Санбаев тұрды.

…Әу баста ол басқа мамандықтың иесі еді.

Тағдыр оны жазушы, киноактер етті…

…Сәтімжан Хамзаұлы бұған өкінбейді.

Өйткені, ол өзгеге ұқсамайтын өмір иесі…

…Мәселе сонда!

1996 жыл.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close