«ӨЗЕНДЕР – ТІРШІЛІКТІҢ ӨКПЕСІ ТӘРІЗДІ»

2058деген аудан әкімі айналасы екі-үш жылдың ішінде ауданның ең үздік әкімшілік аумаққа айналатынын сеніммен айтты

Бұдан бұрын шаһарымыздың жаңа құрамдас бөлігі – Наурызбай ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаевтың өзі бас болып, аудан әкімінің орынбасары, тиісті қызмет пен сала жетекшілерімен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесіп, баспасөз мәслихатын өткізгенін жазған болатынбыз. БАҚ өкілдерімен болған сол кездесу кезінде аумақ­тардағы басты мәселелер талқыға салынып, жаңадан қосылған ауданның өзекті мәселелері — жол-инженерлік инфрақұрылымы, электр желісі мен ауыз су тапшылығы алдымен айтылған. Енді, аталған мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталғанды жөн көрдік.

 Айнабай МӘДИ 

 

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына 130 млн. теңге бөлінді

Жаңа ауданның қашанда жаңалығы мол болады. Десек те, қалаға жаңадан қосылған аумақтардың күрмеулі, күрделі мәселелері де кезігіп отыр. Оның үстіне, бұл жаңа әкімшілік-аумақ – алып мегаполис Алматының сегізінші ауданы ғой. Бір анығы, жаңадан құрылған аудан тұрғындарының толықтай ауыз су мен жарықпен қамтылмай отырғаны. Оған қоса, жол сапасының нашарлығы тағы бар. Осы олқылықтар тілші қауым алдында ашығынан айтылып, тездетіп ретке келтіру жайы баяндалды.

– Қазір біз аудан жұртшылығын жол инфрақұрылымы, су жүйесі мен электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстарын қолға алып отырмыз. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына 130 млн. теңге бөлінді. Бір су ұңғымасы қалпына келтірілді. Тағы да екі ұңғымада бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Олар іске қосылса, Наурызбай ауданының орталығы ауыз сумен толығымен қамтамасыз етіледі деген ойдамыз. Бірақ, мұнымен мәселе бітпек емес. Міндетті түрде су жүйелерін ретке келтіру керек. Өйткені, су жүйелерінің көбі апатты жағдайда тұр. Бүгінде ауданның коммуналдық-шаруашылық бөлімі су желілерін қайта қалпына келтіруге қатысты жобалық-сметалық құжаттарды ретке келтіруде, – деді Наурызбай ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев.

Аудан әкімнің айтуынша, электрмен қамтамасыз ету саласында да мәселелер шашетектен. Аудан аумақтарында 334 трансформаторлық станса жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, сол трансформаторлық стансалардың 70 пайыздайы – жекеменшіктің қолында. «Бүгінде сол трансформаторлық стансалар тиісті дәрежеде пайдаланылмай тұр. Сол себептен, тұрғындар электр қуатымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеген. Қазір біз жаңа электр бағаналарын орнатып, желілерді тартып, оларға кедергі келтіретін ағаштарды кесіп алып тастаудамыз», – деген аудан басшысы сөзінің жаны бар.

Қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас­шысы Ғ.Садырбаевтың сөзіне сүйенсек, өткен айдағы қалалық жиында Наурызбай ауданы аумағындағы жеті мың гектар жерге салынатын 150 құрылыстың сметалық құжаты бекітіліпті.

– Бүгінде Наурызбай ауданының қала орталығымен бірігетін бөлігінде жобалық жұмыстар жүргізілуде. Келер жылы Абай даңғылы (Саин көшесінен бастап) батыс магистральға қарай созылады. Жаңа жолдың ұзындығы, шамамен алғанда, бес шақырымдай болады. Қазір осы шаруаға байланысты коммуникация жүргізу мәселелері шешілу үстінде. Жалпы алғанда, Бас жоспар бойынша жаңа ауданды тәртіпке келтіру керек, – деді Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ғабит Садырбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, Бас жоспар қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасына ағымдағы жылдың аяғында беріліп, аталған жоспар шеңберінде Наурызбай ауданындағы ілкімді істер ілгері баспақ. Журналистермен болған басқосуда аудан әкімі Абай даңғылының ұзартылатынын ай­тып, мамандардың құрылысқа келер жылдан бастап кірісетінін жеткізді.

 

ҚОҚЫСТАН КӨЗ АШПАҒАН

Ақсай мен Қарғалы өзенінің 1 мың 200 метрі тазаланды

– Алдағы уақытта Абай даңғылынан басқа, Шаляпин мен Төле би көшелерімен де қатынау бағыты қарастырылады. Бүгінгі күні халыққа ең қажетті бағыт: бұл – Абай даңғылы мен Жандосов көшелері арқылы жол ашу, – деді аудан әкімі Қ.Қашқымбаев.

Бүгінде аталған мәселелермен қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының айналысып жатқанын білдік. Жоспарға сай, жөндеу жұмыстары 3 жыл бойы жүргізілуі тиіс. Әзірге тасжол құрылысына қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз. Сәулет және қала құрылысы басқармасы жаңа тасжолдың жобасын әзірлеуде. Аталған жоба жыл соңына дейін әзір болады. Қалалық Жер қатынастары басқармасы осыған орай атқарылатын жұмыстардың бағасын есептеп, оның бюджеті нақтылануда. Құдай қаласа, келер жылы Абай даңғылын ұзартумен қатар, жаңа ауданға барар жаңа жолдар: Төле би мен Шаляпин көшелері іске қосылады.

Бүгінде аудан аумақтарында мемлекеттік негіздегі 7 мектеп пен 2 балабақша жұмыс істеуде. Ауданда келесі жылы тағы да 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесі мен 2 емхана салы­нады деп жоспарлануда. Айта кетерлігі, ауданда балабақшаға тіркелу мәселесі бір жүйеге енгізіліпті. Оған дәлел, ата-ана­лардың бүгіннен бастап «егов» үкіметтік порталы арқылы кезекке тұра алатыны.

– Балаларын «егов» порталы арқылы кезекке қоятын ата-аналар, әзірге елдімекеннің атын ғана жазады. Яғни, Наурызбай ауданы деп көрсетпейді. Сондай-ақ, енді балабақшаға кезекке тұру үшін тіркеу талап етілмейді, – дейді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдыз Омарбекова.

– Ең басты мақсат – қаламыздың оңтүстік, оңтүстік-батыс бағытынан қосылған елді мекендердің әлеуметтік-экономи­калық жағдайын жақсарту. Ауданды дамытудың басты жос­пары бекітілген кезде біраз шаруа ретке келмек. Қазір осы шаруаны қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы бастап кетті, – деді жаңа ауданның басшысы.

Бүгінде аудан аумақтарындағы 315 көшенің 40-қа жуығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы кезге шейін қоқыстан көз ашпаған Ақсай мен Қарғалы өзенінің 1 мың 200 метрі тазаланды.

– Өзендер – тіршіліктің өкпесі тәрізді. Өзендер ағып жатқанда шаң-тозаңның басылатыны өз алдына, жақсы аура қалыптасады. Мұның адамдардың көңіл-күйіне игі әсері мол. Сондықтан, өзендер маңын таза ұстауға тиіспіз. Қаламыздағы «Алматы өзендері» бағдарламасы аясында да жұмыс істейміз. Аудан аумағын түгел дерлік қамтып ағатын бұл екі өзеннің қала экологиясын жақсартуға ерекше себі тиетін болады, – деп, әкімнің ерекше салмақ сала сөйлеуінде ерекше мән бар.

– Қоғамдық көлік мәселесіне келсек, автобустар жолдар­дың тар болуына байланысты, аудан аумақтарына толықтай қатынай алмауда. Қаладан қатынайтын жаңа автобустық бағыттар біздің ауданға да кірді. Бірақ, жол мәселесі шешілмей, үлкен автобустардың айналатын тұстары дайын болмай, көлемді қоғамдық көліктерді аумақтарға кіргізе алмаудамыз. Осы мәселелер жолға қойылысымен автобустық бағыттың бәрі реттеледі, – деді аудан әкімі.

Жаңа аудандағы маңызды мәселелерді шешу үшін қала қазынасынан 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініпті. Оның 130 млн. теңгесі әуелі ауыз су мәселесін реттеу үшін қарас­тырылған. Сондай-ақ, сапасы төмен жолдарды ретке келтіруге 500 млн. теңге жұмсалмақ.

Жаңа әкімшілік аумақтың басшысы әлеуметтік және әкімшілік нысандар ауданның орталық бөлігіне салы­натынын айтты. Тіпті, сөзінің соңында Қуанышбек Қалиұлы айналасы 2-3 жыл ішінде Наурызбай ауданы – қаладағы ең үздік ауданға айналатынын да айтты. Сол үшін де бар күш-жіге­рін салатынын сеніммен жеткізді.

КЕРЕК ДЕРЕК 

Бүгінде Алматы аумағы жаңа аудан есебімен 23 мың гектарға кеңейді.

Жаңа ауданның құрамына облысқа қараған 11 елді мекен мен «Қалқаманның» 1,2,3-ықшамау­дандары қосылды.

Аудан аумағында 157 мыңға жуық тұрғын бар.

Мамандар Наурызбай ауданын шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ең қолайлы әкімшілік аумақ деп танып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *