«ҮЗДІК СПИКЕР» АНЫҚТАЛДЫ

Алатау аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдары арасындағы байқауды бірінші болып өткізді
«Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының ұйымдастыруымен Бастауыш партия ұйымы мүшелерінің арасында «Үздік спикер» байқауы өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – халық арасында емін-еркін сөйлеп, өз ойын ашық жеткізе алатын, шешендік өнер арқылы мемлекеттік саясат, партиялық бағдарламаларды насихаттап, бұқараға түсіндіре білуде спикерлік қабілеті бар партия мүшелерін анықтау.
Байқаудың шарты бойынша қатысушылар тақырып таңдап, баяндама дайындап, аудиторияны игеру шеберлігін көрсетеді, сонымен қатар партияның бағдарламалық құжаттары және жобалары бойынша сұрақтарға жауап береді. Осы критерийлер негізінде әділ қазылар өз бағаларын беріп, жеңімпаздарды анықтайды.
Байқауда 10 қатысушы додаға түсті, олар әр сала өкілдері. Әсіресе, денсаулық сақтау саласының өкілдері өздерінің белсенділіктерін танытып, осы сала бойынша қатысушылар қатары көп болды. Үміткерлердің жасына шектеу қойылған жоқ, кеше ғана диплом алып, білім саласында қызмет жасап жүрген жас мамандардан бастап, 40 жылдық еңбек өтілі бар жоғары буын өкілдері де осы байқауда бой көрсетті. Үміткерлер әр түрлі тақырыпта сөз қозғады, бірі өз саласы бойынша баяндама оқып жатса, енді бірі «Астана қаласының 20 жылдығы» және «Алатау ауданының 10 жылдығына» байланысты дайындықтарын көрсетті.
Байқаудың әділ қазылар құрамында «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары – Мұханқали Алмасаев, «Алматы ақшамы» газетінің бөлім редакторы – Нұрлан Сүйінов, «Алғабас» ықшамауданы Ардагерлер алқасының төрағасы – Мәли Жапақұлы, «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы Санақ және есеп-статистика бөліммінің меңгерушісі – Салтанат Ахмеджанова және Алатау аудандық «Жас Отан» ЖҚ төрайымының орынбасары Жанерке Тохабаевалар қазылық етіп, жеңімпаз, жүлдегерлерді анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шығып, өзінің нағыз спикер екенін көрсеткен «КаздорНИИ» АҚ-ың инженер маманы Алмат Такебаев жеңімпаз атанды. Тиісінше, екінші және үшінші орындарға Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ жол-автомобиль академиясының проректоры Бекбол Рамазан және №26 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Камила Жайылқанова ие болды.
Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер мен салалық маман ретінде шыққан өкіл «Нұр Отан» партиясы қалалық конкурсқа жолдама алды.
Байқауды қорытындылаған филиал төрағасының бірінші орынбасары М.Алмасаев партия бағдарламасы аясындағы «Үздік спикер» байқауынының бірінші рет өткізіліп отырғанын айтып, жобаның мәні мен болашағы зор екендігіне тоқталды.
Қордай ЕСЕНБАЙ,
«Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының қызметкері.