Өзбекстан АЭС салса, Қазақстанға зияны мен қауіп-қатері болмай ма?

Әшірбек Амангелді, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы
Көршілес өзбек жұртында АЭС (Атом электр стансасын) салу жайы біраздан бері қозғалып, оның бастапқы қадам-қарекеттері көрініс бере бастады. Дәлірек айтсақ, осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2018 жылдың 19 қазанында Ресей мен Өзбекстан президенттері: Владимир Путин және Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен АЭС құрылысының алғашқы қазығы қағылғаны туралы жұртшылық хабардар. (Бұл жайында «Өзбекстан АЭС салмақшы» деп аталатын көлемді мақала жазылған. «Алматы ақшамы», 11.12.2018).
Бүгінде уақыт сайын өсіп отырған өндіріс пен тұрмыстың сұранысына сай мейлінше қолайлы да арзан электр қуатына қол жеткізу әрбір мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселе.
Бұдан бұрын да айтылғанындай, Өзбекстандағы электр энергиясының 70 пайызы – газдан, 14 пайызы – СЭС-терден, 13 пайызы – көмір жағудан, 3 пайызы – мұнай отынын пайдаланудан өндіріледі. СЭС-ті есепке алмағанда, бұл аталған шикізат қорларының мәңгілік емес екені, күндердің күнінде сарқылып, таусылатыны бесенеден белгілі. Сондықтан болса керек, Өзбекстан үкіметі, энергетикаға жауапты министрліктер мен ведомстволарға энергияның басқа көздерін іздестіру міндетін жүктеп, соның бір амал-әрекеті ретінде 2018 жылдың 19 шілдесінде ел президентінің жарлығымен министрлер кабинетінің жанынан «Узатом» деп аталатын Атом энергетикасын дамыту жөнінде арнайы агенттік құрылды.
Өткен 12 қыркүйекте «Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану туралы» заң қабылданып, АЭС құрылысын Жызақ облысындағы Тұзкен көлінің маңына салынатын болып белгіленді.
МАГАТЭ (Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің) мәліметінше: әлемнің 31 елінде 451 энергоблоктан тұратын 192 АЭС жұмыс істеп, 398 677 МВт электр қуаты алынады. Бұл әлемдік энергетиканың 15 пайызы. Тағы 54 энергоблок салынып жатқан болса, 174 энергоблок тоқтатылып, жабылды. Атом энергиясын ең көп пайдаланатын ел – АҚШ. Мұнда АЭС арқылы 102 709 МВт., Францияда 65 880 МВт., Жапонияда 46 292 МВт., Ресейде 27 914 МВт. қуат өндіріледі. Сондай-ақ, бұрынғы посткеңестік республикалардың ішінен Украинада 13835 МВт. және Арменияда 408 МВт. энергия беретін АЭС-тер жұмыс істейді.
Егер де Өзбекстанда «Росатома» корпорациясы ұсынып отырған екі энергоблоктан тұратын 2,4 ГВт. энергия беретін «3+» ВВЭР-1200 ядролық реакторы салынып, 2028 жылы толықтай іске қосылатын болса, бұл Орталық Азиядағы тұңғыш АЭС болмақ.
Әдетте мұндай жаңа жобаны қолдайтындар және қолдамайтындар да табылады. Бұл заңды құбылыс. Өзбекстанда АЭС салу қажет дейтіндердің айтуларынша, пайдалы жағы: оның құрылысын салып, жүргізуге 5-6 мыңдай жұмысшы тартылады, іске қосылған соң, стансада 1,5-2 мыңдай адам жұмыс істейтін болады. Жылына 3,7 млрд. текше метр газ үнемделіп, ауаға бөлінетін зиянды да улы газ түтіннің мөлшері 3 млн. тоннаға азаяды. Электр қуатына деген ішкі сұранысты қамтамасыз етумен қатар экспортқа шығарып сатуға мүмкіндік туады.
Дегенмен, ядролық реактормен жұмыс істейтін АЭС-тің пайдасымен қатар қауіп-қатеріне, әлемнің бірнеше елінде жарылысты апаттардың орын алғанына алаңдап, мазасызданатындар да баршылық. Міне, сондайлардың бір тобы өзбек жерінде АЭС салуға қарсылық білдіріп, оны тоқтату талабын қойып, Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёевке, Сенат парламенті төрағасы Т.Нарбаеваға, «Росатом» корпорациясының атқарушы директоры А.Лихачевке және МАГАТЭ басшысы Юкиа Аманоның атына хат жолдаған. Әзірге олардың қарсылық талаптары айтылған жоғары мекемелерде қалай қабылдағаны және оған қандай жауап берілетіні беймәлім.
Бұған қоса, БАҚ құралдары, әлеуметтік желілерде де бейтарап қалмай үн қосуда. Мәселен, көпшілікке танымал https://centrasіa.org/ интернет-сайтында соңғы бірер айдың көлемінде Лондон университеті Шығыс және Африка мәселелерін зерттеу мектебінің ғылыми қызметкері Алишер Ильхамовтың: «Три причины, по которым Узбекистану противопоказана АЭС» (27.09.2019) және «Отвечает ли строительство АЭС в Узбекистане интересам страны?» (12.10.2019) деп аталатын екі бірдей талдау мақаласы жарияланды. Қандай мақсатпен жариялағанын автордың өзі біледі. Әйтсе де, оқып танысқанда оның өзбек жерінде АЭС салудың: қаржы-қаражаттық, қауіпсіздік және технологиялық жағынан тиімсіздігін жан-жақты дәлелдеп, көз жеткізуге тырысқаны байқалады.
Мұнда, ең алдымен, қаржылық тұрғыдан: ядролық энергия өндіруге – $ 6000/кВт., газ бен мұнайға – $ 1000/кВт., СЭС-ке – $ 2680/кВт., Күн энергиясына – $ 1060/кВт. (тұрмыстық қажеттілік үшін), ал гелиостансаға – $ 1800/кВт., үлкен батареяны сақтауға – $ 2000/кВт. шығын жұмсалатыны айтылған. Әрі бұл цифрлардың ойдан шығарылмаған, нақты айтқанда: «Cost and Performance Characterіstіcs of New Generatіng Technologіes, Annual Energy Outlook 2019». U.S. Energy Іnformatіon Admіnіstratіon. 2019; of the U.S. Department of Energy Offіce of Energy Effіcіency & Renewable Energy Ғылыми зертханасының баяндамасы, 2018» деген дереккөздерден алынғаны көрсетілген.
Автордың айтуынша, жоғарыда көрсетілген ядролық энергия өндіруге кететін – $ 6000/кВт. сомада АЭС-тің пайдалану мерзімі аяқталып, тоқтатылғанда дезактивизация (залалсыздандыру), радиоактивтік қалдықтарды сақтау, басқа да қауіпсіздік шаралары үшін жұмсалатын шығындар ескерілмеген. Әлемдік тәжірибе бойынша стансаның үлкен-кішілігіне қарай залалсыздандыру ісіне 1,5 млрд. долларға дейін қаржы қажет болады. Мысалы Франциядағы қуаты небәрі 70 МВт. Brennіlіs АЭС-сын дезактивизациялауға 480 млн. еуро шығындалған. 2013 жылы Британияның Ядролық дезактивизация агенттігі ел көлемінде жұмыс істеп тұрған 19 АЭС тоқтатылған кезде оларды залалсыздандыру үшін әрқайсысына 5 млрд.-тан барлығы 100 млрд. фунт стерлингтің қажет болатынын есептеп шығарған. Осыған қарап, сәтін салып, жиырма жылдай жұмыс істеп жабылғанда Өзбекстандағы 4800 МВт. қуатты АЭС-ті залалсыздандыруға қанша қаржы керек болатынын шамалай беріңіз!
Ресейлік «Росатома» корпорациясымен екі жақтың жасалған келісімінде Өзбекстанда АЭС нысанын салу құны 11 млрд. долларға бағаланған. Десе де, бұл бастапқы баға. Бұған дейінгі тәжірибелер көрсетіп жүргеніндей, құрылыс барысында қосымша жұмыстар пайда болып, бағаның өсетіні кәміл. Маркетингтік тактикаға сәйкес «сатушы» алдымен бір бағаға келісіп алады да, артынан әр түрлі дәлелдер келтіріп оны өсіре түседі.
Тағы бір мән берерлік жәйт. Өзбекстандық АЭС құрылысының алғашқы бөлігін 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Арадағы тоғыз жыл аз уақыт емес. Қазір энергетикалық технологияда, жаңа қуат көздерін табуда күн сайын жаңалық ашылып, қарышты қадамдар жасалып жатқаны мәлім. Сол үшін бәлкім, ядролық реактордан энергия алуды ұзақ күтпей, аз мерзімде қайтарым беретін арзан технологияға ден қойған дұрыс болар ма еді.
Екіншіден, автор: «бүгінде дүниенің әр бұрышында қастандық шабуылы мен терактік жарылыстар жасалып, әсіресе, Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы ахуал асқынып тұрғанда АЭС сияқты күрделі құрылымның қауіп-қатерсіз жұмыс істейтініне ешкім де ара түсе алмайды. АЭС салу жоспарланып отырған Өзбекстандағы Жызақ облысының Фариш ауданынан «Ислам мемлекеті» террористері жайлаған Ауғанстанның солтүстік шекарасына дейін небәрі 400 шақырым. Йемендік хуситшілердің дрондар арқылы Сауд Арабиясының мұнай өндіруші нысандарына шабуыл жасап, бүлдіруі осы заманғы американдық «Пэтриот» секілді зениттік-зымырандық қорғаныс құралының дәрменсіздігін көрсетті. Бұдан былай терроршыл ұйымдардың бәрі ұшқышсыз басқарылатын дрондық шабуыл әрекетіне көшетін болады», – дейді. Мұнысы енді күні бұрын «қара аспанды төндіру», асыра сілтеу болуы мүмкін. Соңғы екі-үш күндікте тәжік шекарасына «Ислам мемлекеті» содырланың шабуыл жасап, олардың 15-і оққа ұшып, бесеуі қолға түскені жария болды.
Үшіншіден, А.Ильхамовтың жазуынша, жобадағы Жызақ АЭС-сі энергияға ел сұранысының небәрі 10–15 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Оның орнына күн энергиясын пайдалануға бет бұру мейлінше ұтымды болмақ. Өйткені, күн батареялары құрылғыларын елді-мекендерге орналастырып, халықтың күнделікті тұрмыстық қажеттілігіне, ауыл шаруашылығы саласына, мектеп пен ауруханаларға, мемлекеттік мекемелерге электр қуатын өндіру едәуір арзанға түседі. Мамандардың есебінше өндірілген энергияның 26 пайызы тұрмыстық қажеттілікке, 20 пайызы ауыл шаруашылығы өндірісіне, 11 пайызы бюджеттік мекемелерлердің сұранысына жіберіледі. Егер де осының 20 пайызын күн батареялары өтейтін болса, соның өзі жаман болмайды. Ал жоғарыда айтылғандай АЭС-тің беретін электр қуаты 10–15 пайыз ғана.
Рас, мұндағы бірден-бір қиындық-кедергі күн батареяларын орнатып, пайдалануды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан тұрғындар арасында оған жұмсалған шығынның үш-төрт жылда қайтатынын, әрі қарай тегін энергия тұтынатындарын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу ләзім. Не болмаса Еуропаның бірқатар елдеріндегідей үкімет демеушілік жасап, субсидиялық, гранттық көмектер көрсетуі тиіс.
Осы сияқты «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Жызақ қаласының тұрғыны, бұрынғы әскери қызметкер Зафархужа Әміров АЭС салу жобаланып отырған аймақта жиі-жиі жер сілкініс болатынын, биылдың өзінде 7-8 рет төрт балдық дүмпу болғанын еске салып, облыстың ауа райының да өзгеше екенін, ядролық қалдықтарды көметін орынның да жоқ екенін айтып, қатты алаңдаушылық білдірген. Ол сондай-ақ, АЭС салынған күннің өзінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар жоқ деп есептейді. Және де алдын-ала жергілікті тұрғындармен талқылау, пікірлесу шарасының өткізілмегенін айтады.
Жалпы, атом энергиясын пайдалануға қарсылардың айтар өз дәлелдері мен уәждері бар. Мәселен, олар Италия алғаш болып өз жеріндегі АЭС-терді жауып тастаған болса, кейінгі кездері Австрия, Бельгия, Германия, Испания, Тайвань, Швейцария, Швеция атом энергетикасын пайдаланудан толықтай бас тартқанын алға тартады.
Ал Австралия, Әзербайжан, Гана, Грекия, Грузия, Дания, Ирландия, Латвия, Лихтенштейн, Люксембург, Малайзия, Мальта, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Филиппин елдері АЭС нысанын салмайтынын жариялағанын, Оңтүстік Корея да бұдан әрі жаңадан ондай нысан тұрғызбайтынын мәлімдегенін, осыған дейін электр қуатының 80 пайызын ядролық энергетикадан алып келген Францияның алдағы 10–15 жылда оның үлесін 50 пайызға төмендететін, сондай-ақ, таяу екі-үш жыл көлемінде көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларын жауып, 2030 жылға қарай табиғи көздерден алынатын энерия үлесін 40 пайызға жеткізетінін тілге тиек етеді.
Мәселені жан-жақты зерттеп, салмақтаған бұл елдер алдағы уақытта күн, жел және су сияқты жаңғыртпалы энергия көздеріне ден қоймақ. Мамандардың есебінше, литий-ионды батареялармен фотоэлектрлік жүйе арқылы алынатын күн энергиясының бір кВт. сағаты атом қуатына қарағанда екі есе арзанға, 8-9 долларға түседі екен. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, 2030 жылға қарай өндіру технологиясының жетілуімен жаңғыртпалы электр қуатының өзіндік құны атом, көмір және газ энергияларымен салыстырғанда біршама арзан болады.
Әрине, бұл айтылғандарға қарап, адамзат қоғамы алдағы уақытта атом энергиясынан – АЭС-тен біржолата бас тартады деп ой түюге болмас. Олай дейтініміз, Халықаралық энергетика агенттігінің болжауынша, 2040 жылға қарай атом энергетикасының қуаты 60 пайызға артады. Brіtіsh Petroleum компаниясының жүргізген зерттеу-талдауына қарағанда: «атом энергетикасы келешекте генерациясын арттыра беретін болады, бірақ әлемнің барлық елінде емес». Осының айғағындай, Қытай мен Үндістан ТЭС (Жылу электр стансаларын) азайтып, оның орнына АЭС-тер салуды тиімді санайды. Сондықтан аспан асты елі өз жерінде ғана емес, шет елдерде де ядролық реактор нысанын салып беруде белсенділік танытуда. Мысалы, әйгілі «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының аясында 30 елге АЭС салып беру көзделген.
Бұл ретте Ресей де есесін жіберіп жатқан жоқ. АЭС құрылысын салу жөнінен әлемде алдыңғы орынды иемденеді. Дүниежүзілік «ядролық рыноктың» төрттен бірі осылардың үлесінде. «Росатом» корпорациясы Бангладеш, Беларусь, Венгрия, Египет, Үндістан, Иран, Түркия және Қытай елдерінде 36 энергоблок салып беру жөнінде 100 млрд. доллар қаржы көлемінде келісім-шарт жасасқан.
Былай қарағанда, қару-жарақ саудасы сияқты АЭС салып беру де пайдалы да зор табыс көзі тәрізді көрінеді. Алайда, кейбір саясаттанушылар мұның ар жағында саяси-әскери мақсат, ықпал ету мүддесі де жатыр деседі. Сол себепті, «Росатом» көптеген елдерге өзі несие беріп салып береді. Әрі АЭС-ке қажетті отын, қосалқы бөлшектер, мамандар даярлау, пайдаланылған қалдықтарды көму, т.б. жөнінен тәуелді, кіріптар етіп қояды.
Демек, Ресейдің өзге елдерге АЭС салып беру, атом өнеркәсібін дамытып, ядролық ғылыми-өндірістік базасын жетілдіру әрекеті оның АҚШ пен Еуропаның жетекші мемлекеттері алдында бәсекелестік қабілетін арттыратыны анық.
Ендеше, Ресейдің Өзбекстанмен АЭС салу жөнінде келісім жасауы мен біздің Қазақстанға да қайта-қайта ұсыныс жасауында ондай саяси-әскери жағынан ықпал ету мақсат жоқ деп ешкім айта алмайды.
Өзбекстан бізбен көршілес, тарихы тамырлас, діні, ділі, тілі, салт-дәстүрі ұқсас бауырлас ел. Онда билік басына прагматик саясаткер Шавкат Мирзиёев келгелі сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көліктік-логистикалық, транзиттік салалардағы қарым-қатынасымыздың жандана түскені, биылғы жылдың тоғыз айында тауар айналымының 2,6 млрд. долларға жеткені, алдағы уақытта 5 млрд. долларға жеткізу көзделіп отырғаны көңіл қуантады. Бұдан әрі де ынтымақтастығымыз кең өріс алып, қанат жая түседі деген үміттеміз.
Сөз жоқ, кез-келген өндірістік-техникалық нысанды салу, не салмау әрбір мемлекеттің ішкі шаруасы. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сәйкес және МАГАТЭ-нің талап-ережесі бойынша АЭС секілді күрделі құрылысты салуда экологиялық, технологиялық қауіпсіздігі, көршілес елдерге зиян-залалының тимеу жағы ескерілуі тиіс.
АЭС салу жобаланып отырған Жызақ жеріндегі Айдар-Арнасайға жақын маңға Шардара СЭС-і орналасқан, оған іргелес жатқан Түркістан облысының Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Келес және Сарыағаш аудандарында алты жүз мыңдай халық тұрады. Сондықтан Өзбекстан үкіметі АЭС құрылысын жүргізу барысында Қазақстанның да мүддесі мен талап-тілектерін ескереді деген ойдамыз.
Айтқандай-ақ, жуырда республикалық «Литер» апталығы Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенші және өкілетті елшісі Саидкарим Ниязходжаевпен тікелей эфирлік сұхбат жүргізді. Сол мүмкіндікті пайдаланып мен елші мырзаға: «Сіздің елде Жызақ жерінде біздің шекарамызға жақын маңда АЭС нысаны салынбақшы. Оның құрылыс жүргізу барысында Қазақстанның тиісті ведомстволарымен келіссөздер жүргізіліп, біздің талап-тілегіміз, қауіпсіздігіміз ескеріле ме?» деген сауал қойдым. Елші дипломатиялық сыпайылық және әдептіліктен аспай: «міндетті түрде ескеріледі!», – деп жауап берді.
Көңілге сәл кірбің түсіретіні, қазірше Өзбекстандағы АЭС құрылысына қатысты еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар және Энергетика министрліктерінен қандай да бір мардымды мәлімдеме жасалып, айқын түсініктеме берілмей отыр. Мұндай үнсіздік пен белгісіздік әр түрлі алыпқашпа әңгімелер мен қауесеттер тудырады.
Су және Жылу, Күн, Жел электр стансаларына қарағанда Атом электр стансасы технологиялық жағынан анағұрлым күрделі құрылым. Оның апатсыз, қауіп-қатерсіз жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды.
Осы саладағы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 1952–2011 ж.ж. аралығында әлемнің 20 АЭС-де апат болып, айтарлықтай зиян-залал келген. Бәрінен де 2011 жылғы 11 наурыздағы мейлінше озық та жетік технологиямен жасалған Жапонияның Фукисима-1 АЭС-дегі жойқын апат жұртшылыққа үрейлі әсер етіп, бірқатар мемлекеттердің АЭС салу бағыттағы жоспар-жобаларын күрт тежеп, тоқтатып қойды.
Көптеген елдерде әсіресе, Еуропада халықтың жиі-жиі бас көтеріп, АЭС-ке қарсылық білдіруі жәйдан-жәй емес.
Мысалы, 2017 жылдың маусымында Бельгияның мыңдаған халқы көшелерге шерулерге шығып, «Тианж» бен «Дул» АЭС-терін жабуды талап етті. Оларға Германия мен Нидерланды тұрғындары да қолдау білдіріп, 50 мың адам ұзындығы 90 шақырымдық шеңбер жасап, наразылық танытты.
Көзіқарақты оқырман 2010 жылы Ресей мен Түркия арасында Мерсин қаласына жақын маңда төрт энергоблоктан тұратын, қуаты 1200 мегаватт, жобалық құны 20 млрд. долларға бағаланған «Аккую» АЭС-ін салу жөнінде келісім-шарт жасалынғанын жақсы біледі. Осыған байланысты Мерсиннің өзінде және Стамбулда тұрғындардың наразылық акциялары өткізілді. Бұл орайда іргелес жатқан Грекия мен Кипр халқы да шеруге шығып, қарсылық білдірді.
Бір сөзбен айтқанда, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейтіндей, Өзбекстан үкіметінің Қазақстан жағының қауіпсіздігін, пікір-ұсынысын ескергені жөн.
Бізге бәрінен де екі елдің аман-саулығы, ынтымағы мен тату тірлігі қымбат.