ӨЗБЕКСТАН АЭС САЛМАҚШЫ

Мұның көрші елдерге зиян-залалы жоқ па?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Жобаға артылып отырған үміт үлкен

Биылғы жылдың 18-19 қазан күндері Ресей президенті В.Путиннің Өзбекстанға жасаған сапары барысында әр түрлі салалар бойынша жалпы құны 27 млрд. долларды құрайтын 800-ден астам келісім мен меморандумға қол қойылғаны айтылды да, оның тасасында АЭС (Атом электр стансасын) салу жайы елеусіздеу қалып қойған сияқты көрінді. Ал ақиқат-шындығында бұл Ресей–Өзбекстан ынтымақтас­тығындағы маңызды мәселе болатын.

Өйткені, өзбек жерінде АЭС салу біраздан бері айтылуда. Себебі, халқының саны 33 млн.-ға жетіп, өндірістік қуаты да ұлғайып келе жатқан Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттің бірі — Өзбекстанда электр энергиясына деген сұраныстың жылдан-жылға артып отырғаны белгілі.

Өзбекстандық «Ахборот–24» телеарнасының ақпаратына сүйенсек, елдегі электр энергиясының 70 пайызы – «көгілдір отыннан», 14 пайызы – СЭС-терден, 13 пайызы – көмір жағу­дан, 3 пайызы – мұнайдан өндіріледі. Электр қуатын өндіру осылай жалғаса беретін болса, (СЭС-ті айтпағанда) күндердің күнінде газдың, көмірдің және мұнайдың қоры азайып, жағдай­дың тұйыққа тірелері анық. Сондықтан да Өзбекстан үкіметі, энергетикаға жауапты министрліктер мен ведомстволар энергияның басқа көздерін іздестірудің, бұл орайда АЭС қуатына ден қоюдың қамында.

Осыған байланысты биылғы 2018 жылдың 19 шілдесінде ел президентінің жарлығымен министрлер кабинетіне қарасты «Узатом» деп аталатын Атом энергетикасын дамыту жөнінде арнайы агенттік құрылды. Агенттіктің құрылу құжатында қазіргі таңда Өзбекстандағы экономика мен халықтың энер­горесустарға деген сұранысы көмірсутек шикізаттары арқылы өтеліп жатқаны, бірақ та олардың шектеулі екені, мол уран қоры бола тұра атом энергетикасын қолға алып, дамытуға жете мән берілмей жатқаны айтылды.

Бұған қоса, Жарлыққа сәйкес «Узатом» агенттігі жанынан Ғылыми-техникалық және сараптау кеңесі құрылып, тиісті ведомстволарға қазан айының аяғына дейін «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы» заң жобасын, жыл соңына қарай «Өзбекстанда 2019–2029 ж.ж. аралығында атом энерге­тикасын дамыту тұжырымдамасының жобасын» жасау міндеті жүктелді.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 29 желтоқсанында Ресей мен Өзбекстан арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісім жасалынып, ол бойынша Өзбекстанның атом электр стансасын салуда Ресейге жүгінетіні айқын болды.

Осы айтылғандардың нақты көрінісіндей, 2018 жылдың қыркүйегінде Ресей үкіметінің төрағасы Д.Медведев пен Өзбек­стан премьер-министрі А.Арипов тарапынан АЭС салу жайын­дағы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Ол құжатта: «Келісім жоба бойынша Өзбекстан территориясында су мен су энерге­тикасы негізінде жұмыс істейтін әрқайсысының қуаты 1,2 ГВт. болатын екі энергоблоктан тұратын атом электр стан­са­сын салып, іске қосып беру жайы қарастырылады» делінді.

Осының артынша-ақ, қазан айында Ташкентте МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) өкілдігі мен «Росатом» мемлекеттік компаниясының жұмыс тобы бірлесе өткізген семинарда Өзбекстан Ғылым академиясы Ядролық физика институтының директоры Ильхом Садықов АЭС құрылысын салу үшін Навои облысы, Қызылтөбе ауданын­дағы Тудакул көлінің маңайы таңдап алынғаны жария етті. Оның сөзінше, Өзбекстан бойынша 70 шақты алаң қарасты­рылып, жан-жақты талқылау мен іріктеуден кейін бірнеше маман­дардан жасақталған арнайы комиссия осы Тудакулді таңдаған.

Семинарда болашақ АЭС-тің макеті көрсетіліп, жобаны іске қосу Ресей президенті В.Путиннің Өзбекстанға іссапары кезінде жүзеге асырылуы мүмкін екендігі айтылды.

Айтқандай-ақ, Ресей президенті В.Путин 19 қазанда Ташкентте болған кезінде Ш.Мирзиёев екеуі АЭС құрылы­сына салтанатты түрде бастау беріп, ақжолтай тіледі.

«Росатома» корпорациясының ұсынып отырған жобасы «3+» ВВЭР-1200 үлгісіндегі екі энергоблоктан тұрататын ядро­лық реактор. Станса құрылысы іркіліссіз жүретін болса, 2028 жылы толықтай бітеді. Алпыс жылдай кепілді түрде тоқтаусыз қызмет етеді. Әрі қарай жиырма жылға созылуы ықтимал. Толық қуатында жұмыс істеген тұста жылына 3,7 млрд. текше метр газды үнемделеді, ауаға бөлінетін зиянды түтіннің мөлшері 3 млн. тоннаға азаяды.

АЭС құрылысын салуға 5-6 мыңдай жұмысшы тартылады. Іске қосылғанда 1,5-2 мыңдай адам жұмыс істейтін болады. Электр энергиясына деген ішкі сұраныстан тыс көршілдес елдерге шығарып сатуға мүмкіндік туады.

Әрине, мұның бәрі «алғашқы қада қағылды, экскаватор шөмішін жерге батырды» дегендей, алдағы он жылға жоспар­ланған жұмыстың бастамасы ғана. Оның қалай іске асып, қандай нәтижемен аяқталатынын уақыт көрсетеді.

Әйтсе де, сәтін салып, бой көтерсе бұл Орталық Азиядағы алғашқы АЭС болмақ.

Ақиқатын айту керек, қазірше Өзбекстандағы АЭС құры­лы­сының басталуын қуана құптап, жан-жақты жарнамалап, дәлелдей дәріптеп жазып жатқан негізінен Ресейдің БАҚ құралдары мен интернет желілері. Олардың көздеп отырғаны түсінікті. Оларға керегі – «Росатом» мемлекеттік корпора­циясына тапсырыс берушілердің көп болғаны. Мұның ар жағында сөз жоқ, ел мүддесі, экономикалық және стратегия­лық мақсаттар жатыр.

АЭС салуға жобаланып, қазығы қағылып отырған Навои облысындағы Тудакул көлі Қазақстан шекарасынан бес шақырым қашықтықта. Бірақ та құрылыс жобасының Жызақ жерінде Айдаркөлге ауыстырылуы мүмкін деген пікір де айтылды. Ал Айдаркөл бізге тіпті жақын. Сонда «бұл айтылған аймақтарда АЭС-тің салынуы бізге қауіп төндірмей ме?» деген сұрақ туады.

Бір ескерте кететіні, халықаралық МАГАТЭ ұйымының талабы бойынша АЭС салатын әрбір ел бұл жайында көршілес мемлекеттерді хабардар етіп, олардың мақұлдауын алуы тиіс. Естуімізше, Өзбекстан мен Қазақстан арасында ондай талқылау мен келіссөздер болмаған.

 

Біздің Қазақстанда да сондай ниет бар

Жаңылмасақ, «біздің жерімізде де АЭС салынады» дегелі жиырма жылдан асты. Шамасы кешегі тоқсаныншы жылдар­дың аяғы болатын. Ең бірінші АЭС мәселесі көтерілген бойда қоғам белсенділері, эколог­тар, журналистер, жазушылар бар жұртшылық бұған өре түрегеліп қарсы шық­ты. Газет-журналдар беттерінде: «біздің Қазақ­станда су, жел, Күн көзі сияқты электр қуатын өндіретін табиғи ресустар жеткілікті» деген уәж келтір­ген наразы сипаттағы көзқарас-пікірлер үсті-үстіне жазылды. Әрі десеңіз, ол кезде Черно­быль АЭС апатының дүмпуі қазіргідей саябыр­сып, көмескіленбей, елдің санасын әлі қорқы­ныш пен үрей билеп тұрған.

Мысалы, жерімізде АЭС салуға жан-тәні­мен қарсы экологиялық «Табиғат» қоғамының жетекшісі Мэлс Елеусізов Жоңғар қақпасын­дағы Ебі желінің қуатын пайдалану еліміздің сұраны­сын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді деген­ді айтқан.

Осыған байланысты ядролық физикамен айналысатын, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың жай-жапсарын жақсы білетін ғалымдар мен мамандар радио-телевизия арқылы сөз сөйлеп, баспасөзде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көпшілікті иландырып, қарсылықтың бетін қайтарғандай болды.

Көп өтпей елімізде АЭС салынуы мүмкін аудан ретінде Балқаш көлінің маңындағы Үлкен елді-мекені аталды. Ол аумақ ядролық реакторды суытатын көлі жақын және өнді­ріл­ген энергияны тұтынушыға жеткізетін жуан электр желісі дайын деген секілді дәлел­дер келтірілді. Бірақ артынан 2010 жылы Аста­на­да қуаты 1,320 МВт. көмірмен жұмыс істейтін ТЭЦ (Жылу электр стансасы) салынатын болғандықтан, Балқашта АЭС салудың аса қажеттілігі болмай қалды. Сөйтіп, ендігі жерде ықтимал орындар қатарында Ақтау, Торғай, Семей ядролық полигоны және Шымкент өңірі айтыла бастады.

Сөз орайында мынаны да айта кеткен жөн. Маңғыстау түбегінде шапшаң нейтронды БН-350 атом реакторының ақаусыз жұмыс істеп, Ақтау қаласын 1972–1999 ж.ж. Каспий теңізі­нің суын тазартып, тұщы сумен қамтамасыз етіп келіп, соңында саяси себептермен жабы­лып қалды. Алайда, мамандардың пікірінше, Ақтауда АЭС салғанмен онда өндірілген электр қуатын энергияға мұқтаж оңтүстік облыстарға жеткізу қымбатқа түседі. Басқаша айтқанда, бұл жоба экономикалық жағынан тиімсіздеу. Сондықтан күн тәртібінде қалғаны Семейдегі Курчатов қаласы мен Балқаштағы Үлкен селосы. Осылайша елімізде АЭС салу жоба-жоспары ауық-ауық көтеріліп, соңынан жеме-жемге келгенде саябырсып қалып отырды. Мұның бірден-бір себебі бізде электр қуатына деген зәруліктің болмауынан болса керек. Олай дейтініміз, республика энергетика минис­трлігінің мәліметінше, бізде қыс маусымының өзінде 20–25 пайыз процифит артық электр энергиясы өндіріледі екен. Десе де, бұл Қазақ­станның АЭС салудан біржолата бас тартуын білдірмейді.

Мәселен, 2014 жылғы мамырдың аяғында Еуразиялық экономикалық одағы басшылы­ғының кеңесі аясында «Росатом» және «Қаз­атом» корпорациялары арасында АЭС салу жөнінде бірлескен меморандум қабылданды. Меморандумда стансаны Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында салудың тиімділігі, оның нақты техникалық сипаттама­сы алдағы алты айда, ал қажетті құжаттары жыл аяғына дейін дайындалатыны, қуаты мың мегаваттық блоктың орташа бағасы 5 млрд. доллар болатыны, шұғыл қолға алынса құры­лыс шамамен 2025 жылы аяқталатыны атап көретілді. Және де АЭС-ті Курчатов қаласында салудың ұтымдылығы онда өндірілген электр қуаты Қазақстанның оңтүстігіне және көршілес Ресейге жеткізуге болады делінді. Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы «Хорасан-1»,«Ақдала» және «Оңтүстік Ниқай» кеніштеріндегі уран өндіру ісін реттеу жөнінде де келісім жасасты.

Осының артынша маусымның басында «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында қазақ-жапон ынтымақтатығына ХХ жыл» деген тақырыпта семинар өткізіліп, жиын барысында ҚР Индустрия және жаңа техно­логиялар министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев: «Қазақстан мен Ресей арасында АЭС құрылысы жөнінде меморандумға қол қойылғанын, мұның алғашқы қадам екенін, әлі алда нақты іс-шаралардың жоспары жасалаты­нын, оның бәрі еліміздің заңнамалары аясында жүргізіліп, халықтың кеңінен талқылап, қатысуы арқылы жүзеге асатынын, бізге керегі 300–1200 мегаватт шамасындағы реактор екенін, бәрі ойдағыдай болса станса құрылысы 2018 жылы басталып, алғашқы энергияны 2023-2024 ж.ж. беретінін» мәлімдеді.

Бұл айтылғандарға қосымша, «Қазато­м­өнеркәсіп» корпорациясының Ресейге балама ретінде Жапонияның әйгілі Toshіba компания­сымен де келіссөздер жүргізгенін айта кеткен абзал. Мұны кезінде аталған компания дирек­торлар кеңесінің басшысы Масаси Муромати да растаған. Оның айтуынша, Toshіba тара­пынан Қазақстанда салынатын АЭС-ке қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу, қуаты 1 ГВт. ядролық реакторды 3,7 млрд. долларға салып беру жайында ұсыныс жасалған. Егер де екі жақ келісім-шартқа отыратын болса, стан­саны салу 2018 жылы басталып, бес жыл­дың ішінде алғашқы кезегі электр тогын бере­тін болып, толық құрылысы 2030 жылы толық аяқталатыны айтылған.

Бұл мәселе Жапония премьері Синдзо Абэ 2015 жылдың қазанында Орталық Азия елдеріне турне жасап, Астанаға соққан кезінде де қозғалған. Мәртебелі мейман Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында өз елінің Қазақстанға АЭС салып беруге дайын екенін және осы саладағы ынтымақ­тастықты күш салатынын жеткізген.

Мамандардың пікірінше, біздің Қазақ­станға керегі де арзандау және қауіпсіз жұмыс істей­тін орташа қуаттағы ядролық реактор. Соны­мен қазірше «Росатом» және Toshіba сияқты АЭС салып беруші компаниялар табылғаны­мен, таңдау әлі жасала қойған жоқ.

Биылғы 2018 жылдың маусымында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев халыққа есеп беру кезінде АЭС салу жөнінде түпкілік­ті шешім қабылданбағанын еске сала отырып, «қазіргі күнде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық ком­паниясының еншілес кәсіпорыны «Қазақстан атом электр стансалары» АҚ (Акционерлік қоғамының) АЭС құрылы­сының техника-экономикалық негіздемесін жасаумен айналысып жатқанын, тек соның негізінде шешім қабылданатынын, бұған бірнеше сарапшылардың тартылатынын, ең бастысы МАГАТЭ халықаралық агенттігінің талабына сәйкес АЭС-тің қауіпсіз, адамдар­дың денсаулығына, қоршаған ортаға зияны тимейтіндей болуы шарт екенін» айтты.

Демек, елімізде АЭС салу ісі тиянақты шешімін таппаған шаруа.

Дейтұрғанмен, өзіміздегі Атом энергиясы институты мамандарының пікіріне ден қойсақ, Қазақстан уран қоры бойынша әлемде үшінші орынды, өндіру жөнінен бірінші орынды, сату рыногының 40 пайызын иемденеді. Ендеше, уранды тек шикізат ретінде экспортқа шығар­ғанан гөрі дайын отын түрінде сатуды ұлғай­тып, сондай-ақ АЭС салып, мол энергия өнді­ріп, ішкі сұра­нысты өтеумен қатар, сыртқа да шығарып қыруар пайда таппасқа?! Бүгінгі таңда бізде электр энергиясының 70 пайызы Жылу электр стансаларында өндірілетіні, оның ауаны ластап, қорғашан ортаға орасан зор зиян келтіретіні жұртқа мәлім. 2030 жылға қарай электр қуатына деген сұраныс 6,6 ГВт.-қа жетеді. Міне, сол кезде тапшылықты сезілетін болады.

Сол үшін «Торғайдан қорыққан егін екпейді» дегендей, қорқа бермей осы заманғы экологиялық және экономикалық жағынан тиімді энергияның бірден-бір балмалы көзі – АЭС салу ісін созбалақтатпай тезірек қолға алу ләзім дегенді айтады.

 

«Росатом» – әлемдегі жетекші корпорациялардың бірі

Атом өнеркәсібі Ресейдегі айтарлықтай дамыған сала саналады. Осы күнгі танымал «Росатом» корпорациясының тарихы сонау 1953 жылы 23 маусымда КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен атом саласына жетек­шілік ететін Орта машина жасау министр­лігінің құрылуынан бастау алады. Бұл министрлік ядролық қаруды жасау және сынау­мен қатар, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесімен де айналы­сып, 1954 жылы 27 маусымда Калуга облысы­ның Обнинск қаласында академик Игорь Курчатовтың басшылығымен қуаты 5 МВт. шағын АЭС (Атом электр стансасын) іске қосты.

Мұнан әрі Кеңес Одағында ядролық реакцияны басқару арқылы электр энергия­сын алу ісі қарқынды дамып, 1958 жылы Сібірде қуаты 100 МВт. және 600 МВт.-тық, 1964 жылы – Белоярскіде тұңғыш өнеркәсіп­тік, Нововоренежде 210 МВт. және 365 МВт.-тық, 1973 жылы Ленинградта алғашқы блогы қосылған – АЭС-тер пайдалануға берілді.

1989 жылы КСРО-ның Орта машина жасау мен атом энергетикасы министрліктері – Атом энергетикасы және өнеркәсіп минис­тр­лігіне біріктірілді. 1992 жылы Кеңес Одағы тарағаннан кейін атом өнеркәсібінің 80 пайызы (оның ішінде 28 блокты 9 АЭС) Ресейдің үлесіне тиіп, РФ Атом энергиясы министрлігі құрылды. Артынан ол Атом энер­гиясы жөніндегі федералдық агенттікке айналды. 2006 жылы «Ресейде 2007–2010 ж.ж. әрі қарай 2015 жылға дейінгі кезеңде атомдық энергеия өнеркәсібін дамыту» бағдарламасы қабылданып, агенттіктің алдына 2020 жылға қарай 26 атомдық энергоблок салып, іске қосу міндеті қойылды.

2007 жылғы 1 желтоқсанда Атом энер­гиясы жөніндегі федералдық агенттігі таратылып, оның өкілеттілігі мен активтері «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясына берілді.

Бүгінде «Росатом» құрамына 360 кәсіп­орын кіретін: бейбіт және әскери бағытта жұмыс істейтін зауыттар мен ғылыми-зерттеу институттарын, сондай-ақ, атомдық мұз жарғыш флотты қамтыған аса ірі холдинг. Уран қоры жөнінен әлемде екінші орында, оны өндіру бойынша бесінші орында, атом энергиясын өндіру жөнінен төртінші орында болса, уранды байытып сатудың 40 пайызын, ядролық отынның 17 пайызын иеленеді.

Ресейдің атом индустриясы өз елімен қоса, бірнеше шет мемлекеттерді де қамтып үлгерген. Ресейлік мамандардың жобасымен, не олардың қатысуымен Үндістанда, Қытайда және Иранда бірқатар АЭС-тер салынған. Қытайдағы Тяньвань АЭС-ның 3 және 4 энер­го­блоктары, Үндістандағы Куданкулам АЭС-нің 2 блогы салынуда. 2015 жылдың көкте­мінен бері Түркияда Аккую АЭС-нің құры­лыс жүргізілуде.

Ендігі жерде «Росатом» ядролық отынның негізгі сатушысы бола отырып, Еуроодақ елдеріне де дендеп шықпақ. Алдағы уақытта Skoda компаниясымен бірлесе отырып, Чехиядағы инвестициялық құны 8 млрд. доллар тұратын Темелин АЭС-ның 3-4 энергоблоктарын салуға кіріспек.

Американдық Атом энергиясы институ­тының мәліметі бойынша, қазіргі кезде әлемнің әр түкпірінде 60 жуық ядролық реак­тор­лар салынып жатқан болса, соның 15-і Ресейдің үлесіне тиеді. 2030 жылға қарай Роса­томның жылдық табысы 50 млрд. доллар­ға жетеді деп болжануда.

 

«Ақшамның» анықтамасы

Атом электр стансасы (АЭС) дегеніміз — белгіленген режим және қолдану жағдайында энергия өндіру үшін жұмыс істейтін ядролық қондырғы. Бұл бағыттағы алғашқы жұмыстар, яғни ядролық реакцияны пайдалана отырып, электр энергиясын алу әрекеттері 1940 жылдары әлемнің бірнеше елдерінде басталған. 1948 жылы 3 қыр­күйек­те АҚШ-та Х-10 графтиттік реак­торында алынған қуатпен электр құрал­дарын зарядтаудың мүмкіндігі туды. Сол жылы И.Курчатовтың жетекшілігімен Кеңес Одағында атом реакциясынан энергия алып, оны практикалық мақсатта пайдала­ну ісі қолға алынып, келесі жылдың 29 тамызында дүние жүзінде тұңғыш рет атом бомбасы Семей жерінде сыналды. 1950 жылы Құрама Штат­тарда Арко қаласында EBR-І ядролық реакторы құрас­тырылды.

Кейінгі жетпіс жыл көлемінде АЭС даму­дың бірнеше сатысынан өтіп, әлдеқайда жетілдірілді. Бүгінде дүние жүзінің 31 елінде, жалпы қуаты 400 ГВт. мөлшеріндегі 458 ядролық реактор пайдаланылады. Олардың көпшілігі Еуропа мен Солтүстік Америка, Қиыр Шығыс Азия, бұрынғы КСРО елдерінде. Африка мен Австралия және Океанияда жоқ есебі.

 Ядролық физика мамандары АЭС-ті қазіргі замандағы электр энергиясын өндірудің бірден-бірі ұтымты да тиімді жолы санайды. Соған қарамастан атомдық реакторлардың ақаусыз, апатсыз жұмыс істеуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Міне қараңыз, әлемдегі АЭС-те орын алған апаттардың тізімі төмендегідей:

12 желтоқсан, 1952 жыл. Канададағы Онтарио штатында NRX АЭС-і апат.

5 қазан, 1966 жыл. АҚШ-тағы Мичиган штатындағы Ньюпорт қаласында «Энрико Ферми» АЭС-і апат.

17 қазан, 1969 жыл. Франциядағы «Сант-Лаурен» АЭС-і апатқа ұшырады.

20 наурыз, 1975 жыл. АҚШ-тағы Алабама шта­ты Декатур қаласында «Брауне Ферри» АЭС-і.

30 қараша, 1975 жыл. КСРО Сосновый бор қаласындағы Ленинград АЭС-і.

5 қаңтар, 1976 жыл. Чехословакиядағы Ясловске-Богунице қаласындағы «Богунице» АЭС-і.

22 ақпан, 1977 жыл. Тағы да сол АЭС-те.

31 желтоқсан, 1978 жыл. КСРО-дағы Сверд­ловск обл. Заречный қаласындағы Белоярск АЭС-і.

28 наурыз, 1979 жыл. АҚШ-тағы Харрисбург қаласындағы «Три-Майл Айленд» АЭС-і.

8 наурыз, 1981 жыл. Жапониядағы Фуки перфектурасындағы «Цугура» АЭС-і.

15 қазан, 1982 жыл. КСРО-дағы Медзамор қаласындағы Армян АЭС-і.

27 қаңтар, 1984 жыл. КСРО-дағы Энергодар қаласындағы Запорожье АЭС-і.

27 маусым, 1985 жыл. КСРО-дағы Балаковск АЭС-і.

26 сәуір, 1986 жылы. КСРО-дағы атышулы Чернобыль АЭС-дегі апат.

23 мамыр, 1986 жыл. Сонда.

19 тамыз, 1986 жыл. Сонда.

9 желтоқсан, 1986 жыл. АҚШ-тағы Верджиния штатының Сарри АЭС-дегі апат.

21 қаңтар, 1987 жыл. КСРО-дағы Сосно­вый бор қаласындағы Ленинград АЭС-і апат.

19 қазан, 1989 жыл. Испаниядағы Ванделлос қаласындағы «Ванделлос» АЭС-і апат.

11 наурыз, 2011 жыл. Жапониядағы «Фукусима-1» және «Фукусима-2» АЭС-дегі жер сілкінісі мен алапат толқынан болған жойқан апат.

 

«Сақ болсаң сақтаймын» демекші, АЭС салу мәселесінде асығыстыққа жол бермей, жеті өлшеп, бір кескен дұрыс.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *