Өзбекәлінің өнегесін көрген еді

Асыққан айлар, зымыраған күндерден тұра­тын уақыт шіркіннің қалай тез өтіп кет­кенін байқа­маймыз-ау. Осыдан барып «Өмір өткінші» деген  тәмсілді еске алмасқа ама­лың қалмайды да, «Өмірдің көбі кетіп, азы қалғанына» еріксіз мойынсұнасың. Енді, міне, сексеннің сеңгіріне қадам бастық. Қара орман ойдың көкесі енді көбейді. Ұлы Абай айтқан «Ой да көп, уайым да көп, ойлай бер­сең» деген шаққа келіппіз. Артқа қара­сақ біраз жылдар өтіп, бірталай тірліктер жаса­лыпты. Осы ретте, өткенді өзің түгелдеп,  кейін­гілерге өзің жазып қалдырғаның абзал іс екен-ау…

Мінеки, айналасын ақылымен ұйы­тып, береке-бірлікке шақыратын – Сыр өңірінің  тумасы Садықбек Хангелдин 1938 жылдың 12 сәуірінде  Қызылорда қала­сының іргесіндегі «Тереңсай» ауы­лында дүниеге келген. Ол және біз қазақ халқының өмірін кітаптан оқып, көнекөз  кісілерден естіп өстік. Өзіміз де бала кезімізде солардың шет жағасын, жоқ­шылық заманды көрдік. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жағдайына ес  білгелі қанықпыз.

Міне, осы ретте кеше ғана ортамызда жүрген, көпті көріп, үзеңгілес болған, адал перзент, елге танымал комсомол-пар­тия органдарының ардагері, ақын, Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Садықбек Хангелдиннің  кенет­тен өмірден озуы қабырғамызды қайыстырып, өмірімізді ойсыратып  кетті. Әркез «Айналаң іздеп, еңбегіңді лайықты бағалап жатса, адам үшін осыдан өткен бақыт жоқ» деуші еді жарықтық Садық­бек Молдашұлы.

2017 жылы 6 мамырда менің 75 жасқа келуіме орай Сәкең шашбауымды көте­ріп, өткен өмір белестерім жайлы «Қазақ» газетінде «Абыз» деген  көлемді мақала жазды. Менің мәртебемді асырып, өзі арнайы телефон шалып, «газеттің 4-5 нөмірін сақтап қойдым…» деп, алып кетуімді сұрады. Отбасымызбен мақала­ны оқып, қатты қуандық. Санаға сәуле түсіретін көркем сөздермен өрнектелген мақаладағы өз тағдырымды туып-өскен Сыр елі тарихымен байланыстыра ұлық­тағаны үшін Садықбек досыма ризашы­лық сезімімді білдіріп, «Қазақ» газетінің сол кездегі Бас редакторы Қоғабай Сәр­секеевке де басымды иіп, алғыс айтқан едім. Денсаулықтың кінәратынан (ауру­ханада жатқандықтан) Сәкеңе барып, сол сәтте қолын қыса алмағаныма қазір қатты өкінемін. Өйткені, «Ауру-сырқау аулақ жүрсін, Кеңесжан! Абызға айнал­ғаның құтты болсын!» деп, үлкендігін білдіріп, қимас достың берген соңғы бата сөзіне қалай қабырғаң қайыспасын!

Енді, міне, қайран пәк жүректі, досты­ғымыздың тірегі болған қасиетті Сәкең­нің аруағының алдында артында қалған рухани замандас, тағдырлас дос ретінде бақұлдасудың реті осылай келгеніне қайтып налымайсың. Осы ретте Сәкең­нің Сыр өңірінің ардақтылары мен жайсаңдары туралы жазған әр мақаласы өзінің де қазыналы қарт екенін дәлелдей түседі. Біздер – Садықбек Хангелдин, Абылай Айдосов, Мырзахан Рахметов, Адольф Пак, Әбдіжәлел Бәкіров, Өмір­зақ Жолымбетов және басқалар шынайы дос болдық. Бар сыр-мұңымызды бірге бөлісетін едік. Қуаныш-қайғымыз да ортақ болатын-ды.

Өткен ғасырдың 60—70 жылдары аудан­дық, қалалық, облыстық комсомол комитеттерінен бастап, Қазақстан Жас­тар одағының Орталық Комитеті мен респуб­ли­калық талай мекемелерде көп азамат­тармен бірге жоғары қызметтер атқар­дық. Сонда Садықбек адамға әрдайым жылы шыраймен қарайтын, қарапайым, кішіпейіл қазақи қалпынан бір айны­маған, біреуге дауыс көтеру мен жасаған жақсылығын бұлдауды білмейтін, мінезге бай, жүзінен иманы төгіліп тұратын, ақ жүректі азамат еді. Өзімен сөйлесіп, сыр­ласқан адамды Садықбек бірден баурап алатын.

Садықбек тың идеялардың көрігі еді. Бұл ретте, ол өте белсенді, жігерлі комсо­мол басшысы екенін сездіріп, жүктелген жұмыстарға жан-тәнімен беріле, билік назарын еркісіз аудара кесімді сөз айта ала­тын, әр істің шешімін таба білетін. Әрі оған орынсыз мақтану да жат болатын.

Ол Өзбекәлі Жәнібеков мектебінен шынығып шыққан, білікті қайраткер еді-ау. Бірде Мәскеудегі Жоғары партия мек­тебі тыңдаушыларымен болған кездесуде Ө.Жәнібеков «Садықбек және А.Пак деген жолдастарың саған сәлемімізді жеткіз деп еді. Екеуі де салмақты, қолда­рынан іс келетін, жұмыс бойынша менің жақсы көмекші-кеңесшілерім болды» деген еді. Қатарынан оза шыққан белсенді замандастары атына айтылған Қазақстан жастарының айбынды көсемі Ө.Жәнібе­ковтің мұндай жылы сөзіне қалай мақта­нып, шаттанбассың. Өздерімен сөйлесіп, Өзекеңнің берген сөздерін айтқанымда, олар да аппарат жиынында менің де ризашылық сәлемімді айтты. Жылы сөз адамға күш-қуат, жігер беретіні бар ғой.

Сондай абзал да дархан дос-аға енді арамызда жоқ. Біздерді айтып жүрсін деді ме, кенеттен дүние салып, орны толмай­тын өкініш пен қайғыда қалдырып кетті. Ендігі жұбаныш етеріміз – қайран аяулы жандардың кезінде айтқан тағылымды, зиялы сөздері, жазып қалдырған жан-сырлары мен естеліктері ғана. Оларды білмейтін жастардың жете­сіне жеткізу ғой. Қайран дос, қолынан келгенше адамдарға көмектескісі келіп тұратын. Талантты өнер адамдарына, жастарға жанашырлықпен қарайтын.

«Сыр елі — жыр елі» дегендей, Сәкең облыстағы әнші-жыршы байқауларын, ақындар айтысын ұйымдастыруға құлшы­на кірісетін. Оның көбіне алқа мүшесі ретінде қатысып, үлгі болатын шаралар­ды өзі жүргізетін. Жас талапкер әнші-күйшілер Әскербек Еңкебаев, Төлеу Қосанов, Тұрысжан Айнақұлов, Өтеген Райымбеков, Әбілаш Нысанбаев, Слам­бек Сқақов, Көпжасар Дәулетияров, Әбу­тәліп Салмановтар  жөнінде мақа­лалар жазып, туған өңірінде өнер өрісін өркендетудің айшықты өрнегін іздейтін.

1962 жылы Садықбек облыстық ком­сомол комитетіне қызметке шақырылды. Онда да өзінің жан-жақты білім иесі, ұйымдастырушылық  қарымы кең азамат, өнегелі өрен екендігін танытты. Сонда Сыр бойындағы көп жұмыс Садықбектің тікелей араласуымен өтетін. Сосын Қызылордада стадион салу, даңқты жерле­сіміз Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнатуды іске асыру бастамалары мен оған арнайы қор ашу, елде алғаш дүниеге келген «Сыр сұлуы» фольклорлық  ансам­блін құру, оны гастрольдік сапарларға шығару секілді жұмыстар өмірінің ай­шық­ты беттері еді. Сондай-ақ, Қазақстан ком­сомолының Орталық Комитетіне келгенде рухани жетекшісі, қамқоршы ұстазы Өзбекәлі Жәнібековтің ықпалы­мен республика жастарының жасампаз еңбегін насихаттау жолында да Садықбек келелі қызметтер атқарды. Шұбартау, Ерейментау, Теміртау, Кентау, Рудный қалалық комсомол ұйымдарының ізденіс­тері, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуа­ныш­баев, Кәмшат Дөненбаева, Жансұл­тан Демеев, Наталья Геллерт сияқты еңбек озаттарының жарқын істері бүкіл ел жастары арасында қызу қолдау тапса, оны насихаттау Қазақстан Жастар ода­ғының Орталық Комитетінде С.Хангелдин басқарған насихат және мәдени-көпшілік жұмыстары бөлімінің белсенділігінен бастау алатын. Одан қалды, еліміздің сол кездегі таңдаулы ұл-қыздары Серік Әбдірайымов, Бексұлтан Нұржекеев, Бейбіт Қойшыбаев, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалдарбек Най­ман­баев, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшім­баевтармен қоян-қолтық жүріп, еліміз­дегі жастар деңгейін көтеруге игі ықпал етті. Әрі С.Хангелдиннің өзі де көп жас­тың жолын ашты. Қазіргі ақиық ақындар Серік Тұрғынбеков, Шөмішбай Сариев, Иранбек Оразбаев, марқұм Жарасқан Әбдірашев, Адам Мекебайлар сол әдебиет мінбесінде Сәкеңнің қолы­нан жолдама алып, қамқорлық көрген болатын.

Қазақстан Комсомолы Ардагерлер кеңесін, республика жастар ұйымының мұра­жайын құрып, оның жас ұрпақ тәрбиесін жақсартудағы жұмысын жан­дан­дыруда да Садықбектің еңбегі аз емес. Сосын Ғани Мұратбаевтың Мәскеудегі зиратына ескерткіш орнатудағы тыным­сыз ісі де бөлек әңгіме. Бұл ретте Орта­лық партия комитеттегі қызмет Садық­бектің ой-өрісін одан әрі кеңейтіп, көзқа­расын шыңдады.

Садықбек Молдашұлы қай қызметте болса да белсенділігімен, іскерлік қабіле­тімен өз ортасында қадір-құрметке ие бола білді. Ол Қазақ КСР Жоғары Кеңе­сінің Құрмет Грамотасымен марапат­талған және төрт медальдің иегері. Сондай-ақ, ол Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі, 13 поэзиялық, публи­цистикалық  кітаптардың авторы. Сәкең өз шығармаларында  әдебиет пен өнердегі шығармашылығында өлеңмен ғана шектелмей, талай әңгіме, әдеби зерттеу, рецензиялар мен мақалалар жазды.

Демек, халқы барда оны өлді деп айтуға ауыз бармайды. Киелі әулет­тің, қара шаңырақтың ардақтысы, артында қалған аяулы жары Алтын мен өркен жайған ұл-қыздары, немерелері аман болып, оларға бір Алланың рақымы түсе берсін!

 

Кеңес қажы ШАЙМЕРДЕНОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері,

Қазақстанның мәдениет қайраткері.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close