ЗАРАТУШТРА – ҚОРҚЫТ АТА – АСАН ҚАЙҒЫ

Рахман АЛШАНОВ, «Тұран» университетінің  ректоры, э.ғ.д., профессор.

 

Дала  тарихында, түркі халықтарының жылнамасында  ғасырлар тереңінен ата-бабаларымыздың асыл құпияларын, шынайы сенімдері мен  ілімдерін  жеткізген ұлы тұлғалар ерекше орын алады. Эпикалық ертегілерде, мифтерде, аңыздарда асқан ұқыптылықпен  сақталып келген  ауызекі шығармалар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды.

Солардың бірі  –  көне тарихымыздан жеткен   Заратуштра  тұлғасы.  Ол  бізге  Жайық  өзені ретінде белгілі Рангхи жағалауында туған  және  оның көне түрік тайпаларынан шыққандығына  қалтқысыз сенім бар. Кейіннен Сырдария  мен  Әмудария  өзендерінің аралығындағы,  Арал теңізі ретінде идентифи­кацияланған  Ваурукаш теңізінің жағалауына қоныс аударғанда, ол даналардан  дәріс нәрін алып, құпиялар тылсымына  дендеп, ежелгі ақындар шығарма­шылығына үңіліп, өз өмірін кейінгі  ұрпаққа көнелерден жеткен  ұлы ілімді  жеткізуге арнады. Зороастрийлердің  киелі  мәтіндерінің жинағы  «Авестаның» мазмұнына негіз болды. Онда пехлевий сөзінің  айтылуындағы  «пазендское» ұғымы  «`pst`k» [aBastay] < [apastak деп оқылады, ал  оның көнеирандық прототипі –  «*upa-sta-ka-» («анықталған», «төселу», «негіздеу». Тоқболат Еңсегенұлы мен Сапар Оспановтың тұжырым­дауынша,  «Авеста» сөзі  –  бастау, «О  баста»  деген ұғымды  білдіреді.

Заратуштра өз түйесімен өзендер сағасындағы  көрші елдерді  – Ишкат пен Хорезмге дейінгі  жеті каршварларды  аралап жүріп, ақын Баири ахунның  дұғасы  – Байырғы ақынды айтып, тыңдаушы­ларына Аша Бахиштаның қасиетті  бағыштаулары мен  шынайы арнауларын  жеткізуге тырысты. Бұл туралы «Авестада»: «Ол мені Ахун Баиридің қуатты дұғасымен соққыға жығады… Ол мені Аша Бахиштаның дұғасымен балқытылған металл сияқты күйдіреді»  делінген. Қазақ қоға­мында дәстүр бойынша әдетте  дастархан басында – бағыштау дұғасы  оқылады.

Зороастризмді  зерттеушілерді  Зара­туштраның  атын  жіктеу ерекше қы­зықтырады.  С.Н.Со­коловтың айтуынша,  «Заратуштра ұғымының өзі  ирандық атау, оның екінші бөлігі – уштра –  түйе  деген ұғымды білдіреді. Ал  атау­дың алғашқы бөлігіне қатысты түрлі  тұжырымдағы  пікірлер бар: «сары», «ескі», «қуушы».

Демек, Заратуштра ша­мамен  «ескі түйенің  иесі» деген  ұғымды  біл­діреді, яғни қарапайым шар­уаның  аты, бұл есіммен  мифтік құр­меттелетін тұлғаны атау мүмкін емес еді». (Авес­таның орысша  аудармалары  (1861–1996, 1997).

Бұл күмән осы уақытқа дейін тарқаған жоқ. Егер «уштра» сөзі  парсыша «түйе» ұғы­мын білдірсе,  Zara O ustra – Зара т уштра   дегеніміз  бәлкім – «хабаршы», түйе мінген  дін адамы деген мағы­наны білдіруі мүмкін.

Қызылорда облы­сындағы  Қорқыт Ата  атындағы универ­ситеттің оқыту­шысы Болат Тоқжолов  атап өткендей, жергілікті тұрғындар  арасында, әсіресе түйе өсірушілерде  «түйе зарлайды»  деген түсінік бар. Мұның мәнісі мынада: қандай да бір сапарға  шығар, барар   кезде  уақытша ботасын  бозін­геннен  бөліп, алыстатады, сол кезде қозысынан айырылып маңы­раған қой сияқты  түйе де боздап, зарлайды, жы­лайды. Осы тұрғыдан сипаттағанда,  Зара­­туштра сөзін бы­лайша  талдауға болады: зара – аңсау, зарлау, жылау; уштра – түйе.

Және, әлбетте, бұл үнемі зар айтушы, гимн айтушы, «құрбандық  шалу» үшін  от дайындай жүріп,  «киелі әндер» орындайтын мағыналық, бейнелі ұғым беретін адамның есімі (сонда, 151-б),  «бірінші… «Ахуна-Варья» дұға­ларының сөздерін  «дауыстап та, әндетіп те  естіртетін» (сонда, 152-б), «өлеңдер арасына  үзіліс жасай отырып, төрт рет, әр айтқан сайын  қатты дауыстап  әндететін» (сонда, 149 б.) адамның есімі – Заратуштра.

Заратуштра  синонимінің жұмбағын шешуге ұмтылғандардың бәрі оның тек  екінші бөлігін ғана аударған, ал бірінші буын-бөлігі түсініксіз және «жансыз» авестий тіліне жатқызылды. Бірақ ол Қызылорда, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарының түйеші қазақтарында  сақталып  қалған. Бұл  тек  «Авестаның»  бірнеше рет қайта жазылғанын растайды, ал осы уақытқа дейін атауына байланысты  жұмбағының шешілмей келе жатқаны  Фирдоуси  мәтіндері   мен басқа да пайым-тұжырымдардың екінші рет  қайта жазылғандығын  көрсетсе керек. Махмұд Қашқари атап өткендей, «оғыздар парсылармен араласып, көптеген түрік сөздерін ұмытып, оларды парсы тілімен алмастырған» (М.К.Диван Луга ат-Түрік).

Заратуштра ежелгі тұрандар мен қазіргі қазақтарда сақталған автохондық, жергілікті есім.

Заратуштра атының ең ықтимал түсіндірмесі – «Зар айтушы» болуы мүмкін. Оның мән-мағынасы: «ботасын аңсаған бозінгеннің уайым-зарын, қайғысын елестететіндей  ерекше әдіспен  жырлайтын  адам». Бұл жалпы зат есім. Тәржіма­лаушылар, кейінгі кезеңнің жылнамашылары  пайғамбардың үнемі түйе мініп, барлық жеті  елді аралап жүретініне сүйеніп,  айтушының атының екінші  буын-бөлігін уштраға – түйеге  трансформациялаған.

Бәлкім,  ел  арасында,  Заратуштра «түйе мініп, Ахун Баиридің (байырғы ахун, ақын, ежелгі жыршылар) зарлы дұғаларын  айтатын  адам» деген ұғым қалыптасқан болар.  Парсы нұсқа­сын­дағы алғашқы  «уштрамен  Зар айтушы»  ұғымы  кейін  түркі-парсылық «Заратуштра» ұғымына  кірігіп кетуі де ықтимал. Орын­даушының мұң-зарына, уайымына келсек,  ол  заман­дастарының  төл тарихын құрмет­темейтініне, білім мен ілімге талаптанбайтынына  қапалы болса керек. Сол себепті де болар, ол  белгілі бір музыкалық аспапта ойнап, алғашқы базарларда, керуен-сарайларда көне тарихтан сыр  ақтарып, уайым-қайғыға беріле, сол тарихи оқиғаларды табандылықпен   жырлаған.

Авестада берілетін мәліметтер 5-6 мың жыл бұрынғы (арьилар Ворукаша  теңізінде 4,5 мың жыл бұрын пайда болды. А.Клесов) және одан да әрі көп бұрынғы кезеңдерге жатады. Ал Заратуштра  кем дегенде 3,0 мыңжылдықта кейінірек өмір сүрді. Ол өзінің өлеңдерінде, дұға сипатында бұрыннан сақталған, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін эпикалық аңыздарға айналған мәліметтерді қайталай берген. Оған дейін де  сол Баири-ахундардың  – ақындар мен жыршылардың кем дегенде 100 ұрпағы болуы әбден мүмкін.

Бәлкім, Баири ахун ежелгі жыршылардың жалпылама аты  немесе  нақты тарихи кейіпкер – Баири  ақынның  нақты  аты шығар.  Қазақтарда қазір де «Байыр»  деген  адам аты   кездеседі. Заратуштра – сол  Байыри ахуннан  бірте-бірте ежелгі, байырғы Ақынға трансформа­цияланған  Байыр ақынның әндерін  халыққа жеткізуші.

Ахун Баири – Ақын Баирдың  түсініксіз, ашылмаған сырының кесірінен  бұл таза түркі  ұғымы  осы уақытқа дейін көлеңкеде қалып келеді. Яғни  дұғаларын Заратуштра  таратуға тырысқан Баири Ахун атты  кейіпкер, нақты тұлға өмір сүрген деп сеніммен айтуға болады.

Заратуштраны   Жаратушы  (Жасаған Ие)  деп қабылдау   туралы  С.Оспанов ұсынған тұжырым тым асыра теңестірілген деп ойлаймыз. «Авеста» мәтініне үңіліп көрелікші: «Менің жаратқан­дарымды жоюшы болма, әділ Заратуштра! Сен (өйткені) Порушас­палардың  ұлысың, сен анадан (пенде) туғансың» (Авеста, 121 б.). Егер  «аспа» дегеніміз   жылқы, ат болса, Поруш  деген  бәлкім Беріш болар, ал «Поруш аспа»  дегені  – ат үстіндегі адам.

Мүмкін әрбір далалық шабандоз  бол­ғандықтан  ол  «Аттили (аттылы) – аспа», яғни  «ат үстіндегі адам», «Аттила» (Аттылы) деп аталған  шығар. «Аспа»  префиксі жал­ғанатын  Порушаспа, Кэрисаспа, Арватаспа, Виштаспа, Арджатаспа сияқты тағы басқа да барлық атаулар дала­лықтардың, тұран­дықтардың еншісіндегі – Беріш аспа, Керіс аспа (кәрі жылқы), Арбат аспа (тартқыш жылқы), Үшт аспа, Арижат аспа секілді  атаулар болуы әбден мүмкін. Олай болса, көршілес жатқан  жеті карш­варлар жеріне  Зара­туштраның немен, қалай саяхат жасағанын  анықтап алғанымыз жөн.

Ол түйеге мініп, барлық жеті каршвар­ларды аралаған  абыз: «киелі ступка, қасиетті тостаған, хаома және Мазда аманаттаған сөздер – менің бұлтартпас  қаруым». «Авес­таның» мәтінінде Жара­тушының Ахура-Мазда екендігі тікелей айтылған: «Зара­туштра Ахура-Маздадан: Киелі рух, тіршілікті  Жаратушы, маған айтыңызшы, көктегі Құдайлардың қайсысы Күшті? –  деп сұрады».

У.Шалекенов бұл жөнінде басқа тұжы­рымдама  ұсынады. Ол «Заратуштра» атауы  «Зор – от – ұстаушы»  ұғымын білдіруі  мүм­кін деген пікір  айтады. Демек, пайғамбар отқа табынған,  сондықтан да от оның  дінінің негізі болды». Заратуштра атына байланысты  нақты  нұсқа осы уақытқа дейін әзірге айқындалған жоқ.

Ежелгі эпостардың  жыршылары – байыр­ғы ақындардың, жыраулардың  дәстүрлері  Қорқыт ата, Асан қайғы және басқа да жыршы-жыраулар  кезінде де сақталды. Әншілердің, ақындардың, жыраулардың түйе мініп, жүріп-тұруы, ел аралауы  дала халық­тарының  дәстүрлерінде  бар. Қорқыт – аты аңызға айналған түркі ақыны, әрі  әнші, әрі  композитор, VІІІ-ІX ғасырларда Жанкентте, Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы аумақта тұрған. Оның әкесі Қарақожа оғыз тайпасының  Қай (Қайыспас) руынан шыққан, анасы – қыпшақ руынан. Ол қобыз аспабын  жасаушы, ақын, жыршы, ақындар мен сазгерлердің  қамқоршысы, бір  өркешті  түйесі – Желмаясымен  кең байтақ  дала кеңістігін аралап, қобызымен жыр төкті, жырау ғана емес, сонымен қатар кеңесші де, тәлімгер  де, дәстүрді сақтаушы  да  болды. Рашид ад Диннің  «Жамиғи ат Тарих»  атты  тарихи жылна­масында  Қорқыттың  оныншы  ғасырда дүниеге келгені айтылса,  Әбілғазының  «Түрік шежіресінде»  Қорқыттың 95 жасқа дейін өмір сүргені баяндалады.

Оның шығармалары «Қорқыт баба кітабы» деген атаумен  әзербайжан және түркімен тілде­рінде  екі нұсқада сақталған: ( Kіtabі Dәdә Qorqud –азерб.); (Gorkut-ata kіtaby – түркм.). Кейінірек Дрездендік  қолжазбасының толық атауы  – «Кита­би дедем Коркуд ала лисани таифеи огу­зан»  («Менің бабам Қорқыттың  оғыз тайпасы тіліндегі кітабы) деп аталды. Ол — кезінде  қыпшақтардың қысымымен Орталық Азиядағы Тұран даласының  жазықтарынан   Каспий теңізінің жағалауына, Ал­дыңғы Азияға кеткен түркі тайпаларының тобы – оғыздардың батырлық эпосы.

Жирмунский  «Қорқыт кітабының»  әңгімелерін  Орта Азия мен Анатолияда сақталған басқа да ауызша және жазбаша, аңызға айналған және тарихи дереккөздермен салыстыра отырып, оғыз жырлары ІX-X ғасырларда Сырдариядағы  оғыздардың  ежелгі  тұрақтарында батырлық әндер түрінде пайда болып, олардың ауызша  дәстүр­лерімен таралған және одан әрі Алдыңғы Азияда өңделіп, жаңа батырлармен, жырлармен толық­тырылды деген қорытындыға келеді. (Wіkіpedіa). Алма Қыраубаеваның тұжыры­мынша,  «Қорқыт шығармашылығынан  Зара­туштраның  дүниета­нымдық ықпалы айқын көрінеді» («Қазақ мифологиясы және Авеста» – А.Қ.).

Кейінірек осы дәстүрлерді  XV ғасырдың соңында – 1460 жылдары өмір сүрген Асан қайғы жалғастырды. Ол өз заманының  арқалы  әншісі — жырауы  болды.

Асан қайғы тарихи тұлға болғанымен, оның есімі  халық жадында аңыздық, ертегілік-мифологиялық қасиеттерімен жатталып қалды.

Асан қайғы туралы аңыздардың ішінде  халық арасында көп тарағаны –  оның   Желмаясын мініп, мол жайылымдары мен өзен-сулары, жанға жайлы ауасы, көптеген аңдары  мен балықтары  бар, адамдар  уайым-қайғысыз және  мұқтажсыз өмір сүретін, бір-бірімен жауласпайтын,  басқыншылық жасамайтын жер жаннаты  Жерұйықты  іздегені  туралы аңыз. Өзінің желмен жарысқан жүйрік түйесі – Желмаясымен  төрткүл дүниені түгел аралаған ол Жерұйықты таба алмайды. Бұл әлеумет­тік-утопиялық аңыз ХV ғасырдың орта­сындағы нақты тарихи жағдайды көрсетсе керек. Сол  кезеңде Алтын Орда мен Ақ Орда ыдыра­ғаннан кейін күшейген наразылықтан қазақ рулары мен тайпаларының Шығыс Дешті-Қыпшақтан Батыс Жетісуға жаппай қоныс аудара бастаған заман еді.

Заратуштра, Қорқыт Ата, Асан қайғы  – үшеуіне де түркілік жыршылар шығар­маларындағы ұқсастық тән. Олар жүйрік те жылдам Желмаяларына мініп алып, географиялық жағынан алғанда түркі әлеміне ортақ кеңістікті аралап жүреді. Үшеуі де  өз зама­нының жыршысы, ақыны, жырауы,  нағыз титандары болды.

Түркі  эпосы  дәстүрлерін зерттеуші Бонн уни­верситетінің профессоры Карл Райхлдың  тұжы­рым­дауынша,  ауызша эпос­тың орындаушысы әдетте қа­зақша – ақын, өзбекше –  шайыр, бақши, татарша  –  шешен, башқұртша  – сесен, түрікше және  әзербайжанша  –  ашық, сөз шайыры деп аталады.

Қалыптасқан осындай өзіндік әншілік мектептер айтушы өнерін  бірінен екін­шісіне жеткізіп,  бұл  дәстүрдің  ғасырлар бойы сақталуын қамтамасыз етті. Орын­даушылық шеберлік ерекше өнер  түрі ретінде  бағаланды.  Кейбір жыршылар  белгілі  бір  батырлар эпосын  жеті, он жеті, жетпіс түн бойы  қатарынан  жырлап шығатын  болған.

Жыршылар үшін тыңдаушыларына  орасан зор  тарихи деректердің  шынайы берілуін сақтау  маңызды еді. Заратуштра, Қорқыт Ата, Асан қайғы – энцикло­педиялық білімнің адамдары болды және олар титандық жұмысты орындады. Олардың  жанқиярлық еңбегі мен   жоғары жауапкершілігі  бізге талай мыңжыл­дықтардың бірегей фактілерін жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінгі  ұрпақ олардың алдында бас иіп, тағзым етуі тиіс және олардың өшпес рухани ерлігін әрдайым есте сақтауы  керек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *