Заманын жеңген үш арыс

Жуырда көрнекті ақын, драматург, жазушы, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай Ұлттық кітапханада өткен әдеби кеш пен Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бастамасымен жарық көрген «Үш арыс» кітап-альбомының тұсаукесер салтанатынан көп нәрсе түйдік.

89 жастағы Саят Ілиясұлы әкеге арналған жоқтау, Болат бауырына деген сағынышқа толы өлеңдерін оқырманға тарту етті. Ақсақалдың осы жастағы толғанысы ішкі мұңын жеңілдеткендей көрінді бізге.

Заңғар  жазушымыз  Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовтің «Заманын жеңген» деген сөзі жанымның түкпіріндегі түйіннің шешіміне жол ашты.  Бәрі бір контексте келе жатқанына еш күмән жоқ, әйтсе де,  үш шоқты бір тақырыптың астына жасырып қою сыйымсыз болар еді. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэма-эпопеясы ұлттық  сананың көрінісі. Бейімбет Майлин шығармалары әлі зерттеулерді қажет ететін, ашылмай жатқан заман желісі. Сәкен Сейфуллиннің «Ақан серісі» ұлттың сынға ұшыраған кезде, Ілияс Жансүгіровтің туындылары ақтау ретінде жазылуға мұрындық болған шығармалар екендігін бүгінгі жұртшылық біле бермейтіндігін Мұрат Әуезов атап өтті.

Ұлттық кітапхананың Көркем әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанар Алпысбайқызының: «Гүлжан Қажымұратқызы, сіз жетектеп жүрген шәкірттеріңізден құралған керемет шығармашылық топ  барын  білеміз, сол топты тағы көргіміз келеді», – деген бір ауыз лебізін іліп әкеткен Мөлдір Аубел, Роза Мергенбаева, Дина Мақсотова, Мадияр Бабахан, Аслан Бағлан, Нұрсұлтан Байдәулетов, Фариза Бектұрова, Эльнара Сағынбекова, Айсәуле Кенгашева, Диана Бәкір сынды студенттеріміздің «Үш арыс» туындыларынан тарту сыйлағаны көпшілікті қуантты.

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының өкілі Асқар Тұрғанбаев осы кештің тізгінін ұстай отырып, «Үш арыс» кітап-альбомының суретшілер қауымын марапаттады. Әлемдік деңгейдегі қоржынымызды толтырған осы бір құнды кітаптың жарық көруіне қомақты қаражат бөлген Сәкен Сейфуллин немересі Сәкен Сейфуллиннің еңбегін ерекше атап өтті.

Студенттер үшін бұл рухани кеш «Академиялық хат» пәнінің  ғылыми зерттеулері тұсына сай келгендігі қуантты, сондай-ақ, ғылымға қалам тартқан студенттер үшін таптырмайтын  ізденіс жолы болмақ.

                                            Гүлжан ТӨЛЕКОВА,

                                          «Тұран» университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *