ЗАҢСЫЗ САЛСАҢ, ҚАМСЫЗ ҚАЛАСЫҢ
Арнайы комиссия қалада тұрғын үйлерге жапсарлас салынған 146 ірі құрылымдардың бар екендігін анықтады. Олардың қаншасы заңсыз екені әзірге нақтылану үстінде
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінде өрт қаупі бар кезеңнің, суға шомылу маусымының басталуы және жапсарлас салынған нысандар мәселесі бойынша брифинг болып өтті. Онда соңғы кезде қалада болған ірі өрт оқиғаларына қатысты жасалған сараптама қорытындысы жария етілді.
«Алматыда сауда ойын-сауық кешендерінде және жапсарлас құрылыстарда болған өрт оқиғаларына сараптама жасалды. Соның нәтижесінде бұл нысандардың көбісі жоба-сметалық құжаттамасыз және басқа да рұқсат құжаттарынсыз салынғаны белгілі болды. Жанғыш құрылымдар өрттің тез тарауына мүмкіндік береді. Оның үстіне, бұл мекемелердің күзетшілері өртті алдымен 20-30 минут бойы өздері сөндіруге тырысқан. Өрт күшіне әбден мініп, үлкен аумаққа таралғанда барып, өрт сөндірушілерді шақырған немесе тіпті оларды кездейсоқ көріп қалғандар шақырып отырған. Міне осы себептен тілсіз жауды жою үшін жеке құрам мүшелері мен арнайы техникаларды көптеп жұмылдыруға тура келеді. Егер де күзетшілер өрт сөндіру қызметін дер кезінде шақырғанда өрт мұншалықты үлкен аумаққа тарап, залал келтірмес еді, — деді Алматы қалалық ТЖД техникалық мөлшерлеу бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Родриго Розенбергс.
Айта кетелік, қазір Алматыда тұрғын үйлерге жапсарлас салынған үй-жайларға тексеру жүргізіліп, есепке алынып жатыр.
«Ақшам-Ақпарат».