Заң консультанттар палатасы әділ сайлауды қолдайды

Еліміз қазір өз дамуының кезекті бір белесінде тұр. Бұл белес еліміздің саяси өміріндегі ең маңызды науқан – Қазақстан Республикасының Президентін сайлау. Осыған орай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның  сақталып, заңнан ауытқушылыққа жол бермеу – ең басты міндет. Бұған байланысты елімізде «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі  жұмыс істеп жатқаны баршаға мәлім. 

Жалпы, бұл бірлестікті құру – бүгінгі күн талабынан туындап отыр. Бірлестіктің мақсаты біреу – ол алдағы саяси нау­қанның әділетті өтуіне ықпал жасау, көмектесу. Ал енді аталмыш «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестіктің ұстанып отырған бағытын Алматы қаласының  заң консуль­танттар палатасы да қолдайды.

Негізінен, қазір «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлес­тігіне Қазақстан бойынша 3 мыңға жуық адам кіріп отыр.  Оның басым бөлігі жас­тар. Жас заңгерлердің осы процеске қаты­суға ниет танытуының өзі қуантар­лық жайт.

Ал енді біздің ұстанып отырған жалпы бағытымыз туралы айтар болсақ, біз сай­лау процесі бойынша және  заңсыз іс-қимылдарға шағым түсіруге қатысты тү­сінік береміз. Сайлау науқанына қатыс­ты кез-келген адамға қойылған сауал бойын­ша кеңес бере аламыз. Бізге канди­даттар­дың өздері де келіп, кеңес алуына болады.

Абзалында, халық егер мағлұматы  аз болса, заңдарды дұрыс түсінбейтін болса, онда сайлау да дұрыс өтпеуі мүмкін. Бір­еулер алдап, біреулер біреуге барып «сен дауыс бер» немесе «дауыс жинау үшін хаттама жаса» дегенді қолдануы да мүм­кін. Міне, біз заңгерлер осындай ке­лең­сіздіктердің алдын алу үшін халықпен етене жұмыс істеуді мақсат тұтып отырмыз.

Осы орайда айта кетер болсақ,  «Заң­герлер әділ сайлау үшін» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігіне тек соңғы күндердің өзінде ғана сайлауға қатысты 300-ден аса сұрақ келіп түскен. Сай­лаушылар әсіресе байқаушылардың жұмысы, дебаттардың өту тәртібі сияқты жайттар мен «заңсыз­дықтарға жол беріле қалған жағдайда қайда хабарласу қажет?» деген сауалдарға жауап іздейді. Әрине, бұл – қалыпты құбылыс. Елдің әрбір азаматы өзінің құқығын жақсы білген жағдайда сайлау конституциялық талаптарға сай жоғары деңгейде өтеді. Біз, Алматы қаласының заң консультанттар палатасы да мұндайда жұртшылыққа құқықтық кеңес беруге дайынбыз. Біздің негізгі мақсатымыз – Конституцияның норма­ларын, Конститу­циялық заңның норма­ларын халыққа, яғни сайлаушыларға түсіндіру. Іс жүзінде кеңес беру. Біз ешкімнің шашбауын көтермейміз. Саясатқа араласпаймыз. Біз бейтараппыз. Бірақ негізгі мақсатымыз – сайлау­шылардың құқығын қорғау.

Жалпы,  сайлау науқаны кезінде заң бұзушылыққа себеп болуы мүмкін деген «нәзік қылдарды» тауып, айқындап және оларды болдырмау үшін жедел іс-әрекет жасалуы тиіс.   Кейде осындай сындарлы сәтте құқықтық тәрбие беріп, заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізудің орнына, олар заңдардың маңызы мен оны қолдану тәжірибесінің мәнін қасақана бұрмалап түсіндіретін топтар да болады.  Қынжы­ларлығы, құқықтық кеңістіктегі «зиян тигізбе» қағидаты бойынша заң норма­ларын қолданудың әр түрлі қиыншы­лықтарынан шығу жолын қарастырудың орнына олар халықтың, соның ішінде жастардың құқық қорғау органдарына қарсы тұруларын ашық түрде қолдай отырып, азаматтардың заңға қарсы іс-қылықтарын жігерлендіріп отырады.

Абзалында, Конституция мен «Сайлау туралы» Заң Қазақстан азаматтарына тең дауыс беру құқығын қамтамасыз етеді. Бұған мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, бақылаушылар және т.б. бақылау жасайды.

Сонымен бірге, Әкімшілік құқық­бұзушылық кодексінің нормалары бар.

Мысалы, заңгерлерге жиі қойылатын сауалдардың бірі – «Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік органдардың, ұйымдардың мемлекеттік тапсырысы (демеу­қаржы) бар болса, онда бұл жағдай насихаттау кезінде бір ғана кандидатты қамтуға артықшылық бере ме» деген сауал.

Бұған байланысты  112-бапты тарқатар болсақ:

  1. Бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау алдындағы іс-шаралардың мақ­саттарын, міндеттері мен нәтижелерін бұрмалаудан көрінетін, кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын, сондай-ақ, олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді объективті көрсетпеуі – жеке тұлғаларға – жиырма, заңды тұл­ғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  2. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақыты бойынша бірдей көлемде тарату туралы талаптарды бұзуы – жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  3. Бұқаралық ақпарат құралының кандидаттардың біріне, партиялық тізімді ұсынған саяси партияға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беруден бас тартуы, егер басқа кандидатқа, партиялық тізімді ұсынған саяси партияға осы бұқаралық ақпарат құралы эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беруге келісім берілсе, лауазымды адамдарға – отыз, заң­ды тұлғаларға елу айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  4. Кандидаттардың және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарында жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен немесе өтініштер бір мезгілде келіп түскен жағдайда, жеребе бойынша белгіленген сөз сөйлеу кезектілігінің бұзылуы – лауа­зымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  5. Кандидаттарға және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру туралы шарт талаптармен қандай да бір кандидатқа, партиялық тізімді ұсынған саяси партияға артықшылық туғызу – лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Міне, нақты осы заңдарды білме­гендіктен де, кейде БАҚ өкілдері біздің алдымызға кеңес сұрап келіп жатады.

Бұдан соң «Елдегі ЖОО студенттерін немесе мемлекеттік қызметшілерді сай­лауға қол жинау жұмысына және т.б. қа­тысуға мәжбүр ететіндігіне қоғам назарын аударуға тырысады (мысалы, студенттер мен мемлекеттік қызметкер­лерді оқу орны немесе мекеме басшылығы бақылайды). Бұл заңды ма, мұндай жағдайларда мемлекеттік қызметшілер не істеу керек?» деген сауалдар да жиі қойылады.

Бұған қатысты айтар болсақ, Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын бұзатын кез-келген мәжбүрлеу, қысым, зорлық-зомбылық және басқа да әрекеттер әкімшілік және қылмыстық әрекеттерге жатады және Қазақстан Республикасы­ның Конституциясы мен заңдарымен тыйым салынған. Азаматтар істерді қарау нәтижелері туралы, сондай-ақ, жұмыс берушіге оларды тәртіптік жауапкер­шілікке тарту туралы жеке қаулылар шығаратын ҚР әкімшілік соттарына жүгіне алады. Азаматтар ҚР заңдарын нақты және біркелкі қолданылуын бақылайтын прокуратура органдарымен байланыса алады. ОСК және басқа да заңды мекемелерге жүгіне алады. Сон­дықтан бұл арада халықты сайлауға мәж­бүрлеп апарды деген мәселе көтерілмеуі керек. Біз зайырлы мемлекет болған­дықтан, әзірге елімізде мұндайға жол берілген де жоқ. Егер қандай да бір азамат сайлау барысында заңсыз әрекеттерге тап болса,  аудандық, аумақтық немесе орталық сайлау комиссияларына және заңгерлерге  жүгінуге болады.

Біздер, заңгерлер, осы бір тарихи жауапты сәтте сайлау науқанының барлық қатысушыларын қолданыстағы заң актілерін сөзсіз сақтауға, ал қандайда бір дау-жанжал туындап жатса, оларды заң жолымен шешуге болатындығын ашып айтқымыз келеді.

Кәсіби заңгер­лер палатасы ретінде біз өз әріптес­терімізді заңгерлердің жоғары парызына лайықты болуға,   құқықтық жүйені ба­рын­ша нығайтуға үлес қосуға шақыра­тынымызды айтқым келеді. Дәрігерлерде бұлжымас бір қағи­да бар, ол – адам ден­саулығына ешқашан зиян келтірмеу. Біздер, заңгер­лер қоғамға зиян келтірмеу қағидасын ұстанамыз. Қоғамның болаша­ғын ойлау­да, қоғам заңын одан әрі жетілдіруде жауапкершілік қажет. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Президентін сайлау қолданыстағы Конс­титуцияға және сайлау заңнамаларына сәйкес өткізілген жағдайда бұл еліміздің ұзақ мерзімді, жүйелі және жан-жақты демократиялық дамуының басты көрінісі болатындығына біз толық сенеміз.

 

Бауыржан МАҚҰЛБАЕВ,

Алматы қаласының заң консультанттар 

палатасының төрағасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *