ӘЗӘЗІЛДІҢ ОРАЛУЫ

  • Қала хикаялары

4567Бостандық дәмін қайта сезінген Владимир Бандураның жолы болмай-ақ қойды.  Осыдан бір ай бұрын түрме торынан телмірген ол «бостандыққа оралсам ғой, шір­кін…» деп қиялдаған. Ал бүгін керісінше, өзі туған қалада қадамы қысқарып қалған сияқты.

Кезінде осы қалада жалаңаяқ желмен жарыс­қан баланың бүгінгі бейне­сіне күдікпен қарайтындар көбей­ген.  Өзін тежемесе, бұл қалада келеңсіздіктер сәт сайын алдын орайтынын іші сезеді.  Ол аздай, үш жылғы «үзілістен» соң өзінің туған баласы мұны танымай қалғаны жанына қатты батты.  Жұбайымен екі сағаттан астам әңгімелесу – екеуінің ажырас­уына апарып соқты. Бұл түрмеден келгенше өзіне ашына тауып алған әйелі Влади­мирге есік ашуға ниеттенбеді. Тек жасаған «қамқорлығы» – екі бөлмелі пәтерді бөліске салмай-ақ, Бандураға қалдырған. Ызаға булыққанымен, Бандура бәрін іштен тына тыңдады. Көше бойынан ұшырасқан таныс жандар өтірік бас шұлғып амандасқан қалып танытқанымен, мұнымен байланысқысы келмегендері байқалды.  Қайғы қамаған Бандура басы ауған жаққа жүре берді. Ащы суды  тоқтамастан сімірген ол көпке дейін бас көтермеді. Аптадан астам араққа бас қойған оны жұбатқан да ешкім болмады. Көп ұзамай өзегін аштық жалай бастағанын сезген соң орнынан мыж-мыж болып тұрып, сыртқа беттеген. Көлденең табыс тауып күн көруге ойы кеткенімен, арақтан қол үзе алмасын сезді. Күнде кешкілік бір жартыны құшақтап  келмесе, көңілі көншімейтін. Сырласар  ешкім болмағандықтан, еріксіз оңаша қапаланатын. Алайда, екі-үш стақан арақтан соң қайғыны ұмытып, жаңа өмір бастасам деген тәтті арман санасын қытықтай бастайтын.

Қаланың қарбаласқан тірлігі саябырсып, қазанның қара суығы араласқан қараңғылық айналаны қымтай  бастаған. Алдына оншақты қойын салып, артта қалған итін ысқыра шақырған малшы атын сипай қамшылап,  қала сыртындағы ауылға аяңдаған. Кенет артта шауып келе жатқан иті әлденеге қарап, арсылдай жөнелді. Мұрнының астынан бұрқылдап боқтап жіберген  ол ит жүгіріп кеткен жаққа ат басын бұрды. Қызығушылығы еріксіз аттан түсірген шопан қалың шөптің арасын ашып қарай берген. Қырау көмген шөптің арасында әйел адамның  жартылай жалаңаш мәйіті жатты.  Қатты сасқан шопан кері шегініп кетті.

Көп ұзамай оқиға орнына жедел топ пен сарапшылар келіп жеткенше айналаны қараңғылық қамап алған еді. Қараңғылықтың төсін тіле жарқыраған шамдар мен прожекторлардың қуатына қарамастан, оқиға орнында мардымды жұмыс жүре  қоймады.  Ешбір айғақ зат көзге шалынбады. Мәйітті әлдекім азаптап, кеудесіне пышақ сұғып, қинап өлтіргені анықталды. Сол күні түстен кейін түскен жұқалтаң қар қылмыс ізін жасырып қалған. Сарапшылардың қолға іліктірер ешбір мәліметі болмағандықтан, өлімді тудырған екі себеп ерекше қарастырылды. Оның бірі – өлім алдын ала жоспарланған, екіншісі – кісі өлтіруші мен жәбірленуші арасында дау болған. Себебі, мәйіттің қанын тексеру барысында алкогольді ішімдік пайдаланғаны анықталды. Мәйіттің қалтасынан ешқандай құжат немесе әйелдердің опа-далаптары табылмауы қылмыскердің мұны әлдебір жерде өлтіріп, осында әкеліп тастауы мүмкін деген жорамалды алға шығарды. Қан ізін жасырып, мәйітті көктен тастағандай әсер қалдыра білген қылмыскердің бұрын да түрме ботқасын жеген жан екені айғақталғандай.

Өлтірілген әйелдің дерегіне келгенде қиындық туды. Белгісіз әйелдің жоғалғаны туралы  бірде-бір арыз жазылмаған. Ал өлім себебін зерттеу кезінде із кесушілерді оқиға орнында табылған мүшеқаптың (презерватив) бір қорабы күмәнді ойға жетелей түсті. Бір қызығы, бұл затты  қылмыскер пайдалануға асықпаған. Өйткені, ол сол бүтін қалпында қалған. Із кесушілердің санасынан осы бір жыныстық қатынастың құралы  марқұм әйелге тиесілі болған  шығар деген ой сызылып тасталмады. Мүшеқаптың түр-түрін өздерімен бірге жеңіл  жүрісті әйелдер алып жүретінін ескерсек, бұл – көне кәсіптің иелері арасындағы ақша дауына қатысты өлім болуы мүмкін деген болжамды алға тартты.

Келесі күні аулалық шолу ешбір мардымды нәтиже бермеген соң, бұл көше кезбелері арасындағы кісі өлімі екеніне шүбәсіз сендіре бастаған. Қатарынан бірнеше күн бойы құқық қорғаушылар қаладағы ең үлкен Сейфуллин  даңғылы бойын  шарлап шықты. Мұнымен қатар жалдамалы тәуліктік пәтерлер мен қонақүйлер дерлік тексерілгенімен, бәрібір іс нәтижесіз қалды. Өлтірілген әйелді жезөкшелер де, жеңгетайлар да жыға тани алмады. Көше «тұрғындары» әлдебіреудің өлтірілуі немесе зорланғаны туралы ешбір хабар естімегендерін айтып бақты. Қылмысты іс кезекті «мылқау» өлімнің қатарына енді. Өйткені, мәйіттің табылғанына екі аптадан аса уақыт өтіп кетті.

Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлерінің иығына қосымша тағы бір зілбатпан жүк түсті. Бұл жолы қабатынан жантүршіктірер қос өлім тіркелді. Үйіне қонақтан кештете оралған ана азаппен өлтірілген 8 және 10 жастағы қыздарының мәйітінің үстінен түскен. Жедел топ сарапшылары түсірілген бейнекөріністі көргенде төбе құйқаң шымырлайды. Үйдің кең бөлмесі ортасындағы еден үстінде  шалқасынан жатқан 8 жасар қыздың тамағы орылған. Жанында қою қара қан қатқан. Оператор ақырын бейнетүсіру арқылы келесі бөлмеге өтті. Келесі бөлмеде  азаппен жаны қиылған 10 жастағы сүйкімді қыздың мәйіті жатты. Осы бір сұмдық көріністен байқағанымыз, үйден көзге түсер елеулі ештеңе де жоғалмаған тәрізді. Үй жиһаздары мен заттар жинақы. Соған қарағанда, қауіпті қылмыскер қасақана кісі өлтіру мақсатында  үйге енгені анық. Қыз балалар оны бұрыннан тануы ықтимал. Себебі, есікті еркін ашуы, қылмыскер бұрыннан келіп-кетіп жүрген жан болуы мүмкін деген жорамал жолды кесе берді. Сарапшылар жылдам үй жиһаздары мен есік тұтқаларында қалған саусақ іздері мен күмәнді заттарды тексеруге көшті. Терезе арқылы енген із де бар. Ең бастысы, осы үй иелерінің жақын араласқан адамдары мен туыстары төңірегін тексеру міндеті тұрды.

Із кесушілер алдымен өлтірілген қыздардың анасымен сөйлесуге ниеттенді. Алайда, көпке дейін өзі-өзіне келе алмаған қыздардың  анасы Шура мардымды ештеңе демеді. Сәлден соң ол өзінің күйеуімен әлдеқашан ажырасып кеткенін жеткізді. «Оның келуі мүмкін емес», – деді әйел. Ал із кесушілер үйде қалдырылған ер адамның былғары күрте­шесін әйелге көрсеткенде, сасқан әйел сәл мүдіріп барып, «Дәл осындай күрте сіңлімнің күйеуі Володяда болатын..», – деп қалды. «Жақын аралықта ол келіп пе еді?», – деген сауалға әйел оның көптен бері жоламай жүргенін жеткізді. Тек түрмеден шыққан соң бір мәрте келіп кеткенін айтты. Уәкілдердің көзі бір нәрсеге анық жетті. «Зонадан» келген соң табан тірер тұрақ таппаған ол қылмысқа қайыра соқты деген болжам шындыққа жақын тұрды. Шамамен бір сағаттан соң қыздардың анасы айтқан мекен-жайға ерекше мақсаттағы полиция отряды  мен күшей­тілген жедел топ келіп жетті. Нысандағы пәтерді жағалай қоршаған жедел топ қылмыскер алда-жалда оқ шығаруы мүмкін деп  сақадай-сай тұрды. Бірнеше минуттардан соң ішінен ілінген есікті бұзып кірген арнайы топ қатты мас күйінде 6 жасар баласын құшақтап ұйқыда жатқан Владимир Бандураның  үстінен түсті. Не болғанын түсініп үлгермеген оның қолын қайырған жасақ көлікке апарып тығып, аудандық басқармаға жеткізді. Бандура қолға түскен сәтте оның пәтерінен із кесушілер қанға боялған бәтеңкесі мен жейдесін тауып алды. «Сенікі ме?» – деген сесті сауалға ол еріксіз басын шұлғи берді. Түкке түсінбеген 6 жасар ұлы әкесін мылтық асынған бетперделі адамдар айдап апара жатқанын көріп, жылап жіберді. Алайда, сәби жүрегі жауыз әкенің өрімдей жас ғұмырларды айуандықпен қиғанын білмеген еді. Бір сағаттан соң Бандура өзі қанды оқиға тудырған орында жасаған қылмысын жіліктеп шағып берді.

Қанды оқиғадан бір күн бұрын Бандура таңертеңнен әбден сілесі қатқанша  арақ ішкен. Түске жуық алдын ала дайындап алған «жартылары» таусылады. Сонымен бірге қалтасы да қағылған еді. Әбден масайып алған оның есіне әйелінің әпкесінің үйінде сақтауда қалдырылған аздаған заттары түсе кетті. Қуанғанынан сонда беттеген. Көрші «комокқа» (шағын дүңгіршек дүкен – А.Ж.) барып кепілге заттар тастап, арақ алуға ойы кетті. Құныққан Бандура қайын әпкесінің есігін көп қақпады. Ар жақтан шыққан кішкене қыздың даусына жауап берген оған іштен есік жуық арада ашыла қоймады. Үйде шешесінің жоқ екенін, керекті заттарына сонан соң келуін сұраған қыздардың жауабына қанағаттанбаған ол үйді айналып, терезені жұлып алып, ішке енді. Володя ағайларынан мұндай басынғандықты күтпеген қыздар үйдегі затты тек шешесінің рұқсатымен беретіндерін қайталай берді. Шифоньерге қол салған Бандураның білегіне жармасқан 10 жасар Настяны сілкіп қалғанда, қыз сонадайға ұшып түсті. Қайта ұмтылған қаршадай қыздың кеудесіне өзімен бірге үнемі алып жүретін кездігін бойлата салған. Бүктеле құлаған қыздың өлімін көріп тұрған 8 жасар Маша шошынғаннан  сыртқа ұмтылған. Сүріне-қабына титтей қыздың сирағынан ұстап қалған ол асқан қатыгездікпен оның тамағына пышақ апара берді. Бар болғаны осы… Арам пиғылды ол өзінің құлқыны үшін  екі бірдей жас ғұмырды көктей солдырды. Кейінірек осы сұмдық оқиғаны жасау кезінде өз іс-әрекетіне есеп бере алмас күйде болғанын жеткізді. Алайда, қылмысты жасап болған соң оқиға орнында із қалдырмау үшін өзі қол тиген жердің бәрін сүртіп шыққан. Бұл өз ісіне есеп бере алмайтын адамның амалы емес еді. Бандура терезені ішінен жауып, есіктен жайлап шығып, жөнеп берген. Ауыр кісі өлімін жасаған ол орындықтың арқалығына ілген күртесін ұмыт қалдырған.

Қос қызының өлімінен соң еңсесін көтере алмаған Шура үйіне келген із кесушілерге мұң шағып, енді қалай өмір сүрерін білмейтінін айтады. Тіпті, туған сіңлісінің өзі келмейтін болған. Тіпті, хабарсыз кеткен. Мұны естіген із кесушілердің есіне өткендегі әйел мәйіті орала кетті. Шамамен жарты сағаттан соң құқық қорғаушылар бақытсыз әйелге өткен жолы табылған мәйіттің фотосуретін көрсеткенде бейшара әйел есінен тана құлады. Үш бірдей ет жақынынан айрылу оңай тимеді. Жиілеп орын алған өлімнің жасалу амалдарын салыстыра отырып, тергеушіге істі тапсырған із кесушілер өлімді бір адам жасағанын анықтап берді. Тергеуші алдында ұнжырғасы түсіп отырған Бандура ешбір заңнан қорқып отырмағанын байқатты. Оның ең бір зәре-құтын алатыны – өлім болатын. Тергеушінің «өз іс-әрекетіңе есеп бере алмас жағдайда өлтірдің ғой. Өлім жазасына кеспейді. Бәрін айта бер», – деген сөзі жанына қуат бергендей болған Бандура жасаған іс-әрекеттерін дерлік айтуға мәжбүр болды.

Ол бостандыққа шыққан соң аздап «сілтеңкіреп» алып, ажырасуға уәде беріп қойған әйеліне қоңырау шалған. Бір сағаттан астам әйелін кездесуге шақырған Бандура ақыры оны көндіреді. Алматының шетіндегі қалың тоғайға бет алған олардың арасындағы әңгіме алдағы өмірлері төңірегінде өрбіді. Әйел болса, қайта қосылуға қарсы болады. Табиғат аясындағы ашық әңгіме екеуін мәмілеге келтіре қоймады. Кездесулерін аздап «атап» өтуді ұсынған Владимир Бандураның өтінішіне үнсіз бас шұлғыған әйелдің іштей кетәрі еместігі білініп тұрды. Алайда, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы әңгіме жараспай, жанжалға ұласып кетті. Сол сәтте өзімен бірге алып жүретін бәкісін сілтеп қалған Бандура сорлы әйелдің дәл жүрек тұсына салғанын аңдамады. Қолын қанға малған ол сол мезетте сауығып шыға келді. Пышақ, бос шөлмек пен желім стақандарды суға лақтырып жіберіп, оқиға орнынан кетуге асықты. Бірақ, ол сол сәтте қалтасынан түсіп қалған мүшеқапты байқамады. Бір аптадан соң бұрынғы енесінің үйінен алты жасар ұлын алып кетті. Енесіне әйелі «Мария әлдеқайда жолаушылап бара жатып, «баланы өзің қарай тұр» деп айтып еді» дегендей сылтау ойлап табады. Ал Марияның із-түзсіз жоғалғаны жайлы оның көңілдесі, тіпті, полицияға хабарлауды есіне де алмағаны таңдандырды.

Осы бір қайғылы өмір сюжетін өрістеткен Бандураға 1998 жылы қалалық сот тарапынан  ең жоғары үкім – өлім жазасы тағайындалғанына қарамастан, сорлы Шура Алматыдан көшіп кетуге мәжбүр болды. Ол үйін өзге біреулерге сатып кетті.

Арман ЖУСАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *