ӨЗ ЖОЛЫМЕН ЖҮРМЕГЕННІҢ ЖОЛЫ БОЛМАЙДЫ

Жуырда шаһарда самокат айдаған жүргінші мен №99 автобус жүргізушісі көшеде төбелескені жайлы естідік. Тіпті, бұл төбелес жайлы бейнежазба да тез тарап кетті.

Бейнекадрде жүргізуші самокат мінген жүргіншіні ұстап алып, жібермеуге тыры­сып жатыр. Ал самокат иесі сытылып қашып кетпекші. Соңында жүргізушінің қолынан сытылып бара жатқанда, самокат иесін көлік қағып кетеді. Болған жәйтқа қатысты «Cіty-Bus» басшысы түсінік берді.

– Ол жол ережесін бұзған жоқ. Аялда­маға тоқтағанда, самокат мінген жігіт салонға жүгіріп кіріп, жүргізушінің беті­нен бір ұрған. Жүргізуші жаңағы жігіт­тің артынан бірге шыққан. Самокат мінген адам оқиға орнынан қашып кетпек болған. Абырой болғанда, полиция шақырылды. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Қызметкерімізге қол көтергені үшін полицияға арыз жаздық, – деді «Cіty-Bus» ЖШС басшысы Егор Жиглов. Оның сөзіне сүйенсек, соққыдан автобус жүргі­зушісінің тісі түсіп қалған. Ал көлік астына түскен жігіт ауруханада.

Осы ретте әлеуметтік желілерде қызу талқылау жүрді. Біреулер жүргізушіні кінә­ласа, екіншілер самокат айдаған жігіттікі дұрыс емес дейді. Қолданыстағы заң болса көбінесе жаяу жүргіншілер жағы­на басымдық беретіні белгілі. Білуі­мізше, жаяу жүргіншінікі ол өз жолымен келе жатып, оған барып көлік соқтығысса жөн болады. Ал бұл жолы жағдай мүлде басқаша. Кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс? Бір білетініміз, жаяу жүргінші де, көлік те, шайтан арбалар мен самокаттар да жүретін арнайы жолдар қарастырылған. Егер әркім өз жолымен жүрсе, осындай жағдай орын алмас па еді?!

 

Көлігіңізге мемлекеттік ту тағып жүре аласыз

Көшеде көліктерге ту іліп жүруге ресми түрде рұқсат берілді. Дегенмен, ол стан­дартқа сай болуы тиіс және тек патриоттық сезімді білдіру үшін қолданылуы қажет.

«Kolesa.kz» порталының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, бірнеше жыл бұрын мемлекеттік туды тиісті емес орын­дарға ілгені үшін азаматтарға жаза тағайын­даған полицейлердің әрекеті қоғамда біраз дау тудырған болатын. Мысалы, 2012 жылы Атырауда көлігіне ҚР туын іліп қойған азаматқа 300 мың теңге айыппұл салынса, 2015 жылы мемлекеттік рәмізді самалдыққа ілген Астана тұрғыны 400 мыңға жуық айыппұл арқалаған еді. Сол кезде шенділер заңға түзету енгізуге уәде берген болатын.

ҚР үкіметінің Қазақстан Республи­касы­ның Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пай­да­­лану (орнату, орналастыру) туралы ере­жеге өзгерістер мен түзетулер енгізу тура­лы қаулысын 4 шілде күні ресми БАҚ жария­лады, заң он күннен кейін күшіне енеді.

Құжатқа сәйкес, «Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін білдіру, қазақстандық бірегейлікті, көпшілік іс-шаралар және жеке іс-әрекеттер аясында елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін. Қазақстан Респуб­ликасының Мемле­кеттік Туы, оның көле­міне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік Туын ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Рес­публика­сының Мемлекеттік Туын қорлау ныса­насы ретінде пайдалана алмайды».

Бетті дайындаған – Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *