ӨЗ СӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ АЙТАЙЫҚ!

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

тарих ғылымының докторы, профессор

«Алматы ақшамында» (2019 ж. 5 ақпан) жариялаған «Нәубет» аталатын мақаласында жазушы Смағұл Елубай америкалық тарихшы Сара Камеронның «Ашыққан дала» монографиясына байланысты пікірін білдіріпті. Ұлт тарихына қатысы бар еңбекке қолдау жасап, жаңалығын ашып көрсету шығармашылықтағы зиялыға парыз. Жазушы осы міндетін атқарып отыр. Сонымен бірге, бұл материалмен танысқан зерттеуші ретінде ойда қалғанымызды да жасырмай, осы мақала арқылы мәселеге ой қосқанды жөн көрдік. Жазушы ашаршылық тақырыбының қазақ тарихнамасында зерттелуіне байланысты «Ал қазақ тарихшылары қалай қимылдап жатыр? Тәуелсіздік тұсында жалғыз ғана Талас Омарбеков тарихшы отызыншы жылдар ойраны туралы докторлық диссертация қорғады. Оның өзі қазақ ғалымдарымен бір кездесуде Президент Назарбаев: «Тарихшылар! Сіздер неғып ашаршылық тақырыбын қозғамай жүрсіздер?!» деп сұрау салғаннан кейін кіріскен. Таластан кейін тақырыпты жылы жауып қойғанға ұқсаймыз»   деген тұжырымға келеді.

Автор мақаласында, сондай-ақ, неге біз «бұл тақырып­тан әлі күнге қашқақтаймыз?! Біз неге әлі күнге бұл тақырыпты әлем алдында ауыз толтырып айта алмаймыз?!» деген орынды сауал тастап, оны зерттеу ісіне соңғы жыл­дары батыс­тық тарихшылардың білек түрініп кіріскенін, бұл игілікті істің әлемдік кеңістікке шығу жолында тұрған елімізге пайдалы екендігіне көңіл аударады.

Жазушының бұл білдірген ойларына қосыла отырып, сонымен бірге мәселенің қойылуына байланысты оның мынадай қырына назар аударуды жөн санадық. Ашаршылық мәселесі, біздің пікірімізше, бұдан да кең контексте қойылғаны жөн. Өйткені, аштық тақырыбы советтік кезеңдегі қазақ тарихының мәселе­лері­мен тамырлас бір бағыты, яғни ол сол тамырлас мәселелермен тұтастық бірлікте қаралғанда ғана біршама тура шешімін таппақ. Ол қандай контекст? Ол Қазақстандағы революция және социалистік құрылыс мәселесі. Ал 1931–1933 ж.ж. аштық осы көпсалалы процестің ішкі мазмұнын ашып берген қасіретті көріністердің бірі.

Еркіндік философиясы

Егер мәселені тарихилық арнада қарасақ, онда мынаны айтуға тура келеді. Ұлт-азаттық басшылары, мәселен, Әлихан Бөкейхан жақындап келе жатқан револю­циялық төңкеріске бай­ланысты еліне «есігің­нің алдынан жау, артынан дау келеді, үлкен-кіші бауыр өзара кикілжіңді таста, есіңді жи, бірік!» деген ұран тастайды. Ахмет Байтұрсынұлы ша­ма­мен социализм біз үшін «шақырыл­ма­ған қонақ»  деген тұ­жырымын айтты. Яғни социалистік тағдыр ел басшылары таңдап алған жол емес-тін. Большевизм күш­пен енгізген жол баламасыз жалқы жол емес-тін. Сол сияқты, Совет өкіметі де баламасыз жалғыз билік емес-тін. Социалистік кезеңге байланысты осы мәселеге жете көңіл аударғанымыз жөн. Жақында ғана талантты журналист Жанболат Мамайдың «Зұлмат» атты деректі фильмі экранға шықты. Айтары бар туынды. Тобырлық мінезімізден арыла алмай келе жат­қа­нымыз рас. Дегенмен, фильм бола ма, өнер туындысы бола ма, оған ынта танытып, білу үшін келген жас буынға сенім беретін  жол, құрал іздеуге міндеттіміз. Большевизмге, ол әкелген құрылысқа фаталистік көз­қарастан арылғанымыз, соны түсінікті тілде жеткізгеніміз абзал.

Мәселен, Әлихан Бөкейханның, Мұстафа Шоқайдың және басқа күрескер тұлғалары­мыздың еңбектері көптомдық түрінде жарық көруде. Мемлекеттік қолдаумен. Ал біздің уақыт өткізбей  сол мол мұраны, ондағы негізгі идеяны бүгінгі сұранысқа бейімдеп, бойымызға сіңіріп, тәуелсіз фило­софиялық ұстаным қалыптас­тыруға қатысты әрекетіміз қандай деңгейде? Сол Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай­дың өмір тәжірибесі, күресі және соңын­да қалдырған мұрасы арқа­сында ең болмаса бір-екі буын ұрпақ өсіру күн тәртібінде тұрған жоқ па? Бұл әрекет мына сұрауы көп күрделі жол­да тұрған әлемде өз жолыңды табудың алғы­шарты емес пе? Көшке ерген бұралқы күшіктей тағдырдан құтылудың әрекеті емес пе? Сабақты мұраны жариялау бұл істің басы ғана, ал ондағы ойға өріс беру, кәдеге асыру одан да маңызды екендігін ұмыт қалдырсақ не күйге ұшыраймыз?! Бұл – мемлекеттік іс. Оны іске асыру мемлекеттік бағдарлама арқылы жүр­гізілуге тиіс. Кезінде марксизмнің, большевизмнің іргелі тұжырым­дарын орнықтыру оқу бағдар­ламалары арқылы жүрді, бірнеше буынның санасына сіңірілді. Бұл әлі ұмытыла қоймаған кешегі тәжірибе.

Белгілі ойшыл әлемнің халқын екіге бөлген: теориялық деңгейі бар, теориялық деңгейі төмен деп. Алдыңғысы соңғысын алдаған, арбаған, қажет жерінде күшке сүйеніп бағындырған. Әрине, ұлттық қасіретімізді басқа да айтсын, өзіміз де айтайық. Дегенмен, басымдылық өзімізге берілсін. Өткен көпғасырлық тәжірибемізді қорыту ісінде мемлекет және ғалым ма­мандар, жалпы шығармашылық иелері арасында, стратегиялық бағдарламаға сүйенген мақсатты әрекет болғаны қажет-ақ. Ұрпақаралық идеялық сабақтастық үзіліп қалған болса, оны қалпына келтіру билік пен зиялыларға ортақ іс. Президенттің қолдауымен бір емес, бірнеше бағдарламалар жүргізілуде. Ендігі міндет – осы атқарылған шаруаны қоғамға пайдалы нәтижемен аяқтау болса керек.

Сонымен, өткен ғасырдың басында ұлттық басшылық топ ел алдына міндетті тура қойды, мемлекет кұруға шақырды. Бұл мұратқа жетуге күш-қуатымыз мүмкіндік бермеді, басқаға тәуелді едік, бастаушы топқа қолдау көрсете аларлық кемелдігіміз де жетпеді.

 

Реформа емес, эксперимент

Осы мәселеден туындайтын келесі тақырып ашаршылыққа алып келген советтік реформалар жөнінде. Жалпы, тарихымызда өзіміздің ішкі сұранысымызға жауап бере алатын реформалық шараларды іске асыру мүмкіндігін өз қолымызда еш уақытта ұстаған емеспіз. Соның салдарын соңғы жылдарға дейін тартып келдік. Тек тәуелсіздік жылдары ғана бұл мүмкіндікке ие болдық. Бұл алғашқы тәжірибе. Жібе­рілген кемшіліктер де, мүмкін соған бай­ланысты болар. Ал әлгінде ғана қойнауынан шыққан советтік құрылысқа келсек, оған негіз болып қаланған қоғамдық қатынастар біздің халқымыздың еркінен тыс, мәскеулік орталық тарапынан енгізілген жүйе болатын. Ал ол жүйені құру бары­сында орталық билік таптық-партиялық аталған мүддені алға шығарып, онсыз да әлсіз халықты есеңгіретіп тастады, бір­жола құрып кетудің алдына әкеліп қойды.

Революциялық жолды қабылдамағаны сияқты, ұлттық басшылық бұл советтік реформаларға да сын көзбен, тіптен үрейлене қарады. Әлекең қазақ жұрты малшылықты Алладан сұрап алған жоқ, бұл даланың табиғи-экологиялық ерекше­лігіне байланысты, оны қандай халық мекені етпесін, басым түрде мал шаруашылығымен айналыспақ. Ендігі жағдайда ол шаруашылық жүйесін еппен, біртіндеп эволюциялық жолмен өзгертуді ұсынды. Ахаң «дала малды асырайды, ал мал қазақтың игілігі болып келді», көшпенділік бұл еуропалықтар ойлағандай кең сахарада жүйесіз және берекесіз босып жүру емес, оның ішкі логикасы бар, сондықтан да түсініп алмай оны тез арада өзгертуден сақтануға шақырды. Бұл ұстанымдарын олар И.Сталинмен болған жеке кездесуде айтты (Ә.Бөкейхан). Бүкіл ресейлік Орталық Атқару Комитетіне (наразылық түрінде) жазып та берді (А.Байтұрсынұлы). Қазақ үкіметінің басшысы Н.Нұрмақов (1924–1929) Мәскеуде саяси бюро отырысында қазақ ауқатты­ларын бірден малынан айыруға (конфискация) ашық қарсылық көрсетіп, олардың байлығын са­лық саясаты арқылы қажетке жаратуды ұсынды. Өкінішке орай, ұлттық саяси топтың қазақ же­рінде жүргізілмек болған реформалық шараларға байланысты балама ұсыныстарын қаперге алған совет үкіметі болған жоқ. Советтік биліктің түбіне жеткен де осы орынды пікірді қаперге алмау­шылық екендігі бүгінде кімге де болса аян.

Яғни большевиктік реформалардың негізі қате жоба екендігін қазақ басшылығы реформалық өзгерістерге дейін де, одан кейін де айтып, оған жан­ұшыра қарсы шыққан­дығына алдымен өзіміздің иланып, мойындағанымыз тура болмақ.

Ұлт басшылығы ұсынған ұстаным іске аспады. Өйткені, өз өсу, өзгеру жолымызды өзіміз анық­тау тетігі басқаның қолында болды. Себебі, өз ыр­қымыз, өз қолымыздан кеткен еді, өзіне керегін өзі анықтап, өз ісін өзі басқара алмаған халықтың тағдыры әруақытта қасіретке толы. Тарихи тәжірибе соны көрсетіп отыр.

Ал осы советтік большевиктік эксперимент туралы оны жақтаушылар не айтты, қазір не айтады? Ф.Голощекин 1940 жылы 25 қарашада өзі құруға атсалысқан саяси жүйенің абақтысында тергеушінің «сіздің Қазақстанда басшылықта жүріп жасаған жаулық қызметіңіздің нәтижесінде ауыр саяси жағдай қалыптасты, көтерілістер басталды. Қазақ бұқарасы Батыс Қытайға көшті, қазақтар арасында коллективтендіру  идеясына сенім жоғалды» деген айыптау сұрауына «менің республикадағғы басшылық қызметім жағымды бағалануға лайық», ал қазақтардың басқа өңір­лерге көшіп кетуі – тапаралық күрестің өршіп кет­уінің байлар мен ұлтшылдардың арандату­шылық қызметінің, сондай-ақ, «қазақтарда бұрыннан бар көшіп-қону әдетінің көрінісі» деген мағынада жауап береді.

Қазіргі кезеңдегі Ресей мемлекеттік думасының депутаты «Ресей «өліара  кезеңде үш жүз жылдың тарихында қан мен тер арқылы жиған біраз игіліктерінен айырылды, оларды қайтаруға мүм­кіндігіміз бар, өйткені бай тарихи тәжірибеміз бар, қоғамдық эксперимент жүргізу ісінде әлемдік деңгейдегі ұлы ойыншылар қатарындамыз» деген тұжырымын білдірді. Яғни  зерттеушілердің ара­сында сталинизмді «өркениеттің» жаңа түрі ретін­де қарастыруға әзір тұрғандары да бар. Дегенмен, басымдылық мұндай ұстанымдағылар жағында емес. Оған да шүкір!

 

Большевизм – бұл агрессия

Сонымен, тәуелсіздік кезеңде 20–30-жылдар­дағы большевиктік реформаларға байланысты соңғы тұжырымдарға келсек, онда мынадай жағдайларға көңіл аудару қисынды болмақ. Бұл пікірмен менің әріптестерім келіседі деп ойлай­мын. Советтік аталған биліктің осы мерзімдегі  отар аймағы – қазақ жерінде іске асырған шара­лары саяси-идеологиялық, экономикалық, әлеу­меттік және интеллектуалдық агрессия ретінде баға­лануға лайық. Революциялық төңкеріс жылы (1917 ж.) өмірге келген Қазақ комитеттерінің, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің күшпен жойылуы – бұл саяси агрессияның; ұлт­тық басшылық ұстанған ұлт-азаттық, антико­ло­ниялдық, антиимпериа­листік  идеологияға тыйым салынуы – бұл идео­логиялық агрессияның; дәс­түр­­лі мал шаруашы­лығын индустрияландыру сая­сатына құрбандық­қа шалу, байлар мен орта­ша­лардың меншігін жою – бұл экономи­калық агрес­­сияның; ұлт арасында тапаралық күрес отын жағу, қоғам үстінен жаппай саяси бақылау ор­нату, әке мен баланың арасында араздық туғызу – бұл әлеуметтік агрессияның; ұлттық салт-дәстүрге, діни сенімге жасалған шабуыл, жас ұрпақты өз ана тілінен шеттету, ұлттық рухани бұлақтарынан ажырату, оның санасына жат құн­дылықтарды егу, халықтың өз жері мен елінде өзін өгей сезінуі – бұл интеллектуалдық агрес­сияның нақты көрінісі еді.

Елдің қалыпты өмірін революциялық жолмен, шұғыл әдіс-құралдар арқылы өзгерту немен аяқталды? Тек 1929-1930 ж.ж.  халықты малдан айыру (конфискация), ішкі ресейлік индустриялық орталықтарға астық және ет даярлау науқандары барысында қазақ жеріндегі мал басы 30-35% кеміп кетті, ал 1933 жылдың ақпанына карай 1929 жыл­ғы 40 млн.-ға жуық мал басынан 4-ақ  млн. бас қалды. Бұл – қазақ халқының дәстүрлі мал шар­уа­шылығының қолдан күйретілгендігінің көрінісі еді. Шаруашылықтағы күйзеліс, әрине, ашар­шылыққа ұласты. Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттердің салдарынан осы кезеңде 2 млн. 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49 пайызынан айырылды.

Орталықтағы басшылық, оның Ф.Голощекин сияқты өкілдері Қазақстан өмірінде орын алған апатқа саяси-идеологиялық астар беруге күш салды. Ал тарихи шындық сондай, баяндалған жағдай елді басқару ісінің сауатсыз өкіметтің қолына көшкендігінің көрінісі еді. Ресей импе­риясындағы 1917 жылғы октябрь төңкерісінің ең алғашқы сыншыларының бірі В.М.Влади­славлев осы жылдың соңына қарай Нижний Новгородта жарық көрген еңбегінде «Ленин мен Троцкийдің үкіметі, дөрекі естілсе де айтуға тура келеді, социа­лизмді күшпен енгізіп отыр… Біздің елде осыған дейін мұндай батыл, сонымен бірге мұндай әлсіз билік болған емес», – деп жазды. Мұндай пікірге бірдеме қосу артық болар еді.

 

Бір жанға екі күймек әділет пе? (Абай)

Жоғарыда баяндалған деректі материалдар жалпыға мәлім. Еліміздегі зерттеуші мамандар тәуелсіздік жылдары аштық және оған қарсылық тақырыбына қалам тартқалы біразуақыт болды. 1991-1992 ж.ж. осы тақырыпқа байланысты ар­найы құрылған ҚР Жоғарғы Кеңесінің комиссия­сы зерттеу жұмысын жүргізіп «Қолдан жасалған қасірет» аталатын ресми құжат даярлады, оны Жо­ғарғы кеңес Төралқасы бекітті. Мәтіні газет­терде жарияланды («Егемен Қазақстан», «Казах­станская правда», 1992 ж., 22 желтоқсан). Елі­міздегі зерттеуші мамандар (Б.Тө­лепбаев, М.Қозы­баев, М.Тәтімов, Ж.Абылхожин, Т.Омарбеков, Т.Жұртбай, О.Қоңыратбаев  ж.б. ғалымдар) аш­тық және оған қарсылық тақыры­бына арнаған еңбектерін жариялады. Өз сөзімізді өзіміз ай­тайық, өзге де айтсын. Сондай-ақ, айтылған сөзге «ауылдың баласының аузы сасық!» деген ұстанымда қарамайық. Иә, рас, жазушы С.Елубай айтқандай, бұл «жылы жауып қоя салатын» тақырып емес. Ашылуға тиіс фактілер, жасалуға тиіс тұжырымдар мен шешімдер әлі де аз емес. Солардың біріне ғана көңіл аударайын.

Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» аталатын стратегиялық мазмұндағы еңбегі жарық көрді. Осы еңбектің «Архив-2025» аталатын бөлімінде Елбасы мамандарды «отандық шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыс­тарын» жүргізуге меңзеп отыр. Елбасының бұл пікірін біз тарихшылар аса маңызды тапсырма ретінде қабылдауға тиістіміз. Сонымен бірге, қойылған мәселеге байланысты жоғарғы басшы­лық арқылы ғана шешімін таба алатын бір жағ­дай­ға көңіл аударуды қажет санаймын. Ол зерт­теуші мамандар сарыла күтіп жүрген архив қор­ларындағы жабық материалдар тақырыбы. Соңғы кезде ішкі істер магистрлігінің архив қорларына берілген бұрынғы советтік ЧК–ОГПУ–НКВД–МНБ–КГБ мекемелеріне тиесілі құжаттық мате­риалдар терең де жан-жақты ғылыми талдаудан өтпей ұлт тарихындағы ХХ ғасырдың құпиясы сол толық ашылмаған күйінде қала бермек. Ал ол құпияларды жабық ретінде қалдыру бүгінгі және болашақ ұрпақтардың алдында жасалған қылмыспен тең. Осы ретте бұл мәселені шешуге тиіс орындарға мынадай пікірді жеткізу парыз:  бүгінде жоқ партия мен биліктің қоғамға жасаған қиянатын жасырып ұстау кім үшін пайдалы? 1999 жылы 15 наурызда қабыл­данған №349-1 «Мемле­кеттік құпиялар туралы» заң егер ол істемесе неге қабылданды? Біздің өткен тарихымызды бақы­лауда ұстау қанша­лықты заңды және негізді?

Міне, осы архив мәселесі шешімін таппай ХХ ғасырдағы қазақ трагедиясы, соның аса қасіретті көрінісі аштық мәселесіне де соңғы нүкте қойыл­мақ емес.

Ұлы Абайдан қалған сөз бар: бір жанға екі күй­мек әділет пе? ХХ ғасырдың алғашқы жарты­сындағы халқымыздың үлкен бөлігі, оны бастаған топ саяси әділетсіздіктің құрбаны болды. Өткенге салауат делік. Бірақ біз бүгін сол алдыңғы буын ұрпақтар көрген қиянаттың себеп-салдарын архив қорларында шірітпей, заңды иесі – халыққа жет­кізейік. Сөйтіп, азаматтық міндетімізді орын­дайық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close