ӨЗ ӨНІМІҢ ӨЗГЕШЕ

Шелек фермерлері супермаркеттерге көкөністер жеткізілімін бастады

Нұрлан СҮЙІН

Адам баласының денсаулығы, өмір ұзақтығы өз ортасы мен ішкен асына тікелей байланысты екен. Әлем ғалымдары ас мәзірін туған топырағыңда өсіп өнген азық түліктен болғаны дұрыс екенін дәлел­деп отыр. Біздің елде теңіз тағамдарынан басқаның бәрі өзімізден табылады.

Осы орайда  Жетісу өңірі де табиғат сыйына бай өлке. Алып шаһар Алматыда да апта сайын  қазақстандық фермерлердің өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылып тұрады. Мегополисті маусымдық көкөніс­пен қамтамасыз етіп отырғандардың бірі «Шелек фермерлері» кооперативі.

«Шелек фермерлері» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі («Фермеры Чилика») республиканың супермаркеттер желісіне көкөністер жеткізілімінің басталғаны туралы хабарлады. «Шелек фермерлерінің» өнімі Алматы қаласындағы «Арзан» супер­маркеттер желісінде және Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Өскемен қалаларындағы «МетроCash &Carry» сауда орталықтарында сатылатын болады.

Осы маусымда «Шелек фермерлері» Қазақстанның супермаркеттеріне, оның ішінде томат пастасы мен кетчуп шығара­тын ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі «ЦинКаз» ЖШС-не 300 тоннадан астам көкөністі жеткізуді жоспарлап отыр, бұл 2018 жылға қарағанда екі есе көп.

Қазақстанның ірі қалаларының тұр­ғын­дарына төмендегідей өнімдер қолже­тімді болады:

  • қызанақ, жылыжай сорттары, жаңа қызғылт, қызыл және черри;
  • бұрыш-ласточка, мазурка, ред джет, бағдаршам, болгар қызыл және жасыл, жартылай ащы, өткір чили;
  • қияр, корнишондарды қоса алғанда;
  • екі сортты кәді – алмаз және қара хан­зада;
  • картоп және алма, қарбыз бен құл­пынай сияқты басқа да ауылшаруашылығы өнімдері.

Биыл «Шелек фермерлері» көкөніс қабылдау пункті мен сұрыптау пунктін салып жатыр, сондай-ақ супермаркеттердің өтініші бойынша авторефрижератор сатып алынды. Сұрыптау пунктінде ауыл шаруашылығы өнімдері сұрыпталады және брендтелген ыдысқа салынады. Содан кейін ол көкөніс қоймасында салқында­тылады, ал таңертең өз иелігіндегі рефри­жератор көкөністерді Алматы супермар­кеттеріне жеткізеді.

– Бір жыл бұрын «Шелек фермерле­рінің» өнімдері біздің Алматыдағы сауда орталығымызда пайда болды және бірден біздің тұтынушыларымыздың лайықты бағасын алды. Кооператив тауарларын сақтау және тасымалдау жүйесіндегі соңғы өзгерістердің арқасында бізде «Шелек фермерлері» өнімдерін біздің дүкендеріміз орналасқан басқа да қалаларға жеткізу мүм­кіндігі бар. Біз бізбен бірге өнім жеткізушілеріміздің өсіп, дамып келе жатқанына қуаныштымыз, себебі мұның нәтижесінде елдің экологиялық таза ауда­нында өсірілген табиғи, жергілікті өнімді сатып алуға мүмкіндігі бар қазақстандық тұтынушы жеңеді», – деп түсіндірді METRO Cash&Carry коммерциялық директоры Наталья Мархиева.

«Шелек фермерлері» жобасын Еңбек­шіқазақ ауданының жергілікті қауымдас­тықтар  қоры (ЖҚҚ) 2014 жылдан бастап «Филип Моррис Қазақстан» компания­сының қолдауымен іске асырады және ол фермерлік шаруашылықты жүргізудің барлық кезеңдерін қамтиды – жоспарлау мен тұқымдарды отырғызудан бастап фермердің соңғы пайданы алуына дейін. Кооперативке кірген фермерлер тренинг­терге, семинарларға белсенді қатысады. Агробизнес-орталықта агрономдармен кеңеседі, сондай-ақ, басқа өңірлерден келген фермерлермен тәжірибе алмасады. Агробизнес-орталық заманауи агротехно­ло­гияларға, логистикалық тізбекті құру негіздеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылы­ғындағы менеджмент пен маркетингке үйретеді. Фермерлер тамшылатып суару әдісін, аспаларда қызанақты өсіру, мульча-таспасын қолдануды, арка жылыжайларын пайдалану және басқа да озық техноло­гияларды игеруде.

– Қазір біздің басты міндетіміз – біздің әлеуетті сатып алушыларымыздың қажетті­ліктерін зерттеу болып табылады. Біз ірі супермаркеттер мен өңдеуші кәсіпорындар­дың біздің тарапымыздан не күтетінін түсінгіміз келеді. Біз дүкендерге арналған құжаттаманы, сұрыптауды, калибрлеуді және өнім қаптамасын нақты жолға қойдық. Супермаркет сапаны сақтай отырып, алыстағы өңірлерге жеткізе алуы үшін біз салқындатылған өнімді жеткізу технологиясын пысықтадық. Біз өсудеміз, біздің фермерлердің білімі мен дағдылары өсуде, өнім сапасы, логистика процесте­рінің сапасы, дұрыс құрылған маркетингті түсіну сапасы өсуде. Біз мұның бәрі фермерлердің тұрақты дамуына және олардың табысының өсуіне алып келетініне сенеміз – бұл біздің басты мақсатымыз», – деді Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы дирек­торы Бақытгүл Елшібаева.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *