ЗӘМЗӘГҮЛ НҮСІПБАЙҚЫЗЫ ШӘРІПОВА

Елге ерте танылған, ұлт­тық кәсіби театрымыздың негізін қалаушы ұлы тұл­ғаларымыздың қатарында есімі бірге аталатын актри­самыздың бірі әрі бірегейі Зәмзәгүл Шәріпова 87 жасқа қараған шағында дүниеден озды.  

Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова 1931 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, ХХ партсъезд ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Алматының Жоғары киноак­тер­лер мектебін бітіріп, «Қазақфильм» киносту­дия­сында және Қазақ радиосында қызмет етті. 1953 жылы Мұхтар Әуезов театрының актерлік құрамына қабыл­данды. Сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет ететін, актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдады. Ұлттық классика мен заманауи драматургияда М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Айман, «Қарагө­зінде» – Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын траге­диясында» – Ақтоқты, Қ.Мұхамеджа­новтың «Жат елде» драмасында – Ева Браун, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» – Дәмеш, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғыт­баевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер- ай!» комедияларында – Нұрсұлу, С.Жүні­совтің «Ажар мен Ажалында» – Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» – Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында – Сәлима, тағы басқа рөлдерді орындады. Әлемдік классика мен заманауи драматургияда Шекспирдің «Отеллосында» – Дездемона, «Ричард Ш»-де – Королева, Горькийдің «Күннен туған­дарында» – Елена, В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» – Анита, Л.Зориннің «Варшава әуен­дерінде» – Гелена, М.Метерлинктің «Соқырларында» – Соқыр әйел, тағы да басқа көптеген рөл сомдады. Зәмзәгүл Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедия­сындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды. Оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Траге­диялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рөлдерінің ішінде ерекшесі С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Ажар болды. Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы Зәмзәгүл Шәріпова көркемсөз оқудың үлкен шебері еді. Ол ұлттық классикадан радио мен теледидарда көптеген шығарма жаздырды. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Аққу әні», М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер Қазақ радиосының алтын қорына енді. Ал оның «Аққудың айырылуы» моноспектаклін осы жанрдағы ерекше табысы деуге болады. Актрисаның балаларға базарлығы – кешкі ертегілері Қазақ радиосының алтын қорында жазулы қалды. Зәмзәгүл Шәріпова киноактриса ретінде де танымал. Ол режиссер Ш.Айма­новтың «Дала қызында» – Нұржамал, «Біз осында тұрамызында» – Дина, режиссер Қ.Әбусейітовтің «Өмір жолында» – Хадиша, Б.Шәріптің «Заманай мен Ама­найында» – Ана, тағы да басқа бірталай кинофильмге, сондай-ақ режис­сер Ә.Мәм­бетовтің «Абай» телефильміне түскен. Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін Зәмзәгүл Шәріповаға 1959 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі, 1966 жылы Қазақ КСР-інің халық артисі құрметті атақтары берілді. Сондай-ақ, 1959 жылы «Құрмет Белгісі», 1981 жылы «Халықтар Достығы» және 2005 жылы тәуелсіз Қазақ­станның «Отан» ордендерімен, бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақ театр сахнасы мен кино саласының саңлағына айналған тұлғаның есімі ұлт руханиятының тұғырында ту болып мәңгі желбі­реп тұрары анық. Өнер кеңісті­гінде қол жеткізген жетістіктері мен ерен еңбегі, шығармашылық жолы – жас буын үшін жарқын үлгі.

 

***

Марқұммен қоштасу рәсімі шілденің 17-сі күні, сағат 10.00-де Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.

 

Елбасы кӨңіл айтты

 

Мемлекет басшысы Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің майталманы Зәмзәгүл Шәріпованың туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық драматургия саласындағы талантты ак- терлер шоғырының белді өкілдерінің бірі болатын. Оның кинода және театр сахна­сында сомдаған айшықты рөлдерін өнерсүйер қауым әрдайым қызыға тамаша­лады. Ол ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасы арқылы өз саласында айрықша із қалдырды. Зәмзәгүл Шәріпованың қазақ өнеріндегі ерекше орны мен жарқын дидары ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», делінген жеделхатта.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *