ӨЗ МӘРТЕБЕСІН АНЫҚТАМАҒАНДАР МҮМКІНДІКТЕРІН ЖОҒАЛТАДЫ

– дейді Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан ОТЫНШИЕВ

Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде  Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Отыншиев,  Алматы қаласы бойынша халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы А.Нарматов, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер  департаменті, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің басшысы Н.В.Бусова, Алматы қалалық көші-қон және мемлекеттік еңбек  инспекциясы басқармасының басшысы Т.Разақов қаламыздағы    өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар мен әлі де өздерінің әлеуметтік мәртебесін анықтауға асықпай жүргендердің мәселесі туралы және олармен жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Өзін-өзі жұмыспен қамтылғандарды тіркеуге алып,  олардың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бірыңғай жалпыға ортақ төлем төлеу мәселесі бірінші рет талқыланып отырған жоқ. Жыл басында да  тиісті сала басшылары дәл осылай бас қосып,  тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын, бірақ әлі де  бейресми  жұмыспен қамтылғандардың ресми тіркелуге асықпай  жүргендерін  айтқан болатын. Бұл  күні ертең көптеген әлеуметтік қиындықтарға, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін пайдалану, зейнетке шығатын кезде, сондай-ақ, кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алуға кедергі келтіретіндігін айтқан болатын.   Бірақ содан бері де біршама уақыт өткенмен, әлі де болса  әлеуметтік мәртебесін анықтауға асықпай жүргендердің саны азаймаған секілді.

Жыл басынан  бері мәртебесі анық­талмаған  243, 3 мың адамның   әзірге 111,2 мыңының  ғана  мәртебесі анық­талыпты. Ал  123,2 мың адам әлеуметтік мәртебесін анықтауға  қазірше құлшы­ныс таныта қоймапты. Алматы қала­лық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сының басшысы Мейіржан Отыншиев МӘМС сақтан­дыру мемлекеттік, жұмыс берушінің және әр азаматтың ортақ жауапкер­шілігіне негізделген.  Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін жарна төлейді.

Ал  салық органдарында тіркел­ген өзін-өзі жұмыспен  қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлейтіндіктен    ресми тіркелудің маңызды екендігін түсіндіру үшін  басқарма қызметкер­лерінің  аулаларды аралап, тұрғындар арасында  ақпарат­тық-түсіндірме жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде  өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамты­ғандар санының 37 мың адамға азайып отырғандығын, тіркелме­ген жұмыссыз­дарды 2017–2021 жыл­дарға арналған  нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарла­масына тарту бағы­тында жұмыстар атқарылып жатқан­дығын айтты. Басқарма басшысының айтуынша, осы бағдарламаға 2,9 мың адам тартылып,  1446 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 1021 адам уақытша жұмыс орындарына жіберілген. Ал 414 адам қысқа мерзімді курстарға жібе­рілген. Мемлекет тарапы­нан жұмыс­сыздарға барынша жағдай жасалып, олардың өз кәсіптерін ашуына  грант беру мүмкіндіктері қарастырылып отырғандығын  да айтты.  240 мың теңге көлемінде берілетін бұл грантты алуға қазірдің өзінде 30 адам өтініш білдіріпті.   Кәсіпкерлер палатасы тағайындап отырған бұл грант өзінің жеке кәсібін ашуға ниеті бар жұмыссыздарға бастапқы кезде үлкен көмек екендігін тілге тиек еткен   Мейіржан Отыншиев  «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға  бюджеттен 4,8 миллиард қаражат қарастырылғандығын, оның 2,3 мил­лиар­ды  жеке кәсібін ашуды мақсат етіп жүрген жұмыссыздарға  несие ретінде беруге бағытталса, қазірдің өзінде 190 жоба қабылданыпты.

Басқарма басшысы­ның  сөзінен,  салықтан  және басқа да төлем төлеуден қашып жүргендер өздеріне тиесілі көптеген нәпақадан қағылатындығын  аңғаруға  болады.  М.Отыншиев тұрғындарды ең болмаса өз денсау­лықтарына жауапкершілікпен қарап,  өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді салық органдарына тіркеліп, өздерінің денсаулықтары үшін  жарна төлеуге шақырды. Бүгінде  бірыңғай жалпыға ортақ бұл төлемнің мөлшері Алматы қаласы бойынша 2525 теңге  көрінеді.   Салық  комитетінің  өкілі де  тұрғын­дар­ды әлеуметтік мәртебелерін анықтауға асығуға шақырды. Ал  Алматы қала­лық көші-қон  және мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Т.Разақов болса, жұмысқа  орналасқан кез-келген азаматтың  жұмыс берушімен міндетті түрде келісім-шарт жасау керектігін ескертті. Келісім-шартсыз жұмыс істеген адам  мемлекеттік төлемдер түгілі,   кей жағдайда жұмыс берушіден еңбекақысын да  талап ете алмай  қалатын жағдайлардың жиі орын алатындығын айтты. Биылдың өзінде атаулы басқарма 509 еңбек заңының бұзылғандығын анықтап, оннан астам жұмыс берушіге айыппұл салыпты.  Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарнасыз жұмыс істеп жүрген 13 376 адамды  анықтапты. Ал  жұмыс істегендеріне, сол еңбегі үшін жұмыс берушінің қағазға орап берген азын-аулақ қаражатын  шүкірлік етіп жүрген азаматтар қаншама десеңізші. Өзекті мәселелерді қозғаушы орталыққа айналған  Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен бұл мәслихат  та      жұмыссыз жүрген, өзінің жолын таппай жүрген  талай адамға  ой салар деген ойдамыз. Ал оның оң шешімін  табу осы  мәслихатқа келген мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, сонымен қатар әр азаматтың өзінің тағдырына өзінің ертеңіне деген жауапкершілігіне байланысты екендігі даусыз.   «Қыс шанаңды жаз  сайла» демекші, ертеңгі күнге бүгіннен қам жасаған адам  ұтпаса, ұтыла қоймас. Олай болса, жұмыссыз болсаңыз, жұмыссыз ретінде, ал өзіңізді-өзіңіз жұмыспен қамтып жүрген азамат болсаңыз, тиісті органдарға   ресми түрде тіркеліп, мемлекет тарапынан  өзіңізге тиесілі мүмкіндіктерге  қол жеткізгеніңіз абзал  дегіміз келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *