«ӨЗ ЕСІМІҢДІ МӘРМӘР ТАСҚА ЕМЕС, АДАМДАРДЫҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖАЗ»

«Өз есіміңді мәрмәр тасқа емес, адамдардың жүрегіне  жаз». Көне грек жазбаларында осындай бір тәмсіл бар екен. Әдемі айтылған. Алматы облысы мен Ақсу, Сарқан, Талғар аудандарының Құрметті азаматы, КСРО спорт шебері Қалимолда Байболовтың есімі бүгінде сан мың адамның көңілінде, жүрегінде жүр. Өйткені, оның елге, жерге, ұрпаққа сіңіріп келе жатқан еңбегі ұшан-теңіз.

Спорт шебері дегенге айтулы спортшы екен дерсіз. Ол да бар. Бірақ ол еңбек жолының қырық жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнаған азамат.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

ҚАЛИМОЛДА БАЙБОЛҰЛЫ әкесінен ес білмеген шағында, бар-жоғы бір жарым жасында қалыпты. Шешесі Ырысты Шәрбану есімді әпкесі екеуін «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» жалғыз өсірді, жеткізді.

Спортты балалық шағынан ерекше жақсы көрді. Ол кезде  ауылдарда спортпен айналысуға ыңғайлы бүгінгідей стадион, құрал-жабдықтары келіскен алаңқайлар да жоқ еді. Ауылдың қарадомалақ балалары азаннан қара кешке дейін ашық далада доп қуалап ойнайтын. Асық атып, ләңгі тебетін. Соның бәрінде Қалимолда қатарластарына дес бермейтін. Қыста өзен, көлге барып коньки тепті, хоккей де ойнады. Ылғи таза ауада еркін жүріп, жүгіріп өскендіктен ол шымыр болды.

Ол спорттың барлық түрімен айналысып көрді. Солардың ішінде бойы сырықтай бозбаланың аңсары баскетбол ойынына ауа берді. Баскетболды нағыз ер-жігіттердің ойыны деп таныды. Баскетболшы болу үшін боймен бірге табандылық, көз ілеспес шапшаңдық, қарсыласыңды қапы қалдыратын айла-тәсіл, жасымайтын жігер керек. Осы қасиеттерді ол өз бойынан көре білді.

***

ЕҢ АЛҒАШ үлкен жарыстарға 15 жасынан бастап қатысты. Содан кейін үлкен баскетболға түрен салды. Жасы кәмелетке толмай тұрғанда-ақ Талдықорған қаласы мен облысының ересектер құрамасы командала­рында ойнады. Оның кесек біткен дене бітіміне, ұзын бойына қарап ешкім кәмелетке жетпеген деп ойламайтын-ды.

1967 жылы Талдықорған қаласындағы индустриалдық-педагогикалық техникумға оқуға түседі. Ол жерде спортпен айналысуды жүйелі түрде жалғастыра береді. Техникум қабырғасында озат оқи жүріп, баскетболдан қаланың, облыстың және республикалық әйгілі «Еңбек резервтері» қоғамының құрама командаларының белді ойыншысы ретінде әр деңгейдегі жарыстарға қатысады, жүлделі орындардан көрінеді.

Ол уақытта спортта, әсіресе, баскетбол сияқты ойындарда ондай дәрежеге жету жәй ғана ауыл баласы емес, жалпы қазақ жастарының маңдайына бұйыра бермейтін үлкен жетістік еді. Уақыт өте келе, құрама сапында жүріп КСРО спорт шебері деген жоғары атаққа ие болды.

***

ТАЛДЫҚОРҒАН ТЕХНИКУМЫН, одан соң Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашы­лығы институтын инженер-механик маман­дығы бойынша бітірген Қалимолда Байболов еңбек жолын 1971 жылы өзінің туған жері – Ақсу ауданындағы №135 кәсіптік-техникалық училищесінде шебер-оқытушы болып бастайды. 1973 жылдан сол ауданның «Діңгек» кеңшарында машина-трактор шеберхана­сының меңгерушісі, шаруашылықтың бас инженері болады. 1988–1992 жылдары аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің, Ш.Уәлиханов атындағы кеңшардың дирек­торы, ал 1992–2001 жылдары Ақсу ауданы әкімінің бірінші орынбасары, аудан әкімі қызметтерін атқарады. Содан кейін Талғар ауданы әкімінің бірінші орынбасары және сол ауданның ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы болды. Қазір зейнетттік демалыста.

Жұбайы Жамалхан Аязбайқызы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, бақытты ата-әже болып отыр.

***

МАҚАЛАМЫЗДЫҢ БАСЫНДА есіміңді адамдардың жүрегіне жазып қалдыру туралы тәмсілді айтып кеттік. Сондай-ақ, Қалимолда Байболовтың жоғарыда әр жылдары атқарған лауазымды қызметтерін бекер тізбелеген жоқпыз. Сол жолдарда қаншама адамның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қаншама ауылдың, елдің өміріне елеулі үлес қосты десеңізші.

Өзінің туған ауылындағы «Діңгек» кеңшарының бас инженері болып жүргенде де мен бастықпын деп кеуде көтерген жері жоқ. Қант қызылшасы шаруашылығымен айналысқан кеңшарда қызу науқан жұмыстары кезінде өзі де техникалардың тізгініне, комбайн штурвалына отыра кететін.

Аудандық «Казсельхозтехника» бірлес­тігіне директор болып келгенде, оған аудандық «Сельхозхимия» мекемесі де қосылып, біріктірілген болатын. Бұл мекеме Ақсу ауылындағы өзеннің келесі жағындағы шағын ауылда орналасқандықтан, олардың тұрғындарының барлығы дерлік осы мекемеде жұмыс атқаратын. Қалимолда Байболовтың жоспарлы, табанды жұмыстарының арқасында солардың әлеуметтік жағдайын және ауыл мәдениетін жақсарту бағытында іргелі жұмыстар атқарылып, бір-екі жылда ауыл түрленіп шыға келді. Жиырма шақты жеке үйлер салынып, екі жаңа көше пайда болды, олар асфальттанып, ағаштар отырғызылды. Мекеме жұмысшылары мен ауыл тұрғында­рына арналып кафе-асхана және ол кезде таңсық болып саналатын монша салынды. Әрине, стадион да бой көтерді. Онда әр деңгейдегі жарыстар өткізіліп тұратын. Мәселен, 1987 жылы осы шағын ауылда Ақсу ауданы тарихында алғаш рет Талдықорған облысының ұлттық қазақ спорт ойындарының жазғы спартакиадасы өткізіліп, барлық дерлік аудандардан командалар қатысқан.

***

ОДАН СОҢ  қой өсірумен шұғылданатын Ш.Уәлиханов атындағы кеңшарға директор етіп жіберіледі. Оның мамандығының мал жағына қатысы жоқ екендігі айтылғанымен, жоғары жақ Байболовтың шаруашылыққа тың жаңалықтар әкелетініне сенді. Шет жатқан ауылдағы малшылардың еңбекке деген ынтасын арттыруға күш салды. Ең алдымен, олардың үйлері жөнделді. Көшелеріне асфальт төселіп, түнгі жарық шамдары орнатылды. Ақсу өңірінде алғашқы болып осы ауылда соңғы үлгідегі үлкен монша-сауна және про­жек­торлар қойылған стадион кешені салынды.

Мәдениет үйі безендіріліп, екінші қабатын­да әр түрлі тақырыптағы ауылдық мәдени іс-шаралар және отбасылық ойын-сауықтар өткізуге арналған зал жабдықталды. Кеңшар көркемөнерпаздар жұмысы жанданады. Қалимолда Байболовтың өзі де оның белсенді мүшесі болды. Оның музыкалық аспаптарда ойнайтын және жақсы ән айтатын өнерін бүкіл аудан жұрты біледі. Айтпақшы, 1992 жылы ауылдың өзінде республика телеарнасының ұйымдастыруымен өткізілген және эфирінде көрсетілген «Ауылым – атамекенім» атты тележобада Қ.Байболов Абайдың  «Айттым сәлем, Қаламқасын» орындап, жүлделі орынды жеңіп алғаны да ақсулықтардың әлі күнге есінде.

***

АЛАЙДА,  ел өміріне нарық талаптары енгізіле басталды. Шаруашылықтарды жекешелендіру, тарату саясаты қолға алынды. Егістіктер көлемі азайып, мал басы жоғала бастады. Барлық салада экономикалық көрсеткіштер төмендей берді. Ауылдардағы әлеуметтік, мәдениет ғимараттары да үлестерге бөлініп немесе қарыздар есебіне таратылды, иесіз қалғандықтан көбі қирады. Ауылдар қараңғылық құшағында отырды. Жалақылар тек заттай төленді. Міне, осы уақыттағы аудан, ауыл әкімдіктерінің басты міндеті – халықтың күйзелісін мүмкіндігінше жеңілдету, күнкөріс жолын табуға қолқабыс жасау еді. Сонау қиыншылық жылдары Қ.Байболов өз ұйғарымымен аудан халқы алдында әкім ретінде өзінің жылдық есеп беруін тәжірибеге енгізді. Ол тұста бүгінгідей әкімдердің есеп берулері әлі қолға алынбаған болатын.

***

1998 ЖЫЛЫ Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділовтің шешімімен аудан әкімдеріне алғаш рет «Джип» автокөліктері беріле бастайды. Сол кезде Қалимолда Байболов облыстық қаржы басқармасының басшысына кіріп:

– Бүгінгідей ауырлау уақытта халықтың алдында биік мәшине мініп жүрмей-ақ қояйын. Оның орнына соның құнына сай келетін бірнеше «Нива» берсеңіздер, – деп, әлгі бағалы көліктен бас тартатынын айтқан. Сөйтіп, ауданға 4 жеңіл көлік беріліп, олар әкімдіктің жауапты қызметкерлеріне бөлініпті. Міне, халқына жақын әкім!

***

СОЛ ЖЫЛДАРЫ облыс әкімінің кезекті бір алқа мәжілісі өтеді. Әкім З.Нұрқаділов күн тәртібіндегі мәселені талқылап болған соң, орын алған кемшіліктерді тағы да шегелей айта келіп, аудан әкімдерінің сол мәселемен айналысатын орынбасарларын (оның ішінде Ақсу ауданының да) қызметтен босату туралы шешім шығарады. Нұрқаділовтей сұсты, мінезді басшыға бірде-бір адамның қарсы бір ауыз пікір, ой білдіруге дәттері жете бермейтін. Бірақ сол кезде үнсіздікті орнынан тұрған Ақсу ауданының әкімі Қалимолда Байболов бұзады. Ол өз орынбасарының бұл қызметке орналасқанына екі-үш ай ғана болғанын, оған ары қарай қызмет етуіне мүмкіндік беруін өтінеді. Сонда Нұрқаділовтің батылдық көрсеткен әкімге бірден «орынды пікір, жақсы» деп қолдау көрсеткені бар. Ал өзге екі-үш ауданның орынбасарлары сол кезде босап кете барған.

***

АУДАННЫҢ НЕГІЗГІ және жалғыз ірі кәсіпорны – Ақсу қант зауытының жұмысы 1996–1997 жылдары тоқтап қалды. Бір күнде мыңға жуық адам жұмыссыздық қамытын киіп шыға келді. Тіпті, ауданның тағдыры тезге түсіп, оның жабылатыны туралы алыпқашпа әңгімелер тарап, халық одан сайын күйзеліске ұшырады. Сондықтан жергілікті халықтың күнкөріс көзі болып отырған қант зауытын қайта іске қосу үлкен әлеуметтік мәселе еді. Қ.Байболов тағы да қайсарлық танытып, бірден астанаға, Үкіметке жол тартты. Соның алдында ғана «Жас Алашқа» берген сұхбаты газет бетінде «Министр Мыңбаевқа барамын, қаржы бөлінгенше оның кабинетінде қонамын» деген тақырыппен жарияланған болатын. С.Мың­баевтың тікелей және облыс басшыла­рының қосымша қолдауымен 25 млн. теңге қаражат бөлініп, ол қант зауытының тамырына қан жүгірту мақсатында банктер арқылы бөлінді. Содан қант зауытының жұмысы біраз жыл тұрақты жұмыс істеп тұрғанын ел біледі.

***

АУДАНҒА ҚАРАСТЫ Матай теміржол стансасының тірлігі де шатқаяқтай бастады. Ауылдық округтегі 4,5 мыңдай тұрғынның бүкіл күнкөрісі теміржолмен тығыз байла­нысты болатын. Соған қарамастан оңтай­ландыру саясатымен стансаның Локомотив депосын жауып, Ақтоғай стансасына қосу туралы шешім қабылданды. 500-ден астам адам жұмыстан, ауыл отбасыларының жартысынан астамы күнкөріс көзінен қағылатын болды. Теміржолға байланысты мәселелерді облыс ішінде шешу мүмкін болмағандықтан Байболов тағы да астанаға жол тартты. Бұл жолы Көлік министрі Е.Қалиевтің қабылдауында болып, өзекті мәселені тағы да оң шешіп қайтады.

Атақты «Қапал-Арасан» шипажайының есігіне қара құлып салынып, ішіндегі жабдықтарын бұзып әкете беруге болады деген бұйрық келгенде, ие болатын жеке кәсіпкер тауып, ғимаратқа қайта жан бітірді. Нәтижесінде қаншама адам жұмысына оралды.

***

СОНАУ ЖЫЛДАРДАҒЫ нарық қыспаққа алған осындай экономикалық-әлеуметтік саладағы қиыншылықтарға қарамастан, елдің еңсесін түсірмеу мақсатында мәдени-көпшілік жұмыстар, спорттық іс-шаралар да тоқтатылған жоқ. Мәдениет ошақтары, жастар орталықтары қоғамдық негізде жұмыс істеп, жыл сайын аудандық көркемөнерпаздар байқауы, ауыл спортшы­ларының спартакиадасы, спорттық турнир­лер-жарыстар жүйелі түрде өткізіліп тұрды.

Ақсудан кейін Қалимолда Байболов Талғар ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне, одан аудандық ауыл шаруашылығының басшысы лауазымына тағайындалды. Мұнда да іскерлігін көрсете білді. Кейін зейнет демалысына шыққан соң, бұған дейін тек қана ауыл шаруашылығында еңбек еткен, Жер-ананың құпия сырларын жетік меңгерген кәсіби маман енді спортқа түбегейлі бет бұрып, өзінің жетекшілігімен, тікелей тәрбиелеуімен Талғар қаласында жас баскетболшылар командасын құрды. Жан рахатын да осы жерден тапты.

***

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІН жасайтын бүгінгі жастар. Ал олар бүгінімізді жалғастырып әкете білуі үшін білімді әрі дені сау болуы тиіс. Талғар ауданында көп жылдан бері жасөспірімдер арасында баскетболдан КСРО спорт шебері, еңбек ж?не спорт ардагері Қалимолда Байболов атындағы облыстық турнир өтіп келеді. Биыл да д?стүрден жаңылмай, аталмыш турнир Талғар қаласында жалғасын тапты. 17-ші рет жалауын көтерген бұл жолғы турнир  Алматы облысы мен Ақсу, Сарқан, Талғар аудандарының Құрметті азаматы Қалимолда Байболовтың 70-ке толған мерейтойына арналды.

Талғардың «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жалауы көтерілген жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы, Ақсудың азаматы, белгілі тележүргізуші Нұртілеу Иманғали­ұлы, кейіпкеріміздің өзге де қанаттас достары, ізінен ерген інілері ізгі лебіздерін арнады. Жарысқа қатысушы жастарға с?ттілік тіледі. Жастар демекші,  баскетболды серік еткен жасөспірімдерге қарасаң көз тояды, кілең сырықтай ұзын, иықты, шымыр бозбалалар. Араларында бұрымды қыздар да бар.

***

ТУРНИР ШЫМЫЛДЫҒЫН Қалимолда Байболов Алматы облысының баскетболдан бес дүркін чемпиондары Тимур Әзікенов, Елдар Зайнулла және аудандық спорт мектебінің жаттықтырушыларымен он минуттық стредбол ойынымен ашты.

Қазақстан Ұлттық баскетбол федерацияс­ы­ның ережесімен өткен Алматы облыстық баскетбол турниріне осы облыстың Ақсу, Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Сарқан, Талғар аудандары мен Қапшағай қаласынан және Алматыдан командалар қатысты. Ойын н?тижесінде ұлдар арасындағы бәсекеде Талғар қаласының командасы 1-орын, Қапшағай – 2-орын, Еңбекшіқазақ ауданы 3-орынды иеленді. Ал қыздардан құралған Алматы командасы – 1-орынға, Талғар ауданы – 2-орынға, Қапшағай 3-орынға көтерілді.

Жарыс жеңімпаздарын, сондай-ақ, «Ең үздік қорғаушы», «Ең үздік ойыншы», «Ең үздік үйлестірушілерді» де Қалимолда Байболов құттықтап, кубокпен, мадақтама қағаздарымен марапаттады.

Ұрпаққа, болашаққа, елге қызмет етіп жүрген, сан жүрекке жол тапқан ел ағасы, жасай беріңіз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *