ҰЯТТЫ ояту жолындағы күрес

Қали СӘРСЕНБАЙ

Ең алдымен, өзі тұрып жатқан шаһарда не ауылда болсын, кісінің рухани қажеті, сұранысы өтелсе, ол өзін сол халықтың перзенті, тіпті, адам ретінде сезінеді. Оның тірлігінде түзулік болады. Ой-өрісі кеңейіп, өмір сүруге деген бір ынтызарлық, құмарлық пайда болады. Адамның бойындағы бұл қасиетті қалыптастыратын ең алдымен өнер, мәдениет. Рухани-мәдени мәйек, тек тамыр жайған жерде ұлт біртіндеп өзінің даңғыл даму жолына түсе береді.

Ана бір жылдары Алматыда басталған сол рухани  леп қазір ерекше бір өрлеуді бастан кешіп жатыр. Әдетте мұрныңызды басып тез өте шығатын жерасты жолдарына қазір кірсеңіз, ерекше бір күй кешіп, тұла бойыңыз шымырлап, шаттанып, тіпті рухтанып шығатындай жағдайда боласыз. Кеше редакцияға телефон шалған бір азамат осы төңі­рек­тегі ойларын бүкпесіз айтты. Онысы рас. Басқа­сын былай қойғанда,сіз бір ғана Абылай хан мен Абай, Достық даңғылының бұрышындағы жерасты жолына түсіп көріңізші. Ұлан-ғайыр сезімді бастан кешесіз. Рухи тазалыққа ұйисыз. Әлгі бір азамат әңгіменің бір тұсында «ойпыр-ай, нақыл сөзге, ұлттық сазға тұнып тұрған жерасты жолынан шыға бере, кеудем әсерге толып кетті ме, қатты толқы­ғаннан ба, білмеймін, темекіні бұрқ еткізгенім сол еді, әлгіні қайда тастарымды білмей састым. Ұялғаным-ай!» деді.

Қала дегеніңіздің өзі арабшадан алғанда «маданият» деген ұғымды білдіреді. Ұятты оятудың қозғаушы, қуатты күші – мәдениет. Демек, ұялуға дейін жеткен адам, ұяты оянған адам мәдениетті адам. Адамның ұяты оянуы үшін, соған қажеттілік, мәжбүрлік тудыратын жағдай жасалуы керек. Яғни бұл шаһарда бізге келіп-кетіп тұратын сол ұятты ояту жолындағы күрес өз нәтижесін бере бастады деген сөз.

Британ энциклопедиясында мәдениетке 200 түрлі  мағына беріледі. Дұрыс қой. Ал біздің Аймауытов олардан асып түседі. «Мәдениет деге­німіз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» дейді. Демек, әлгі ойлы оқырманның ойымен сабақтасақ, әсілі, мәдениет дегеніміздің бір мағынасы Ұят болуы керек. Ұят бар жерде, ол оянып бұқаралық сипат алған жерде, сірә, ұлт болашағы үшін алаңдаудың да керегі жоқ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *