Япыр-ай дегізген «Япурай»

немесе Жарасқанның кешінде туған ой

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Абай, Мағжан, Қасым, Қадыр, Мұқа­ғали деген тәрізді Жарасқан деп те отыр­мыз. Бұрнағы күні Ұлттық кітапханада Әбдіраштың Жарас­қанының 70 жылды­ғына арналып «Дала, сенің ұлыңмын!» атты поэзия кеші өтті. Кешті Қазақ-Американ уни­верситетінің «Дара оқырман» поэтикалық клубы ұйымдастырды. Сөз жоқ, талантты адамның шығармашылығына арналған кештен демалып қайтасың. Өткеннің өрнектері есіңе түседі.

Ақынның «Дала, сенің ұлыңмын!» поэмасы 1975 жылы жеке кітап болып шықты. Шыққаннан бастап сыннан көз ашпады. «Сарыуайымшыл», «Мағжанның құйыршығы», «пессимист» («Ара», 1976 жыл) деген тәрізді бүгінде күлкің келетін кінә тағылды. Осы мәселе сөз болған сұхбатымыз «Жас Алашта» жарияланып, кейінірек «Шал мен шындық» атты кітабыма («Дала – оның дәптері, домбырасы» – 557–560 беттер) енді.

Кеште жастар ақынның өлеңдерін, эпиграммаларын оқыды. Бұл да бүгінгі күні бір қуанатын жағдай. Үш қыз бала жетігенмен халық әндерін орындады.

Дарынды адамның кешінде өзге де дарындар еріксіз есіңе түсіп отырады. Бұл – заңдылық. Оның кереметі де сонда. Сол ойымды оқып қойғандай, «Япурай» әні айтылып біткенде қасымда отырған бір үлкен кісі «шіркін, «Япурай» Ермекпен кетті ғой» деді күрсініп.

Селт ете қалдым. Ойпыр-ай, мына кісі әулие болар. «Неге… Бекболат айтып жүр, Димаш та айтады» деп күбірлеп отыруға ыңғайсыз.

Дейтұрғанмен, ойланып қалдым. Кезінде Ерағаң­ның: «бір күні мені бір гастрольде шалдар ортаға алып, «сен қазақ әнін орысша айтасың» деді. Содан мен өзімді түзедім. Мен оларға «Япураймен» жауап бердім ғой деймін шамасы», – дегені бар еді. «Япурайды» тыңдаған орыстың ұлы композиторы С.Рахманинов «Мен мына әнді шығарған халықты көруім керек» деген екен. Ол кісі бұл халықты көрді ме, көрмеді ме, одан хабарымыз жоқ. Бірақ «Япурай» туралы әйгілі кісінің де, әлгі кісінің де ойы «япырай» дегізгені анық еді. Япырай, «Япурай» шынымен айтылмай жүр ме?! Бұл қазақтың өз табиғатындай дарқан, дана дүние дидарын, сұлулығын көз алдыңа келтіретін шалқар, байтақ амбициялық ән. Орыстың «Широка рекасы» тәрізді. Өмірден өткенше сәл етжеңділігіне қарамастан даусының 90 пайызын сақтап қалған Ермек ағамыз «Япурайды» айтқанда шынымен дүние жайнап кеткендей болушы еді ғой.

Қазақтың Қадыры бір сөзінде «Жарасқан сұмдық талант қой. Әттең өз мүмкіндігін толық пайдалана алмай кетті» деп өкінгені бар еді. Осы кеште сол сөз есімізге түсіп елжіреп отырдық. Расында да ол әдебиеттің қай жанрында болсын жарқын із қалдырды. Мөлдір, терең поэзиясы өз алдына, әдеби сынды да бір биікке көтеріп кетті ғой. Әсіресе, эпиграмма жазуда оның алдына түскен қаламгер жоқ-ау. «Тамашаға» сіңірген еңбегі, айтқыштығы енді бөлек әңгіме. Шынында да ол өзіне берілген орасан зор мүмкіндігінен төмен өмір сүрген суреткер еді. Осындай айрықша талантты пысықай біреулерге берсінші, не істер екен?!

Таланттың аты талант. Сол таланттың арқасында осы кештің өзінде қаншама тұлғаны еске алдық. Қасымда отырған атақты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек те бірде Қадырды, бірде Жұматайды, бірде Кеңшілікті айтып көңілі босап отырды.

Қалдыбек Құрманәлінің әні «Кірмеші жиі түсімені» елдің есінен шықпайтындай етіп айтып кеткен ән мадоннасы – Мәдина Ерәлиеваны да еске алдық. Бұл Жақаңның әнге жазылған жалғыз сөзі еді. Әлгінде айтқандай, егер әлі ғұмыр бергенде шығармашылық мүмкіндігі зор оның Ибрагим досындай талай әннің мәтінін бұрқырататыны да сөзсіз еді.

Талантты адамның туған күні болады, өлген күні болмайды деген тәмсіл рас. Олар бәрібір бір-біріне шуағын түсіріп отырады. Серкебаев өз алдына, тіпті өмірі сонау Парижде өткен Рахманиновты есімізге түсірген де Жарасқан шығармашылығының қуаты ғой.

Айтпағым, талантты адамның кешінен еміреніп, егіліп шығасың, талантсыздың кешінен езіліп шығасың.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close