ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫСТЫҢ ӨЗЕКТІ ЖАҚТАРЫ

Ұялы байланыс әлемде бүгінгі таңда көп әрі қарқынды дамыған қызмет түрінің бірі болып отыр.

Дейтұрғанмен, байланыстың осы түрі қолданысқа енген уақыттан бастап олардың адам денсаулығына тигізетін әсері жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында әр түрлі ой-пікірлер айтылып жүр.

Бүгінгі біздің әңгімемізде қызметтің бұл түрінің адам өмірі мен денсаулығына әсері төңірегінде болмақ.

Жалпы, ұялы байланыс қызметі негізгі екі элементтен тұрады: базалық станса және біз пайдаланатын мобильді радио­телефон. Базалық стансалар сигналдарды қабылдау және тарату режимінде жұмыс істеу арқылы мобильді радиотелефон­дармен үнемі байланысты қамтамасыз етіп тұрады. Сондықтан да олар электромаг­ниттік сәулелендіру көзі болып есептеледі. Бұл жүйенің жұмысында елді-мекен аума­ғын аймақтарға (зона) немесе «ұяларға» бөлу қағидасы пайдаланылады. «Ұялы» байланыс деп аталуы да осыдан. Бұл «ұялардың» радиусы 500 метрден 10 км. дейін жетеді. Базалық стансалар неғұрлым көп болса, соғұрлым байланыстың сапасы жақсарып, ұялы телефонның адамға әсер ететін электромагниттік өріс деңгейі де әжептәуір төмендейді. Ал базалық стан­садан алыста немесе «экран эффектісін» туғызатын жерлерде (жерасты өткелдері, метро, жертөле, қабырғасы қалың ғима­раттар) болсаңыз, онда сигналды нашар қабылдауынан «соткаңыздағы» антенна деңгейі азайып, сөйлесу әжептәуір қиын­дайды. Осындай кезде «антенна жоқ» деп терезенің алдына немесе ғимараттан сырт­қа шығып сөйлесуге тырысамыз. Бұндай жағдайда телефонның электромаг­ниттік өрісінің адам ағзасына әсері де жоғары­лайды.

Ұялы байланысты қамтамасыз ету үшін ғимараттардың төбесіне немесе мұнар­бақан­дарға секторлық және радиорелелік антенналар орнатылады. Міне, осы антенналар қала тұрғындарының көп жағдайда алаңдаушылығын туғызады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 23.04.2018ж. №188 бұйрығымен бекітілген «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларына сәйкес ұялы байланысты қамтамасыз ететін антенналардың тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың шаты­рына және мұнарбақандарға орнатуға шектеу қойылмаған. Бұл тәжірибе комму­никация саласы қарқынды дамыған елдердің бәрінде кең тараған.

Антенналарды орнату барысында аталмыш құжатта көрсетілген гигиеналық нормаларды бұлжытпай орындаған жағдай­да олардың адам өмірі мен денсаулығына зиянсыз екенін ерекше атап өткен жөн. Орнатылатын антенналардың жерден биіктігі ұялы байланыс құрал-жабдығының қуаттылығына, жиілік диапазонына және антенна орнатылатын ғимарат пен оның жан-жағында орналасқан ғимараттардың биіктігімен тікелей байланысты.

Министрлік бекіткен бұл құжаттама ұялы байланыс қызметін жүзеге асыратын операторларға халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған қатаң талаптар қояды.

Атап айтқанда, олар антенналарды ғимараттарға немесе мұнарбақандарға орнатпас бұрын арнайы жоба құжаттама­ларын әзірлеп, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына сараптамаға тапсыруға міндетті. Сарапта­ма­ның қорытындысымен арнайы рұқсат құжаттама беріледі. Әрине, гигиеналық талаптарға сәйкес болған жағдайда. Операторлар антенналарды орнатып болған соң олардың электромагниттік өріс деңгейлерін өлшеуге міндетті.

Тиісті ақпараттың аздығынан ба, кейбір тұрғындар өз арыздарында антенналар радиация береді деп те жазып жатады. Бұл қорқыныш орынсыз, себебі ұялы байланыс құрал-жабдықтары ешқашан радиациялық сәуле шашпайды.

Енді радиотелефон жөнінде бірер ауыз сөз.

Жалпы, ұялы байланыс телефонын шұғыл хабарласу қажеттілігі туындаған кезде ғана пайдаланған жөн және оны пайдалану кезінде электромагниттік өрістің әсерін шектеу мақсатында төмендегі қарапайым шараларды орындаған абзал:

– сөйлесу ұзақтығын неғұрлым азайту;

– жүкті әйелдер ұялы телефонды мүмкіндік болғанша пайдаланбағандары жөн;

– дыбыстық байланысты (громкая связь) және SMS-ті жиі пайдаланбау;

– сөйлескен кезде телефонның сыртын алақанмен тұтас жаппай, төменгі жағының ғана ұстау және бетке тигізбеу.

Әңгімемізді қорыта келе айтарымыз, өркенитеттің озық технологиясын кең пайдалана отырып, деніміздің саулығы мен өміріміздің қауіпсіздігін де ұмытпайық.

 

Ихсан КӨБЕЕВ,

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өнеркәсіптік

нысандарды қадағалау бөлімінің басшысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *