ЯКУТИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘКІМІ

Жомарт  Абилманов  Кереку өңірінің тумасы

zhumart

Сірә, «Таудай талап бергенше, бар­мақтай бақ бер» дегенді біздің қазақ көре­гендікпен  тауып  айтқан. Сол айтқандай,  Ресейдің жетекші БАҚ құралдары жазып жатқанындай, кешегі 26  қараша күні Саха (Якутия) елінің  Лена улусында (ауда­нында)  мерзімінен бұрын өткен жергілікті әкімшілік басшысын сайлау додасында өзін-өзі ұсынған үміткер, қазақ қанда­сымыз Жомарт Абилманов бес қарсыла­сының ішінен оза шауып,  46,7 пайыз дауыс­пен жеңіске жетіпті. Оған негізгі бәскелес болған, әйгілі президенттік  «Единая Россия» партиясы үкілеп қосқан кандидат Василий Лукьянцев небәрі 25,9 пайыз, ал Александр Хорунов 20,2 пайыз ғана дауыс жинаған.

Аудандық деңгейде өткен сайлау десек те, бұл саяси науқанның  нәтижесі жергілікті билік қанша тізеге салып, бар мүмкіншіліктерін пайдаланса да әкімшілік  ресурстың күні өтіп бара жатқанын көрсеткен.

Осы орайда  REGNUM баспасөз агент­тігіне  республикадағы танымал сая­саттанушы Андрей  Данилов сұхбат беріп:

–  Өте қызық жағдай бой көрсетті. «Еди­­ная Россия» тағы да жарамсыз «тұлпарын»  бәйгеге қосты. Барлық күш-қуат Лукьянцевты қолдауға жұмылды­рылғанымен электораттың еркін өзіне қарата алмады, бұл жолы әкімшілік ресурс  қауқарсыздық танытты. Нәтиже күтпегендей, ойламағандай болып шықты. Мен бұған дейін де «Абилмановтың мүм­кіндігі жоғары» деген сыбыс естігенмін, бірақ оған аса мән бермедім. Айтқандай-ақ,  сайлау қорытындысында  Қазақстан­нан келген азаматың жұлдызы жанды. Бұл «Единая Россия» партиясы­ның респуб­ликалық және жергілікті бөлімшелерінің жұмысының ақсап бара жатқанын көр­сетеді. Және кейінгі кездері мұндай  ахуал жиі көрініс беруде. Басқаша айтқанда, өзін-өзі ұсынғандар оза шауып жатыр, – деген пікір білдірген.

Сондай-ақ, оның  топшылауынша  Лена ауданында негізінен орыстар мен якуттар тұрады. Сондықтан олар «сізге де бізге де болмасын, ешкімге бұра тарт­пайық»  деген оймен әдейі қазаққа дауыс берген болуы ықтимал.

Енді біреулердің пайымдауынша,  жұрт  биліктің айналасында жүрген, сөзі мен ісі алшақ  пысықайлардан мезі болып, әбден  жалыққан. Сондықтан да өз бетін­ше шаруа жүргізе алатын, әр тиынның бағасын  білетін  кәсіпкерге үміт артып отыр. 55 жастағы Жомарт Абилманов  осыған дейін  «Арман» жауапкершілігі шектеулі қоғамды басқарып, кәсіпкерлік салада айтарлықтай табыс пен жетістікке қол  жеткізген. Павлодар өңірінде туып, сонда орта мектепті бітірген.

Сайлау өткеннен кейін республикалық «Вестник Якутии» басылымына  сұхбат беріп, онда бұдан әрі бизнесін балалары мен туыстарына тапсыратынын, соңғы отыз жылдан бері Ресейде тұрып келе жатқан осы мемлекеттің азаматы екенін айтқан.

– Сіз Якутия үкімет ұсынған канди­датты шаң қаптырып, жеңіске жеттіңіз. Сол себепті сізге орталық билікпен жұмыс істеу қиынға соқпай ма? – деген сұраққа:

– Олай болмайды деген үміттемін. Текетірес кімге керек дейсіз? Ортақ мүдде үшін тіл табыса жұмыс істейміз деген ойдамын, – деп жауап берген.

Осы «Вестник Якутии» газетіне саха саясаткері, жергілікті ұлт өкілі Эрнест Березкин былай депті:

– Мен Жомартты айқын жеңісімен құттықтаймын! Және де ол Ленск қала­сы мен Лена ауданының игілігіне қызмет жасайды деген үміттемін. Кәсіпкерлікті де дамытатын шығар.  Лена ауданына осындай басшының келгені дұрыс болды. Оның мамандығы жол салушы. Аудандағы өзекті мәселенің бірі осы жол салу ісі.  Енді іс ілгері жылжиды деген сенім бар.

Көңілге жылы тиетін осындай қуа­нышты хабарды естісімен интернет желі­лері арқылы ұялы телефон нөмірін тауып алып, кеше кешкілік  Жомарт Абил­ми­новтың өзімен  тілдестік. Екі арадағы әңгіме былайша өрбіді:

– Жомарт Жақсылықұлы, сізге Алма­тыдан хабарласып отыр едік. БАҚ құрал­дарынан сізді Якутиядағы Лена ауданы әкімшілігінің басшы болып сайланды деп оқып, қуанып жатырмыз. Құттық­таймыз!

– Үлкен рахмет!

–Сізбен қазақша, әлде орысша сөйлескен ыңғайлы ма?

– Маған бәрібір. Ана тілін әлі ұмыта қойған жоқпын.

– Өзіңізді Павлодар облысынан деп естідік.

– Иә, Павлодардың Железинка ауда­нынанмын. Сонда орта мектепті аяқтап, 2005 жылы Мәскеудегі Басқару акаде­миясын  бітірдім.

– Туған жерге келіп-кетіп, не жиі хабарласып тұрасыз ба?

– Шешем барда жылына екі рет барып тұрушы едім. Ол кісі өткен жылы өмірден өтті. Елде бауырларым тұрадым. Қол үзбеймін ғой. Біз тоғыз ағайындымыз. Әкеміз ертерек  қайтыс болған. Бәрімізді еті тірі  анамыз Бақыт өсіріп, ержеткізді. Анамызға қарыздармыз.

– Саха жұртына  қалай барып жүрсіз?

–Мен әскери борышымды атақты БАМ (Байкал-Амур магистралында) өтедім. Табысы молдау болған соң, шешеме қолғабыс жасайын деп осында қалып жұмыс істедім. Сөйтіп, Сібірдің  қатал табиғатына, тұрмыс-тіршілігіне  үйреніп кеттім.

– Ресми деректердің бәрінде сізді  ООО «Арман» (Жауапкершілігі шектеулі  қоғамының)  директоры деп көрсетіпті…

– Рас сондай  кәсіпкерлік фирма құрып, біраз жылдан бері  Лена улу­сында жол салумен айналысып келемін. Жер­гілікті халық мені  атқарған істерім ар­қылы біледі. Сол үшін  көбірек дауыс берген болар.

– Кәсіпкерлік фирмамды  балаларым мен туыстарыма өткіземін депсіз?

– Айтқанымдай, бұдан әрі онымен қызым Жұлдыз және бауырларым Жұма­ғали мен Амангелді айналысатын болады.

– Олардың мамандықтары жол салуға жақын ба?

– Жұлдыз – экономист, Жұмағали – инженер, Амангелді – жүргізуші.

– Бизнес  әкімшілік қызметтен гөрі табысы көп, әрі еркіндеу жұмыс емес пе?

– Мен өзімді әкімшілік, басқару қызметінде сынап көрейін деп отырмын. Негізі біздің Лена улусында орман шаруашылығын, ағаш-тақтай дайындау  ісін кеңінен өрістетудің мүмкіншілігі зор. Мұнай мен газдың да мол қоры  бар. Талакан кеніші осында. Бүкіл Ресей үлкен үміт артып отырған  Қытайға тартылатын «Сила Сибири» мұнай құбыры біздің жер арқылы өтеді. Мұнда  «Сургутнефтгаз» жұмыс істейді. Істің көзін тауып, дұрыс ұйымдастырса, жергілікті өндірісті өркендетіп, халықтың да  әл-ауқатын жақсартуға болады.

– Қызметке  кіріскен бойда денсаулық саласын, жаңа жұмыс орындарын ашуды, жергілікті ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өнеркәсібін, тұрмыстық-коммунал­дық қызметтегі, энергетика мен газ жет­кізудегі жоғары тарифтерді төмендету  мәселесін қолға аламын деген көрінесіз?

– Алдағы 4 желтоқсанда ресми түрде қызметке кірісу салтанаты өткізіледі. Содан кейін дереу іске кірісеміз.

– Бұған дейін мұндай саяси-әкімшілік қызметпен айналысып көрген жоқсыз. Команданы жасақтау,  лайықты адамдарды таңдау қиынға соқпай ма?

– Әзірше екі азаматты орынба­сар­лыққа көздеп отырмын. «Соғыстың бары­сы жоспарды айқындайды» дейтіндей,  қалғанын істің барысында көре жатармыз.

– Ол жақта қандастарымызды кездес­тіру қиын шығар?

– Жоқтың қасы. Бірақ тағы бір аудан­ды талайдан бері бір қазақ жігіті бас­қарады деп естимін. Соның анық-қанығын біліп, орайы келсе өзіңізге хабарлармын.

– Жұмысыңыз жемісті болсын! Кеме­рово облысын басқарып отырған Аман Төлеев ағамыздай сәттілік пен абырой-атақ тілейміз. Сол кісідей күллі Ресейге атыңыз танылып, бізге мақтаныш  етуге жазсын.

– Айтқаныңыз келсін!

Сәл өкініштісі, біз «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген ата-баба өсиетін жиі айтамыз. Бірақ өзімізде жүргенде жақсы мен жайсаңның бағасына жетпей, өзге ел төбесіне көтергенде  өкі­ніп қаламыз. Есті ел болу үшін көреал­маушылықтан, іштарлықтан, аяқтан шалудан  аулақ болсақ екен.

Осы бірер күнде 2010 жылы «жемісті жұмыс істеймін» деген  үлкен үмітпен елге оралған  биологиялық қаруды жасаушы, әлемге танымал микробиолог ғалым, Кен­нет Әлібек  (Қанатжан Әлібеков) бюро­краттардың  аяқтан шалып жұмыс істет­пеуінен мезі болып,  Америкаға  қай­та кетіп­ті деп естідім. Қандай өкінішті!

Біз негізі бауырмал, туысшыл, қаншыл халықпыз. Әлдебір танысымыз шет елге барып келсе, әй-шәй жоқ: – Ол жақта қазақ бар ма екен? – деп сұраймыз.  – Бар! – десе, оның руын, шыққан тегін, бала-шағасын сұрап шат-шәлекей боламыз.

Осы сияқты қандай бір қазақ  жат жұртта спортта үлкен жетістікке жетіпті, не лауазымды қызметке ілігіпті десе жү­регіміз жарылардай қуанамыз.  Және де:

«Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген ғой. Неге оны Қазақстанға алдырмаймыз? – деп шала бүлініп, сарыуайымға салынамыз.

 

Әңгімелескен –

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» шолушысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *