Ядролық қарусыз әлем – адамзаттың арманы

gn3a5093

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция басталды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Форум БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, жыл сайын атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні аясында өтіп отыр.

Алқалы басқосуға әлемнің 50 елінен 200-ге жуық халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер, парла­менттік қоғамдастықтың мүшелері мен сарапшылар қатысуда. Форум жұмысында қарусыздану және ядролық қаруды таратпау секілді өзекті мәселелер талқы­лану үстінде.

Астана конференциясына БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы Майкл Мёллер, Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Парламентаралық одақтың Президенті және PNND тең төрағасы Сабер Чаудхури, Панафрикалық Парламенттің Президенті Роджер Нкодо Данг, Болгарияның вице-президенті Маргарита Попова, Маршалл аралдары Нитиджелінің (Парламент) төрағасы Кенет Кеди, «Невада-Семей» антиядролық қоз­ғалысының негізін салушы, ақын Олжас Сүлейменов, басқа да халықаралық ұйым­дардың, үкіметтік емес ұйымдардың көрнекті өкілдері, жалпы алғанда, елуден астам елдердің белгілі діни қайраткерлері қатысуда.

– Семей полигоны маңында үш жүз мың шаршы метр алаңда шамамен жарты миллион адам тұрған болатын. Кеңестік әскери басшылықтың Қазақстан аумағын­да полигон орналастыру туралы құжатта­малық негіздемесінде «бұл жерлер елсіз» деген қатыгездікпен қорланған сөздер бар болатын. Полигон ғана емес, оған іргелес жатқан аумақтар да қарқынды радиоак­тивтік ластануға ұшырады, – деді Н.Назар­баев конференцияда сөйлеген сөзінде.

Елбасының айтуынша, ядролық сынақ сол маңдағы адамдар мен тірі табиғаттың сәулелік патологияға ұшырауына әкеп соқтырған. Ал, мамандардың бағалауы бойынша сәулеленуге ұшыраған адамдар­дың жалпы саны бес жүз мыңнан асады. Сонымен қатар, қазақстан­дық­тардың әлі де бірнеше ұрпағы денсау­лықтарында ажал құштыратын сынақ­тардың әсері мен салдарын сезінетін болады.

– Қазақстан мен қазақстандықтар ядролық сынақтардың әлемдегі ешбір мемлекет пен халықтар бастан кешірмеген зиянын шекті. Сондықтан,  Қазақстан мен Жапония ядролық қарудың қасіретін, оның зардаптарын жақсы түсінеді. Екі мемле­кеттің ядролық қаруға тыйым салу туралы бастаманы ұдайы көтеріп отыратыны да сондықтан. Біздің Ядролық қарудан азат елді құру туралы талпынысымыз – Мәң­гілік Ел жалпыұлттық идеясының маңызды құрамы, – деді Елбасы.

ҚР Президенті Қазақстанның ғалам­шардың ядролық өзін-өзі жою қаупінің толық алдын алуға бағытталған бірегей тәжірибесі әлемдік тарихтағы қайталанбас жалғыз мүмкіншік екендігін баса айтты. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті әлемнің барлық үкіметтерін ядролық қауіпсіздіктің негізін құрайтын халық­аралық шарттар мен институттардың одан әрі нығаюы үшін жаңа міндеттемелерді қабылдауға шақырды. «Бүгінгі конферен­цияға қатысып отырған барлық парламент­шілерді осыған қатысуға үндеймін. Халық­аралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке барлық парламентшілер, бүкіл халық, барша адамзат назар аударатын болса, біз үлкен табысқа қол жеткіземіз», – деді Н.Назарбаев.

Халықаралық конференция барысында Ядролық қарусыздану саласында арнайы сыйлық тағайындау туралы мәселе көте­рілді, жалпы басқосуда мұнан басқа да бір­қатар ұсыныстар мен бастамалар айтылған болатын. Болгария вице-президенті Мар­гарита Попова ядролық қаруды таратпау мәртебесіне әмбебап халықаралық режим беруді ұсынды. Ал, Жапонияның Парла­менттік сыртқы істер вице-министрі Мотоме Такисава ядролық қарусыздану саласында арнайы сыйлық тағайындау туралы бастамаға қолдау білдірді.

Ал, жиынның жалпы отырысын қоры­тындылаған ҚР Президенті Н.Назар­баев мұндай сыйлыққа да қолдау білдіруге болатынын айтты. «Мен конференция барысында көтерілген арнайы сыйлық бекіту туралы бастаманы қолдаймын. Дегенмен, оның атауына қатысты ойлануға тиіспіз. Ал, тұтастай алғанда, бұндай сыйлық тағайындауға қолдау білдіремін. Бұл сыйлық, бәлкім, «Ядролық қарусыз әлем үшін» сыйлығы деп бекітілер, мүмкін оны «Ядролық қарусыздану саласындағы сыйлық» деп атармыз. Біз бейбітшілік үшін берілетін сыйлыққа дәл «ядролық қарусыз­дану» мәселесін қосуымыз керек. Әйтпесе, әлемде бейбітшілікке қатысты тағы бір-екі халықаралық сыйлықтар тағайындалады. Сондықтан да, біз бұны ойланатын бола­мыз», – деді Елбасы.

Қазақпарат хабарлағандай, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың қараша айын­да Астанада Бейбітшілік саммиті өтетінін еске салып, сол алқалы басқосуда  аталған сыйлықты тағайындау және оның алғашқы лауреатына сыйлықты табыс ету мәселесі шешіліп қалуы мүмкін екенін жеткізді.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *