ҚЫЗЫҚТЫ ӘРІ САПАЛЫ ТУЫНДЫ

20 қаңтардан бастап «Алматы» теле­ар­насында «Алтын Орда» ресейлік тарихи телехикая көрермен назарына жол тартады.

«Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылық­тың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондық­тан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлық­тауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын ауда­рып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылды­ғын мерекелеу аясында басталуы қажет».

 Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті.

«Золотая Орда» хикаясында XІІІ ғасыр­дың соңы Ресей моңғол-татар­лардың қол астындағы кезеңі баянда­лады. Ресей астанасына Алтын Орданың елшісі – Берке ханның туысы Меңгу Темір келеді. Ол Ресейде қырық мың әскер жинауды көздейді. Бірақ егер князь Ярослав Борис ағасының әйелін Устиньяны «беруге» келіссе, он мың әскер береді. Князь мұндай шартты қабылдап, моңғолдар Устиньяны және он мың орыстармен бірге алып кетеді. Князьдің сыйына орай, Меңгу Темір оған моңғол қыздарын береді. Олардың бірі Наргиз. Орыс ханзадасының сезімін оятады. Ордада жаңа астананың құры­лысы жүріп жатады. Берке хан Айжан деген жас қызға үйленеді. Ханның қалған әйелдері бір-біріне және жаңа әйелге қарсы жоспар құрып, қатыгез ханның махаббаты мен жағдайын сақтап қалуға тырысады.

Осы орайда, тарих ғылымының доценті, профессор Талас Омарбеков Алтын Орданың қазақ елі үшін маңыз­дылығын атап айтып кетті. «Алтын Орданы қазақ мемлекеті ретінде мойын­дау керек. Қазақ хандығы Алтын Орданың мұрагері. Қазақ мемлекетінің бастауы. Неге десеңіз, мына Алтын Орда құлағаннан кейін Қазақ хандығы, Қырым хандығы, Ноғай ордасы дегендер бөлініп шықты ғой. Солардың бірде-біреуі мемлекет болып өмір сүре алған жоқ».

 

Эфирге ұсынылғалы отырған телехи­кая туралы «Алматы» телеарна­сының бағдарлама директоры Ғазиза Жаппа­ровамен біз  аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

– «Золотая Орда» телехикаясы қан­дай жастағы аудиторияға арналған?

–Аталмыш телехикая жас буын аудиториясына бағытталған. Бұл көбіне 25 жастан асқан көрермендерді қызық­тырады деген ойдамын. Әйел қауымын сезімге толы, махаббат үшін күрес және романтикаға жақын сәттері қызықты болса, ерлерді «Алтын Орда» хикаясын­да кейіпкерлердің ба­тырлық ерліктері мен ерекше мінездері баурап алуы мүмкін.

– Қазақстандық теле­арналарда бұған дейін мұндай «үл­кен» тұсау­кесер болған емес. Нелік­тен таңдау осы телехи­каяға түсті?

– Алтын Орда­ның 750 жылдығын мере­келеу қар­са­ңында осы кезеңді сипат­тайтын деректі және көркем туынды­ларға деген қызығушы­лық тағы да артты. Телехикаяны жасау­шылар тарихи интерьер­ді, костюм­дерді, әскери оқ-дәрілерді, қоғамның иерархиялық құры­лы­мын және тәсілдерін қайта жасауға тырыс­ты. Мұның бәрі өте қызықты. Алайда, «Золотая Орда» хикая­сы, ең алдымен, тари­хи оқиғалар­ды қайта құруға арналмаған өнер туындысы екенін ұмытпау керек.Нағыз тарихи прото­типтерге ие бірнеше кейіпкерлер бар. Бірақ тұтастай алғанда бұл әдемі әрі сапалы туынды.

Жалпы, телехикая 16 сериядан тұрады. Сценарий авторы – Ольга Ларионова. Режиссері – Тимур Алпатов. Телехикаяның сюжеті шындыққа жанаспайтын, тарихи қиялға жақын. Телетуындыда Санжар Мәди, Аружан Жазылбекова, Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек секілді қазақстан­дық актерлер де бой көрсетеді. «Алтын Орда» телехикаясының екінші маусымы 2020 жылы жарыққа шығады деп күтілуде.

 

Әзірлеген –

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *