Қызын бақпаған ел салауатты қоғам құра алмайды

Менің Талғар жақта тұратын туысым бар. Өзі шылқыған бай. Негізгі бизнесі – Еуропа елдерінен асыл тұқымды жылқы әкеліп сату. Асыл тұқымды иттер де асырайды. Балақ жүні мен кекілі келіскен кербез кептерлері де баршылық. Торларды толтырып тастаған. Үйіне бара қалсаң, тек сол туралы айтады.

Оның айтуынша, Еуропадағы бизнес серіктестері жылқыны адамнан бетер бақылайды. Жаңа туған құлынға арнайы файл ашылады. Жылқының шежіресі түгел жазылады. Құлынның атасы кім, әкесі кім, шешесі кім, әжесі кім, түгел тіркеледі. Биелердің байқаусызда көрінген айғырмен «көңіл қосып» қоюы мүмкін емес. Дені сау, жұтынып тұрған құлынды туғызу үшін арнайы мамандар Керқұла атты Кендебай сияқты биелерді түні бойы ұйықтамай бақылап отыруға дайын. Жылқы тұқымы асылданған үстіне асылдана береді. Жылқының шежіресі неғұрлым терең болса, құлыны да соншалықты зерең болады деген түсінікпен қымбат бағаға сатады.

Оның иттері де солай. Қаншығын беталды қаңғытып қоймайды. Не болса соны жегізбейді. Қымбат, сапалы етті иті жейді. Есесіне, күшіктері шетінен арлан шығады. Бір жасар күшігінің өзі бұзаудай ғой жарықтықтың.

Ал жабайы кептерлермен шағылысқан көгершін­дерінің жұмыртқасын шағып тастайды. «Неге өйттің», – десең, «Тұқымды құртады. Бар бәлені осы ұрғашылары жұқтырып әкеледі», – деп сақтанып отырады. Қарап отырып қызығасың.

Дегенмен, осы фактілер мені басқа да ойларға жетелейді. «Бұ дүниеде адамның тұқымы неғұрлым асыл, неғұрлым шежіресі терең болса, қоғам соғұрлым нұрлы болмай ма?» деп ойлаймын ғой баяғы. Жалпы, өзіміздің сапамызды тура солай арттыра аламыз ба? Ол мүмкін нәрсе ме өзі?

Мен бала кезімде тойға барғанда, микрофон алып сөйлеген барлық қонақ мынадай мақалдарды жиі айтушы еді. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашысынан», «Алып анадан туады», «Қызға қырық үйден тыйым, одан қалса қара күңнен тыйым». Ол кезде бұл сөздердің мағынасын ұқпаушы едім. «Неге тек қана нағашысына тартып мықты болу керек?» деп ойлаушы едім. Есейген соң оны да оқып, тоқып, ақыры білдік.

Ер мен әйел қосылған соң, аналық жатырда бір клеткалы эмбрион пайда болады. Ең басында ядродағы хромосома саны екі тараптан тең түседі. 23 хромосома әкеден, 23 хромосома анадан. «Генетикалық ақпаратты ана жатырына алып келген сперматозоид пен іштегі ооцит деп аталатын аналық клетка тең дәрежеде тұрғанда неліктен болашақ ұрпақтың жақсы болуы негізінен әйелдікіне тәуелді?» деген сұрақ туады. Себебі, дейді генетик ғалымдар, қыз бала бүкіл өмірінде бала тууға себеп болатын аналық ұрығымен (яғни ооциттермен) бірге туады. Қыз баласы сәби кезінде қанша ооцитпен дүниеге келсе, өмірінің соңына шейін сонша аналық клеткамен өмірін сүреді. Аналық клетка ер адамның ұрығы сияқты ұдайы ауысып, жаңарып тұрмайды. Саны да ешқашан көбеймейді. Қыз бала өскен сайын оның бұрынғы ооциттері пісіп жетіліп, дамып қана отырады. Қыз бала бойжеткен соң ай сайын бір ғана ооцит шығын қылады. Мұны хайыз кезеңі деп атайды. Ер адамда керісінше, сперматозоидтар күн сайын, апта сайын жаңарып, көбейе береді. Ер баланың ұрығы миллиондап шығын болса да, тез арада толысып, қалпына қайта келеді. (Ер бала ұйықтап жатып поллюция болады).

Ұл бала зиянды әдетке бой алдырып, ішіп, шегуге үйір болса, сөз жоқ, оның ұрығының сапасы нашарлайды. Маскүнем, насыбайшы, нашақордан зерек бала тууы неғайбыл. Еркектер емделіп, тақуалық ұстанып, зиянды заттардан тыйылса, ұрығының сапасы қайтадан қалпына келеді. Қыз балаға табиғат мұндай мүмкіндік бермепті. Қыз бала албырттықпен зиянды әдетке бой алдырып, ішіп, шеге бастаса, ооциттегі генетикалық кодтар зақымданады. Бұндай бойжеткен өсе келе өкініп, салауатты жолға бет бұрса да, қанындағы бүлінген аналық клеткалары ұл баланыкі сияқты басқасымен жаңаланбайды. Яғни генетикалық кодтары зақымданған, нашар хромосомалар сол күйі тұра береді. Бұл – мәселенің бір қыры ғана.

Екіншіден, әдетте ерлі-зайыпты қосылғанда, әкенің белінен 300 миллионға жуық сперматазоид «бала жасау» жарысына аттанады. Олардың ең жүйрік, ең алғыр, ең қуатты, ең пысық, ең асыл дегені «мәреге» бұрын жетуі шарт. Жатырда жалғыз жатқан ооцитке «ең қуатты», «ең күшті», «ең зерек» деген сперматозоид келіп кіргенімен қуануға әлі ерте. Себебі, аналық клетка жалғыз. Таңдау мүмкіндігі мүлде жоқ! Бірінші боп келіп жеткен ер адамның мықты ұрығы сол жердегі жалғыз ооцитпен «отау» құруға мәжбүр. Ол жерде сперматозоидтар «маған мына клетка ұнайды» деп көп ішінен артықша жаралған күштісін таңдай алмайды. Ер-азаматтың ұрығы қанша жерден қасиетті болса да, сапасы нашарлаған ооцитпен қосылғанда болашақ бөпені кемел дәрежеге көтере алмайды. Қалай болғанда да нәрестенің зиялы, зерек болуы ең бірінші аналық клетканың сапасына тәуелді. Қыз баланың қанында ағып жүрген санаулы ғана ооциттерді барынша күтіп, баптап, олардың сапасын арттыру арқылы ғана ақылды адамдарды көбейтуге жол ашылады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қыздарын бағып-қақпаған ел, ешқашан салауатты қоғам құра алмайды.

(Санжар КЕРІМБАЙДЫҢ

«Өркениетті адам» кітабынан).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *