ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛ

немесе ұлттық болмыс туралы ой-толғам

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы көпшілік қауымға жапан түзде, қараңғы түнде жападан-жалғыз адасып, үміті үзілген жолаушыға газ құбырының релейкі шамшырағындай жол сілтеп, орасан күш-қуат сыйлады. Әсіресе, мақаладағы «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген сөз жүрекке нәр құйғандай әсер етті.
Өзге ұлт өкілі ұлттық киімімен көпшілік орында жүрсе, ешкім сөкет көрмейді. Ал біз зерлі шапан кисек, «әй, Наурызға бара жатсың ба?» деп келеке етуге дайын тұрамыз. Яғни қазіргі қазақ ұғымында ұлттық киім, ұлттық дәстүр бір сәттік қана науқандық шара ретінде қабылданады. Шын мәнінде, қазақтың ұлттық киімінде, дәстүрінде өзгелер алдында ұялып, қысылатындай сөкет ештеңе жоқ. Әрине, елдің бәрі әртіс емес, сондықтан шапан тігетіндер де соны ескеріп, шұбатылған етегін қысқартып, ою-өрнегін азайтып, күнделікті қолданысқа лайықтаса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өзегі бөлек әңгіме. Ал қазір өзінің ұлттық болмысынан безінгендердің өзгенікін соншалық тез қабылдайтыны, мұның соңы жақсылыққа апармайтыны туралы сөз етпекпіз.
Мешіт – мұсылман қауымының он сегіз мың ғаламның иесі, құдіреті күшті жаратушы бір ғана Алла Тағалаға құлшылық етіп, күнәсін кешіруді сұрап жалбарынып, болашақ өмірінің нұрлы болуына тілек тілеп, дұға жасайтын ғибадат орны. Негізінен намазхандар мешітте қасиетті жұма күні жамағатпен жұма намазын бірге оқып, сауап алуға тырысады. Өзгелерде дүниеден өткен (озған емес) туыстарына жұма күні Құран бағыштауға, садақа беруге мешіт¬ке асығады. Намазхандардың да, мешітке келу¬шілердің де дені жастар, бұл көз қуандырады. Алайда, көңілге кірбің түсіретін жәйттер де баршылық.
Міне, мешітке қарай қара көйлегінің етегі жер сызған бес қыз беттеп келеді. Кескіні қазақтікі. Төртеуінің басында қара орамал, біреуінікі араб көсемдерінікі сияқты алабажақ. Бұрынғы кезде қазақ әйелі, күйеуі, әлде туыс¬қаны қайтыс болғанда ғана қара жамылған. Ертеректе бейпілауыз қатындардың бірдемеге кейігенде «о, қара тігілгір!» дейтінін еститін¬біз. Тіпті, бізге барлық жағынан «мәңгілік ұстаз» орыстардың өзі де тек қайғыда ғана қара киінеді. Ол рас, орамал дауы әлі толық шешілген жоқ. Тіпті, көпшіліктің де пікірі «тоқал, сақал, орамал дауы» мәңгілік дау дегенге саяды. Менің айтпағым, қазақ қызы орамал тартқысы келсе, бұрынғы әпке, жеңгелерінің қыз кездеріндегідей қызыл орамал тартса жарасар еді.
Дәл осы ойымды сезгендей қызыл ора¬малды біреу көрінді. «Е-е, мына бала бір көр¬генді жердің қызы болды-ау» деп ойла¬ғанымша болмады, о, тоба, қызыл орамалды қыз дегенім кемпір екен. Кемпір болғанда да тура сахнадағы әртіс сияқты. Қызыл орамал, қызыл көйлек, қызыл бешпет, қызыл етік. Ілбіп әрең жүрсе де, тура бір жалын жылжып жүріп келе жатқан сияқты жалт-жұлт етеді. Мына кемпірдің қызша киінгеніне ит жыным тырысса да, талай сылқымның «жалаң да жалаң, жалаң бұт» жарыстарына «түсініс¬тікпен» қарайтын толерантты қоғамның толерантты ағзасы екенім есіме түсіп, өз-өзімді сабырға шақырдым.
Білетіндердің сөзіне қарағанда, балалық шағында ойыншық тапшылығынан құмары қанып ойнамаған бала есейгенде де ойыншыққа аңсары ауып тұратын көрінеді. «Құртқа баққан бурылдың қырық үш күндік кемдігін» айтпағанда, жан-жануар түгіл, өсімдіктің өзі туған күнін тойлап, ертесіне «басы ауырып» жұмысқа келмей қалған сушы Дарғабек пен Арнабектің кесірінен суғарылмай қалғанда, сол күні ашылуы тиіс гүлшанағы қурап үзіліп түседі екен. Мына кемпір де жас кезінде пио¬нер¬дің, одан соң комсомол белсенділерінің бірі болып, тартқысы келсе де қызыл орамал тарта алмай, сол көңіл түпкіріндегі орын¬далмаған арманға енді қол жеткізген болуы бек мүмкін-ау деген оймен мешітке кірдім…
Күндізгі көрініс есімнен шығып кеткен екен, бала-шағамызбен кешкі шайға отырдық. Дидарайна қосулы (теледидар емес, дидарайна, Сейілбек Қ). Экранда да ұлттық құнды¬лықтарды қастерлеу тақырыбы. Қараймын, мұнда да сол көрініс, бір қызыл орамалды қызыл кемпір мен көк орамалды көк кемпір жарыса сөйлеп, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің өздері сияқты жетік «білеуіктері» аз қалғандығын, сондықтан бұлардың көзі тірісінде қадіріне жетіп, мұндай сұхбатты жиі өткізу керек екендігін қайталап айтып есіп отыр. Мына кемпірлерге қарап отырып өткен шақ ойға оралды.
Осыдан отыз жылдай бұрын баспасөз бетінде, өмірден өтсе де артына өлмес өлең қалдырған қазақтың ақын да батыр қызы Фариза апамыздың бір әңгімесі шыққан болатын. Ұмытпасам, оқиғаның ұзын-ырғасы былай: «Сәбет өкіметінің соңғы жылдарында «қайта құрудың» нұры көмескілене бастаған кезде Фариза апамыз Қапқаздағы курорт¬тардың бірінде көптеген ұлт өкілдерімен бірге демалады. Демалушылардың арасында көптен өзгеше бір түрікмен қариясы да болады. Өзінің ұлттық болмысымен баста сеңсең бөрік, үсте қақпа шекпен, аяқта саптама етік, күміс сақалы кеудесін жапқан түрікмен қария келе жатқанда тау қозғалып келе жатқандай әсер қалдырып, өркениет шыңының ұшар биігін¬дегі өзге ұлт өкілдері қақ жарыла жол береді. Япыр-ай, өзінің ұлттық болмысын сақтап қалған ұлт қандай өркениетті қоғамда да құрметке лайық екен-ау деп байлам жасайды апамыз. Осы кезде мен біздің ауылда осы шал құралыптас болса да ши қалпағы шытынап, бәтіңкесінің өкшесі қисайып, ұлымен жасты балалармен қызыл арақ ішіп қисалаңдап жүрген сақалсыз ағаларымды еске алдым», – деп келтіреді. Және де өзгелер өзінің ұлттық болмысын сақтап қалғанда қазақ неге мұнша сорлап, өзгенің жетегінде кетті деп күйініп, жауабын да өзі береді. Ақ патшаның мың тоғыз жүз он алтыншы жылғы үйен жарлығы, қазан төңкерісі, кәмпеске, қалқоздастыру, отыз екі, отыз үшінші жылдың қолдан жасал¬ған қызыл қырғын аштығы, отыз жетінші жыл¬дың «халық жауы», қырық бірінші жылғы Екінші дүниежүзілік соғыс, елу екінші жыл¬дың «халық жауы», қазақтың сүт бетін¬дегі қаймағын әлсін-әлсін қырып қалқып ала бергендіктен, қалған көк су ірімтіктен осын¬дай ештеңенің байыбына бара алмайтын, кім көрінгеннің жетегінде кететін және онысын үлкен жетістікке балайтын есалаң ұрпақ дү¬ниеге келген еді», – деп хикаясын аяқтайды.
Әр ұлттың тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы – өзінің ұлттық болмысын сақтайтын қорғаны, темір сауыты, темір қазығы. Мұны бұрынғы даналар жақсы білген. Сондықтан да Құнанбай қажы, Аңдамас қажы, Досжан хазірет қасиетті Меккеден қажылық сапардан орала сала, «дабай, бүгіннен бастап кемпірлер қызыл орамал, қыздар қара орамал тартсын, жігіттер шолақ дамбал киіп, күрек сақал қойсын» демеген. Себебі, Жаратқан ие ол кісі¬лерге өз ұлтын шексіз сүйгендіктен, ұлттық болмыс пен мұсылмандықты ұштастыра ала¬тын қабілет пен пайым-парасат берген. Комму¬нистік қоғамда да Мұқағали ақынның өзі әжесін: «Ақ кимешек көрінсе сені көрем, ақ кимешек жоғалса нені көрем» деп жырға қосқан. «Оян, намыс!» журналының 2010 жығы №4 санында тілші Талғат Ноғайбайұлы Қазан төңкерісіне дейін осыдан бір ғасыр ғана бұрын Алтай, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шым¬кент, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Семей, Өскемен, Қостанай өңірінде өмір сүрген қазақ әйелдерінің түгел ақ жаулықты суреттерін келтірген. Ақ жаулықтың орнын қызыл, көк орамал, қара орамал басқан кезде еріксіз бас шайқаған бір қаламгер ағамыз: «Сырты өзгерген адамның іші де өзгереді», – депті.
Жан-жануардың ішінде қазақ үшін жылқының орны ерекше. Атқа мінген қазақ айбаттанып кетеді. Баласын еркелеткенде «құлыным» дейді. «Қазақ – жылқы мінезді» деген тәмсіл көп айтылады. Керісінше айтсақ, жылқы – қазақ мінездес. Ал қазақ пен жыл¬қының мінезінде «әттеген-айлар» баршылық. Қазір көп оқылмайтын, көп айтылмайтын қазақ сәбет әдебиеті классиктерінің бірі Сәбит Мұқановта мынадай бір эпизод бар: «Жылқының ең қас жауы қасқыр, шындап шапса, қашқан жылқы қасқырға алдыр¬май¬ды. Ал қасқыр өте ақылды аң. Жылқыны көргенде алыстан ойнақтап билеп, бойын үйреткенше ақырындап жақындайды. Қазіргі тілмен айтсақ, трюк жасайды. Мынадай тегін тамашаға шексіз риза болған жылқы қас¬қыр¬ды иіскемек боп жақындаған кезде, шап беріп жарып тастайды. Жылқы осылайша өз әуесқойлығының құрбаны боп қорқырап қала береді». Мұнда ғибрат аларлық нәрсе әуесқойлықтың және өзгелердің дәстүрін «ішкі сүзгісіз» қабылдаудың соңы қасіретпен аяқталатынын тұспалдау.
Қоғам қайраткері, профессор Мырзагелді Кемел: «Ұлтты құртатын үш нәрсе бар: дәс¬түрсіздік, еліктегіштік, тұқым араласуы. Осы үшеуі де қазақтың кемшіліктері сана¬тында», – дейді. Дәстүрсіздік пен еліктегіш¬тіктің соңы қалай аяқталатынын жоғарыда айттық. Ал ұлтты құртатын нәрсенің бірегейі аралас неке тақырыбы тіпті қиын. Мерзімді баспасөзде: «Бүкіл әлемдік ең сүйікті және романтикалық мереке 14 ақпан – Ғашықтар күні ерекше жұп 70 жастағы шет ел азаматы мен 28 жастағы Қазақстан азаматшасы өз некесін тіркеді. Бұл некелесу салтанатының ерекше¬лігі күйеу жігіт пен қалыңдық күйеу жағының ұлттық киімдерін киіп келді. Мұндай аралас некелер біздің көпұлтты мемлекетімізде жал¬ғаса беретініне сенеміз», – дейді. Енді бірінде: «Шет ел азаматы Қазақстанға келіп бизнесін дөңгелетіп, өз бақытын қазақ қы¬зынан тапты», – десе, тағы бірінде «Шет елде жоғары білім алып, бақыттан басы айналып, шетел¬дікке байға тиіп кеткен көрікті де білімді бәленбай қазақ қызы бес-алты жыл өтіп, екі-үш балалы болған соң, еліне, жеріне, тіліне деген сағынышы қайта оянып, енді «тайпа көсемімен тайталаса» жүріп, жиендерге қазақ тілін үйретуге бел буды» делінеді.
Әңгімеміздің басына оралсақ, қазіргі қара орамалды қазақтың қызы енді елу жылдан кейін қара орамалды қара кемпірге айналып, қазақтың ұлттық киімі осындай болған деп сұңқылдап отырмасына кім кепіл («Қырық бірінші жылғы келіншектің» тоқсан бірінші жылы кемпір болуы өмір заңы).
Елбасы өз Жолдауында «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел!» болатынын айқындап көрсетіп берді. Ал Мәңгілік елдің ұл-қыздары өзгеге еліктеп емес, өзі өзгелерге өнеге болуы тиіс. Ендеше, «Егеменді елдің еге¬менсіз дидарайнасы» (Болат Атабаев) екіқабат келіннің жалаңаш қарнын сипап шексіз ризалығын білдіретін қайын ата туралы қазақ¬қа жат шет ел сериалын, әлде шашына шаян, жағына жылан, тамағына тарақан үймелетуден жарысқа түскен «жұлдызшалар» жанталасы¬ның орнына тәрбиесі күннен-күнге қиындап уыстан шығып бара жатқан жас ұрпаққа тәр¬биелік мәні зор, ұлттық дәстүрдің мәніне жетік, атақ-даңқы аласалау, шен-шекпені шағындау болса да «көргені көп кемелді, жет¬кені көп беделді» дуалы ауыз ата-әже¬лер¬дің өсие¬тін насихаттауы орынды болар еді. Ерте¬ректе ақындар мұндай нәрселерді «бас біл¬¬мес¬тен тайында, жүре берді жайында, құнан шықты құрық көрмеді, дөнен шықты ырық бермеді, омыртқаңды үзейін мініп көр деді» деп тұспал¬даған. Ал бізде дөнен шығып кеткен про¬бле¬малар жетерлік. Болашақ жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды қастерлеу туралы әңгі¬мелерді құлын кезінен құлағына құйған дұрыс.

Нысанбай ҚУАНӘЛИҰЛЫ.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *