Қызыл кітапқа енген өсімдіктер ерекше қорғалады

Түйесіңір (Atraphаxis) – тарандар тұқымдасына жататын, көпжылдық шөптесін және бұталы өсімдік. Тұқымдастың түрлері Евразияның далалы және шөлді зоналарында кездеседі. Б.э.д. 1 ғасырда П. Диоскоридтің еңбектерінде «аtraphаxis ежелгі грек тілінен аударғанда «жеуге жарамсыз» деген ұғымды береді және бұл өсімдік малазықтық қорек ретінде жарамсыз»-деп келтірілген. Іле Алатауы баурайында түйесіңір туысына жататын алмұртжапырақ түйесіңір (Atraphaxis pyrifolia bunge.), шыбықтүс түйесіңір (Atraphaxis virgata (Regel) Krasn.) және Мушкетов түйесіңірі (Atraphaxis muschketowii Krasn.) кездеседі. Малазықтық қорек болып табылмайтындығына қарамастан, Мушкетов түйесіңірі (Atraphaxis muschketowii Krasn.) ҚР Қызыл кітабына енген.

Мушкетов түйесіңірі (Atraphaxis muschketowii Krasn.) – өркені тікенексіз, гүлдері ашық күлгін не ақ түсті, жапырағы эллипс тәрізді болып келетін биік бұталы өсімдік. Тек Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) аумағында ғана өсетін үлкен популяциясы Түрген филиалында, Ақсай және Талғар филиалында жекелей, кішігірім топтасып өсетін, реликті, эндемикалық тар түр. Бұл ерекше әсемдік өсімдікті халықтың шаруашылықтық қажеттігі үшін бей-берекет кесуі, өсетін аумағын шаруашылық мақсатта игеру нәтижесінде популяция саны қысқаруда. Осы іс-әрекеттерді болдырмау және табиғи өсетін Қызыл кітапқа енген, қорғауды қажет ететін өсімдіктер түріне төнген қауіпті азайту үшін Іле-Алатау МҰТП-нің бас директоры Д.Н. Малгелдиевтің арнайы «ҚР-ның Қызыл кітабына енген өсімдіктерді қорғауды күшейту туралы» бұйрығымен барлық мемлекеттік, жедел топ инспекторларына парк және Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қаумал (АМТКҚ) аумағында өсетін Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктердің өсіп-өнуі және гүлдеу мерзімінде (маусым-шілде) заңсыз жинаушыларды, ағаш-бұталы өсімдіктерге залал келтірушілерді қатаң қадағалауды күшейтеді. Сондай-ақ парк қызметкерлері парк аумағына келген демалушыларға «қорғауды қажет ететін, сирек және жойылу қаупі төнген Қызыл кітапқа енген өсімдіктер» туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ескертпе қағаздарын таратады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабына сәйкес, Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді, олардың бөліктерін заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады! Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген әр гүлді өсімдікке келтірілген залал соммасы – 0,5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), ағаштың, бұтаның, лиананың әрбір данасы үшін: өсуін тоқтату дәрежесіне дейін зақымданған кезде – 4,0 (АЕК); өсуін тоқтату дәрежесіне дейін жойылған немесе зақымдаған кезде – 6,0 (АЕК) құрайды (ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырдағы №441 қаулысымен бекітілген. 2018 жылғы АЕК – 2 405 теңге).

 

 

Әзімбаева Ж.Ө

Іле-Алатау МҰТП-нің

кіші ғылыми қызметкері

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close