Қыздардың қандай спорт түрімен айналысқаны дұрыс?

Жалпы, қыз бала тумысынан нәзік жаратылыс қой. Оның табиғатына биязылық, ұяңдық тән. Сондықтан қазақ отбасыларының көбі қыздарын көркем гимнастикаға, аэробикаға, биге бергенді тәуір көреді. Бірақ кейінгі кездері ұлдарға тән спорт түрлерімен қыздар да айналысатын болып жүр. Әсіресе, бокс пен күресті жанына серік еткен қаракөздердің саны артқан. Бұл бәлкім, спорт саласында қуантарлық жәйт болар, бірақ ел тағдыры, ұлт болашағын ойлаған сәтте қыз бала үшін ауыр спорт түрлерінің қажеті шамалы. Демек, бізге жұдырығы жуан сұлу емес, тұла бойынан ұяттың лебі есіп тұратын, ұлтымызға тән қасиеттерге бай арулар керек. Ал Сіз қалай ойлайсыз, оқырман, қыз баланың қандай спорт түрімен айналысқаны дұрыс?

 

Таңдаған спорты да өзіндей сұлу болсын

Аида КАШАГАНОВА,

«Arіx» компаниясының арт-директоры:

– Қызым күреске қатысады. Кезінде әкесінің қалауымен барып еді, енді тіпті, шыққысы жоқ.  Күрес десе, жанын беруге даяр. Қазір 6-сыныпта оқиды. Жетістіктері де жоқ емес. Бірақ сөзі де, қимылы да ер балаларға ұқсап барады. Бойжетіп қалған қыз бала ғой, шынымды айтсам, уайымдап жүрмін. Кейін де осы спорттың соңынан қуып кете ме деп қорқамын. Негізі, қыз балаға би билеген әдемі жарасады. Өз басым, бұрымдыларымыздың ер балаға тән спортпен шұғылданғанын мүлде қаламаймын. Әркім өзі ұнатқан спорт түрімен айналысуға құқылы. Оған еш таласым жоқ. Дегенмен, қазақ қызының таңдаған спорты да өзіндей сұлу болғаны жақсы ғой…

 

 

Ерлан ҚОСАҚБАЕВ, әсіпкер:

Әлемді жұдырық емес, сұлулық құтқарады

 – Мен қыздарын еркек балаша тәрбиелеп, оларды күреске немесе боксқа қатыстыратын отбасыларды түсінбеймін. Сіз жоғарыдағы сауалға бірден: «өзін қорғау мақсатында» дерсіз. Бірақ бұл амал кейін қызыңыздың еркекшора болып өспеуіне кепіл бола алмайды. Ал егер абайсызда сол қыздың жанды жеріне жұдырық тиіп кетсе, оның болашақта салдары қандай болатынын сіз ойладыңыз ба? Жалпы, қыз баланың ел алдында қарсыласымен жұдырықтасып немесе тепкілесіп жатқаны көз сүйсінер қылық емес. Мұның барлығы ер балаға тән қимылдар. Қыз – ертеңгі ұрпақ жалғастыратын ана. Сондықтан мен қыздардың ер бала секілді ұрда-жық мінез танытатын спорт түрімен айналысуына қарсымын. Ал егер қызымның дене бітімі сымбатты болып өссін десеңіз, табиғатына сай спорт түрлерімен айналысуға кеңес беріңіз. Өйткені, әлемді жұдырық емес, сұлулық құтқарады.

 

 

Рүстем ЕРЖАНҰЛЫ, «Қазақтелеком» АҚ-ның маманы:

Күрес, бокс – қыздардың еркелігін көтере бермейді

 – Спортта да қыз баланың сұлулығын аша түсетін түрі көп қой. Көркем гимнастика, аэробика, конькимен сырғанау дегендей. Бидің қаншама түрі бар? Ал күрес, бокс, ауыр атлетика секілді спорт түрлері қыздардың еркелігін көтере бермейді. Оған ерекше физикалық дене күші қажет, психологиялық төзімділік керек. Жауапкершілігі де біршама ауыр. Спорттың бұл түріне ер балалар ғана лайық. Себебі, шамадан тыс физикалық жаттығулар қыз баланың денесін тым қатайтып, ұлға ұқсатып жіберуі мүмкін. Қыздарға әдемілік, нәзіктік жарасады ғой. Өз басым, өздеріне жараспайтын, табиғатына мүлде қайшы спорт түрлерімен айналысатын қыздарды ұнатпаймын.

 

Гүлнар Жақсыбекқызы, №17 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

 Шамасы келсе, барлық спорт түрімен айналыссын

– Егер балаңның жан-жақты болғанын қаласаңыз, өзі қалайтын спорттың барлық түріне қатыстырып көрген жөн. Мәселен, менің қызым екі жылдай дзюдоға қатысты. Өзін қорғауды үйренемін деп. Кейін бассейнге барды. Енді биге ауысты. Себебі, би де спорт. Онда уақтылы жаттығулар жасайды, түрлі қимылдар үйренеді. Нәтижесі жаман емес. «Өнерлінің өрісі кең» дегендей, мектепте өтетін концерттерде, мәдени шараларда биін билеп, ұстаздарын қуантып жатады. Қимылы ширақ, ұйқысы сергек. Дене бітімі де әп-әдемі, кеудесін тіп-тік ұстайды. Одан артық не керек, қыз балаға? Менің ойымша, әсіресе, қыз бала үшін, би спорттың ең көңілді әрі пайдалы түрі. Қысқасы, балаңыздың шамасы келсе, спорттың барлық түрімен айналысқаны дұрыс. Сонда балада бос уақыт болмайды. Әйтпесе, қолы босай қалған баланың телефонға телміретіні белгілі ғой.

 

Сауалнаманы жүргізген – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *