ҚЫТАЙДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ГУБЕРНАТОРЫ

Телмұхамед Қанағатовтың 100 жылдығы елеусіз қалмасын

Сұм  заманда дауыл да көп,

 дүрмек көп,

Отар елге тарап жатқан

індет көп.

Мал мен мүлкін үкіметке

тонатып,

Аш қазақтар Қытайға

асқан дірдектеп.

 

«Туған жұртқа қорған

болу– міндет» деп,

Қарлығаштай қанатымен

су сеппек.

Телмұхамед – сол

ерлердің біреуі,

Қазағына  қызмет еткен

тірнектеп.

Телмұхамед Қанағатов – XX ғасырдың орта шенінде Қытай мемлекеті  құрамындағы Шығыс Түркістандық ұлт зиялыларының алдыңғы қатарындағы тұлғалардың бірі. Ол 1919 жылы Семей облысы, Аягөз ауданының Қарақол ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Қазақстан­дағы «Кіші қазан»  тауқыметі салдарынан елдің қуғынға, ашар­шылыққа тап болуына байланыстырған 12 жасынан бастап, Шығыс Түркістанның дәмін татуға тура келді. Кеңес өкіметінен қуғын көрген дәулетті ата-анасы Қытайға ауады. Мұнда көзі ашық жандар балаларына білім беруге тырысады.

Телмұхамедті Үрімші қаласындағы Қытай мектебіне береді. Оқуға қабілетті  ол осы  мектептен  қытайша  бас­тауыш білім алып шығады. Одан кейін мұғалімдер учили­щесінің тарих бөлімін де қытай тілінде үздік бітіргендіктен, Бейжіңдегі Жоғарғы кадр қызметкерлерін дайындайтын оқу орнына қабылданып, оны да ойдағыдай аяқтайды. Сол заманға сай жоғары білімге қол жеткізген ол кейін Шәуешек қаласына келеді. Сол жылдары Қазақстанда кеңес өкіметінен қуғын көріп, шекара асқан алашшыл қай­раткерлер мен оларды өнеге тұтқан ұлтжанды азамат­тар осы қалаға жинақталып жатқан. Онда олар жәй барған жоқ, қолдарына сол елдің санасын оятқан бір-бір шырақ ұстап барады. Оның үстіне осы тұста аймақ орта­лығы Шәуешекке Үрімшіде әр жылдар білім алған, төңке­рісшіл идеядағы жастар жиналған еді. Олар: Дубек Шал­ғынбаев, Жағда Бабалықов, Ахметқали Бітімбаев,  Балқаш Бапин, Қалдыбай Қанафиндер болатын. Телмұхамед Қана­ғатов та  Шәуешекке келісімен солармен тығыз ара­ла­сады. Бір мақсаттағы достар бұрынғы «Алаш» партиясы үлгісімен «Ұлт азаттық» ұйымын құрады.Төңкерісшіл жастардың белсенді іс-қимылы арқасында Шәуешек аймағы 1945 жылы тамыз айында бұрынғы Қытайдың Гоминдан үкіметінің билігінен қан-төгіссіз, бейбіт жолмен азат болады. Іле, Алтай, Тарбағатайды қамтыған үш аймақта «Шығыс Түркістан» Республикасы құрылады.

Телмұхамед 1950-1951 жылдары ұлт-азаттық қозға­лысты ұйымдастырушылардың бірі ретінде автономиялық халықтық үкіметі бірінші белгілеген «Садахат» орденімен 2 рет, «Ыстық Лалият», «Азаттық»  ордендерімен марапат­талады. Әріптестері арасындағы беделінің арқасында Бүкіл Қытай жиналысына ұйғыр-қазақ облысынан депутат болып саналады.  Қытай Халық Республикасы премьер-министрі Чжоу Энь-Лайдың 1956 жылдың 13 ақпан күнгі №4290 бұйрығына сәйкес Синзян-Ұйғыр автономия­сының Тарбағатай аймағына губернаторы болып тағайындалады. Бұл – Қытай Коммунистік партиясының қазақтан губернатор тағайындау туралы бірінші бұйрығы еді. Ал 1958–1960 жылдары Шәуешек аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Осындай биік лауазымды қызметтеріне қарамай Телмұхамед Қана­ғатов 1961 жылы өзінің туған жері Қазақстанға орала­ды. Атажұртқа келгенде ол небары 42 жаста еді. Қызмет істеу, ел басқару тәжірибесі жеткілікті болды. Қытай және араб тілін жетік меңгерген ол көшіп келгесін орыс тілі мен кирилица алфавитін де меңгеріп алады. Шығармашы­лықпен айналысуға ден қойып, Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институ­тының қолжазбалар қорына қызметке орналасады.

Көне қолжазбаның бәрі дерлік араб жазуында болатын. Ол жазуларды тек  Телмұхамед сықылды ескі көздер ғана оқи алатын. Ел ішіне шығып, ауыз әдебиеті, фольклорлық мұраларды жинау да үлкен жұмыс еді. Бұл қызмет ол кісіге ел аралауға мол мүмкіндік береді. Қазіргі күні институттың қолжазба қорындағы көптеген көне мұралардың соңындағы  «жазып алған Телмұхамед Қанағатов» деген жазуды оқуға болады. Жиырма жылдай осы қызметте істеген  Телмұхамедтің елге сіңірген еңбектерінің негіз­гілері: қазақ қолжазбаларының алты томының ғылыми сипаттамаларын жазып талдап, жарыққа шығаруы еді.    Оның екі томы эпикалық дастандар: «Қобыланды  батыр»  (2 нұсқа), «Көрұғлы» (4 нұсқа), «Дотан батыр», «Ахметбек–Жүсіпбек», «Едіге батыр»,  «Қарасай батыр», «Апақ батыр». Лиро-эпостан: «Зуберше мен Гүлханыс», «Әмір патша мен Таймас уәзір», «Түкібай–Шолпан», «Салиха мен Сәмен». Ғылыми сипаттаманың 4 томы – «Тарихи жырлар». Бұлардан тыс «Қазақ ертегілерінің» 3 то­мын, «Қазақ айтыстарының»    3 томын құрастырушы.

 

Артында қалған туыстары мен

балаларының атынан –

                   Нұр-Мұхамед Телмұхамедұлы ҚАНАҒАТ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *