ҚЫСҚЫ ЖАРЫСТАР ҚЫЗЫҚТЫРА БАСТАДЫ

Өткен демалыстарда әлемнің әр түкпірінен келген спорттық ақжолтай ақпараттар көп болды

Тәуелсіз мемлекеттің дүниені мойындатып, байрағын желбірететін екі саласы болса, соның бірі спорт. Қазақстандық спортшылардың да халықаралық ареналарда еліміздің  Әнұранын әуелетіп, көк туын биіктен көрсетіп жүргендері көп. Көбісі қазақтың табиғатына келетін жазғы спорт түрлерінен. Ал қысқы спорт түрлерінен әлемдік, халықаралық ареналардағы жеңістеріміз кемшіндей түсіп келеді. Десе де, 2019 жылдың басы қысқы спорт түрлерінен Қазақстан туының биіктен желбіреп, біздің саңлақтардың жеңістерімен басталып отыр. Бір қуантатыны, спортшылар Қазақстанның өз мектебінен шыққан төл таланттарымыз.

 мәнерлеп сырғанау

Күміс алқалы Тұрсынбаева

Қазақтың мұз айдынындағы жұлдызды қызы мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева АҚШ-та өткен Төрт континент чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. 

«Төрт құрлық чемпионаты» – мәнерлеп сырғанаудан әлемнің үздіктері қатысатын, әлем чемпионатына балама турнир. Э.Тұрсынбаева осынау дәрежелі турнирге Қазақстаннан қатысып, жүлделі болып отырған екінші спортшы. Кезінде жарық жұлдызымыз Денис Тен чемпионаттың 2015 жылғы жеңімпазы болып, алтыннан алқа таққан болатын.

Лиза қыз екі бағдарлама (қысқа және еркін) бойынша 207,6 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. Алтын жүлдені жапониялық Рики Кихира (221,99 ұпай) алса, қола жүлде Жапония спортшысы Мая Михараға (207,12 ұпай) бұйырды.

Э.Тұрсынбаеваның жүлдесі Қазақстан мәнерлеп сырғанау спорты үшін үлкен жетістік. Бұған дейін де әлемдік аренада өнер көрсетіп жүрген Лиза қыз – жасөспірімдер Олимпиа­дасының, қысқы Азиаданың жүлдегері.

Жеңістен жеңіске жете бер, мұздағы жұлдыз Лиза қыз!

 

шаңғы

Ел намысын жалғыз арқалаған Полторанин

Шаңғыдан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының жүлдегері Алексей Полторанин Словенияда өткен халықаралық жарыс – Альпі Кубогінде алтын жүлде иеленді.

Альпі Кубогі 20 ақпан – 3 наурыз аралығында Австрияда өтетін Әлем чемпионаты алдындағы дәрежелі турнир. Қазақстандық шаңғышы 15 шақырымдық классикалық жарыста, 70 спортшының арасында чемпион атанды.

А.Полторанин шаңғы спортынан әлемдік деңгейде Қазақстан атын шығарып жүрген бірден-бір спортшы. Алексей 1987 жылы Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында дүниеге келген.

Жеңіске жете бер, дарабоз Алексей!

 Нұрлан СҮЙІН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *