Қырымбек КӨШЕРБАЕВ: Бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігі

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы бабамыздың мерейтойы Алматыдан бастау алды

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдығын атап өту шарасының басталуына орай, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен салтанатты жиынға қатысты.

Рая ЕСКЕНДІР

Алдымен университеттің бас алаңындағы әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты рәсімнің ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін Қырымбек Көшер­баев алды:

– Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға бергенін білесіздер. Әл-Фараби – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және бүкіл адам­заттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосты. Сондықтан осы айтулы мерейтой биыл ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесі аясында халықаралық ауқымда аталып өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қолдауымен жүзеге асқан ЮНЕСКО-ның бұл шешімі «ғаламның Аристотельден кейінгі екінші ұстазы» атанған кемеңгер тұлғаның Тәуелсіз Қазақстанның, қазақ халқының үлесінде болуын орнықтыра түсетін тарихи сәт екенін сіздер жақсы түсінесіздер деп ойлаймын.

Үкіметтің, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымдарының қолдауы­мен түрлі елдер ғалымдары 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында, әл-Фарабидің отаны – Түркістан облысында  және Парижде өтетін ірі халықаралық конференцияларда бас қосып, ұлы ойшылдың мұрасы жөнінде ой бөліседі. Ғылыми-сараптамалық іс-шаралар сондай-ақ, Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Египет, Болгария және басқа да елдерде өтеді. Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу бары­сында мынадай міндеттерді жүзеге асыру керек деп санаймын: Ұлы ойшылдың идеялары мен қағидаттарының теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану керек. Ғұлама ғалым­ның мұрасын өзекті  ғылыми-зерттеу­лерде және инновациялық білім беру  үдеріс­терінде  кеңінен қолдану керек. Әл-Фараби идея­ларының негізінде жаңа үлгідегі мемле­кеттік ұстанымдарды зерделеген жөн.

Әл-Фарабидің мерейтойы заманауи білім жүйесінің, ғылым мен инновацияның  дамуы­на  және халықаралық ынтымақтас­тыққа қуатты серпін береді деп сенемін!, – деді Мемлекеттік хатшы.

Әл-Фараби мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб пәтерінде, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Түркістан облысында ғылыми симпозиумдар өткізіліп, оған әлемнің 40-тан астам елінен фарабитанушы ғалымдар қатыса­тын болды. Халықаралық экспедиция­лар, тарихи мәдени нысандарды жаңарту, ғұламаның ғылыми еңбектерін қайтадан басып шығару, аудармаларын жарыққа шығару, екінші ұстаз жайлы деректі фильмдер циклін жасау да осы мерекелі жылдың үлесінде. Сонымен қатар, шет елдерде әл-Фараби орталықтарын ашу да ұйымдас­тырылатын болады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық тойы 2020 жылғы ең елеулі оқиғалардың бірі деп атап көрсетті.

(Қала әкімінің сөзі газетімізде жарияланып отыр).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *