ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНЕ СҮЙСІНЕ ҚАРАЙДЫ

Еркін  БӨЛЕКБАЕВ,

Қырғызстан  Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қырғызстандағы  Қазақ  мәдени қауымдастығының төрағасы:

Астананы қазақ елінің ресми орталығы  атануының  20 жылдығы мерекесімен құт­тықтаймын! Астана – бүгінде Қазақстанның ғана астанасы емес, ол бүкіл Орта Азияның флагманы, мақтанышы, інжу маржаны деп білеміз. Астана – Қазақстанның ғана айнасы  емес, ол біздің де айнамыз. Астананың айбары – Қазақстанның және қазақ бауырларымыздың биік мәртебесі.

 

Астана – тәуелсіз  Қазақстан  дамуы­ның ұлы символы. Ол ежелгі байтақ даланың қазыналы  ордасы. Қала бүгінде бір ғана Қазақстанның мемлекеттік даму векторын айқындап отырған жоқ, ол ғаламдық саясат­тың жүріс бағытын  анықтап отыр. Демек,  Астана –  әлем мойындаған  жаһандық орталық.

Қазақстан  астанасын Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан  Назарбаев  ерекше  құл­­шы­­ныспен, асқан ерік-жігермен  тұрғызды.  Кезінде Кеңестер  Одағында мұн­дай жұмыс­тар  екпінді  құрылыс деп жарияланып, оған бүкіл резервтегі  ресурстар  жұмылды­рыла­тын. Біз сол тұста үлкен  ерлікті талап ететін жұмысқа  Қазақ­стан  Президентінің жалғыз өзі тай­сал­­май кіріскеніне қызыға  қарай­тынбыз.

Астананың жаңа мегаполис ретінде қалыптасуы жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған стратегиялық саясаты мен кемел көрегендігінің нәти­жесі деп нық сеніммен айтуға болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы 20 жылда дәл осындай ға­жайып қала деңгейіне жеткізуі қол жетпес табыс деп санаймыз. Сарыарқа төсінде  менің де бабаларымның кіндік қаны төгілген. Ел басына күн туғанда туған жер топырағынан үдере көшуге мәжбүр болған. Демек, ол менің де тойым!

Мен өз басым Астананың кешегісі мен бүгінгі қол жеткен  табыстарына талай мәрте куә болдым. Қырғызстан Үкіметі делегациясының  мүшесі және Парламенттің қос шақырылымының депутаты ретінде сан мәрте осы қалада өткізілген шараларға қатысуыма тура келгені бар.

Қазақстан Президентінің тарихи орданың дамуына тікелей көңіл бөлгенін, құрылыс жұмысын жеке өзі мұқият қадаға­лайтынын жақсы білемін. Оның асқақ арманы мен асыл мұраты осы жетістіктің түпкі құпиясы екенін де кәміл бағамдаймын.

Егер тарихи өлшеммен алсақ, 20 жыл деген қас-қағым ғана сәт.  Қазақ елінің  бас қаласының  Сарыарқаның төсіне қоныс аударуы өткен XX ғасырдағы айтулы тарихи шешім болды. Сол кезеңде жер жүзінде екі-ақ мемлекет өз аста­наларын көшіру туралы ерекше шешім қабылдаса, соның бірі – Қазақстан Рес­публикасы еді. Бұл уақытта Қазақстан үшін осыған дейінгі қалыптасқан әлеу­меттік-экономикалық модельден өзге, басқаша жол таңдап тұрған сын сағаты бола­тын. Соған қарамастан, Кеңес Одағының бұғауы­нан босасымен, іле-шала астананы көшіру туралы тарихи шешім қабылданды. Бұл бір  экономи­када да, саясатта да  дағдарыс кезеңі бо­латын. Бірақ ырғалып-жырғалуды кейінге ысырып тастауды білмеген Нұрсұл­тан  Назарбаев  батыл  қадамдарға  барды. Ол өз-өзін  ақтады.

Бұрынғы Одақ көлеміндегі байланыс­тар быт-шыты шығып, экономикалық қиындық­тар аяққа тұсау болып, тұралап жатқанда осындай өзгеше шешім қабылдап, оны абырой­мен атқару батыл жүрек иесінің  ғана қолынан келетін іс еді. Міне, осындай тәуеке­лі мол, тіпті орындалмастай көрінген қиын шаруаны Қазақстан Президенті, тұтас Қазақ елі абыроймен атқарып шықты.

Мен соңғы бірнеше жыл бойы жас қаланың қалай тұрғызылып жатқанын ақпарат құралдарынан, суреттерден көріп келген едім. Былтыр ЭКСПО көрмесін көру­ге бір топ қырғызстандық  қазақ диаспора­сын бастап келдім. Астананы  сонда  арман­сыз араладық. Әлемде бірде-бір ел осыншама қысқа мерзімде  астанасын салып үлгірген емес. Әлі күнге дейін  астанасын  көшіруге Жарлық  шығарып, бірақ  басқару тетігін бұрынғы астанасында отырып, басқарып отырған мемлекеттер де бар.

Маған Астананың архитектуралық  кел­­­беті өте ұнайды. Шаһар келбеті ака­демиялық классика және сәулет өнерінің  модерн үлгісін­де бой көтерген. Архитек­туралық фон кез-келген адамға ерекше әсер етеді. Қаланы көркейту жұмыстары өте ақылды болжамдар бойынша іске асырылған. Менің әлі есімде, 1996 жылы досым екеуіміз Қазақстан астанасының Алматы қаласынан Ақмолаға көшетінін естідік. Басында аз уақыттың ішінде ірі қалаға айналады деп, әрине, ол кезде ойлаған жоқпыз. Бірақ  Қазақ халқы жас астанасын қысқы мерзімде тұрғыза алды. Жалпы, кез-келген қаланың тұрақты дамуын  бірнеше өлшем бойынша анықтайды. Стратегиялық жағынан Нұрсұлтан Назарбаев астанаға жаңа орын таңдағанда 32 өлшем бойынша зерделеген көрінеді. Не деген көрегендік дерсің!

Астана – сәулеттік үлкен зәулім нысан­дардың орайлы орналасуы жағынан да ерекше келбетке ие. Астананың сыртқы келбеті өзгерген,  ішкі мазмұнында да белгілі бір өзіндік астаналық рух қа­лыптасып келеді.    Халықаралық маңызға ие мегаполистің даму қарқыны да  көрші елдерді   таңғалдырып отыр. Он жыл бұрынғы Астана мен бүгінгі  Астананы салыстыру, тіпті де мүмкін емес. Бой  көтерген сәулетті ғимараттар мен орта­лық­тандырылған саяси-мәдени  жүйені, былай қойғанда, бас қаланың көркем келбеті тұрғын үйлер санының артып, сапасының көтеріліп келе жатқанынан-ақ байқалады. Бүгінгі Астана – заманауи, ыңғайлы, қонақ­жай, бай дәстүрлері мен керемет басымдық­тары бар алып мегаполис. Ол – Қазақ­станның рухани-мәдени орталығы.

Ұлттық жобаның үлкен бір ерекшелігі — астананы елдің географиялық ортасына жақындатты және үлкен ішкі миграция­лық үдерістерге серпін берді. Бұл тұр­ғыдан алғанда астананы көшіру қазақ­тарды ұлт ретінде қалыптасуда жаңа биікке көтерді.

 

Астана қазақ елінің мәңгілік орталығы болғанын, оның тәуелсіздік тұғырының биік болғанын қалаймын. Астананың болашағы тек мемлекеттік қызметші­лердің, осы қалаға көшіп келген қоғам және мәдениет қайрат­кер­лерінің, саясат­керлердің ғана емес, бүкіл қазақстан­дықтардың ортақ мақтанышы болуы тиіс. Барлық қазақстандықтарға Астананың 20 жылдығы құтты болсын, еңбектеріңіз жана берсін деп тілеймін!

 

Астана мен Қырғыз елінің астанасы Бішкек арасында жақсы байланыс орнаған, олар бауырлас қала болып саналады. Екі қаланың  басшылары, делегациялар алма­сып, бір-біріне  барыс-келісі түзілген, тәжі­рибе алмасып экономикалық ынтымақтас­тық жөніндегі келісімге  қол жеткізген. Эко­номикалық, мәдени тұрғыда ресми  Аста­наның  Қырғызстан басшылығына көрсеткен қолдауына ризамыз. Ол қолдау – Қазақстан­ның қырғыз мемлекетіндегі бүгінгі жүргізі­ліп жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақ­тандыруға, қырғыздардың тұрмыс деңгейінің жақсаруы­на тигізген көмегі деп білеміз.

Жалпы, кеңестік кеңістіктен кейін өмір­ге келген мемлекеттер ішінде Қазақ­стан өз дамуымен ерекшеленеді. Мұндағы әлеумет­тік-экономикалық қолайлы жағдай шетелдік жұмысшыларды өзіне тартуы болып отыр. Ресми деректер бойынша Қазақстандағы қырғыздар саны 65 мың адам, ал ресми емес деректер 100 мың адамнан асады деп көр­сетеді. Қазақстан экономикасының қажетті салаларына келіп еңбек етуші қырғыз жұмысшылары отбасылық бюджеттерін толықтырып, Қырғызстандағы туысқан­дарына да көмек беруде. Бұл – екі жаққа да тиімді.  Астананың құрылыс  саласын­да да қырғыз жұмысшыларының қолтаңбасының табы барына қуанамыз.

Бүгінгі Астананың келбеті, оның ажары мен бет-бейнесі, көркі мен сұлулығы кім-кімді де таң-тамаша етеді. Оның мұндай талғам биігіне көтерілуінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еңбегінің ерекше екен­дігін тағы бір айта кетуді жөн санаймын. 20 жылдың аясында Шығыс пен Батыс архитек­турасының ортақ баласындай әсем шаһар – Астана бой көтерді. Бас-аяғы 20 жылдың ішінде бір кезде бос жатқан Есіл­дің сол жағалауы адам танымастай өзгерді. Бұрынғы ескі қала да қазіргі жаңарған, жасарған көркімен сол жағалаумен жарысқа түсіп отыр. Жаңа ұғымында ескі, жаңа деген түсінік жоқ. Ол ескінің орнын ұмытпайық дегеннен қалған түсінік. Астана – ел мақ­танышы, көз бен көңіл сүйінер ажарлы, жаңа армандар жүзеге асатын, қиялды қия­ларға жетелейтін ертегі қала. Барша қазақ­стандықтармен бірге бауырлас қырғыздар да осы қуанышқа ортақ.

Шын жүректен барлық астаналық­тарды, барша қазақстандықтарды Аста­на­ның 20 жылдығымен тағы да құттық­таймын! Табыс­тарыңыз еселене түссін, қазақ туғандар!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *