«ҚЫРҒЫН» АЙҚАСҚА ҚЫРЫҚ ЖЫЛ

1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында 300 миллионға жуық жанкүйер көз тіккен бокс финалы өтті

Иә, сол «тарихи-саяси» бокс жекпе-жегі сол кездегі жер бетіндегі социалистік жүйенің астанасы Мәскеуде тұңғыш рет өткен ХХІІ жазғы Олимпиаданың бокс финалында болды. Сол жылдардағы алып империяның 250 миллионнан астам тұрғыны түгелге жуық жанкүйер болған «бокс спектаклінің» басты кейіпкері сол миллиондардың сүйіктісі, көне Тараз топырағынан түлеп ұшқан қыран қазақ Серік Қонақбаев болатын. Дегенмен, табиғат-ана тым сымбатты етіп жаратқан әуесқой бокс әлемінің «падишасы», бокстан КСРО құра­масының капитаны Олимпиаданың ақтық сынында социалистік және капиталистік екі системаның саяси текетіресінің «құрбаны» болып еді-ау.

Ол кезең әлемде алпыс жылға созылған екі жүйенің «қырғиқабақ текетіресінің» шарықтау шыңы болатын. Ал саясаттың салқыны тиген сол бокс финалының басты кейіпкерлері кеңес боксшысы Серік Қонақбаев пен итальяндық Патрицио Олива болды.

 

Нұрлан СҮЙІН

Тараз топырағының «туындысы»

Кезіндегі бокс жұлдызы, бүгінде спорт қайраткері, саяси тұлға, актер, азамат-әкеге айналған Серік Керімбекұлы Қонақбаевтың кіндік қаны тамған жері ресми деректерде Павлодар деп көрсетіліпті. Кеңес ғалымы, сол кездегі сирек кездесетін техника ғылымының кандидаты, басшылық қызметте жүрген Керім­бек әкенің егіз ұлының Кереку топыра­ғында дүниеге келуі әбден мүмкін. Ерік пен Серіктің туу туралы куәлігінде де солай жазылған шығар. Десек те, Кеңес боксының сымбаттылық сим­волына айналған қазақ жерінің бокс паспорты болған Серік Қонақ­баев қай кезде де өзін «жамбыл­дықпын» деп келеді.

Егіздер Серік және Ерік Қонақ­баевтар 1959 жы­лы 29 қазанда кеңес зиялы отба­сын­да дүниеге келіп­ті. Керімбек әке де, Балтуған ана да зиялы, жоғары білімді кісілер бо­лып­ты. Керімбек Қонақбаев сол кездегі өмі­рінің негізгі бөлігі кететін жоғары қызметтерде жүрсе де, қос құлынның тәрбиесін де қалыс қал­дырмаған көрінеді. Оның дәлелі, бала кезден футболмен әуестенген егіз ұлдың бірі Ерік таяқ жеп келгенде, қос ұлын шақырып алып, бауырлардың өмір бойы бірге болып, бір-бірі үшін «жан беруге» дайын болуы керектігін айтып, жетектеп әкеп өзінің танысы бокс бапкеріне тапсыруы еді.

Тиянақты әкенің талантты ұлдары бокс өнерінің қыр-сырына қызығып, тез-ақ меңгеріп кеткен сол кезде. Сол замандағы Кеңес Одағындағы бірден-бір жекпе-жек спортында тәуір жетістіктерге жетіп жүрді қос оғылан. Ерік кезекті жарыста қолы жарақаттанып, үлкен спортты қойып кетсе, Серікті әлемдік ринг, Олимпиада шаршы алаңы күтіп тұр еді. Айтқандай-ақ, респуб­ликаны мойындатып, КСРО құрамасы сапына кірген Серік Еуропада, әлемдік рингте атой салды. Үлкен рингте жүргенде әкесі көлік апатынан қайтыс болып, әке аманатын арқалаған Серіктің Олимпиада шыңын бағындыру арманы еселене түскен сол тұста. Бұл кезде Серік бозбала Жамбыл қаласында бокс майталманы Юрий Цхай бапкердің жаттықтыруында болатын.

Боксқа бірыңғай ден қойған Серікке расында 16 жасында өз салмағында КСРО-да ешкім шақ келмеді. Бұл бір білікті бапкер боксшының жұлдызын жаққан, боксшы бапкердің даңқын асырған кезең болатын.

Көлік апаты 1977 жылы өмірін қиған Керімбек әкенің де арманы жүзеге асып жатты. «Әкем: «сен әлемдегі ең мықты бокс­шы боласың» деуші еді… Мен ол кісі өмірден озғаннан кейін барлық жеңістерімді сол кісінің әруағына арнадым» деп еске алады бірегей боксшы. Расында да 1981 жылы «Әлемнің үздік боксшысы» деп таныл­ған Серік Қонақбаев рингте талай жеңіске жетті. 18 жасында КСРО чемпионы атанып, Кеңес құрама­сына алынды. 1979 жылы 20-ға толмаған жігіт АҚШ-та Әлем кубогы иегері атанса, Германияда Еуропа чемпи­о­ны болды.

Кёльн қаласында өткен осы Еуропа чемпио­натында 63,5 келі салмақтағы финалда Серік Италия боксының жұлдызы Патрицио Оливаны нокаутқа жіберген болатын. Бір жылдан соң ринг қос қарсыласты Мәскеу Олимпиа­дасының финалында қайта кездестірді… Патрицио да майтал­ман боксшы болатын. Неаполь қаласын­да дүниеге келген боксшы өз өмірінде Италия құрамасының сапында Олимпиада чемпио­ны, Еуропаның күміс жүлдегері, көптеген халық­аралық жарыс­тардың жеңім­пазы болған. Кейін кәсіби боксқа ауысқан Олива кәсібилер арасында WBA тұжырым­дамасында Әлем чемпионы болды.

Кейінгі өмірінде жақсы достарға айналған екі елдің бокс жұлдыздарын алда Мәскеу Олим­пиадасының финалы күтіп тұр еді.

 

Жанкүйерді жылатқан жеңіліс

Бұл «жанкүйер жанын беріп» көрген жекпе-жек сол 1980 жылдың жазында Мәскеу Олимпиадасының рингінде болған еді. Орта салмақтағы (63,5) финал болатын. Жоғарыда айтқандай, әлемдегі екі жүйенің «қырғиқа­бақ» қатынасының ширыққан кезеңі еді. Шарықтау шегіне  жеткен қатынастың нәти­жесі 50 капита­листік ел Мәскеу Олимпиада­сына «байкот» жариялады. Осы сәтте қанында революциялық рух бар, сонымен қатар, Еуропа чемпио­натында нокаутқа түсіп, алтыннан айырылған итальяндық боксшы, Горький жазатын «Альбат­ростай» бұлтты жарып, Олимпиадаға келмейді ме! Өзі де мықты боксшы, капиталистік мемлекет өкілінің келуі Кеңес үкіметі үшін «принци­пиалды» жаңа­лық еді…

Мәскеу ХІІ Жазғы Олимпиадасының бокс жарыстары 1980 жылы 20 шілде мен 2 тамыз аралығында өтті. Жазғы ойындардың ең кере­мет жарыстары 11 салмақта, 51 елден келген 217 боксшының арасында өткен. КСРО был­ғары қолғап шеберлері құрамасының капи­таны Серік Қонақбаев орта салмақта өнер көрсетіп, ақтық айқасқа жеткен.

Жалпы, Мәскеу Олимпиадасының бокс сайысында ең көп медаль жинаған Куба құра­масы болды. «Бостандық аралының» боксшы­лары 6 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншіледі.

КСРО құрамасының капитаны Серік Қонақбаевтың финалдағы қарсыласы «қаһар­ман» итальяндық Патрицио Олива болды. Бұл жекпе-жекте 250 миллионнан астам кеңес жанкүйері сүйікті спортшысы Серік Қонақ­баевқа тілектес болғаны белгілі. Десе де, төре­шілер жеңісті итальян боксшысына беріп, «саяси шешім» шығарғаны да аян. Жекпе-жектен соң Патрицио Серікті құшақтап тұрып, «Серік кешір, сен жеңдің, бірақ шешім осылай шығыпты» депті. Осы күннен бастап екі керемет боксшының рингтегі қарсылас­тығы нағыз жігіттік достыққа айналған еді…

Бірақ осы жекпе-жектен соң миллион­даған жанкүйердің қандай жағдайда болғаны бөлек әңгіме…

Дегенмен, аспандағы құдіретті күш әділет­тілікті әкеледі екен. Мәскеуде өтіп жатқан Серік­тің бокс финалын Түркістанда бесік тербетіп отырып көрген Сырлыкүл ананың сол бесіктегі Бекзаты 20 жылдан соң қазаққа Олимпиаданың бокстағы алғашқы алтынын алып берді. Жаратқанның құдіреті десейші.

 

«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады»

Мәскеу Олимпиадасында бокстан 63,5 сал­­мақтағы финалдық кездесудегі төреші­лердің шешімі «саяси» шешім болғаны анық. Болмаса Серік Олимпиададан жарты жыл бұрын Еуропа чемпионатының фи­налында нокаутқа жіберген Оливаға бір жылға жетпей, өмірлік арманы болған Олимпиада алтыны үшін айқаста жеңісті беріп қоюы мүмкін емес еді. Десе де, Патрицио да керемет боксшы екені сөзсіз. Бірақ сол кезде бокс финалына «үлкен саясат» араласқаны анық еді. Қалай бол­ғанда да Мәскеу Олимпиадасына 50 мем­лекет «байкот» жариялаған капиталис­тік қоғамның «темір шымылдық» түріп тастап келген итальяндыққа, оның үстіне өзі де осал емес боксшыға «жеңісті» беру керек те болған шығар. Және де біздің жүйенің «саяси қызмет­керлері» комсомол Қонақбаевпен «әңгіме» өткізген болуы да әбден мүмкін ғой. Ол жағы бізге белгісіз. Десе де, бұл орыс ағайындар айтатын «бұл саясат, бауырым… бұл үлкен саясат».

Жалпы, бокс әлемінде чемпиондардың Олимпиада жеңісінен соңғы өмірі Батыста бөлек, бізде бөлек болып келеді. Бізде мем­лекеттің қолдауымен қосымша марапатталып, күш-қуаты сарқылмаған болса жеңісті жолын әлемдік додаларда, Олимпиадаларда жалғас­тырса, Батыс боксшылары негізінен кәсіби боксқа ауысады.

Мәскеу Олимпиадасының финалында кездескен, кейін дос болып кеткен екі бокс жұлдызының тағдыры да осы жобада өрбіді. Патрицио чемпион кәсіби боксқа ауысып, онда да белгілі бір жетістіктерге жетті.  WBA тұжы­рымдамасында Әлем чемпионы атанды. Тағды­рын кәсіби бокспен толық байла­ныстырды.

Серік Қонақбаев болса Мәскеу Олимпиа­дасында кеткен есесін келесі Олимпиадада қай­тарамын деп дайындығын жалғастыра берген. Бірақ Лос-Анджелесте өткен ХІІІ Жазғы Олим­пиада ойындарына бұл жолы Кеңес Одағы «байкот» жариялады. Осылай бокс жұлдызы­ның тағдырына тағы да «салқын саясат» ара­ласты. Серік Қонақбаев­тың спорттық жолы жаман болды деуге келмейді. Боксшы мықты­лығын Мәскеу Олимпиадасынан кейін де көрсетті. Серік 1981 жылы Әлем кубогын жеңіп алып, бокс тарихында екі салмақ дәрежесінде бірдей Еуропа чемпионы болған тұңғыш боксшы. Керемет жетістіктеріне орай ешқандай салмақ дәрежесіне қарамай 1981 жылы «Әлемнің үздік боксшысы» атанды. Үш жыл қатарынан сол кездегі аса «саяси маңызды» АҚШ-КСРО матчтарының жеңімпазы, бір рет күміс жүлдегері болды. 1983 және 1984 жыл­дарда С.Қонақбаев халықаралық рингте бірде-бір жеңіліп көрмепті. 25 жасында бокс қолғабын шегеге ілген КСРО «Еңбек сіңірген спорт шебері» Серік Қонақбаев рингте өткізген 300 жекпе-жегінің алтауында ғана жеңіліпті.

Спорттық жолын тоқтатқан С.Қонақ­баевтың еңбек жолы спорттық өміріне әсері болған сая­сатта жалғасып, комсомолда басталды. Тәуелсіз Қазақстанның егемендікке қол жеткізген тұста С.Қонақбаев Парламент депутаты болып сайланып, 1999–2011 жыл­дарда «Халық қалау­лысы» атанды.

Әуесқой бокста «Әлемнің үздік бокс­шысы», миллиондардың сүйікті спортшысы, Тәуелсіз Қазақстанның қайраткер ұлы Серік Керім­бекұлы Қонақбаев бүгінде 60 жастың асуын бағындырған ардақты әке, асыл жар, абыройлы азамат.

 

Керек дерек:

Мәскеу қаласындағы ХХІІ Жазғы Олимпиада ойындары 1980 жылы 19 шілде – 3 тамыз аралығында өтті.

Бұл Олимпиада ойындары тарихындағы Шығыс Еуропада және социалистік елде өткен тұңғыш Олимпиада болды.

Мәскеу Олимпиадасы­на 80 мемлекет қатысты.

50 капи­талистік ел байкот жариялады.

 

Олимпиада-80 ойындарында 21 спорт түрінен 203 медаль жиынтығы сарапқа түсті.

Олимпиада-80 ойындарының бокс жарыстары 11 салмақ дәрежесінде өтті.

Бокс сайыстары «Олимпийский» спорт кеше­­нінде 20 шілде – 2 тамыз аралығында өтті.

11 медальдар жиынтығын 51 елдің 217 боксшысы сарапқа салды.

Бокс сайысында ең көп медаль алған Куба құрамасы болды (6 алтын, 2 күміс, 2 қола).

Мәскеу Олимпиада­сында Куба боксшысы Теафелло Стивенсон өзінің үшінші олимпиада алтынына қол жеткізді.

КСРО бокс құрамасының капитаны Серік Қонақбаев финалда 63,5 келіде итальяндық Патрицио Оливамен қолғап түйістірді.

Жеңіс байкотқа қарамай, «темір шымылдықты» бұзып келген Патрицио Оливаға берілді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *