Ғылым және инновация

Қазақстан ғалымдары ойлап тапқан жаңа құрылғы сынақтан өтіп жатыр

Нұржамал ӘЛІШЕВА

   

Елбасы 2020 жылға қарай Қазақстанда мемлекетте іске қосылатын инновациялық түрдің барлық нышаны мен белгілері болуы тиістігін атап көрсеткен болатын. Иннова­ция – кең мағынада  «жаңа­лық» деген сөз. Ол тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартатын экономикаға айтарлықтай өсім беретін, ескімен салыстырғанда тиімді бо­латын жаңа тауар. Ең бастысы, инновация – ол тек технологиялық идеялар ғана емес, сонымен бірге, басқарушылық және гуманитарлық бастамалар екенін ұмытпауымыз керек.

Кез-келген елдің экономикасы озық та заманауи идеяларды, серпінді техноло­гияларды қажетсінетіні ақиқат. Халықтың рухани және материалдық сұранысының қамтамасыз етілуі, ең алдымен, елдің ғылымы мен білімінің, мәдениетінің тұрақты даму деңгейіне байланысты екені де айдан анық. Осы орайда біз Қазақ­станның бәсекеге қабілетті елдер сапынан көрінуге ұмтылысын ғылым мен инно­вацияға көзқарас тұрғысынан бағаласақ артық емес.

Сүйінші! Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында екі түрлі жаңа аспап құрастырылды. Бұл құрылғыны асфальт­бетон, бетон және басқа да жол құрылысы материалдарын зерттеу барысында қол­дануға болады. Жаңа аспаптар салмақ пен салмақ жылдамдығы, температураның өзгеруіне байланысты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақ­стан аймағының климаттық жағдайларын ескере отырып, автомобиль жолдарына түсетін салмақ өлшемдерін анықтауға болады.

– Бұл өнертабыс  эксперименттік механика түріне жатады. Эксперимент қорытындыларын жол саласымен қатар, басқа да көптеген өндіріс түрлерінде  қолдануға болады. Ұсынылып отырған жаңа құрылғылар материалдардың созылу кезіндегі механикалық сипаттамасын анықтауға арналған. Сондықтан осы тектес басқа да зерттеу жұмыстарына, мәселен, циклды, үнемі немесе сатылап түсетін салмақтан болатын сырғығыштыққа және ұдайы жылдамдық салмағынан болатын өзгерістерге пайдалануға болады. Кез-келген материалдың созылатындығын ескерсек, бұл аспап арқылы көптеген зерттеу жүргізіп, қорытынды шығаруға мүмкіндік бар. Топырақтың сырғығыш­тығы өз алдына, биыл Көлсай аумағындағы тау жыныстарының жылжуы осы тектес физикалық құбылыс, – дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның президенті, т.ғ.д, профессор Бағдат Телтаев.

Құрылғылардың бір-бірінен айырма­шылығы тек қана зерттелетін заттың  жұмыс температурасына байланысты, яғни ҚҰРЫЛҒЫ-1 зерттеулерді  -30 ±10С / +20 ±10С температурасында жүргізсе, ҚҰРЫЛҒЫ-2 +20 ±10С / +60 ±10С температураларында жүргізеді. Яғни біреуі ыстық ауа-райына байланысты, екіншісін суық климат жағдайларында пайдаланы­латын құрылыс материалдарына сынақ жүргізуге болады деген сөз. Басқа айыр­машылығы жоқ, сынақтардың жүргізілуі бірдей деп отыр мамандар.

Асфальтбетон – автомобиль жол жамылғысы құрылымының негізгі материалдарының бірі екендігі баршаға мәлім. Оның механикалық сипаты оған түскен күштің әсеріне, жылдамдығы, ұзақтығы, көлемі мен температурасына қатты тәуелді. Нақты жол жағдайында жол жамылғысының асфальтбетонды қабат­тарындағы температура қоршаған орта температурасының өзгеруіне, автокөлік дөңгелектерінен түскен салмаққа, олардың ұзақтығы мен жылдамдығына байланысты көлемді шамада өзгеріп тұрады. Оны жаздыгүні асфальтты жолдың қатты қызған бөлігіне көлік доңға­лақтарының ізі қалып жатқандығынан да көріп жүрміз. Немесе қыста қатты аязға шыдамай қақ айырылып жатады. Cон­дықтан асфальтбетонның механикалық сипатын анықтау барысында жоғарыда аталған факторлар өзгерістерін ескерудің практикалық маңызы зор.

Осы жаңа аспаптар арқылы «Қазжол­ҒЗИ» АҚ автомобиль жолдарының жұмыс жағдайына, жол жамылғысына қолданатын материалдардың төзімділігін анықтауға байланысты қажетті жаңа аспапты ойлап тауып қана қоймай, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын шығарады.

Бұл аспап аталмыш іргелі институт ғалымдарының, атап айтқанда, «Қаз­жолҒЗИ» АҚ-ның президенті Б.Телтаев­тың бастамасымен іске асырылуда. Сондай-ақ, тың жаңалық өнертабыс ретінде бағаланып отыр.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның баспасөз хатшысы Ләззат Нұрсапақызының сөзіне сүйенсек, қазіргі күні осы аталған жаңа құрылғылардың  көмегімен институт зертханасында  эксперименттік зерттеулер жүргізіліп жатыр. Нәтижелерін институт мамандары алдағы уақытта  хабардар ететін болады.

Іске сәт дейміз!

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close