Ғылым шыңына шығар жолда

Ғылым жолында ерен еңбегімен танылған тұлғалардың бірі деп айтуға болатын азаматтың өмір жолына шолу жасап, жетпіске келгелі отырған курстасым Әлихан Мелдебеков туралы жазуға бел будым. Ол бүгінде ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Моңғолия Ұлттық академиясының академигі, Австрияның Вена қаласындағы Халықаралық университеттің құрметті профессоры. Оның үстіне, ширек ғасырдан бері басшылық ғылыми қызметте жүрген Әлихан 1993–2003 жылдары Мал шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2003 жылдай Зоология ғылыми-зерттеу институтының директоры міндетін абыроймен атқарып келеді.

Негізі, Әлихан Мелдебекұлы 1948 жылы 24 наурызда Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақтас ауылында өмірге келген. Әкесі Мелдебек пен анасы Аягүл төрт ұл, алты қызды аялап өсірген. Бірақ шешесі 47 жасында дүние салады. Ал Әлихан ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп, көрші Тасшадағы орта мектепте оқуын жалғастырады. Сөйтіп, 1965 жылы мектепті бітіріп, Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институтына оқуға түседі.

Міне, менің Әлиханмен таныс­тығым да осы кезден басталады. Бәріміз мектеп бітіріп келіп, оқуға түскен студенттерміз. Жатақханада тұрамыз. Бірақ тобымыз әр түрлі болғанымен, күнделікті сабақта, лекцияда, асханада, оқу залында үнемі кездесіп жүрдік. Мен үшінші топта, ол жетінші топта оқысақ та жатақхананың бірінші қабатындағы көршілес бөлмелерде тұрдық. Әлихан бәрімізден бойшаң болатын. Соған қарамастан өзі ылғи ерте тұратын әрі қашан көрсең де ертеңгісін дәлізде гантелдерімен жаттығу жасап жататын. Сонда да шаршау дегенді білмейтін. Онымен қоймай, сабақтан соң оны әрдайым институттың оқу залынан көретінбіз. Ол қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарып, тобында староста болған соң міндетін де абыроймен орындайтын. Сөйтіп жүріп үздік оқып, жоғарылатылған стипендия алатын. Ол кезде қатар­дағы стипендия 30-35 сом болса, жоғары стипендия 43 сом болатын. Әрине, бұл да болса студентке әжептеуір ақша еді. Міне, осының бәрі Әлиханның тынымсыз еңбек­қор­лығымен келетін. Сол себепті, оның болашақ ғалымға қажетті қасиеттерді қалыптастыруға ықпа­лын тигізіп жатқанына, қазір ойлап тұрсам өз басым кәміл сенемін. Әрі осылай институт қабырғасындағы бес жыл оқуымыз зымырап өте шыққан еді.

Содан сол 1970 жылы зоотехни­калық факультетті бітірген 270 түлек қолдарына зоотехник-маман деген диплом алып, арнайы жолдамамен  еліміздің түкпір-түкпіріне аттанған еді. Ал қайсыбірі, яғни ғылым-білім саласына бейімділері аспирантурада қалып, кейін ғылыми диссерта­цияларын қорғап, ауыл шаруашылық ғылымдарын дамытуға өз үлестерін қосқан болатын. Олардың бүгінде бесеуінің ғылым докторы, профессор, академик деген атақтары болса, ал тоғызы ғылым кандидаты атанған. Бұлардың бәрі түрлі салада аянбай еңбек етіп, еліміздің ғылыми потенциалын одан әрі арттыруға бар қажыр-қайратын салып келеді. Солардың ішінде ғылыми ортада есімі ең танымал түлек – Әлихан Мелде­беков болды. Ол институтты қызыл дипломмен бітіріп, Қазақ мал шаруашылығы ҒЗИ аспирантурасына түсті. Онда Қ.Медеубеков, А.Баль­монт, Т.Сарбасов секілді белгілі ғалымдардан тәлім алып,  білімі мен ғылы­ми тәжірибесін дамыта түсті.

Сөйтіп, 1975 жылы ҚР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор А.Росляковтың жетекшілігімен «Галловей тұқымды етті ірі қара малын азықтандыру ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Ал 1991 жылы Мәскеуде «Қазақстандағы мүйізді ірі қара малы етінің өнім көлемдері мен сапасын азықтандыру мен өндіру технологиясын жетілдіру арқылы ұлғайту» деген докторлық диссертациясын қорғайды.

Жалпы, Ә.Мелдебеков мал шаруа­шылығында талай ғылыми жаңа­лықтардың ашылуына үлесін қосқан ғалым. Мысалы, қазақтың ақбас сиыры тұқымының екі жаңа сүлесін шығаруға атсалысып, авторы атанды. Мал азықтандырудың жаңа екі әдісін тауып,  сондай-ақ, малдан шығатын жылуды тиімді пайдалану арқылы жаңа «мал қораны» өндіріске енгізді. Ол әлемге белгілі үш ғылыми патент иегері. 2000 жылы өзі «Жетісу» атты етті ірі қара малының жаңа тұқымын шығарып, авторлық құқыққа ие болды. Сосын «Ақырыс» қоңыр түсті және «Ертіс» қызыл-ала сүтті сиырлар сүлелерінің авторы.

Осындай ғылыми жетістіктері үшін 2001 жылы Ә.Мелдебек академик Бараев атындағы Мемлекеттік сый­лықтың иегері атанды. Бұл күнде ғалымның 360-тан астам ғылыми, ғылыми-өндірістік еңбектері ғылыми ортаға белгілі. Оның ішінде 19 кітап, 22 өндіріске пайдалану нұсқаулық­тары жарияланған. Әсіресе, Әлихан еліміз­де бірінші шыққан үш томдық ҚР Атласының алқа мүшесі және жан­уарлар әлемін жазуға қатысушы еке­нін атап айтқан жөн. Ол 2005 жылы Алматы облысы Қызыл кітабына бас редактор, ал 2010 жылы Қазақстан Қызыл кітабына ғалыми жетекші болуы Зоология институ­тында көп жылдар істеген ғылыми еңбектерінің  арқасы екендігіне дау жоқ.

Сондай-ақ, Ә.Мелдебековтің же­тек­шілігімен 6 доктор, 9 кандидат, 5 ма­гистр және 2 Phd докторы диссер­тациясын қорғады. Ол талай жас ғалымға тәлімгер болған. Жеке өмірде де Әлихан бақытты жан. Өйткені, оның зайыбы Сәуле Есім­жан­қызы Абай атындағы ҚазПИ-ді бітірген құрметті ұстаз. Олардың екі ұл, бір қызынан 11 немересі бар. Балалары да әке жолын қуып, ғылым саласында еңбек етіп жүр. Осы ретте, Әлихан Мелдебекұлын жақын да жақсы білгендіктен өмірінде ғылым маңызды орын алған абзал азаматтың еңбек жолын шамам келгенше көрсеткім келді. Әрі жетпіс жылдық мерейтойы алдында Әлиханға шын жүректен зор денсаулық, отбасылық бақыт, бас амандық,  ғылыми жетістіктер мен табыстар тілегім келеді.

 

Болатбек АМАНЖОЛОВ,

зейнеткер.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *