ҒЫЛЫМ ҮШІН ЖАРАТЫЛҒАН ЖАН

img-20171123-wa0053

Ол – микробиология және биотехнология саласының білгір маманы. Жұқпалы ауруларды диагностикалау және дәрілік өсімдіктердің анатомиялық-морфологиялық, биохимиялық, генетикалық және фитохимиялық ерекшеліктерін зерттеген ғалым.  Ол – ұстаздық, ғалымдық, аналық, қайраткерлік қажыр-қайратын жас ұрпаққа арнаған қайсар жан. Бүгінде биология ғылымына дендей еніп, сол саланың ыстық-суығымен біте қайнасып жүрген Гүлжамал Оңалбайқызы мерейлі

70 жасқа толып отыр.

Бар ғұмырын ғылым жолына арнаған Гүлжамал Оңалбайқызы ешкім бара бермейтін салаға бет бұрып, тың зерттеулер жүргізіп, бұрын көбімізге беймәлім болып келген талай жаңалықтың сырын ашып берген ғалым. Сол себепті  ғылым жолына, ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған абзал жанға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артық емес. Осы тұрғыдан келгенде профессор Гүлжамал Оңалбайқы­зының ғылым жолында басып өткен жолы өрелі де өнегелі деуге әбден болады.

– 1947 жылы 21 қарашада Атырау қаласында дүниеге келдім.  Атам Қабыл Дүйісқали  арабша сауатты, қолынан құраны түспеген кісі болған еді. Жалпы, Жәләм­беттің он ұлынан тараған ұрпақ 45 үй – 10 ауыл болып отырыпты. Сол жылдары орын алған тәркілеу кезеңінде айрандай ұйып отырған отбасылар жан-жаққа шашырап, көбі Ресейдің Орск қаласы маңына көшіп кеткен-ді. Менің әкем Оңалбай анаммен бірге Өзбекстанның Бесқала жағына қоныс аударды. Үлкен ағам Бақтыбай сол жақта туған екен. Ата-анам ел іші тыныш­талғаннан кейін қайтадан нағашыларым­ның арасына Мақатқа,  кейіннен Гурьевке көшіп келеді.

Әкем Оңалбай Ұлы Отан соғысына қатысқан екінші топтағы мүгедек еді. Соған қарамастан Гурьевтің мұнай құбыры (ҚазМұнайГаз) өнеркәсібінде көп жыл бойына жай жұмысшы болып  қызмет істеп, еңбек демалысына шықты. Арабша сауатты, құранды, қиссаларды өзі оқи беретін. Анам соғыс кезінде Атырау балық комбинатында жұмыс істеді. Он құрсақ көтерді. Соның үшеуі ғана тірі қалды. Мен үйдің кенжесі болдым. Үлкен ағам Бақтыбай 16 жасынан жұмыс істеп, ата-анамды, бізді, өзінің бес баласын өсіріп жеткізді. Үлкен ағамның арқасында інім Жақсыбай екеуміз  оқу оқып, ғылым жолына түстік.

Інім Жақсыбай  Алматы медицина институтын қызыл дипломмен бітіріп, Қазақстан үшін алғашқы медицина кадрларын дайындау кезінде Мәскеу аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Аспирантура бітіріп, өмірінің соңғы жылдарына дейін Қазақтың онкология және радиология институтында дәрігер-радиолог болып қызмет атқарды. Ағаларымнан тараған ұрпақтың көбісі жоғары білімді.  Қазақ­станның әр аймағында еңбек етеді.

1955 жылы Крупская мектебінің бірінші сыныбына қабылдандым. Бұл сегіз жылдық мектеп болған соң, 9-11 сыныпты Орджо­никидзе мектебінде тәмамдадым. Сол кезде Гурьев қаласында екі-ақ қазақ мектебі болды. Кейіннен Орджоникидзе мектебі жабылды. 1966 жылы еліміздің ең таңдаулы оқу орны С.М.Киров атындағы универ­ситеттің биология факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы ойдағыдай жақсы бітіріп шықтым, – дейді Гүлжамал апай.

Осылайша ғылым қуған жас маман алғашқы еңбек жолын жолдама бойынша Қазақтың онкология және радиология институтында бастайды. 1977–2006 жылдар аралығында Қазақстан Республи­касының Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығында аға лаборант, кіші және аға ғылыми қызметкер жұмыстарын атқарып­ты. Биология саласын терең меңгеріп, оны жаңашылдықпен шәкірт санасына құюды, осы кәсіптің тың қырларын ашуды көздеген Г.Оңалбайқызы өзгелерден ерекшеленіп, өз ісіне адалдығын көрсетті. Сөйтіп, 2002 жылдан осы орталықтың тұмау лабораториясының  меңгерушісі болып қызмет атқарады. Қажырлы еңбегінің, ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде және тыңғылықты жұмыс­тарының арқасында 1986 жылы медицина ғылымының докторлары И.Шуратов және М.Байжомартовтың жетекшілігімен «Мycoplasma pneumonіae инфекциясын жедел диагностикалау» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ал 2004 жылы «Бактериалдық және вирустық инфекциялар (Мycoplasma pneumonіae, Legіonella pneumopіla, Кок­саки және ротавирус) үшін диагности­калық пре­параттар жасау» тақырыбына биотех­нология және микробиология маман­дықтары бойынша докторлық  диссер­тацияны қорғап шығады. Осы жұмыс­тардың нәтижесінде микоплазма, легио­неллез, Коксаки және ротавирус қоз­дырғыштарының адамдар патология­сындағы этиологиялық рөлін анықтайтын диагностикалық эритроцитарлық препа­раттар дайындаудың биотехнологиялық әдістері жасалды. Ғылыми жұмыстың нәтижелері Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының клиникасында, балалар жұқпалы аурулар клиникасында кеңінен пайдаланылды.

– Біз жасаған препараттар тек қана Қазақстанда емес, шет елдерде, атап айтқанда, Моңғол Халық Республика­сында, Тәжікстанда кеңінен қолданысқа енді. 2006 жылы Ғылым және білім ми­нистрлігінің Ботаника және фитоинтро­дук­ция институтының өсімдіктердің геномосистематикасы лабораториясының меңгерушісі болып қызмет атқардым. Ал  2006-2007 жылдары Тұрар Рысқұлов атын­дағы Қазақ экономикалық универси­тетінде студенттерге қазақ  тілінде эколо­гиядан дәріс бердім, – дейді ұстаз-ғалым. – Осы жылдар ішінде Қазақстанда және шет елдерде 145-тен аса мақалам, «Топырақ биологиясы» (2011 ж.) атты оқу­лығым, 5 оқу-әдістемелік құралым жарық көрді. Дайындалған препараттарға 6 патент пен авторлық куәліктер алынды. Сондай-ақ, антиденелі ротавирус пре­паратына жасалған ғылыми-техникалық құжаттың иегері атандым, – деп жалғас­тырды сөзін Гүлжамал Оңалбайқызы.

Бұл күнде ғалым-ұстаз Қазақстанда және шет елдерде шыққан 200-ден аса мақаланың, 1 оқу құралының, 2 моногра­фия­ның, 1 электронды оқу құралының, 8 әдіс­темелік нұсқаулықтардың авторы. Соны­мен қатар, антиденелі ротавирус препа­ратына жасалған ғылыми-техникалық құжаттың иегері.

– 77-жылдары Гигиена және эпи­демиология ғылыми орталығында қызмет еттім. Біздің тұмау лабораториясы медицина ғылымының докторы, профессор Әдебиет Төлепбергенұлы Ысмағұловтың жетекшілігімен Атыраудың облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станса­сымен тығыз байланыста болды. Медицина ғылымының кандидаттары Ө.Зинуллин және Е.Уайсовтармен бірлесе отырып, Атырау облысындағы тұмау инфекциясы­ның эпидемиологиялық және этиология­лық ерекшеліктерін, Азғыр полигонының жергілікті халыққа тигізген зияндарын медициналық тұрғыдан зерттедік. Мұнай­шыларға, балаларға және қарт адамдарға Тұмауға қарсы вакциналар жасау жұмыс­тарына қатысып, олардың адам ағзасына реактогендік, иммуногендік және эколо­гия­лық әсер ету ерекшеліктерін анықта­дық. Осылардың арасында Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында медицина редакциясының жетекші маманы міндетін атқардым.

img-20171123-wa0054

Отбасы – ошақ қасы

Гүлжамал Оңалбайқызы ұлағатты ұстаз, үлгілі тәлімгер ғана емес, ол – адал жар, ардақты ана, мейірімді әже. Өмірлік жол­дасы Өтебалиев Жігер Есіркепұлы С.М.Киров атындағы университеті тарих факультетінің түлегі. 40 жылдан астам уа­қыт оқу-ағарту саласында еңбек етіп ке­ле­ді.  Тарих ғылымының  кандидаты. 1972 жыл­дан бері Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан тарихы кафедрасында доцент болып жұмыс істеді.

– Отағасы екеуміз екі бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкен қызымыз Элвира банк саласында менеджер болып қызмет атқарады. Кіші қызымыз Гүлвира тарих ғылымының кандидаты. Бүгінде менеджер болып жұмыс істейді. Рүстем Рахымжанов деген немереміз Назарбаев Универси­тетінің студенті. Осы бала­лары­мызға қарап, күйеуім екеуміз Алла тағалаға шүкіршілік етеміз. Өміріміздің мәнді де мазмұнды өтіп келе жатқан­дығына тәубә дейміз. Немерелеріміз жан-жақтан келіп, ата-әжелеп қаумалап алғанда төбеміз көкке жетіп, нағыз шаттықтың қызығына бөленеміз, – дейді Гүлжамал Оңалбайқызы.

img-20171123-wa0058

Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы

Адамның қандай ұстаз болғаны, оның жұмысының жемісі «осы ұстаздан білім алдым, соның арқасында зор жетістіктерге жеттім» деп есептейтін шәкіртпен айқын­далатыны белгілі. Ал Гүлжамал Оңалбай­қызын «үйреткені көп, үйретері одан да көп» деп бағалап отырған шәкірт­тері аз емес. Бұл ретте Гүлжамал Оңал­байқызы: «қай жерде де «ұстазым» деп көңілімді көкке көтеретін шәкірттерімнің барына мақтанамын», – дейді.

Ғалым-ұстаз 2008 жылдан бері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің биология кафедрасында оқытушылық қызмет атқарып жүр. Бүгінде Г.Дүйісқалиеваның жетекшілігімен бір PhD докторлық, 2 кандидаттық және 3 магистрлік диссертациялар қорғалды. Қазіргі кезде 4 PhD докторлық және магистрлік жұмыстарға жетекшілік етіп жүр.

Шәкірттері Гүлжамал апа туралы «Ол кісінің ең үлкен ерекшелігі – қарапайым­дылығы. Білім қуған әрбір жасқа кез-келген уақытта кеңесін аямайтын адам­гершілігі мен ұстаздық шеберлігі өз алдына бір төбе. Ол өзі сүйген ғылымға шәкірт­терінің бағытын нақтылап көрсетіп, әрбір жас маманды ғылымға тартудан ешқашан жалыққан емес» дейді.

Гүлжамал Оңалбайқызы қашан да шәкірттері үшін үлгі-өнеге болса, әріп­тестері үшін зор мақтаныш. Ғалымды өзінің тұрғыластары, замандастары да ерекше бағалайды. Ол жайында өзінің қатарластары «ол – қазақ ғылымына жарты жанын беріп жүрген жан» деседі. Бүгінде машақаты көп ұстаздық қызметті абы­роймен атқарып жүрген Гүлжамал Оңал­байқызы –  таразы басын тең ұстап, ұстам­дылық ұлағатын, адамгершілік қасиеттерін паш еткен нағыз ғалым.

Жетпістің жалын ұстаған  Гүлжамал Оңалбайқызының әлі де  елге ұсынар тың идеялары мен бастамалары жетерлік. Ғылымды өмірінің мәніне айналдыр­ған ғалым халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференцияларға белсене қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырып келеді.

Сөз соңында іргелі еңбектерімен ел сеніміне ие болған, ғылым үшін бергені де, берері де мол ғалым, ардагер ұстаз, ардақты  ана Гүлжамал Оңалбайқызының 70 жылдық мерейтойына құтты болсын айтып, ұзақ өмір мен шығармашылық табыстар тілейміз!

 

Жазып алған –

Мәншүк БЕКБОСЫН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *