ҒЫЛЫМ МЕН ІЗГІЛІКТІ ТЕҢ ҰСТАҒАН

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Жоғары мектеп Халықаралық ғылым академиясының академигі, белгілі ғалым-лингвист, Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының тілін зерттеуші Жұмағұлова Валентина Ивановнамен бірге қызметтес болу, оның іскерлік-ұстаздық іс-тәжірибесін үйрену бізге, оның Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарып жүрген жылдарында бұйырды. 

Валентина Ивановна 1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің орыс филологиясы кафедрасының аспирантурасына оқуға түседі. Осы күнге дейін тілші-ғалымдардың бірқатар буынын дайындап шығарған, лексикография мектебінің негізін қалаушы ретінде есімі танымал өзінің ұстазы, ғылыми жетекшісі, кейін докторлық диссертациясының ғылыми кеңесшісі болған Исенғалиева Валентина Әйтешқызына ерекше ықылас, құрметпен қарады.

В.И.Жұмағұлова шығармашылық-ғылыми қызметін белсенді педагогикалық және әкімшілік қызметпен ұштастыруда. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтымен (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогика университеті) Валентина Ивановнаның ғылыми-педагогикалық қызметі тығыз байланысты. Ол бұл оқу орнына 1988 жылы филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғағаннан кейін  жолданды. Ассистент, оқытушы, аға оқытушы, орыс филологиясы кафедрасының доценті, бүгінгі таңда орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры.

1988 жылы «Ара» сатиралық журналы тілінде әзілді берудің лингвостилистикалық құралдары» тақырыбында филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Ал 2001 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы диссертациялық кеңесте «Қазақстанның орыстілді баспасөзіндегі сатира мен әзіл: лингвистикалық аспект» тақырыбында филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады.

Автор Қазақстанның орыс тілді баспасөзіндегі сатира мен юмордың лингвистикалық аспектісін зерттеуді жүйелі тұрғыда жүзеге асыруды ұсынады. Диссертация орыс тілді баспасөзіндегі юмор мен сатира құралдарын, олардың жанрлық-стильдік ерекшелігін барлық тіл деңгейінде алғашқы кешенді (функционалдық, құрылымдық, семантикалық, прагматикалық)  зерттеу болып табылады. Бұл ғылыми еңбекте юмор мен сатира құралдары функционалды-семантикалық қызметі тұрғысында және олардың текст құраудағы рөлі аспектісінде бірінші рет жүйелі түрде зерттелді.

Бұрында арнайы зерттеудің объектісі болмаған газет текстінің күлкі тудырушы категориялары  философиялық көзқарас тұрғысынан зерттелген, олардың стильдік сипаты, мазмұн құраудағы интралингвистикалық факторлары анықталып, прагматикалық моделінің құрылымы түзілген. Қүлкі тудыру бағытындағы тексті құрау процесінің сипатты ерекшелігіне оның интенционалдығы, яғни күлкі тудырушы категорияларды жасауды таңдау құралы ретінде белгілі болып отырғандығына жататындығы анықталды. Сатира мен юмор құралдарының құрылымдық-семантикалық классификациясына талдау жасалып, олардың күлкі тудырар потенциалы көрсетілген.

Диссертация бұқаралық коммуникация тілі дамуының жалпы және жеке үрдісін жүйелі лингвистикалық қабылдау жолындағы маңызды қадам болды.

Профессор В.И.Жұмағұлованың сан салалы қызметінің ішінде білім беруді ұйымдастырумен қатар ғылымның дамуын жолға қою бағытын да ерекше бөліп көрсетуге болады. Ол көп жыл бойы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның белгілі ғылым докторларынан тұратын БД 14.50.17 Біріккен докторлық диссертациялық кеңесінің 10.02.02-қазақ тілі, 10.02.19-тіл теориясы, 10.02.01-орыс тілі, 10.02.10-Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері, 13.00.02-оқыту және тәрбие теориясы мен әдістемесі (бастауыш, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі қазақ тілі) мамандықтары бойынша мүшесі ретінде республикамызда ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындау ісіне зор үлес қосты.

В.И.Жұмағұлованың бұдан басқа да атап өтерлік жетістіктері баршылық: Жоғары мектеп Халықаралық ғылым  академиясының академигі болып сайланды (2003ж.), 2008 жылдан бері Валентина Ивановна ғылым, техника мен білім  саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның құрамында. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2003), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» Құрмет белгісімен марапатталды (2004), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды (2005), «Іргелі ғылыми және ғылыми-әдістемелік зерттеулерді дамытуға қосқан жеке үлесі үшін» Михаил Ломоносов Орденімен марапатталды(2007), «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері(2007).

Жұмағұловтар отбасы – елімізге танымал ғалымдар отбасы.   Жолдасы Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов – ірі ғалым-математик,  белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер. Ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының,  Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының академигі.

1998 – 2004 жылдар аралығында  Валентина Ивановна орыс тілі мен әдебиеті кафедрасына басшылық еткен жылдар кафедраның тарихындағы ерекше белеске көтерілген жылдар,  беделі ерекше асқақтаған кез десек артық айтпаған болармыз.

В.И.Жұмағұлованың басшылығымен ҚР МЖМБС-қа сәйкес  оқу жоспарлары мен русистиканың өзекті мәселелерімен байланысты және еңбек нарығы қажеттілігіне сай таңдау пәндері жасалып, оқу-әдістемелік кешендер, оқу құралдары дайындалды. Ол тәжірибелі педагог ретінде оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдерін жасап, оның  енгізілуіне жүйелі ықпалын тигізді. Осы орайда,  білім алушылардың шығармашылық әлеуетін ашу мақсатында дамыту үшін тұлғаға бағытталған оқыту, күрделі оқу, ынтымақтаса оқыту сияқты жаңа білім беру технологиялары қолданыла бастады.

Ол ғылыми әлеуеттің өсуіне, әсіресе, кафедра оқытушыларының ғылыми-зерттеу жұмысына көп көңіл бөлді. Осының барлығы профессор В.И.Жұмағұлованың өмірлік ұстанымын қалыптастырды. Оның басшылығымен филология мен мәдениаралық қатысымның өзекті мәселелері талқыланған ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді.

Валентина Ивановна үнемі жас оқытушыларға қолдау көрсетіп, олардың кәсіби құзіреттілігінің қалыптасуына ықпалын тигізіп отырады.

В.И.Жұмағұлова педагог және ғалым ретінде ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау ісіне мол үлесін қосып келеді. Ол – дарынды ұйымдастырушы, басшы, Қазақстан ЖОО ғылыми-зерттеу жұмысында табысты жүзеге асып жатқан ғылыми   идеялардың генераторы.

Ғалымның  кеңесшілігімен «Қазіргі орыс тіліндегі қоғамдық-саяси лексиканың когнитивтік-прагматикалық негізі» тақырыбында Р.Сейдахметова докторлық диссертация  қорғады. Сонымен қатар, оның жетекшілігімен 5 кандидаттық диссертация қорғалды.

Профессор В.И. Жұмағұлова бұқаралық ақпарат тілін зерттеу бойынша отандық ғылыми мектеп құрды. Мысалы, Қазақстан орыс тілді публицистикасы материалы негізінде қазіргі  саясаткердің тілдік тұлғасының ерекшеліктері зерттелді, қазіргі  орыс тілінің қоғамдық-саяси лексикасының когнитивті-прагматикалық негізі зерттелді, бұқаралық ақпарат құралдарындағы афористік мәтіндердің функционалдық мүмкіндіктері анықталды, баспасөз-жарнама мәтіндері лингвистикалық типологиясы анықталды, газет дискурсындағы әлемнің мысқыл бейнесінің репрезентациясының тілдік тәсілдері қарастырылды.

Өз ісіне шығармашылық тұрғыдан келетін тамаша ұйымдастырушы              В.И.Жұмағұлова бірнеше ғылыми бағытта жұмыс істейді. Ол – бірқатар іргелі және қолданбалы бағдарламалар мен жобалардың авторы және ғылыми жетекшісі. Оның жетекшілігімен орындалған іргелі ғылыми зерттеулер нәтижелері Қазақстан университеттерінің орыс тілі мен әдебиеті кафедраларының оқу үрдісінде, сондай-ақ, студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында  пайдаланылады.

Профессор В.И.Жұмағұлова – Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар,  шетелде де есімі белгілі ғалым. Ол Қазақстанның филологиялық қауымдастығын халықаралық ғылыми-практикалық және ғылыми-теориялық конгрестерде, семинар мен форумдарда (Мәскеу, Братислава, Берлин, София, Любляна, Токио, Сеул, Санкт-Петербург, Киев, Қазан, Амстердам, Лас-Вегас және т.б.) лайықты таныстыруда.

Профессор В.И.Жұмағұлова «Қазақстанның ғылыми әлемі» Халықаралық ғылыми журналының редакциялық алқасының мүшесі. Бірқатар халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың ұйымдастырушылар комитетінің мүшесі.

В.И.Жұмағұлованың ұйымдастырушылық және ғылыми-педагогикалық қызметінің тәжірибесі мен нәтижелері халықаралық ғылыми қауымдастықпен жоғары бағаланды. Оның ғылыми еңбектері қазақ және орыс тілі мен әдебиеті дамуының ықпалдастығына, Қазақстан мен Ресей достығын нығайтуға сүбелі үлес қосуда. Ол Ресей Федерациясы Білім министрлігінің Құрмет қағазымен марапатталды. 2007 жылы русистиканы дамытудағы жетістіктері үшін «Михаил Ломоносов» орденімен марапатталды.

Валентина Ивановна бойындағы тектілік, табиғи сүйкімділік, жоғары біліктілік, зиялылық, оның жан жылуы әріптестерін, шәкірттерін, студенттерді әрдайым тәнті етіп, құрметке бөлейді. Зиялы адам қай жағынан болсын, өскелең ұрпаққа үлгі бола алатын, кейінгілер қарап бой түзейтін тұлға. Біздің кейіпкеріміз осы үденің көш басында тұр.

А.Сатбекова,

педагогика ғылымының докторы,  профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдары Академиясының академигі, ҚазҰҚПУ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *