ҒЫЛЫМҒА ДЕН ҚОЙҒАН ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҰТАРЫ КӨП

Саясат БЕЙІСБАЙ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі

Күні кеше өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында елді толғандырған өзекті мәселенің бір парасы талқыға түсті. Ғылым мен білім — таусылмайтын тақырып. Білімді ұрпақ қана елдің еңсесін көтеріп, көсегесін көгертеді, экономиканы өрге сүйрейді. Қазақстан экономикасын дамыту адам капиталына байланысты. Демек, ғылымды жүйелі түрде дамыта беру керек. Тоқырауға жол жоқ. Ал ғылымның бастауы мектептен басталады. Білімнің негізі орта мектептен қалыптасса ғана ары қарай дұрыс жолға түседі, ілгері дамиды. Білім мен ғылым – экономиканың маңызды саласы. Ол — аксиома, дәлелдеуді қажетсінбейді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білімге алты есе, әсіресе ғылымға жеті есе қаржы бөлінетіндігін қадап айтқаны қалың жұртшылықтың көңілінен шықты. Ғылымға, соның ішінде дәл қазіргі таңда медицина саласына назар аудару аса маңызды. Ғалымдар жаппай ізденіп, әлемде орын алған індетті ауыздықтауға тиісті шараларды қолға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін нақты тапсырмалар берді. Егер Қазақстан ғалымдары айтулы жаңалық ашып, ғаламды жайлаған вирусты жойып, вакцинасын табар болса, кермет жаңалық болғандай. Әлемді алаңдатқан аты жаман індеттің ошағын біздің ғалымдар өшіре алса, Қазақ елін барша жұрт танып, білер еді, мойындар еді.
Мемлекет басшысы қадап айтқанындай, жалпы, білім мен ғылым жүйесін түбегейлі реформалауға бетбұрыс аса маңызды. Экономика ғылымсыз өрге баспайды. Бүкіл мемлекеттік саясат соған негізделіп, жүзеге асуы тиіс деп атап көрсетті Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.
Соңғы екі айда барлық оқушы, бүкіл студент қашықтан, онлайн оқуға ден қойғаны баршаға белгілі. Мектептегі балаға қосылып, ата-ана да компьютерге тесіліп, интернетке үңілді, теледидаарға телмірді. Мұғалімдер оқытудың сапасын арттыруға әрекеттенді, қағазбастылықтан арылғандай болды. Сапасыз оқулықтың жағдайы да кеңес барысында сәт сайын тілге тиек етілді. Онлайн оқыту барысында ауыл мен қала арасындағы алшақтық тағы байқалды. Бұған бір себеп – интернеттің ауылдағы әлжуаздығы. Тәжірибелі, білімді мұғалімдердің жеткіліксіздігі. Осының бәрі ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы барысында негізгі мәселе ретінде айтылды.
Осы арада біздің назар аударып, тоқталғымыз келгені, елдегі ғылымның сапасы. Жоғары оқу орындарындағы сапасыз білім, кей тұста дипломдардың сатылуы секілді өрескел жағдайлар орын алып отырғаны жасырын емес. Студенттердің онлайн оқудағы келеңсіз көріністері, мемлекеттік тілдегі оқулықтардың жетіспеуі, мұның бәрі сапалы білім алуға үлкен кедергі. Ал сапасыз оқудан білікті маман қалай шықсын. Ғылым қалай дамысын. Елдегі қаптаған университеттерден қандай пайда? Бәсекеге төтеп беретін, саусақпен санарлық сапалы білім бере алатын аз ғана жоғары оқу орны да жеткілікті болар еді. Сол білім ордалары әлемге танылған Еуропадағы, Америкадағы университеттермен тайталаса алатын болса ғой, шіркін. Сонда біздегі мұхит асып, Еуропаға елеңдеп отыратын «ақылды милар» өзімізде қалар ма еді. Қазір белгілі болып отырғандай, отыз мыңнан аса жастарымыз шетелде оқып жүр. Солардың қаншасы елге қайтпай, алған білімі мен білігін өзге жұрттың игілігіне жұмсап жатыр. Осыған ішің ашиды, обал-ақ. Егер соларға өз елімізде барынша жағдай жасап, ынталандырса, еліміздің өркендеуіне, ғылымның айтарлықтай дамуына айтулы үлес қосар ма еді.
Осы арада өзгелерге де көз тігіп, қасымыздағы көршілерге бір сәт назар аударсақ, өзбек ағайындарда мектеп саласын қамтитын Білім министрлігі бөлек екенін көреміз. Осыған орай бізде де Ғылым министрлігі мен Білім саласы өз алдына бөлек болса, сонда нәтижесі көп болар ма еді. Біздегі аудандық, облыстық білім саласының басқармалары жергілікті әкімдіктерге бір, министрлікке бір бағынышты болып жалтақтамай, тікелей білім саласына қарағаны дұрыс деген ұсыныстар айтылуда.
Ғылым дегенде, тарих, философия, саясаттану, экономика, басқа да нақты ғылыммен тікелей айналысатын салаларға барынша назар аударып, қомақты қаржы бөліп, оң нәтижесін, қайтарымын талап етіп, жолға қойса, ел экономикасына қосар үлесі мол болар еді.
Жалпы, әлемді шарлайтын, ғаламды барлайтын ғұламалар көбінесе ғылым саласынан шығады ғой. Ал осындай адамдар қазақтың ішінен шықпайтынына кім кепіл? Ғасыр бұрын ұлы Абай, мың жылдан астам ел таныған ғұлама әл-Фараби осыған дәлел емес пе. Екеуі де ғылымның атасы саналған философияны тереңінен толғаған тұлғалар болды. Биыл екеуінің де мерейтойлары. Алғашқы кемеңгердің туғанына 175 толса, ал әлем танып, ғұламалығын баяғыда мойындаған әл-Фараби бабамыздың өмірге келгеніне 1150 жылдың жүзі болыпты. Екеуі де біздің бабаларымыз екенін, әрине, мақтан тұтамыз. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барша жұрт мойындаған алып тұлғалардың зор еңбегін барынша насихаттап, кең көлемінде айшықты атап өтуге шешім қабылдағаны белгілі. Жыл бойына жоспарланған ғылыми шаралар, ел ішінде жүзеге асуы тиіс және көптеген елдерге белгіленген іс-сапарлар баршаға белгілі себептермен өкінішке орай жүзеге аспай тұр. Осылайша артында қалған мол мұраларына, ойы терең еңбектеріне ел сүйсінген екі тұлға да ғажап философ, кемеңгер дана болғанын барынша мақтан тұтамыз. Бұл ғылымның атасы философия болғанын, солардың бел ортасында біздің даналарымыз жүргенін тағы бір мәрте мойындау. Соны өзгелерге дәріптеу.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пікір білдірушілердің ойларын мұқият тыңдап, зер салып, орынды деген ойларды қағазға түртіп алып отырды. Демек, айтылған сөз, өзекті мәселелер жерде қалмайды. Соның оң нәтижесі Қазақстан Президентінің қадағалауында болады. Парламент те, Үкімет те, жергілікті ұйымдар, аймақтық әкімшіліктер де тапсырылған міндет шараларды мүлтіксіз орындауға тиіс. Ал, мынандай қамқорлықтан кейін білім мен ғылым саласының мамандары, барша ғалымдар еліміздің экономикасының өркендеуіне үлес қосып, құлшына кірісеріне сенім мол.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *