Қылмыс көп орын алатын түнгі демалыс орындары белгілі болды

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Қала полициясы қылмыс көп болатын түнгі демалыс орындарын атады. Бұл ретте тәртіп сақшылары 22 нысанда қатаң бақылауды күшейтпек. Көңіл көтеретін орындардағы адамдардың қауіпсіздігі қала әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды. Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, қалада 400-ге жуық түнгі демалыс орны бар. Оның 38-і – түнгі клуб, 45-і – кафе-бар мен мейрамханалар екен.

– Бұл дәмханалардың жұмысына заң бойынша уақытша шектеу жоқ. Сондықтан  олардың жұмысы кафенің ішіндегі және соған жақын аумақтағы құқықтық тәртіптің бұзылуына қатты ықпал етеді. Бұл дәмхана иелерінің көпшілігі мамандан­дырылған күзет жалдамайды. 2018 жылғы мониторинг көрсеткендей, қалада қылмыс­тың көпшілігі 22 нысанда тіркелген. Мәселен, «Пионерская правда» түнгі клу­бында өткен жылы 12 төбелес болса, 16 қылмыс орын алған. Оның ішінде 2 адам өліп, 2 адам ауыр жарақат алған. Көп жағдайда біліктілігі төмен күзет­шілер төбе­лестің алдын алуға тырыспайды. Сыртқа шығарып жіберумен ғана тыйылады. Соның кесірінен жанжал ошағы сыртта­ғыларға да қауіп төндіреді. Мәселен, Чукотка барындағы төбелес соған дәлел бола ала­ды, – деді қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының міндетін атқарушы Төрехан Исин.

Комиссия алқасы дәмхана мен бар иелеріне міндетті түрде мамандандырылған, лицензиясы бар күзет жалдауға, маңайдағы бейнебақылау камераларын көбейтуді міндеттеді. Оларға аталған талапты орындауға 1 ай уақыт берілді.

Қалалық полиция қызметкерлері ең қауіпті түнгі демалыс орындарының тізімін ұсынды. Алатау ауданы бойынша – 3: «Шаңырақ 2» шағынауданы, Жанқожа батыр, 35 мекен-жайындағы «Бақытжан» дәмха­насына өткен жылы 44 рет полиция шақыртылған, 12 қылмыс болған; Райымбек, 355 мекен-жайындағы «Эверия» дәмханасына өткен жылы 31 рет полиция шақыртылған. 6 қылмыс тіркеліп, 1 адам көз жұмған; Н.Дан­ченко, 1А мекен-жайындағы «Эмиль» дәмханасына өткен жылы 24 рет полиция шақыртылған, 5 қылмыс тіркелген. Алмалы ауданы бойынша – 5 орын: Сейфуллин, 481 мекен-жайындағы «Esperanza» түнгі клубына өткен жылы 302 рет полиция шақыртылып, 89 қылмыс тіркелген; Сейфуллин, 404 мекен-жайындағы «Шифо» дәмханасына өткен жылы 60 рет полиция шақыртылып, 15 қыл­мыс тіркелген; Сейфуллин, 404 мекен-жайындағы «Арагос­та» дәмханасына өткен жылы 52 рет полиция шақыртылған, 14 қыл­мыс тіркелген; Желтоқ­сан, 148 мекен-жайындағы «Алмалы» кеше­ніне өткен жылы 107 рет полиция шақыр­тылған, 25 қылмыс тіркелген; Қабанбай батыр, 132 мекен-жайындағы «Гранд Опера» клубына өткен жылы 63 рет полиция шақыртылған, 25 қылмыс тіркелген. Әуезов ауданы бойынша – 3: Төле би, 279/1 мекен-жайын­дағы «New Angar» дәмханасына өткен жылы 136 рет полиция шақыртылған, 66 қылмыс тіркелген, 4 адам ауыр жарақат алған; Школьный, 2/5 шағынауданындағы «Луна» дәмханасына өткен жылы 86 рет полиция шақыртылған, 15 қылмыс тіркелген, 2 адам ауыр жарақат алған; «Ақсай 1А» шағынау­данындағы «Алмалы» мейрамхана­сына өткен жылы 67 рет полиция шақыртыл­ған, 18 қылмыс тіркелген, 2 адам ауыр жарақат алған. Бостандық ауданы бойынша – 4: Гагарин, 111А мекен-жайындағы «Пионер­ская правда» түнгі клубына өткен жылы 24 рет полиция шақыртылған, 16 қылмыс тіркелген, 2 адам өліп, 2 адам ауыр жарақат алған; Желтоқсан, 171А мекен-жайындағы «Накатика» түнгі клубына өткен жылы 23 рет полиция шақыртылған, 18 қылмыс тіркелген; Жандосов, 2Б мекен-жайындағы «Underground» түнгі клубына өткен жылы 18 рет полиция шақыртылған, 9 қылмыс тір­келген. Оның ішінде заңсыз есірткі ай­налымы бойынша 1 қылмыс тіркелді; Розыбакиев, 234 мекен-жайындағы «Жесть» түнгі клубына өткен жылы 16 рет полиция шақыртылған, 3 қылмыс тіркелген. Медеу ау­даны бойынша – 4: Зенков, 13 мекен-жайын­дағы «Синий Фантомас» түнгі клубына өткен жылы 24 рет полиция шақыр­тылған, 4 қыл­мыс тіркелген; Құрманғазы, 25 мекен-жайын­дағы «ВНВ» түнгі клубына өткен жылы 32 рет полиция шақыртылған,  5 қыл­мыс тіркелген; Достық, 535 мекен-жайын­дағы «Манана» караоке барына өткен жылы 28 рет полиция шақыртылған, 3 қылмыс тіркелген; Зенков, 24 мекен­жайындағы «Территория соединенных Баров» түнгі клу­бына өткен жылы 31 рет полиция шақыр­тылған, 8 қылмыс тіркелген. Түрксіб ауданы бойынша – 3: Ақан сері, 63 мекен-жайын­дағы «Габали» дәмханасына өткен жылы 27 рет полиция шақыртылған, 4 қылмыс тіркелген; Ақан сері, 65 мекен-жайындағы «Шалахо» дәмханасына өткен жылы 31 рет полиция шақыртылған, 5 қылмыс тіркелген; Осипенко, 5 мекен-жайындағы «7 жол» дәмханасына өткен жылы 25 рет полиция шақыртылған, 17 қылмыс тіркелген.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *