XXІ ғасырда суды водовозбен тасып ішіп отырғанымыз жарамас

* ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ

Ерболат ҚАСЫМОВ,
«ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын қолдау» қоғамдық қорының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

— Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев төрағалық еткен кешегі қала активінің жиынында бастан-аяқ отырдық. Тыңдадық. Ой түйдік.
Әрине, күнделікті тіршілігіміз, қызметіміз осы шаһармен біте қайнасып жақан соң, мұндағы жақсылық атаулы, жетістіктің бәрі көз алдымызда. Атқарылған шаруа аз емес. Ал атқарылатыны одан да көп.
Бақытжан Әбдірұлы жиын соңында өте көп, тың мәселелерді, өзекті тақырыптарды қозғады, бәрін қолмен қойғандай айтып берді. Мәселен, өзім кәсіпкер болғандықтан, өз алдына кәсіп ашып, онысын дөңгелетіп әкеткісі келетіндерді жақсы түсінемін. Қала әкімінің: «Біз жақсылыққа қарай ниеттенген адамды кәсіби шеберлігін шыңдауы үшін тегін оқытамыз, бірақ ол оқыды деген сертификатын алып алған соң, ісін неден бастарын, қайда барарын білмейді. Өйткені, көбісінің қолында қаражаты не құрал-сайманы болмауы мүмкін. Біз осындай жандарды, әсіресе, көпбалалы аналарды оқытып қана қоймай, қолтығынан демеп жіберуіміз керек», – деген пікірі көптің көкейіне қона кетті де ойлаймын.
Кеше ғана қабылдауыма Әуезов ауданынан бір көпбалалы ана келді. «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жеңілдетілген несиемен бір бөлмелі пәтер алыпты. Енді қолымнан келетін тортымды, басқа да тәттілер пісіріп сатсам, ары қарай тіршілік етсем деген ниетте көрінеді. Бүгін сол кісінің үйіне барып, тұрмыс-тіршілігімен танысып, нақты қандай көмек керек екендігін көзбен көріп, біліп қайтпақпын. Міне, Бақытжан Әбдірұлының айтып отырғаны осы, қолынан тігін тігу келетін аналардың тігін машинасы немесе шаш қия алатын жандардың оған қажетті құрал-саймандары болмауы мүмкін, біз соған мән беруіміз керек. Алдағы уақытта «Іскер аналар» жобасы қолға алынатыны да осы мәселелердің түйінін тарқататын болады деп ойлаймын.
Бұрын сіздерге берген бір сұхбатымда айтқан болатынмын, өз бизнесін ашқысы келетін адамдар субсидия алу үшін екінші деңгейлі банктердің есігін тоздырып, түрлі қағаздарын толтырумен уақыт жоғалтып жүретін. Ал бұл ниеттенген адамға көп кедергі. Енді кеше қала әкімі осындай несиені «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының ішінен «Алматы-финанс» құрып, қаланың Алатау, Наурызбай, Түрксіб сынды шеткі аудандарынан бизнес ашамын дегендерге төмен мөлшердегі пайызбен несие беру жағын қарастыру туралы айтты. Мұның ішіне жаңағы айтып отырған көпбалалы аналарымыз да кіреді.
Қала әкімі шеткі аудандар туралы бекер айтып отырған жоқ. Жасыратын несі бар, қазір шаһар орталығы жайнап тұр, бар жақсы осында, ал шет аудандарда тасқараңғы көшелер мен аулалар бар. 14-15 мектеп әлі күнге солярка жағып отыр. Тіпті, бір мектептің көмірмен жылытылатыны туралы күні кеше өткен мәслихат депутаттарының басқосуында қала басшысына айттым, Бақытжан Әбдірұлы қағазына түртіп алды. 21-ғасырда суды водовозбен тасып ішіп отырған аудандар бар. Бұл мынадай ыстықта, шіліңгір шілдеде үлкен мәселе. Қала әкімі бірінші кезекте осы тақырыптарға көңіл бөліну керектігін айтты.
Мен де өз кезегімде кәсіпкер ретінде күш-қайратымды, қаражатымды «Шетсіз қала» жобасына жұмсауға дайынмын. Шет аудандардың көшелерін асфальттауға, мектептерінің де, әсіресе, спорт алаңдарының орталықтағыдай, заманауи келбетте жарқырып тұруына үлес қосып жатырмын. Міне, шеткі аудандар мен қала орталығы бір-бірімен осылай тоғысып, жақындасады деп ойлаймын.

Жазып алған – Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *